ДӘСТҮР САБАҚТАСТЫҒЫ ҮЗІЛМЕЙДІ

Аңсар МҰСАХАНОВ, Алматы облысының әкімі:

Жетісудың ару қаласы атанған Талдықорғанның бір ерекшелігі – қаланың қай бұрышына бара қалсаңыз да алдыңыздан «Қымызхана» деген айшықты жазуы бар ақшаңқан киіз үйлер шығады. Көп ретте бір емес, бірнеше үйден тұратын, ұлттық жиһаздармен, саз аспаптарымен жабдықталған мұндай көрнекті нысандар бүгінде қала тұрғындары мен қонақтарының ықыласпен баратын орындарына айналған. Келушілерге шипалы сусындардан басқа қазы-қарта, жал-жая, бауырсақ, ірімшік сияқты ұлттық тағамдарды ұсынатын қымызханаларда сәбидің шілдеханасы мен тұсаукесер, тілашар, құда күту мен қыз ұзату, туған күн сияқты отбасылық қуаныштарды атап өту дәстүрге айналды. Қалаға ұлттық реңк беріп тұрған нысандар қатары мұнымен де шектелмейді. Алматы облысының әкімі Аңсар МҰСАХАНОВПЕН әңгімеміз осындай нысандардың жұмысынан басталып, ұлттық салт-дәстүрлерімізді сақтау мен дамыту, ана тіліміздің қолдану аясын кеңейту жайына ұласты.

– Аңсар Тұрсынханұлы, Талдықорған қаласын бүгінде ұлттық тағамдар мен сусындар сататын киіз үйлерсіз көзге елестету қиын. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретін болар?
– Ең алдымен, мұндай қымызханалардың Талдықорған қаласында ғана емес, бүкіл облысымыздың көлемінде жұмыс істейтіндігін айта кеткен жөн шығар. Мәселен, қала бойынша 19 аудан мен қаланың сауда нүктелері жұмыс істеп тұрса, аудан орталықтары мен елді мекендерде осындай тағы 94 нысан ашылған. Өткен жылы бұл нысандарда 1186,2 мың литр қымыз бен шұбат сатылды. Бұл оның алдындағы жыл көрсеткішімен салыстырғанда 35 мың литрге артық.
«Ауруға ем, бойға қуат сары қымыз» деп бабаларымыз қымыз бен шұбаттың шипалық қасиеттерін ерекше бағалаған ғой. Ендеше, салауатты өмір салтын орнықтыруға ғана емес, ұлттық салт-дәстүрлерімізді де сақтап, дамытуға ықпал ететін мұндай орталықтардың жұмысына неге қолдау көрсетпеске? Қолдау жайына кеңірек тоқталар болсақ, облыс әкімінің өкімімен, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен аталған нысандар арасында жыл сайын «Үздік қымызхана» байқауы өткізіліп, арнайы комиссияның ұйғарымымен жеңімпаз атанған сауда орындары ынталандырылып отырады. Өткен жылы Сарқан ауданының қымызханасы жеңімпаз атанса, одан кейінгі жүлделі орындарды Қапшағай қаласы мен Панфилов аудандарының сауда нүктелері өзара бөлісті. Сол сияқты Іле мен Талғар, Кербұлақ аудандарының киіз үйлері де талапқа сай жұмыс жасады. Сөз орайы келгенде сауда орындарын ойға қонымды бағамен шұбатпен қамтамасыз етіп отырған «Дәулет-Бекет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атына да жылы сөз айтып өткім келеді.
Жалпы, барлық сауда орындарына қандай талап қойылса, қала мен облыстың айшықты жерлеріне қоныс тепкен қымызханаларға да сондай талап қойылады. Басқа сөзбен айтқанда, олардың жұмысы, көрсететін қызметтері мен тағам сапасы тиісті мекеме­лердің бақылауында. Алып-қосарым – мұндай киіз үйлерде спиртті ішімдіктерді ішуге қатаң тыйым салынған.
– Талдықорған қаласының бұдан басқа да айшықты ғимараттары мен ғибратты орындары бар емес пе?!
