FM 101 арнасы: «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек»

Халқымыз «Әу демейтін қазақ жоқ» дейді. Неге? Түбіне үңілсек, осының астарында үлкен мән жатыр-ау. Мұнысы табиғатынан дарынды халық екендігінен айта тұра, «А» деп ауыз ашқанның бәрі әнші емес дегені де болар. Өкінішке орай бүгінде ұлттық тағлымды сезіне алмай, аталған ойды белінен басып, үлкен сахнаға ұмтылғандардың легі толастар емес. Көше әнін классикадан жоғары қойып, отырыстық жеңіл-желпі дүниелерді отыз рулы елге тықпалап, ағылшыннан аянбай, орыстан ойланбай, түріктен туысқан деп әуен ұрлап, әріп құрап сөз жазып, құр айғаймен «құлақ құрышын қандырып жүргендер» де қаншама? Ендеше жаһандану жаулаған, космополиттенген қазақ музыкасының арасынан заманымен бірге жасасқан, ұлттығы ұйыған туындыларды қалай аршып аламыз?

Көркемдік кеңес «Алтын қорды» өсіре ме, өшіре ме?

Осы мәселе Қазақ радиосында тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қол үзіп қалған көркемдік кеңестің қайта жандануына әкелген еді. 2009 жылдың 28 қаңтарында аталған кеңестің биылғы бірінші отырысы өтті. Жүрсін Ерман, Кеңес Дүйсекеев, Исраил Сапарбаев, Сара Тыныштығұлова, Мұрат Құсайынов, Роза Рымбаева, Шахмардан Әбілов, Медеу Арынбаев, Айнұр Сәрсенбаева бас қосқан жиында, комиссия мүшелігінде бар болғанымен Ибрагим Исаев, Ескендір Хасанғалиев белгілі себептерге байланысты қатыса алмағанын айта кетейік. Кеңесте 50 туынды талқыланды, 10-ы қазылардың сынынан өтті, ал “Алтын қорға” қабылданғандары 7-у, оның 4-еуі  инструменталды әуен. 45 әннің 11-інің музыкасы мен сөзі бір адамдыкі, тізімдегі әннің 3-еуі Мұқағали Мақатаевтың, 2-еуі Мұхтар Шахановтың, 2-еуі Шөмішбай Сариевтің, 5-еуі Әкім Ысқақтың сөзіне жазылған. Арасында бірауыздан қабылданғандары, кішігірім кемкетіктеріне кешіріммен қаралғандары да бар. Атын атап, түсін түстесек Қайыржан Бердібайдың орындауындағы «Даниярдың әні» (сөзі мен әні Илья Жақановтікі) және Қапез Байғабыловтың әні мен сөзіне жазылған Жандос пен Қайраттың

орындауындағы «Дүние-ай» туындылары кеңес мүшелерінің ерекше ықыласына бөленді . Тіпті сөзін ежіктеп, қолдарындағы нұсқаларын қалып қоймасын дегендей төс қалталарына салып жатқандар да болды. Жас буын әншілердің арасынан суырылып шыққан әрі кеңестің аса қызу пікірталасына арқау болғандар да бар. Біріншісі Маржан Арапбаеваның орындауындағы Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған Ғалымжан Секеевтің әні «Айттым саған сырым бұл». Жоғарыда аты аталған әншіні Шахмардан ағамыз «Қазақтың Селин Дионына» теңесе, Медеу Арынбаев әншінің мықты күш-қуатын мойындай отыра, Қазақ радиосының форматына сай еместігін алға тартты. Ал Сара апамыз орындаушының деңгейі жоғары екендігін айтып шыр-пыр болып жатыр. Кеңес Дүйсекеев те Еуропаға еліктеушілік байқалғанымен, әншінің әннің  сипатын аша білгендігіне тоқталды. «Мерт болып кетсем жуындыр». Бұл ақынның трагедиясы. Оны  айғайлап айтуға бола ма екен» деп Исраил ағамыз терең күрсінді. Осы сәтте Роза Рымбаева сөзге араласып, мұны тың бағытға бағалап, жастарға арналған жаңалық ретінде ұсыну қеректігін жеткізді. Ақыры “Алтын қорға” өтпегенімен, Қазақ радиосының кешкі мезгілдегі эфирлерінен орын берілетін болып шешілді. Дәл осылай қызу талқылауға түскен Ерболат Құсайынов ұсынған Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын!» әні ди-джей сағаттарына жолдама алды. Байқасақ  Шахмардан мен Исраил ағамыз еріксіз «Қара жорға» биін билегендей иықтарын қозғалтып қояды. Сара Тыныштығұлова «Рэп бұл орта деңгейлі музыка» деп қабағын түйіп отыр. Бір билеп алғанымен Шахмардан ағамыз да ашулы сынды «Не мынау? Сақалды ешкінің маңырағанындай  қай мазағы? Мен қазақпын! деп әлемге мақтанып  тұрып айтатындай, ауқымды дүние, симфония жазуға болар еді ау!». «Дегенмен қазақтық рухпен айтады» деп уәж айтты  Исраил аға. «Қазіргі жастардың идеологиясына қажет» деп ширатты Медеу. «Тәрбиелік мәні бар. Асфальттың қазақтарын  оятатын дүние» деді Кеңес ағамыз. “Дегенмен қазақты өз арнасына қайырып алар рух бар” деп қорытындылады Жүрсін Ерман.

