Өнегелі өмір Академик Зұлқарнай Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің құрылтайшысы, қазақтың аяулы қызы Гүлсара Мамажанмен сұхбат

Қазақ елінде бүкіл ғұмырын ғылымға арнаған Зұлқарнай Алдамжарұлы Алдамжарды білмейтіндер жоқтың қасы. Ол кісі дүниеден өткенше республикамыздың солтүстік өңірінде жатқан Қостанай шаһарында жемісті еңбек етті.
Облыс орталығында алғашқылардың бірі болып жеке оқу орнын ашты. Осынау Қостанай әлеуметтік-техникалық университеті бұл күндері талай білікті мамандардың қара шаңырағына айналды. Жоғары оқу орнының негізін қалаған асыл азамат, Қостанай қаласының құрметті азаматы қазір арамызда жоқ болғанмен, оның жарқын істерін аяулы жары Гүлсара Шолпанбайқызы Мамажан мен перзенттері жалғастырып жатыр.
Жақында 75 жасқа толған, академиктің шаңырағының шырағын сөндірмей отырған Гүлсара Шолпанбайқызына арнайы жолығып, оның отағасымен бірге өткізген мағыналы ғұмырлары, адами-кісілік қырлары, қазақ елі мен егемендігімізді нығайтуға қосқан үлестері жайлы кеңінен әңгімелескен едік.
Біз Алматыда таныстық
– Гүлсара Шолпанбайқызы, сіздің өміріңізді ұлтымыздың ардақты перзенті, қайталанабас тұлға Зұлқарнай Алдамжарұлынсыз көзге елестету мүмкін емес. Өйткені екеуіңіз бақытты ғұмыр кештіңіздер. Сіздер алғашқы рет қай жерде таныстыңыздар? Әңгімемізді осы сауалдан бастасақ…
– Сіздің бұл пікіріңізге толық қосыламын. Өз басым сүйікті жарым, қыздарымның әкесі Зұлқарнай Алдамжарұлымен өткен күндерім мен жылдарымды тіршілігімдегі ең бақытты әрі айшықты кезеңдеріме балаймын. Екеуіміз өте жақсы сыйластық. Танитындар әлі күнге дейін сол жарасымды өмірімізді еске алып отырады.
Өздеріңіз де білесіздер, біздің кезіміздегі қазақтың жігіттері мен қыздары Алатаудың баурайындағы әсем қала Алматыда оқуды армандайтын. Өйткені еліміздің бұрынғы астанасы, көрік-келбетін айтпағанда, нағыз мәдениет пен парасаттың, білімнің ордасы болатын.
Мен де мектеп қабырғасында жүргеннен бастап өзге құрбыларым секілді еліме пайдамды тигізер мамандықты таңдауға бел будым. Содан кейін сол уақыттағы республикамыздағы ең маңдай алды оқу орны С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне құжатымды тапсырдым.
Жолым болды. Барлық тиісті емтихандардан мүдірмей өтіп, студенттер қатарына қабылдандым. Әрине, сол кездегі қуанышымды тілмен жеткізіп айта алмаймын. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жігіттер және қыздармен тез тіл табысып, тонның ішкі бауындай араласып кеткенім күні кешегідей есімде.
Сол бір топта оқыған жігіттердің арасында мұнайлы өлке Атыраудан келген Зұлқарнай Алдамжарұлы да бар еді. Зәкең шашы көмірдей қап-қара, өте сымбатты жігіт болатын. Бозбала студенттердің арасында өзінің білімге деген құштарлығымен, қазақы мінезімен, ақыл-парасатымен ерекше дараланып тұратын. Мектепті үздік аттестатпен аяқтаған ол мұнда да тез арада сұңғылалығымен оқытушылар мен курстастарының назарына бірден ілінді.
Біз онымен осы жылдары таныстық. Еліміздегі ең беделді оқу орнында бес жыл бойы студенттік өмірдің барлық қызығы мен қуанышын бірге өткіздік. Осы жылдар ішінде бір-бірімізді жақсы таныдық. Ең бастысы, өмірге деген көзқарастарымыз бен танымдарымыз үйлесті.