– Дұрыс айтасыз. Облыс орталығы соңғы жылдары жасаңғырап, жайнай түсіп келеді. Бір кездері жүдеу күйде қалған қала бүгінде адам танымастай өзгерген. Содан кейін де шаһарда біраз уақыт болмаған адам оған өзгеше таңданыспен, сүйінішпен қарайды. Жаңадан салынып, пайдалануға берілген айшықты ғимараттардың қатарында «Жас­тар» спорт сарайы мен Достық үйін, Тіл сарайы мен Ардагерлер үйін, жақын күндері пайдалануға берілетін «Жетісу Ақпарат» медиаорталығын айтуға болады. Тұтастай алғанда, жаңадан бой көтерген «Қаратал» ықшамауданы мен қаланың әр тұсында салынған әсем ғимараттар көз сүйіндіреді. Қадырғали Жалаири мен Қаракерей Қабанбай батыр, жыр сүлейі Сүйінбай Аронұлы мен Нұрғиса Тілендиев, Мұқан Төлебаев ескерткіштері, Ескелді, Балпық билер мен Қаблиса жырауға арналған ескерткіш-кешен бүгінде қала тұрғындары мен қонақтарының тәу етер орындарына айналған. Жамбыл ауданында ашылған Сұраншы мен Саурық батырлар ескерткіші жайында да осылай деуге болады.
Ерекше атап өтерлік мәселе – Спорт сарайы мен Достық үйі, Тіл сарайы мен медиаорталық сияқты ғимараттар өзгеше сәулеттік шешімін тапқан, басқа облыс орталықтарында мұндай мақсатты нысандар некен-саяқ кездеседі. Теннис орталығы мен салынып жатқан көгалдағы хоккей стадионының сырт келбеті де басқа ғимараттарға ұқсамайды. Жалпы, әр қаланың басқа ешбір шаһарға ұқсамайтын өзіндік ажар-айшығы, кескін-келбеті болуы тиіс деп ойлаймын. Бұл бағытта әлі талай жұмыстарды атқару жоспарланып отыр. Ондай жоспарлар мен мақсаттарды іске асыру алдағы уақыттың еншісіндегі мәселе.
Уақыт өткен сайын түрлене түсіп келе жатқан Талдықорған қаласының дамуына об­лыстың бұрынғы басшыларының үлесі мол.
– Осы сөзіңізден келіп шығады, бір­қа­тар басшылардың лауазымды қызметке та­ғайындалған күннен бастап бұрынғы жетек­шілердің жұмысын жоқ қылып тастауға тыры­сатыны жасырын емес. Бұл мәселе жө­нінде не айтар едіңіз?
– Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген жақсы сөз бар. Егер өзіңнен бұрынғы басшы ел айта жүрер жақсы жұмыстарға бастамашы болып, өңірге өз қолтаңбасын қалдырып кетсе, оны қалай жоққа шығаруға болады? Қайта көпшілікке пайдасы тиер іс болса, оны жүйелі жалғастыру керек емес пе?! Менің ұстанған принципім осы.
– Жаңа Тіл сарайы сияқты ғимараттың өзге облыстар орталығында кездесе бермейтіндігін айтып қалдыңыз. Бұл сөзіңіз сарайдың сырт келбетіне ғана қатысты емес шығар?.. Өзіңіз мектепте орысша оқығаныңызбен қазақша майын тамызып дегендей, мақал-мәтелді қосып, таза сөйлейсіз.
– Иә, мектепте орысша оқығаныммен таза қазақы ауданда туып-өстім. Қатарлас­тарыммен де ана тілінде ғана сөйлесетінмін. Содан кейін де өз тілімді бір кісідей білемін деп ойлаймын.
Жұмыс барысында басқа ұлт өкілдерінің біразымен ресми тілде сөйлесуге тура келеді. Жасыратыны жоқ, қазақ тілінде көсіліп сөйлеп кете алмай кібіртіктеп тұрған кейбір қандастарыммен де орысша сөйлесіп кететін кездер болады. Бірақ бәріне қойылатын талап біреу. Ол – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» атты қағидасы. Сөз орайы келгенде, жақында облысымызда осы аттас акция өткізілгендігін де айта кеткен жөн шығар. Мұндай шаралардың қатарында тіл саясатын насихаттау мақсатында облыс көлемінде ұйымдастырылып, «Тілтұмар – бір шынар» тақырыбымен өткен Мемлекеттік тіл күні акциясын атауға болады.
