Ұлтының жанашыр перзенті

Қанша армандасам да, әдебиет атты қасиетті әлемнің босағасын аттау, қаламгерлер қауымының ортасына түсу мен үшін ұзаққа созылды. Қазақстан Жазушылар одағының қазіргі ғимараты ол замандарда кім көрінгенді қабылдай бермейтін ерекше орда болып көрінуші еді.

Бір күні осы ғимаратқа тақай бергенімде, есік алдында тұрған екі-үш қаламгерді байқап қалдым. Анадайдан-ақ бірден танығаным – ақ киіз қалпақ киген, орта бойлыдан аласалау, ақсары кісі. Қызына сөйлеп, қасындағыларға әлденені дәлелдеп тұрды.  Өзім суреттерінен көріп жүрген кәдімгі Шона Смаханұлы. Кісіге жұғымым шамалы басым танысып, жақындаса кетудің қисынын таппадым да, қастарынан өте шықтым.

Шона ағамен жақы-нырақ танысқа-ным – осыдан бірер жыл өткеннен кейін, нақтырақ айтқанда, өзім осы қасиетті ғимараттың ішінде істейтін қызметкердің бірі болу құқығына ие болған кезде. «Қазақ әдебиеті» газетінің кеңеюіне байланысты бас редакторы Сайын Мұратбеков мені өз қол астына жұмысқа қабылдады да,  бұдан былай жазушылар ортасынан табылатын болдым.

Бұрынғыдай емес, тұлғаға айналған бел­гілі қаламгерлерге жолыға қалсам, ауыз толтыра сәлем бере алатын жағ­дайға да жеттім. Тоқтай қалып сөйлесіп, артынан пікірлесіп жатады. Атап айтқанда, Сейітжан ­Омаров, Әбу Сәрсенбаев, Әлжаппар  Әбішев, Зейтін Ақышев, Сәуірбек Бақбергенов, Сағынғали Сейітов, Әзілхан Нұршайықов сынды кісілер мені көрсе, көңіл бөліп, жағдайымды сұрап дегендей ағалық ілтипаттарын білдіріп жататын. Осы қаламгерлердің қатарында Шона ағамен де кездесіп қалып жүретінмін.  Ой бөлісіп, арман-мұңымызды ұштастырған сәттер де болды.

Келе-келе түсінгенім, Шона аға үшін ең өзекті мәселе  – қазақ халқын, ұлттық болмыс-бітімін сақтап қалу  ғана еді. Қоғамдық жұмыстарын да осы төңіректе құрып, маңайына пікірлес азаматтарды топтастыра білді. Осы  мәселеге орай оның қасынан тек жазушылар ғана емес,   біз тани бермейтін әртүрлі мамандық иелері де ілесіп  жүретін. Қазақ мектебін ашу үшін арнайы топ құрып, белсенділер тартумен болды.

Коммунистік партияның бет қаратпай қақап тұрған идеологиясына қарамастан, қазақ ұлтын сақтап қалу жолындағы ой-пікірлерін кейде ашық айтып та жіберетін кездері кездесуші еді. Бұл үшін тіпті ол Жазушылар одағының мінберін де пайдаланып қоятын. Сондағы айтатыны: «Егер қазақ тілін сақтай алмасақ, сіздердің шығармаларыңызды кім оқиды? Онда қазақ әдебиетін жасаймыз деп қызыл танау болудың да керегі жоқ» деген тәрізді өткір пікірлер.

Тұңғыш қызым Ая мектеп табалдырығын аттайтын жасқа жетті де, 1-қыркүйек күні Алматыдағы қазақ ата-аналары апарып жатқан №12 мектепке қарай жетелей жөнелдім. Қызым сол мектепте бір-ақ күн оқыды. Оған себепші – Шона ағамыз.

Қызымды жетектеп алып дедектеп келе жатсам, есік алдында Шөкең тұр. Мені көріп қалды да, №124 мектепте қазақ кластарының ашылып жатқанын, бірақ бала саны толмаса, ол кластардың ашылмай қалу қаупі барын ентіге хабарлады. «Осындайға сендердің құлақтарың түрік болуы керек қой» деп өзіме аздап ренжіп те алды.