Арамыздағы шынайы құрметке бірге оқыған бозбалалар мен бойжеткендер әрқашанда тәнті болатын. Студенттік өмір де, әне-міне дегенше, зуылдап өте шығады емес пе? 1962 жылы біз университетті аяқтаған соң өз алдымызға шаңырақ көтердік.
Зәкеңнің туып-өскен өңірі Атырау (бұрынғы Гурьев) қаласына аттандық. Өзімізді қазақтың барлық салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары берік сақталған өңірдегі туған-туысқандар, әріптестер құшақ жая қарсы алды.
Инабатты келін атандым
– Қанша дегенмен де жас келінге жаңа ортаға тез сіңісіп кету оңай емес. Сол алғашқы жылдар жөнінде қысқаша әңгімелеп берсеңіз? Бұл бір жағы кейінгі сіңлілеріңізге үлгі болсын.
– Қазақ «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейді. Бұл нағыз өмірден ойып алынған аталы сөз. Себебі біздің кезімізде аналарымыз жастайымыздан құлағымызға: «Қарақтарым, қыз бала келін болып түскен жерінің абыройын асқақтатып, әулеттің бақытын шалқытуы керек» деп отыратын.
Аналарымыздың сондай ақыл-кеңестерін біз ғұмыр бойы бойтұмардай ұстандық. Өйткені күйеуіңді ұнатқан соң, оның ата-анасынан бастап барлық туысқандарын құрметтеуге тиістісің. Сонымен мен де жаңа ортаға келген соң өнегелі отбасы мен киелі жерден шыққандығымды көрсетуге талпындым.
Өзімнің жібектей мінезіммен Алдамжар әулетінің мәртебесін асырып, жақсы келін атандым. Атам Алдамжар мен енем Мәнзия айналасындағыларға өте сыйлы кісілер болатын. Ақсақалдар мен ақ жаулықты аналардың ақ батасын алдым. Осылайша түскен жеріме тез үйреніп, тастай батып, судай сіңіп кеттім. Әрине, жас келінге де жаңа ортаға бейімделу үшін біраз уақыт керек екендігін шын мәнінде сезіндім.
Жас болған соң бойымыздағы қажыр-қайратымыз бен білім-білігімізді ел игілігіне жұмсауға тырыстық. Отағасы Зәкең осы өңірдегі ұстаз кадрларының қара шаңырағы болып табылатын педагогикалық институтқа оқытушы болып орналасты. Ал мен облыстық мұрағатқа қызметке тұрдым.
Мұрағаттың қай өңірде болсын қандай орын алатындығын көзі ашық, көкірегі ояу жұртшылық жақсы түсінеді деген ойдамын. Мұнда облыстың өткен-кеткен тарихы, аса маңызды құжаттар сақталатындығы белгілі. Алматы секілді үлкен қаладағы басты университетті ойдағыдай бітіріп келген дипломды маман ретінде өзімнің қабілетімді бір кісідей дәлелдеген секілдімін.
Содан осы бір ұжымда ұзақ жылдар бойы табан аудармай жұмыс істедім. Директорлік лауазымға дейін көтерілдім. Әрине, атқарған қызметім ескерусіз қалған жоқ. «Мұрағат ісінің үздігі» белгісімен марапатталдым. Басқа да сый-құрметке бөлендім.
Ұмытылмас бақытты күндер
–  Зұлқарнай ағаны республиканың зиялы қауымы қадір тұтты. Қазір де оны бәрі де сағынышпен еске алады. Қостанай халқы да осынау тұлғаны ұлтымыздың біртуар азаматы ретінде ешқашан ұмытпайды. Отағасы лауазымды қызметке солтүстіктегі үлкен облыстың орталығына қай жылы ат басын бұрған еді?
– Ғұмырлық серігімді асыра мақтағаным емес, ол қай қызметті болсын барын салып атқарды. Уақытпен санаспады. Қостанайға келмес бұрын ол Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің проректоры жауапты қызметін атқарды.