Тілдерді дамыту мен қолдану жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру үшін биылғы жылға облыс бюджетінен 70 млн. 917 мың теңге бөлініп отыр. Осынау қомақты қаражат жыл аяғына дейін толығымен игерілмек.
Жалпы, ресми жиындар негізінен мемле­кет­тік тілде өткізіледі. Бұл бағыттағы жұмыстарды, бір сөзбен айтқанда, мемлекет­тік тілдің қолданылу аясы уақыт өткен сайын кеңейе түсіп келеді деп түйіндеуге болады. Мұны іс қағаздарының мемлекеттік тілде жүргізілу көрсеткіштерінен де айқын байқауға болады. Нақты айтатын болсақ, облысымыз бойынша мемлекеттік тілдің қолданылу көрсеткіші 99,3 пайызды құрайды. Тілдерді дамыту жөніндегі облыстық басқарма ұжымы бұл орайда айтарлықтай жұмыстар жүргізіп отыр. Осы заманғы ғимаратта тілді оқып-үйренемін деушілерге барлық жағдай жасалған.
– Тіл жайында сөз болған соң сол тілде шығармашылықпен еңбек ететін қаламгер­лер жайын айналып өту қиын. Басқа өңірлер­дегі әріптестеріміз «Алматы облысында қалам­герлерге айрықша жағдай жасалады, ақын-жазушылардың кітаптарын шығаруға қомақты қаржы бөлінеді» деп қызығушылық танытып жатады.
– Бұл орайда расында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстарымыз бар. Комиссия шешімімен шығармашылық өкілдерінің бір бөлігіне облыс әкімінің стипендиясы беріліп тұрады. Олармен белгілі бір уақыт аралығында кездесіп, әңгімелесіп тұру да жақсы дәстүрге айналған.
Бұдан басқа, жыл сайын қаламгерлер кітаптарының жарық көруіне жағдай жасалады. Кезекті жылы жарық көретін кітаптар тізімін белгілегенде, ең алдымен облыс аумағында жергілікті жерде тұратын авторларға басымдық беріледі. Осындай көмек қолға алынғалы бері жазғандарын жарыққа шығара алмай жүрген қаншама дарынды жастың шығармалары жарық көрді десеңізші!
Ақын-жазушылар мен суретшілер, сазгерлер шығармаларының қаншалықты өзектілігін, көркемдік сапасын арнайы құрылған комиссия мүшелері анықтайды. Өткен 2013 жылы бұл мақсатқа 60 млн. теңге бөлініп, 42 ақын-жазушының кітабы жарық көрсе, биылғы жылдың алғашқы алты айы ішінде 30 млн. теңге қаражатпен 29 автордың кітабы жарыққа шықты. Жаңа сөз болып өткен облыс әкімінің стипендиясын төлеуге алғашқы жартыжылдықта 4 млн. 200 мың теңге жұмсалды.
Биыл Қазақстанның Халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтың 125 жылдық мерейтойы аталып өтеді. Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов тәрізді қайраткерлер мен Ілияс Жансүгіров, Оспанхан Әубәкіров, Бердібек Соқпақбаев сынды қаламгерлердің, Әбілхан Қастеевтей суретшінің мерейлі даталары да осы жылға дөп келіп отыр. Мұндай маңызды шаралар негізінен облыс көлемінде ұйымдастырылатын аудандар мен қалалардың мәдениет күндері аясында аталуда.
– Мәдениет күндері демекші, бұл ба­ғыттағы шаралар бүгінде бұрынғыдай емес, сәл басқаша өткізіле бастады. Оған не себеп болды?