Осы хабарды ол мектеп босағасында тұрып алып, әр ата-анаға ерінбей-жалықпай қайталап жеткізумен болды. Сонан ертеңінде өткізген құжатымызды қайырып алдық та, №124 мектеп қайдасың деп тартып тұрдық.

Орыс мектебінде қазақ класын ашу дегеннің моральдық тұрғыдан қаншалықты ауыр екенін басынан өткізген адамдар ғана біледі. Бірінші кластың мұғалимасы жас қыз. Оқушыларын үзіліс кезінде дәлізге шығармауға тырысып жүрді, өзі де көп төбе көрсете қоймайды.

Орыс кластарының  балалары өңшең қазақ бүлдіршіндеріне соқтыға кетуге бейім, ал оларға білім беретін мұғалімдері болса, жалғыз «казаховедке» көздерінің итін сала, жақтырмай қарайды. Түрлі сипаттағы қысым жасаудан да тартынбайтын жағдайлар болыпты. Мысалы, денешынықтыру пәнінің мұғалімі параллель сыныптардағы орыс және қазақ балаларын жарыстырып, кейде озып жүргендеріне қарамастан,  бағаны қазақ балаларына  ылғи да кемітіп қояды екен.

Осындай тиімсіз ахуалдың барын біле тұра, қызымды басқа мектепке ауыстырмадым. Осы жерде екі жылдан артық оқыды. Ол аз дегендей, бұл білім ұясына екінші қызым Динаны тағы жетектеп әкелдім. Себеп – қазақ балаларының санын толтыру керек. Сонан Ая үшінші сыныпқа келген кезде «№62 мектепті ашу үшін оқушы саны толмай жатыр» деген хабар шықты. Қыздарымның құжаттарын алып, енді солай қарай жүгірдік.

Менің екі қызымның бала толтырудың құрбаны болып жүргенін көрген Шона аға: «Сен тек өзіңнің балаларыңды ғана сүйрелей бермей, үй-үйді арала, бала жина» деді. Ол бұл кезде қазақ мектептерін ашу жөніндегі ынталы топтың бүкіл қала бойынша жетекшісі еді. Әрине, бейресми түрде.

Оқу жылының аяқ шенінде «Совет ауданының аумағында тағы бір мектеп салынып жатыр екен, осыны таза қазақша мектеп жасайық» деген әңгіме көтерілді де, патриот қазақ азаматтары енді осы бағытта жұмыс істеуге кірісті. Салынып бітуге таяған мектеп ғимаратын қазақ мектебіне алып беру оңайшылыққа соға қоймас шаруа еді. Соған орай ынталылар жетекшісі етіп қазақ халқының тағы бір патриоты Ақселеу Сейдімбековті сайладық.

Бұл шаруаны Алматы қаласы бойынша қазақ мектептерін ұйымдастыру жөніндегі басшымыз Шона Смаханұлы өзі қадағалап отырды. Бала жинауға байланысты ақын Абдрахман Асылбеков екеуімізге тікелей тапсырма беріп жүргені де сол жолы. Шөкең бастап, Ақселеу сияқты жігіттер қостап, жұмыс істеген топ мүшелері көптеген күрес қиындықтарын бастан кешірді.

Қазір Алматы қаласы, Алмалы ауданының аумағында тұрған №136 қазақ орта мектебі осылай ашылған еді.

Енді осы арада Шона Смаханұлы­ның шығармашылық ғұмырбаянына тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын. Өйткені ол кісі ең алдымен  халқына қаламымен қызмет еткен шығармашылық тұлға болды ғой.

Шона Смаханұлы қазіргі Жамбыл облысы, Талас ауданы аумағындағы «Ойық» деген ауылда дүниеге келген. Әке-шешесінен ерте айырылған болашақ ақын, балалар үйінде, одан кейін интернатта тәрбиеленеді. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

1956 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) тарих-филология факультетін бітірген.

Соғыстан кейін біраз жыл Жамбыл облысының Талас ауданындағы ауылдық мектепте мұғалімдік қызмет атқарыпты. Ш.Смаханұлының бұдан кейінгі өмірі бірыңғай әдебиетке, онан кейін журналистикаға арналған. 1957 жылдан бастап баспа, баспасөз салаларында жұмыс істейді. Алдымен «Мектеп» баспасында редактор, «Қазақстан мұғалімі» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі,  «Қазақстан пионері» газетінде бөлім меңгерушісі, сатиралық «Ара-Шмель» журналының редакциясында фельетонист,  ал 1973-1983 жылдары «Жазушы» баспасында редактор, кейінірек редакция меңгерушісі болған.