Түзелген ән, түсінген тыңдарман жоқ

Енді талқыға түскен әндердің тақырыбына ойыссақ. «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар, Үннің тәтті оралған мәні оятар» деген еді Абай. Ал бүгінгі әншілердің әнінен мән іздесек, олардың көпшілігі бір-біріне қол жеткізе алмаған екі бейбақ. Қырық бес әннің онға жуығы, демек жиырма пайыздан астамы осы сарындас. Комиссия төрағасы Жүрсін Ерманның “Қазақта тақырып қалмаған ба?” деп қабақ шытуы бекер емес. Зер салсақ, олар “бұйырмаған бақытын өмір бойғы қайғысына” балайды, сондықтан “түн мен мұңды тыңдайды”. Аяулысының “көлеңкесімен күн кешеді”. Ғашықтық дертіне шалдыққаннан болар, ата анасын да “сағынады бір аптада”. Иә, бір-екі күнде сағынбауы мүмкін, ол үшін тура бір апта өтуі керек. Сөйтеді де ғашығын “түндерінен іздейді”, жаным деп шарқ ұруы бір бөлек, сүйіктісінің «жаны  кіммен жүр екен» деп сұрағанды бірінші рет естіп тұрмыз. Әйтеуір “жаны қуса да жеткізбей қояды”. Өздері қайтпас қайсар, “жылаған жанын қоса, алдында тұра береді”. Ол үшін “жанын қашқан жігер, орамалға түйіп ап, тереңге тастап жіберсе де” бәрібір. Біз де “дүние кең шағында, араларына не кірді” деп ойласақ, қыз “алдында айыпты пенде” екен. Не керек, “Сынығындай асылдың деп таусылған” жігітті  сүйіктісі “тасжүрек қыз болып, таудан да асырады”. Иә, “махаббат деген осындай, қапа болма досым-ай”. “Екеуіне арналған тағдыр ісі осылай”.

Келесі індет әуендердің көпшілігі ұрланған. Әлемді тербеткен жеті нотаны жетімсіреткен ондай туындылар жетерлік. Ал Кеңес Дүйсекеевтің «Мұндайлардың қазір-ақ жүзін жазам» деуі мақтанғаны емес, ашынғаны. Енді бірінің өңделуі олқы, ретро әндердің сүйемелденуі баяғы қалпында. Тағы бір қынжылтатыны алдыңғы толқын ағалардың айтуынша, «Білмеу, білгеннің тілін алмау» жас әншілер арасында дендеп кетекен сыңайлы. Абайша айтсақ, кейбір жас әншілеріміз «мақтан күйлеп, сырты пысық келеді, көзге сынық». Ең сорақысы кеңесте тыңдалған дүниелердің көпшілігі қалқып, сорғалап шырқалмайды, жылауға, жылатуға тырысады.

