Туған елге тағзым

Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығына ұсынылған шығармалар

Қазақ өлеңінің күмбезі ежелден алыстан көз тартады. Ұлы жыраулық дәстүрден бастау алған арналы бұлақтар мен айдынды өзендер секілді қазақ поэзиясының ұлы қайнарлары заман өзгерген сайын жаңаша жаңғырып, жаңаша түрленіп, өз биігіне жаңа бір құлшыныс-құштарлықпен ұмтылып келе жатыр.
Қарап отырсам, қазіргі қазақ поэзиясының кешегі 60-жылдары келген талантты  да тегеурінді толқындары, одан берідегі 70-жылдардың өкілдерінің көбі дерлік менің алдымнан шәкірт болып қанаттанып ұшқандар. Олар менің көз алдымда есейді, көз алдымда өсті. Олардың көбінің алғашқы тырнақалды туындыларына менің ұстаздық қаламым тигендері де, жөн сілтеп, бата бергендерім де, шабысына сәт сапар тілеп, ұзақ жолға шығарып салғандарым да баршылық.

Тұрсынбек Кәкішев,
филология ғылымдарының
докторы, Қазақ ұлттық
университетінің профессоры

Қазақ жырының өткені мен бүгінін салғастыра қарағанда, яғни қысқаша шолғанда, ойға келер пікірлерді жіктесек, қазақ поэзиясының тарихы тереңде, бастауы бағзы замандардағы жыраулық дәстүрге барып тіреледі. Сол бағзы дәстүрлер өзінің ажары мен бояуын әр замандарда әр реңге өзгертіп отырғанмен, жалпы ағысы мен тынысы негізгі ата дәстүрден алшақтап кетпейді. Ұйқас пен ырғақ, ой мен көркемдік кесте, айтар идея мен ұсынар шешім адамды адамгершілікке, тазалыққа, адалдыққа, имандылыққа, достық пен бейбітшілікке, отансүйгіштік пен патриоттыққа тәрбиелейді. Әдебиеттің асыл парызы да осы.
Қазақ поэзиясы – осылайша мәңгілік мектеп қалыптастырған поэзия.Қазіргі қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің қай-қайсысы да осы мектептен өсіп шықты. Осы мектептің тарихи сабағын алды, үйренді, үлгі алды. Тек қана үйреніп, үлгі алып қойған жоқ, бұрынғы бар мектепті одан әрі тақырыптық-мазмұндық, көркемдік-идеялық жағынан барынша кемелдендірді. Сағи Жиенбаевтың, Тұманбай Молдағалиевтің, Қадыр Мырза Әлидің, Жұмекен Нәжімеденовтің, Төлеген Айбергеновтің, Мұқағали Мақатаевтың, Шәміл Мұқамеджановтың, Бекен Әбдіразақовтың, Мұхтар Шахановтың, оларға ілесе, соғыстан соң туғандар деген атпен әдебиет тарихына енген келесі толқын Жарасқан Әбдірашевтің, Исраил Сапарбаевтың, Кеңшілік Мырзабековтің, Темірхан Медетбековтің,Күләш Ахметованың, Иранбек Оразбаевтың, Серік Тұрғынбековтің, Ибрагим Исаевтың, Дәуітәлі Стамбеков­тің,ТынышбайРахимовтың, Жұматай Жақыпбаевтың, Жүрсін Ермановтың, Ұлықбек Есдәулетовтің, олармен бірге қатарласа шауып келе жатқан елуінші жылы туған  түлектердің бір топ талантты өкілдері қазақ өлеңінің қадірін көтеріп келе жатыр.

Соның бір өкілі, менің шәкіртім, қазақтың белгілі ақыны Өтеген Оралбайұлы. Өтегеннің өлеңдері сонау КазГУ-дің студенті болып жүрген кезде, 70-жылдардың басында-ақ «Жалын», «Лениншіл жас» газеттерінде жарияланып, өз аудиториясын таба бастаған болатын. Ол одан бергі жылдарда  беделді республикалық басылымдарда жауапты қызметтер атқарып, үлкен өмір мектебінен өтті. Қазақстан Парламентінің депутаты болып қоғамдық қайраткер дәрежесіне көтерілді. Ұзақ жылдардан бері Президент Әкімшілігінде жауапты қызмет атқарып, мемлекеттік қызмет пен әдебиеттің ауыр жүгін қатар көтеріп келе жатыр. Мемлекеттік қызмет, мемлекеттік аппарат ақын жанын қатаңдандырып жібереді деген пікір бар. Бұл пікір үнемі дұрыс бола бермейді. Өтеген ақын-азамат ретінде қашанда жан дүниесі жұтаңданбаған адам ретінде көз алдымда қалыптасты.
Ол бұдан үш-төрт жыл бұрын Меккеде болып, үлкен қажылық парызын өтеп оралды. Осынау сауапты сапардан сындарлы туынды дүниеге келді. «Қағбаның қарлығаштары» атты жыр жинағы осы тақырыптағы тұтас дүние болып, талғаммен, поэтикалық шеберлікпен түзілген жинақ болып шыққан екен. Бұл кітаптың ерекшелігі сол, ақын мұнда жалаң мінажат,  жаттанды тағзымнан биік тұрып, шынайы көркем әрі идеялық айқын жырларды ұсына алған. Кітаптың өн бойындағы өзек ақынның қасиетті Қағбада ел үшін, қазақ жұрты үшін, ең бастысы ел тәуелсіздігі үшін тілеген тілектерінің азаматтық биіктен жырлануы.
Ақынның осы жинақтағы қай өлеңдері де оқырман жанын баурап, оның жүрегін шапағатты сәулеге бөлейді. Оқып қараңыз:
Мұздалифа,
Ұғармысың жанымды,
Бере алдым ба беретұғын барымды.
Озбыр елдің отарында болған күн,
Көп көтерді бойымдағы қанымды.

