«Көкбастаудағы» ат бәйгесі

Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы «Көкбастау» ипподромында Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы үшін ат спорты түрлерінен дәстүрлі республикалық жарыс өтті. Жыл сайын өткiзiлетiн бұл дода биыл он алтыншы рет ұйымдастырылды.
Қазақстан Президенті кубогын жеңіп алу үшін Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Ақмола, Жамбыл облыстарынан, Астана, Алматы қалаларынан келген шабандоздар жалдарынан жел есіп, атқан оқша зулаған сәйгүліктерінің қарымын осы дүрмекте сынап көрді. Сонымен қатар көрші Қырғыз елінің тұлпарлары да жарыс жолында бой көрсетті.  Ұлттық ат спорты түрлерінен өткі­зілетін кезекті дүбірлі жарысты Алматы облысының әкімі Амандық Баталов ашып, жиналғандарды Конституция күнімен құттықтап, ата дәстүрімізді насихаттап, дамытуға үлес қосып жүргендерге ризашылығын білдірді.
Барлығы 200-ге жуық сәйгүлік қосылған дүбірлі дода – жорға жарысы, құнан, топ, аламан бәйге болып төрт топқа бөлініп өткізілді. Арасында теңге ілу, қыз қуу, аударыспақ сынды ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Дүбiрлi жарыстың тiзбесiне жанкүйер қауымның делебесін қоздыратын қыз қуу, аударыспақ пен теңге iлудiң енгiзiлуi көпшілікті ерекше сүйсіндірді.
Жарыс құнан бәйгеден басталды. Ауыздықтарымен алысқан 42 ат тұяқтарымен таудың баурайын дүбірлетіп 11 шақырым қашықтыққа жүгірді. Сәйгүліктердің ішінен Жамбыл облысының тұрғыны Ілияс Мырзаханның «Атила» деген аты жүйріктігін танытып бірінші келді. Ал Алматы облысы, Қарасай ауданының тумасы Бауыржан Халықтың «Нұр» атты сәйгүлігі мәре сызығын екінші болып кесті. Ал жүлделі үшінші орынға Тараз қаласынан келген Асқар Олжабаевтың «Баққұс» деген тұлпары ие болды.
Құнан бәйге аяқталғаннан кейін көрермен қауым қазақтың ұлттық ойындарының бірі «Қыз қууды» тамашалады. Содан кейін 16 шақырымдық топ бәйге жарысы басталды. Онда 58 тұлпар бақ сынады. Топ бәйгеде Алматы облысының Алакөл ауданынан келген Байбатыр Сатыбалдиновтың «Алатау» атты қасқа торысы топ жарды. Астана қаласының өкілі Аят Әмірхановтың «Алаштау» деген қаракері екінші болып келсе, Алматы облысы, Қарасай ауданының өкілі Әлнұр Назарбаевтың «Нарқасқа» деген аты үшінші болып жетіп, жүлдегерлер қатарына ілікті. Топ бәйге аяқталғаннан кейін қазақтың ұлттық ойындарының бірі «Теңге ілуге» кезек берілді. Бұл сында Мейіржан Мәтжан 5 салымның барлығын 19 секунд уақыт ішінде іліп, жеңімпаз деп танылды. Одан кейін 9 шақырымдық жорға жарысы басталып кетті. Алматы облысы, Жамбыл ауданының тұрғыны Орынтай Әмірғалиевтің «Ганг» атты сәйгүлігі мәре сызығына бірінші болып келді. Ал Жамбыл облысынан келген Есбол Шынтасовтың «Барон» атты тұлпары екінші, Жамбыл облысының атынан сынға түскен Бөтен Сүлеймановтың «Найзағай» атты сәйгүлігі үшінші орынға ие болды.
Жорға жарысы аяқталғаннан кейін қазақтың ұлттық ойындарының бірі «Аударыспақ» қыза жөнелді. Бәйгедегі ең қызығы – аламан бәйге. «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» демекші, нағыз тұлпардың анықталатыны осы 25 шақырымдық аламан бәйгесі. Жарыстың шарықтау шегі де, жұрттың асыға күтетіні де осы. Аламан бәйгеге 7 жүлде тағайындалды. Оның үшеуі шетел автокөлігі болса, қалғаны ақшалай сыйлық. Ат жарысы десе, ішер асын жерге қоятын жанкүйерлер бүгінгі бас бәйгені «Қарақұс» немесе «Моли» ұтады деп болжам жасаған еді.
«Шүу» деп аттың басын жібергенде 49 шабандоз қара жолдың бойымен үзеңгілес кеткен еді, екі-үш айналымнан кейін шын сәйгүліктер алға суырылып шығып, тағы екі-үш айналымнан кейін қалғандарынан аралары алшақтай бастады. Соңғы айналымдарда аттардың біразы жолдан шығып қалды. Сонымен бұл жарыста бас жүлде «Тасқын» атты күрең аттың иесі Алматы облысы Алакөл ауданының тұрғыны Байбатыр Сатыбалдиновқа бұйырды. Осылайша ол «Тасқын» деген атымен Қазақстан Президентінің Кубогын төртінші рет ұтты.
Аламан бәйгеде екінші жүлде Алматы облысының Балқаш ауданынан келген Сапар Сатпаевтың жүйрігіне берілсе, үшінші орынды Алматы облысы, Жамбыл ауданының тұрғыны Ғабит Үмбетовтің «Қарақұс» сәйгүлігі еншіледі.

Нұрлан ҚҰМАР
Алматы облысы
Жамбыл ауданы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.