Мысал-сықақтары республикалық баспасөз беттерінде 1950 жылдардың ортасынан бастап жариялана бастаған екен. Жиырма шақты әзіл-сықақ, өлең және прозалық кітаптардың авторы.

Алғашқы жинағы «Тотияйын» деген атпен 1959 жылы басылып шыққан. Одан кейін жарық көрген әзіл-сықақ кітаптарының белгілілері  – «Шимайбек пен Шыңқ етпе» (1960), «Қу түлкінің сыбағасы» (1961), «Көріп жүр ғой көздерің, үкімін айт өздерің» (1965), «Шымшыма» (1966), «Ұрытіс» (1967), «Алтын жұмыртқа» (1969), «Ұр, тоқпағым, ұр» (1970), «Айға ұшамын» (1971), «Жүз шымшыма, қырық қышыма» (1974), «Қоңыр аулы шеңгел» (таңдамалы шығармалары, 1974), «Кездік» (1976), «Сандықтан шыққан сайтан» (1977), «Жымияды жеңешем» (1981), «­Жасырайын несіне» (1983), «Өткірдің жүзі» (1985), «Елпекбайдың телпегі» (1987), «Айнабұлақ» (1989), «Әнші әтеш» (2005). 1984 жылы тарихи тақырыпқа арналған «Үміт жұлдызы» деген повесі оқырмандар қолына тиді. Таңдамалы сықақтарының бір тобы «Купорос» деген атпен Москвада жарық көрген.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен және медальдармен марапатталған. Алматы қаласында оның есімінде мектеп бар.

Шона Смаханұлының шығар-малары сатира жанрының талаптарына толық жауап бере алатын көркемдік деңгейінің жоғарылығымен оқырмандар көңілінен шыға білді. Қаламгер өзі мақсат етіп алған жанрына бүкіл шығармашылық ғұмырында адал қызмет етіп, оның қыр-сырына мүмкіндігінше тереңірек енуге тырысып, түрлі көркемдік барлаулар жасап отырды. Соның нәтижесінде әзіл-сықақ жанрының әр саласында көңіл тұщытарлық еңбектер туғызды. Оның сатиралық әңгімелері, юморескалары, мысалдары мен шымшымалары, пародиялары мен скетчтері іліп түсетін өткірлігімен есте қалады.

Қаламгер сықақтары күнделікті өмірде кездесіп жататын жайсыз көріністерді, адам мінез-құлығындағы оғаш қылықтарды ащы мысқылмен түйреп, қоғам назарын дер кезінде аудара білуімен де бағалы болатын. Автор көбінесе күлбілтелеп, астарлап жатпастан, өзі байқаған негізгі кемшілікті тікесінен айтып салуға, кемшіліктің неде екендігі бас-көзге бірден шұқып көрсетуге бейім.

Мысалы, «Шылбыр» әңгімесінде Төкіш пен Байдалы арасындағы тартысты диалогтар арқылы ­адамдар арасындағы түсініспеушіліктің себептері юморлық тәсілмен ашылып көрсетіледі. Төкіштің тұрақсыздығы қоғамға қатерлі болмағанымен, адамдар арасындағы жауапсыздықтың өсіп бара жатқандығын көрсетеді. Жазушының келемеждеп отырғандығы – Төкіш сияқты қалада қаңғып жүріп, сайда саны, құмда ізі жоқ жандардың тұрақсыздығы.

«Ақбозаттың арызы» фельетоны жан-жануарлардың арызы түрінде жазылуымен-ақ оқырманның езуіне күлкі үйіреді. Бұл арада сықақшының баспасөз сияқты идеологиялық қару мен жан-жануарларды байланыс­тыра отырып, оқиға құрауы тосын.  Баспасөзге қатысты сынды жануарлардың аузымен жеткізуі қызықты шыққан.