Міне бүгінгі қазақ ән әлеміндегі ұсыныс та, сұраныс та. Осындайда Виктор Гюго шығармаларының біріндегі бақталастары ұрлап алып, сәби кезінен бетіне қиқы-жиқы маска кигізгіп өсірген  ханзада еске оралады. Бүгінде түрлі ағымдардың астында қалған асылзатты қазақ әнінің тағдыры дәл сол сайқымазақтай.

Жиналыс басында Қазақ радиосының директоры Жүрсін Ерман кеңес мүшелеріне екі жаңалықты жеткізген болатын. Бірі бұрынғыдай орындаушы менен авторлар есімінін жасырылмайтынын, екіншіден басқаосуға «Ана тілі» республикалық басылымының арнайы шақырылғандығын. Мақсат белгілі. Тыңдарман түзелмей, ән де түзелмек емес. Ендеше үшінші мыңжылдықта қазақ әуенін феникстей қайта жаңғырту үшін «шөп те өлең, шөңгені де өлең» деп қабылдамай, әр әншінің орындаушылық қабілетін талғам таразысына салу көптің көкейінде жүргені абзал.

Көркемдік кеңестің ұсынған «дәмінен», дәлірек айтсақ, әнінен үлкен емеспіз, әйтсе де қосарымыз жоқ емес. Біріншіден, «Алтын қордың» деңгейін  өсіреміз деп, дәуір үнін өшіріп алмауымызға кім кепіл? Дәлірек айтсақ, мұрағатты қайта қарау, кезінде өткен дүниелерді алып тастау шикілеу әрі екіұшті ойға итермелейтіні анық. Екіншіден, комииссия құрамында жаңа ғасырдың жаңа тынысын таныр бір-екі жас ақын, сазгер, әншіге орын табылмас па екен? Сонымен қатар кейінгі толқын інілердің игі жақсылардың арасынан алар тәлімі де мол болар еді. Әрі көркемдік кеңестің қызметі тек саралаумен, сынаумен шектелмей жас буынмен жүзбе-жүз кездесулер ұйымдастырып, екі буын арасында алтын көпір орнатылса игі бастаманы қолдайтындар табылар.Үшіншіден, комииссияда дәстүрлі ән орындаушылардың бір де бір өкілі болмауы өкінішті. Төртіншіден, кеңес шешімінің қалың бұқараға жетуі, демек ашықтығы қамтамасыз етілсе. Хаттама дәйекті, көпшілікке түсінікті түрде баяндалып радионың интернеттегі сайтында міндетті түрде орналастырылса. Бәлкім тұжырымды пікірлерді ықшамдап, радио эфирінен беруге де болар ма еді? Мүмкіндік болса, республикалық БАҚ-та да көрініс тауып жатса, артық етпесі анық. Бұл қадамдардың әннің есері мен естісін ажыратудан қалған көп жұртқа септігін тигізері сөзсіз.

Түйін

Кезінде күйдің күмбірінен ұлының қабірін көрген хан «Тоқтат!» деген еді күйшіге. Көркемдік кеңесте бұл бұйрық әнтаспада тыңдалған туындының  біразына бағытталды. Бірақ ақиқатты өнер арқылы айтқаны үшін емес, керісінше орындаушының жеріне жеткізіп ұсына алмаған кемшілігі үшін. Қорытындыласақ, қазақ ән әлемі аталған сырлы тайқазанның үш тұғыры бар: әннің сөзі, музыкасы және өңделуі, ал орындаушы осы үшеуінің басын қосатын әрі оған жауапты от-ошақ сынды екенін әрдайым жадында ұстауы қажет. Әнші деген атқа лайық болайық.

Роза Рымбаева:

— «МузАРТ», «Жігер», «Жігіттер» сынды бір-бірінен айнымайтын топтар көбейіп кетті. Адамның құрышын қандыратын әндер жоқ. Барлығы орындаушының деңгейіне байланысты. Егер ән нашар болса, онда оның талғамы төмен болғаны. Мысалы бүгінгі тыңдағандардың 90 пайызы арнайы білімі жоқ орындаушылар. Табиғатында ерекше дарыны жоқ па, онда өз дастарханында айтсын. Мен бүгінгі жас әншілерге ақыл кеңес емес, сын айтамын. Олардың бәрі «жұлдыздар», ешкімнің ақылын қажет етіп жатқан жоқ.