Мұздалифа,
Мұң мен үміт даласы,
Маған бір сәт жанар салып қарашы.
Қиялына өлең қосып байлаған,
Қазақ деген момын елдің баласы.

Мұздалифа,
Саналы ойдың сарасы,
Маған бір сәт ой тоқтатып қарашы.
Намысынан найзағайлар тұтанған,
Қазақ деген қайсар елдің баласы.

Мұздалифа,
Мен боламын, көріп бақ,
Осы жерде ар мен үміт жолықпақ.
Қайтамын ба қанатыма жел байлап,
Қайтамын ба шаршап, қажып, солықтап.

Мұздалифа,
Саған жеттім. Жеткенім,
Айтатұғын армандарым көп менің.
Бірінші арман – мәңгі болсын азаттық,
Жыртылмасын намыс деген шекпенім.

Мұздалифа,
Екінші арман – сол арман,
Азаттығым талай ғасыр жоғалған.
Бар бақытым, бар байлығым дәл осы,
Қазынам ед қорқауларға тоналған.

Мұздалифа,
Үшінші арман не деңіз?
Жер аман боп, қозғалмасын көк өгіз.
Үшінші арман – мәңгі болсын қазағым,
Көкке жетсін көк байрақты төбеміз.
Туған елге тағзым ету, туған елді көкке көтеру осы емес пе?! Кітаптың өне бойы осындай үлкен тілек, азаматтық пейілден тұрады екен. Ақынның азаматтық болмысы айқын аңғарылады. Бізге осындай шығарма керек, халық рухын көтеретін, халық тілегін асқақтататын өлеңдер қажет.
Ел тәуелсіздігін алған жиырма жылдан асқан кезеңнен бері халқымыздың қасиетті діні – мұсылман діні өз дәрежесіне қарай батыл қадам басуда. Қазір мемлекетіміздегі халықтардың басым бөлігі ұстанатын діндердің ішіндегі мұсылман дінінің беделі мен абыройы күн санап артып келеді. Осы орайда мұндай кітаптардың бұл бағыттағы игі жұмыстарға тигізетін ықпалы мен әрекеті де әбден құптарлық. Жинақты оқып шыққан адам мұсылман дінінің ең ізгі қасиеттері мен өсиеттерін өз басынан кешкендей болады.
Жалпы, жинақтың ішіндегі 70 өлеңнің бәрі дерлік өз резюмесінде қазақ жұртының бүгіні мен болашағы туралы терең азаматтық ойлардан, халқымыздың қадір-қасиетін өзгеге жеткізсем деген адал ниетінен тұрады. Жинақтың беташар өлеңінің өзі Құранның сазындай болып оқырман жанын иіріп әкетеді:
Азанмен әнін бастады,
Қағбаның қарлығаштары.
Армысың, әл Харам аспаны,
Иманның жаңылмастары.

Құбылаға тәжім етемін,
Қысымды жазым етемін.
Сүренің сазына орап,
Жырымды жазып өтемін.

Қағбаның қарлығаштары,
Қағбаның қарлығаштары.
Алланың жебегендері,
Құранның — дамул-дастаны.

Ұқсаған матаның қиықтарына,
Ұя салған бағанның тұйықтарына.
Қағбаға қарап иілгенімде,
Қонады иықтарыма.

Көргенде әнін бастады,
Саздарын жаным қостады.
Құранды қосыла оқиды,
Қағбаның қарлығаштары,

Көңілден пырақ көремін,
Лаулаған шырақ көремін.
Қарлығаштардың қанатына еріп,
Елжіреп жылап келемін.

Арайлы Алланың аспаны,
Азан боп әнін бастады.
Сәждеге бірге құлайық,
Қағбаның қарлығаштары.
Жыр жинағының аты да өте тауып қойылған. Бұл қазақ жырының тарихында бұрын-соңды айтылмаған, жазылмаған атау. Жетпіс өлеңнің бәрі ақын жанының нәзік иірімдері мен шынайы ықыласын қапысыз көрсетеді. Сәтті жинақ, бағалауға әбден лайық туынды.
Әдебиет пен өнер саласындағы биылғы жылғы Мемлекеттік сыйлыққа түсіп жатқан шығармалардың ішіндегі тақырыбы жағынан да, идеялық тұтастығы жағынан да, халқымыздың адами-имани қасиеттерін жан-жақты көрсетуі жағынан да «Қағбаның қарлығаштары» қазақ поэзиясының соңғы жылдардағы үздік табысы деп бағалауға әбден тұрады.
«Қағбаның қарлығаштары» жыр жинағы әдебиетіміздің ең мәртебелі сыйлығын иеленуге әбден лайықты еңбек. Ол туған елге тағзым етудің, туған елдің рухани-имани болмысына ақындық жауапкершілікпен алаңдаудың шынайы көрінісі. Шәкіртімнің еңбегіне осылай ұстаздық бағамды беріп, ақ жол тілеймін.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.