«Елдестірмек елшіден…»

Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Малайзияның төтенше және өкілетті елшісі Хидайат Абдул Хамидтен, Эстонияның төтенше және өкілетті елшісі Яан Рейнхольдтен, Ливияның төтенше және өкілетті елшісі Салим Абдурахман аль-Суейтиден,  Иран Ислам Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Можтаба Дамирчилуден, сондай-ақ, Тәжікстанның және Канаданың төтенше және өкілетті елшілері Назирмад Ализода мен Шон Стайлден сенім грамоталарын қабылдады.
Кездесуде сөз алған Мемлекет басшысы елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының басталуымен құттықтай келе, бұл – елдер арасындағы екіжақты және көпжақты өзара саяси-экономикалық байланыстардың жандануына ықпал ететініне сенім білдірді. Нұрсұлтан ­Назарбаев елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының жаңаруымен құттықтады.
«Құрметті мырзалар! Қазақстандағы дипломатиялық миссияларыңыздың бас­талуымен сіздерді шын жүректен құттық­таймын. Зор табыстар мен денсаулық тілеймін» деді Елбасы. Ол содан соң Қазақ­стан мен Тәжікстан арасындағы эко­номикалық ынтымақтастыққа тоқталды.
«Қазақстан Тәжікстанға Орталық Азия­дағы маңызды серіктес ел ретінде қарай­ды. Біз бұл елдің негізгі инвесторына айналып отырмыз. Тәжік экономикасына салынған Қазақстанның инвестициясы 125 миллион АҚШ долларынан асты. Қазақ капиталының қатысуымен 40-қа жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Біз ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу, құрылыс, жеңіл, тамақ өнеркәсібіне қатысты екіжақты жобаларды іске асыруға мүдделіміз» деген Мемлекет басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастық бұдан кейін де жалғаса беретінін жеткізді.
Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстан мен Иран Ислам Республикасы арасындағы сауда-экономикалық байланыс мәселелерін де айналып өтпеді. Ол Астана мен Тегеран қол қойған келісімшарттарды жоғары бағалады.
«Биыл іске қосу жоспарланған «Қазақстан – Түркіменстан – Иран» жаңа теміржолы – соның айғағы. Бұл бағыт өңірдегі сауда-экономикалық ынтымақтастыққа серпін береді деп сенеміз» деді Елбасы.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан мен Малайзияның өзара қарым-қатынасының қарқынды түрде дамып келе жатқанын тілге тиек етті. «Бұл ел Оңтүстік-Шығыс Азия ғана емес, бү­кіл мұсылман әлеміндегі сенімді  саяси және сауда серіктесіміз. Премьер-министр Наджиб Разактың таяудағы ресми сапары экономикалық ынтымақтастықты ке­ң­ей­туге септігін тигізді. Осы сапардың нә­ти­­жесінде жалпы құны 1 миллиардтан астам келісімшартқа қол қойылды» деді бұл орайда Елбасы.
Президент Н.Ә.Назарбаев Канада­мен байланыс жасау Қазақстан үшін үлкен абырой екенін атап өтті. «Қазақстан үшін Канадамен арадағы жан-жақты ынтымақтастықты дамытудың мәні зор! – деп бастады өз сөзін Елбасы. – Бізді жаһандық және өңірлік қауіпсіздік, экономика, энергетика, сауда және инвес­тиция саласындағы өзара үндестік жа­қындастырады. Канада–Қазақстанның Америка құрлығындағы, ал Қазақстан–Канаданың ТМД кеңістігіндегі маңызды сауда серіктесі. Біздің елде канадалық ка-питалдың қатынасуымен 170 компания, 40 шақты компания өкілдігі жұмыс жасайды. Біз әсіресе, атом өнеркәсібі саласында бір­лескен жобаларды іске асыруға ынталымыз». Канада көршіміз Ресейге санкция жариялаған елдердің бірі екені белгілі. Ресей де бұл елмен азық-түлікке қатысты сауда-саттығын шектеп отыр. Алайда Мемлекет басшысы екі ел арасындағы қырғи-қа­бақ Қазақстанның экономикасына әсер етпейтінін жеткізді.
Ал Қазақстан мен Эстония арасындағы қарым-қатынас туралы сөйлегенде, Н.Ә.Назарбаев бұл елді саяси әріптес санайтынын айтты.
«Эстония Қазақстанның Балтық өңірін­дегі маңызды саяси және экономика­лық серіктесі. Біздің елдеріміз осы ынты­мақтастықты одан әрі нығайта беруі тиіс. Оған қажетті әлеуетті экономика, энергетика, жоғары технология мен көлік транзиті салаларынан табуға болады» деген Мемлекет басшысы екі ел арасындағы саяси-экономикалық байланысқа жоғары баға берді.
Елбасы  Қазақстанның Ливия­мен де жоғары деңгейдегі дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға мүдделі екенін айтты. «Қазақстан мен Ливияның мұнай-газ өнеркәсібін, энергетика және ауылшаруашылығын дамыту жөніндегі өзара ынтымақтастығының келешегі зор» деді Мемлекет басшысы. Н.Ә.Назарбаев еліміздің Ливиядағы ішкі ахуалдың тезірек қалыпқа келіп, жағдайдың бейбіт түрде реттелуін қалайтынын жеткізді.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы жаңа елшілердің өз қызметтерінде жан-жақты, өзара тиімді экономикалық, ­саяси ынтымақтастықтың одан әрі дамуына ықпал ететіндігіне сенім білдірді. Алты елдің елшісіне Қазақстандағы инвестициялық ахуалдың өте жақсы екенін әңгімеледі. Сонымен бірге басқосуда 2017 жылы Астанада өтетін  ЭКСПО халықаралық көрмесі туралы да сөз болды.
«Осы міндеттерді өзара тиімді негізде жүзеге асыру мақсатында, сіздер біздің Үкіметпен бірлесіп жұмыс жасайсыздар деген үміттемін!» деп Елбасы кездесуді қорытындылады.

Ш.МОЛДАХМЕТ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.