– Өмір бір орында тұрмайды ғой. Дәйім қозғалыс, даму үстінде болатындықтан жұмыс жоспарына да ұдайы өзгерістер енгізіп отыруға тура келеді. Мәселен, облыс ірілендірілген жылдары аудандар мен қалалардың Мәдениет күндері апта ­сайын облыс орталығында өткізіліп жүрді. Ол кезде солай істеу қажет те болды. Өйткені  бірқатар аудандар мен қалалардың, әсіресе Алматы өңірінің тұрғындары Талдықорған қаласының жай-күйін біле қоймайтын еді. Өз кезегінде алыс аудандардың тыныс-тіршілігінен қала тұрғындары да хабарсыз болатын. Алғашқы кезде сол олқылықтың орнын толтыру қажет болды.
Содан кейінгі кезекте бірнеше аудан мен қаланың Мәдениет күндері біріктіріліп сол өңірде өткізіле бастады. Бұл шара да бір-бірінен шалғайлау жатқан аудандар мен қалаларды бір-біріне таныстыру, жақындастыру мақсатымен ұйым­дастырылды. Түптеп келгенде бұл мақ­сатымыз да орындалған тәрізді. Ал ең басты мақсат – аудандардың тыныс-тіршілігі мен жетістік, табыстарын жарқыратып көрсету ғана емес, ел ішінде еленбей жүрген өзгеше талант, дарын иелерін анықтап, бұлақ көзін ашу болатын. Ол ойымыздың қаншалықты орындалғанын алдағы уақыт көрсететін шы­ғар деп ойлаймын.
Жыл соңына қарай Мәдениет күндерінің де қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар қомақты сыйлықтармен марапатталады. Мұның өзі де аудандар мен қалаларды ынталандырып, аталған шараны жоғары ұйымдастырушылық деңгейде мазмұнды өткізуге құлшындырып отыр.
Қалай дегенмен де, Мәдениет күндері бос әурешілік, қаржыны желге шашу емес. Бұл сөзімізге Жетісу жерінде өріс алған шараның республикамыздың басқа облыстарына үлгі ретінде ұсынылып отырғаны жарқын дәлел бола алады.
– Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері енді біраз күнде жаңадан са­лынған Журналистер үйіне, яғни «Жетісу Ақпарат» медиаорталығына көшіп, қоныс тойын тойлайды. Соған орай журналистерге жасалынып отырған қамқорлық жайына да тоқталып өтсеңіз.
– Жаңа ғимаратқа облыстық «Жетісу» телеарнасы мен «Жетісу», «Огни Алатау», қалалық «Талдықорған» газеттерінің редакциялары, сонымен бірге «Медиахолдинг «Жетісу Ақпарат» акционерлік қоғамы, бірқатар республикалық газеттердің Алматы облысындағы меншікті тілшілері қоныстанбақ. Мұның өзі шығармашылықпен шұғылданатын қызметкерлердің бір орта­лыққа топтасып, жемісті жұмыс істеулеріне жағдай туғызады. Осы заманғы талаптарға сай келетін еңселі ғимарат қазірдің өзінде қала келбетін айшықтай түсетін әсем нысан­дардың қатарын толықтырып тұр деп сеніммен түйіндеуге болады.
Облыс журналистерімен кездесіп, жетіс­тіктерді саралау, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау жайы да игі дәстүрлердің қатарында. Мұндай кездесулердің бірі баспасөз қызмет­керлерінің кәсіби мерекесін­де өткізілсе, сондай тағы бір жүздесу жыл соңына қарай журналистер арасында облыс әкімінің жүлдесі үшін ұйымдастырылатын байқау барысында өтеді. Айтулы мерекелер кезінде республикалық БАҚ басшыларымен бас қосып, емен-жарқын пікірлескенді де бір ғанибет көремін.
Қалам иелеріне қамқорлық жайына келетін болсақ, өткен жылдары бірқатар аудандық газеттер журналистерінің бұған дейін тым төмен болып келген жалақылары көбейтілді. Осы жақында ғана облыстық, аудандық және қалалық газеттер редакция­лары жүрдек автокөлікпен қамтамасыз етілді. Журналистерге арнап салынған медиаорталық жайын жоғарыда айтып өттік. Бұл қамқорлық мүмкіндігіне қарай алдағы уақытта да жалғаса беретін болар деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.