Мұрат Құсайынов:

— Әр туындының төрт тұғыры бар: сөзі, әні, орындаушылық деңгейі, өңделуі. Бірі ақсаса, қалғанының аяғанына тұсау болады. Қабілетіне қарамай, бастарын жиып алып, топ құрып, үлкен сахнаға ұмтылады. Кез келген әншіні эфирге жібере берсек, тосқауыл қоймасақ, қазақ  ән өнерінің деңгейі төмендеп кетпей ме?

Сара Тыныштығұлова:

— Кейінгі буын жастардан Маржан Арапбаева, Алтынай, Жұбаныш Жексенұлын атар едім. Қазіргі әншілердің кемшілігі өзінің жеке репертуары жоқ. Мысалы менің әндерімді қазір Роза да, Мақпал да айтып жүр. Ал ол әндер маған арналған. Біздің кезімізде композиторлар әр әншіге арнап ән жазушы еді. Көпшілігі ретро әндерді орындайды. Өзіндік қолтаңбасы жоқ әншілер көбейіп кетті. Капитализм байлардың, тойлардың көбеюі де кері әсерін тигізіп отыр. Он тоғызыншы ғасыр табиғи дарындарды тудырған ғасыр. Білім ордалары болмағанмен, халықтық мектептер тәрбиелеп шығаратын.

Өкінішті, екі сағат келіп отырамыз, тыңдайтын ештеңе жоқ. Әннің көбі ұрланған, орыстардан, қазақтар бір-бірінен ұрлайды. Бәрі алады да Мұқағали өлеңдеріне ән жазады. Мақатаевтан басқа ақын жоқ па?

Медеу Арынбаев:

— Көркемдік кеңеске жас буыннан әнге музыка жазатын бір композитор қоссақ деген ұсыныс айтып жүрмін. Шындығында жастардың мүддесін қорғау керек. Қазақ арасында орыстың шансон стиліндегі әндер көбейіп кеткен. Сөзі қазақша, музыкасы үш акордтан құралған көше, отырыс әндері халықтың санасын жаулап алды. Аянышты жағдай. Бір әнге қарап әншінің бүкіл шығармаларына балта шабуға болмайды, мысалы кейбірі форматқа келмейді..Менің де өтпей қалған әндерім бар. Кезінде қабылданған «Достарым», «Туған жер» сынды төрт-бес әнімді сыздырып тастадым. Өзімнен бастап жатырмын. Көптеген ескі әндерді сол қалпында айтып жатыр. «Алматы – моя первая любовь» фестивалінен бастап, «Сағыныш» тағы басқалары бар ретро әндер концерттері көбейіп кетті. Онда бәріміз таспаға жазып, қайталай берейік. Елімізде бетке тұтар ең болғанда бір радио болу керек қой!

Рамазан Стамғазиев:

-Жеті-сегіз адамнан тұратын тар шеңбер әннің ертеңгі тағдырына жауап бере алмайды. Кейінгі кезде «Алтын қордың» құрамына өтіп кеткен дүниелерді қайта қарап, кейбірін өшіріп жатыр деп естимін. «Алтын қор» дегеніміз мемлекеттік қазына. Ал «Алтын қорға» қол салуды мемлекеттік қылмысқа балау керек. Мысалы, сексенінші жылдардағы айтысты сөзі жаттанды, домбырасының шертісі нашар деп өшіріп салсақ не болады? Егер бүгінгі басшылықтың орнына ертең басқа біреу келіп, бүгінгіні ол өшірсе жөн бола ма?  Онда оның несі мұрағат? Мысалы кезінде Жәнібек Кәрменов пен Ақселеу Сейдімбектің дайындауымен қазақ музыкасына ғылыми-танымдық тұрғыдан талдау жасаған тамаша он бір хабардан бүгінде екеуі ғана қалған. Оны кезіндегі басшылық керек қылмай өшіріп тастапты.  

 

 

Жанар Елдосқызы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.