Ықылас пен ынта керек

Тілге жауапкершілікпен қарау әрбір қазақтың міндеті. Бұл көптен бері айтылып, қозғалып келе жатқан мәселе болса да, бұған тиісті дәрежеде мән бере бермейтініміз өкінішті. Қазір бұрынғыдай емес, тіліміздің қанаттанып, дамып келе жатқаны байқалады. Алайда, оның болашағын терең ойлайтын болсақ, өз тілімізде барынша таза сөйлеуге дағдылануымыз керек. Мәселен, мен бала кезімнен қазақ тілінде сөйлеп өскеніммен, сөз арасында орысша сөздерді көп араластырып жүрдім.

Әрине, адам өзінің кәсіби саласында бәсекеге қабілетті болу үшін бір емес, бірнеше тілді білсе де артықтық етпейді. Бірақ солардың ішінде өзіңнің ана тіліңе деген құрметің ерекше болу керек. Қазіргі таңда жастарымыздың көпшілігі оқыған, барлығы бір-бір мамандық иесі. Олардың арасында шетелге шығып, білім алып келгендері де аз емес. Жастар, әдетте, өмірге сергек қарайды ғой. Өз болашағының жарық болуы үшін тырысып, талпынады. Бірнеше тілді меңгереді. Қазақ жас­тары білімге құштар, ғылымды да, технологияны да тез үйреніп, меңгереді, себебі олар жан-жақты, ой-өрістері кең деп айтып жатамыз. Бірақ сол жастардың кейбіреулері өз тілдерін білмей, сөйлей алмай тұрғанда қынжыласың. Сондықтан қалалық жерде туып-өскен жастарымыз өзінің ана тіліне құрметпен қарап, тілін ұмытпаса екен дейсің. Олар ана тілін түсінбей, өз тілінде сөйлей алмай тұрған соң көзі ашық, көкірегі ояу болса да ұлтының ұланы екені байқалмай тұрғандай әсер қалдырады. Өйткені ана тілін меңгермеген, үйренбеген. Бұл отбасындағы тәрбиенің әсерінен болып отырған жағдай ма деп те ойлаймын. Бірақ адам ержеткен соң саналы түрде өз болашағына мән беріп: «Осы мен кіммін, қай ұлттың өкілімін?» деген мәселеге ой көзімен қарауы керек. Сонда өз тіліңді үйренуге деген ықыласың артады.
Тіл арқылы ұлттық болмысыңды қалыптастырып, санаңды оятып, өз бойыңдағы ұлттық ерекшелігіңді жоғалтпау баянды істердің бірі деп ойлаймын. Әрине, мемлекеттік тіліміздің өз деңгейіне жете алмай жатқанының бір себебі әрбір қазақ баласы осы ұлы мақсатқа барынша ден қойып, ықыласты танытып, атсалысуы керек.
Бір қуантарлығы, Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері де бүгінгі таңда мемлекеттік тілді үйренуге ден қойып келеді. Бұл орайда еліміздегі өзге ұлт жастарына біз үлгі көрсетіп, жол сілтеуіміз керек. Егер біз тілімізді білмей тұрсақ, бұл ең алдымен өзімізге сын болмақ. Жер бетінде туған тілін ұмытып, айырылып қалған қаншама ұлттар бар. Мұны біз әлем елдерінің тарихынан көріп отырмыз. Демек, мұндай жағдайға тап болмас үшін біз де өзіміздің тілімізге барынша жауапкершілікпен қарап, сергектік танытып, барлық түйінді мәселені өзімізден бастауымыз керек. Сонда ғана болашағымыз баянды, ұлтымыздың ғұмыры ұзақ әрі мәңгі болады.
Өмірбек Қуанышұлы
Астана

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Қайрат

    Қазақ тілін үйреніп, білуге ұмтылған өзге ұлт өкілдерінің алдында ана тілін білмейтін, бірақ ағылшын, орыс тілінде сайрайтын қазақ жастары үшін ұяламын.

  2. Мирас

    Отбасындағы тәрбиенің дұрыс болмауынан қала жастары туған тілін менсінбей өседі. Оларға әке-шеше бірінші кезекте ағылшын, қытай, неміс тілдерін үйренуді талап етеді. «Шет тілін білсең, жұмыссыз қалмайсың, қомақты ақша табасың», – деген ақылды естіп өскен бала ана тілін құрметтеуді, ана тілінде сөйлеуді жөн санамайды. Ондай баладан қайдан патриот өссін?

  3. Эльмира

    Қазақ жастарының сана-сезімін ғаламтор улауда.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.