Жазушының «Сандықтан шыққан сайтан» кітабынан кірген сықақ әңгімелері өз кезінде қоғамда  етек алып кеткен әлеуметтік кемшіліктерді аямай сынауымен жұрт назарын аударған болатын. Әр әңгіме сюжеті де, кейіпкерлері де жеке-жеке болғанымен, айтылар ойдың құйылатын арнасы ортақ болып келіп отырады.

Сықақшының сатиралық бағыттағы қаламының қуатын негізінен өлеңмен жазылған әзіл-сықақтарынан көрінді. Әсіресе, бұл бағытта «Қу түлкінің сыбағасы», «Ұры тіс», «Жүз шымшыма, қырық қышыма»  және тағы басқа жинақтарындағы шығармалары уытты. «Жоспар мен тостар»  деген сатиралық өлеңінде шаруашылыққа қатысты құрылған жоспардың шынайы өмірде басқаша болып шығатынын  қаламгер былайша өлеңге айналдырған:

«Жоспар! Жоспар! Жоспар!» деп,

Алынып жатты тостар көп.

Әрбір пункт, әр тарау

Табыстарға бастар деп.

 

Ұзамай жоспар бұзылды,

Үсті-үстіне сызылды.

Айыл-тартпасы бос екен,

Желмей, жортпай, үзілді.

 

Үшіншісі бөздей сөгілді,

Арам терлер төгілді.

Жоспар мен тостар қабыспай,

Өгізге арба шегілді.

Тұлпар түгіл

Тұғыр жоқ.

Қаймақ түгіл

Жұғын жоқ.

Совет заманында халық шаруашылығының жоспарлы түрде жұмыс істегені белгілі. Бұл халықтың әл-ауқаты мен мемлекеттің экономикасын көтеру жолындағы атқарылуға тиісті шаралардың бірі еді. Бірақ жоғары жақтан қойылған осындай қатаң талаптарға қарамастан, жоспарлы жұмыстардың өздері Ш.Смаханұлы көрсетіп отырғанындай-ақ сапта жататын.

Сықақшы қоғамдағы келеңсіз құбылыстарды өткір сөздерімен мейлінше сынай отырып, оқырманды сол кемшіліктердің түп-тамырына үңілуге шақырады, келеңсіздік неден пайда болды, себептері қандай деген мәселелерді зерттеуді кейде сол оқырмандардың өзіне қалдырып отырады. Коммунистік партия алға қойған ұстанымдар бойынша социалистік қоғам моральдық-әлеуметтік тұрғыдан мейілінше таза болуға тиісті еді. Бірақ соған қарамастан, советтік қоғамда осындай елеулі кемшіліктердің орын алып кетуінің себебі неде?

Сықақшының көңілін осындай толғақты мәселелер алаңдататыны оның сөз саптауынан айқын көрініп отырады.

Енді, Смаханұлының осы бағытта жазылған «Бір мекемеде» атты сықақ өлеңіне назар аударып көрейік:

Бір сағаты – мәлімет құрауға,

Бір сағаты – телефон бұрауға,

Бір сағаты – қатынас қағазға,

Бір  сағаты – «анекдот-сабазға»,

Бір сағаты бағыныштысын           сыбауға,

Қос өркештей қос сағат –

Мәжіліске келгендерді сынауға.

Қайран сегіз осылай

Талапай болар.

«Анау» менен «мынауға» дейді сықақшы.

Бұл өлеңдегі ой қазығының алдыңғы келтірілген мәтіннің мазмұнымен үндес екенін аңғару қиын емес. Біріншісінде жоспардың орындалмауына қатысты ой айтылса, екіншісінде тағы да мемлекеттік мекеме басшыларының күнделікті тіршілігі сыналады. Істейтін негізгі жұмыстарын екінші қатарға ысырып қалдырып қойған басшылықтың уақыттарын күйкі тіршілікпен әуре болуы ұтымды шенелген. Сықақшының сонымен бірге өз кезеңінде орын алған кемшіліктерді дөп басып дәл ұстай білуі оның қаламгер ретіндегі байқағыштық қасиетін білдіріп қана қоймай, осындай өткір ойлардың жанашырлықтан да туындап жатқаны сезіледі.