Бәлкім, қалың жұртшылықтың есінде шығар, кезінде қостанайлық Шайсұлтан Шаяхметов еліміздің білім министрі болды. Осы зиялы жан 1988 жылы қараша айында Зәкеңді қызмет бабымен қабылдады. Содан ол әңгіме барысында бұған: «Қостанай педагогикалық институтына ректор болып барсаңыз қайтеді?» деп ұсыныс жасады.
Бұл өзінің ғылыммен шұғылдансам деген ойы барын айтқанда ол «Орысы басым өлкеге барғанда алдымнан шығып қарсы алар қазақы бір азаматты көрсем» деген асыл арманы бар екендігін жасырмай айтып салады. Әрине, министрдің бұл сөзі оның қабылдауында болған Зәкеңе үлкен ой салды.
Содан 1989 жылы Зұлқарнай Алдамжарұлы сайлау арқылы Қостанай педагогикалық институтына ректор болып бекітіліп, облыс орталығына көшіп келді. Уақыт өте осы оқу орны университетке айналды. Оған қазақ хал-қының рухани көсемі Ахмет Байтұрсыновтың есімі берілді.
Сонымен қатар университеттің қарсы алдындағы алаңға Ахаңның ескерткішін орнатуға да мұрындық болды. Әрине, мұның бәрі де өздігінен бола салатын оңай шаруа емес еді. Ахаңды ғұмыр бойы өзіне пір тұтқан ол қаншама күндер мен түндерді ұйқысыз өткізіп, тиісті орындарға барып, ұсыныстарын дәлелдеп бақты.
Осы әңгіменің орайы келгенде тоқтала кетер бір жайт, Зәкең қандай мәселені қолға алса да оның түпкілікті шешімін табуына барлық қажыр-қайратын аямай жұмсайтын. Мұны, әрине, жергілікті халық та көрді, оның еңбегін лайықты бағалады.
Оның бәрін бір сұхбатта баяндап шығу мүмкін емес. 1997 жылы қалада Ахаңның 125 жылдығы ойдағыдай аталып өтті. Оның аруағына бағышталып Құран оқылды, ас берілді. Университетте оған арнап мұражай ашылды. Ахмет Байтұрсыновтың ізі қалған жерлерге «Ақ жол» ғылыми-танымдық экспедициясы ұйымдастырылды.
– Ол бір ұмытылмас кезең-ді. Жоғары оқу орнының қазақылануына, өңірде ана тіліміз бен ұлттық салт-дәстүрлеріміздің жандануына ректор ретінде қосқан үлесі айтарлықтай болғаны рас.
– Жан-жарым Зәкең ректорлықты лауазым емес, халыққа адал қызмет ету деп түсінді. Сондықтан қолынан іс келетін, ғылымға бейім жастарды қолдады. Олардың кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғауына да қамқорлық жасады. Қазір одан көрген шапағаттарын көптеген ғылым жолында жүрген шәкірттері ауыздарынан тастамай айтып жүр.
Өзі басшылық еткен жоғары оқу орнына тың жаңалықтар мен игі өзгерістер енгізді. Жоғарыда аталған университетте бұрын-соңды болмаған қазақ филологиясы факультеті мен қазақ бөлімдерінің ашылуы шын мәнінде ұлттық рухымызды көтерді. Қазақ жастары оқу орнына қарай судай ағылды.
Әсіресе қазақ тіліне, мәдениетіміз мен әдет-ғұрпымызға жете көңіл бөлді. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, өнерлі, талантты жастардың қабілеттерін жарқырата көрсетулеріне мүмкіндік жасады. Университетте білікті ғалымдар мен оқытушылардың саны артты. Әке-шешесі жоқ жетім балалардың алаңсыз білім алуларына жол ашты. Ахаң атындағы университет нағыз білім мен парасат ордасына айналды.
Ол көрнекті ғалым, атақты тарихшы, іскер ұйымдастырушы ғана емес, ұлағатты ұстаз болды. Өзінен дәріс алған жастарды шексіз жақсы көрді. Оларға дәріс барысында әрдайым «өз халқыңды, ана тіліңді, ежелден келе жатқан әдет-ғұрыптарың мен салт-дәстүрлеріңді дәріптеп, бағалай біліңдер, өмірден өткен ұлы тұлғаларды ардақ тұтыңдар, ешкімді жүзге, руға бөлмеңдер» деп отыратын.