Ш.Смаханұлы – сықақ жанрының қазақ ауыз әдебиетінде сирек те болса ұшырасып қалатын шымшыма түрін одан арман дамытушы. Шымшыма төрт жолдық бір шумақтан тұрады. Мәселен, оны белгілі композитор Шәмші Қалдаяқовқа арнап шығарған:

Екі түрлі Шәмші бар:

Кейде жақсы ән шығар,

Кейде арақпен қамшылар,

Одан қандай мән шығар? – деген бір шумақ өлеңінде кейіпкерінің бейнесі қолмен қойғандай анық. Шымшымаларында сықақшы өз ойын дәл түсіріп айтумен бірге бейнелі түрде жеткізуге тырысып отырады. Қазақша айтқанда, осындай тіліп түсетін қысқа шығармаларына қарап, оны «Сөзі мірдің оғындай» шешен тілді қаламгерге жатқызуға болады.

Күлімдеп сәлемдессем,

Күлдің деп сызданасың, ә!

Тәңірінің тегін берген

Күлкісін қызғанасың ба?

Сықақшы айтып отырғандай, іші тар, күншіл нақ осындай адамдардың өмірде кездесетінін ешқандай да жоққа шығаруға болмас. Біреудің жеткен жақсылығын күндейтіндерді былай қойғанда, күлгеннің өзіне іштарлық жасау адамның моральдық бет-пішінінен айқын хабар берсе керек-ті. Басып жүрген қара жерді, жұтып жүрген ауаны қызғанатындар үшін күлкіні қызғанудың заңды болып шығуы таңсық емес. Пенде мінезінің осындай осал тұсын дәл тауып ұстаған автор қолма-қол сықақ нысанына іліктіре қойған.

Жалпы, әзіл-сықақтың ішінде осындай қысқа өлеңдерді «шымшыма» деп атап, оны осы жанрдың бір саласына айналдыру Ш.Смаханұлынан бастау алады десек, артық айтқандық емес. Кейін басқа сықақшылар да «Шымшымалар» жазатын болды. Ол дәстүр қазақ сатирасына осы қаламгерге еліктеуден туған деуге болады.

Ш.Смаханұлының  қаламынан «Қыз сыры», «Үміт жұлдызы», «Сүрінсең де, жығылма» және т.б. бірнеше прозалық туындылар да өмірге келген. Бұлар да өз кезінде оқырман қауымнан жақсы бағасын алған. «Сүрінсең де, жығылма» повесі өмірбаяндық шығарма.

ХХ ғасырдың 20-30 ­жылдарында қазақ даласы түрлі дүрбелеңді оқиғаларға толы болғаны белгілі. Ш.Смаханұлының балалық шағы кәмпескелеу, ұжымдастыру, ашар-шылық кезеңдерімен тұспа-тұс келген. Повестің негізгі арқауы сол жылдары жазушының өзінің басынан кешкен оқиғалары.

Сөзді түйіндей келгенде, айтайын дегенім, Шона Смаханұлы – қазақ әдебиеті мен мәдениетінде өзіндік орны бар елеулі тұлға.

 

Нұрдәулет Ақыш,

жазушы,

М.О.Әуезов атындағы

 Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Оқырман

    Жанашыр ағаларымыздың 90-жылдары қазақ мектептерін ашуға атсалысқанын мен де жақсы білемін. Ол жылдары Қазақфильм ықшамауданында орыс мектебі ғана бар болатын. Осындай қамқор зиялы қауым өкілдерінің көмегімен, ата-аналардың жүгіруімен №70 орыс мектебінің 3-қабатынан қазақ класын ашып берген еді. Біз сол мектептің табалдырығын 1″ж» класы болып аттадық. Орыс мұғалімдерінен, мектеп басшылығынан, тіпті еден жуушы орыс апалардан қысым көрген кездеріміз көп болды. Біздің сыныпты «казахи» деп жақтырмайтын. Бірақ сынып жетекшіміз Эльмира Көпбайқызының арқасында жақсы білім мен тәлім-тәрбие алдық. Қуанышқа орай, бірнеше жылдан кейін біз өз алдымызға №88 қазақ орта мектебі болып ашылып, ықшамаудандағы балабақша ғимаратына «дербестік алып», ауыстық. Сол мектептің ең бірінші түлектері де біз болдық.

  2. Нұргүл

    Жанашыр ағаларымыз аман болсын. Халқы ол кісілердің еліне сіңірген еңбегін ешқашан ұмытпайды.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.