Білімнің қара шаңырағы
– Гүлсара Шолпанбайқызы, Зұлқарнай аға қандай әке болды? Ол кісінің қалың жұртшылық біле бермейтін қандай қырлары мен атақ-дәрежелері бар еді? Сол жөнінде де әңгімелеп берсеңіз?
– Отағасы екеуміз де қазақы ортадан шыққандықтан ба, бір-бірімізді жақсы түсіндік. Қырық үш жыл бойы бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кештік. Оның артық сөзін естіген емеспін. Өз ұлты мен халқын шексіз сүйді.
Ол мінезге өте бай, алды кең азамат еді. Туыстары мен бауырларына аса мейірімділікпен қарайтын. Қыздарын да жанындай жақсы көрді. Олар да әке сенімін ақтады. Қазір Бибігүл мен Гүлзада әкелері негізін қалаған оқу орнының абырой-атағын асқақтату үшін уақытпен санаспай қызмет атқарып жатыр. Ал немересі Абыройбек атасы десе ішкен асын жерге қоятын. Ол да жігіт болып қалды.
Ғұмырлық серігім өте еңбекқор болатын. Жұмыстан қолы босаса, ғылыми жұмыстармен де айналысатын. Бұған артында өшпес мұра болып қалған қаншама еңбектері айғақ.
Атырау өңірінде домбыра тартпайтын адам жоқ. Осы аймақтан рухани нәр алып өскен отағасы да демалыс кезінде бір сәт қолына қазақтың қара домбырасын алып, Құрманғазының күйлерін күмбірлете шертетін. Шетелдік классикалық музыканы тыңдағанды жаны сүйетін. Әрдайым үлкен қалаларға іссапармен барғанда күй мен термелер жазылған үнтаспаларды сатып әкелетін.
Еліміз оның еңбегіне орай лайықты құрмет көрсетті. Ол «Парасат» орденімен марапатталды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атанды. Қостанай қалалық мәслихатының шешімімен оған «Қостанай қаласының құрметті азаматы» атағы берілді. Сондай-ақ АҚШ-тың «Техас штатының құрметті азаматы» деген атағы да бар.
– Өзіңіз кезінде мұрағат саласында қызмет атқардыңыз. Одан кейін Қостанайға келген соң зейнеткерлікке шыққанша облыстық атқару комитетінде беделді маманның бірі болдыңыз. Қазір 2006 жылы Зұлқарнай ағаның есімі берілген университеттің құрылтайшысысыз. Осы жөнінде де баяндай кетсеңіз?
– Өздеріңіз де білесіздер, Зұлқарнай Алдамжар Қостанайда да артында өшпестей із қалдырды. Облыс орталығының бір шетіндегі шағын ауданда бұрын қаңқасы ғана қалып, бос тұрған үлкен ғимаратты күрделі жөндеуден өткізді. Еліміздегі білімнің қара шаңырағына айналдырды.
Оның бәрі де оңайлықпен бола қойған жоқ. Алдына үлкен мақсат қойған азамат өз дегеніне жетіп, түлектер еліміздің тірегі болып жатыр. Сөйтіп, олар тәуелсіз еліміздің қарыштап дамуына өздерінің лайықты үлестерін қосып келеді.
Қазір мұнда көптеген факультеттерде білікті ғалымдар және кешегі өзінен тәлім алған шәкірттері жұмыс істейді. Мен, өзіңіз айтқандай, құрылтайшымын. Бибігүл – жоғары оқу орнының президенті. Одан кейінгі қызым Гүлзада – проректор. Ал университет ректоры қызметін Зәкеңнің кезінде өзі сенім артқан ғылымдағы інілерінің бірі Қадырғали Жаманбалин атқарады.
Бұл күндері Қостанай әлеуметтік-техникалық университетін тек Қазақстан ғана емес, алыс және жақын шетелдіктер де жақсы біледі. Мақсат – дайындалатын кадрлардың сапасын барынша жақсартып, елімізді әлемге таныта беру.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Оразалы Жақсанов
ҚОСТАНАЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.