Бізге керегі – көк тудың желбірегені

Жер бетінде тіршіліктегі тағдыр тауқыметін тартпаған елдер, сол елдің негізін құрайтын ұлттар мен ұлыстар кемде-кем. Солардың ішінде талай нәубет замандарды, туған жері үшін, елі мен ұлтының болашағы үшін небір қырғын шайқастарды басынан кешкен бірден-бір ел Қазақ елі болса керек.
Олай дейтінім, қазақ халқының басы­нан кешкендері сонау сақ заманынан бері қарай тарих бетінде тасқа қашалып, теріге таңбаланып, оюларында өрнектеліп, зергерлік бұйымдарында құйылып, ақшала­рында айшықталып, ән-жыр, дастандарында шырқалып, мақал-мәтелдерінде өсиет, өнеге болып өріліп, ертегілерінде аңыз болып айтылып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, күні бүгінге дейін жеткен.
«Ел болам деген ел әу баста ата-баба­сының аруағы мен қыз баласының абы­ройын көп күйттеген ғой. Ата-бабаң­ның аруағын салғырсынғандығың – кеше еліңнің кім болғанын ұмытқаның, қыз балаңның абыройын қорғамағаның – ертең ұлтыңның кім болатынын ойлама­ғаның» деген қанатты сөз тіркестерін көзі тірісінде классикке айналған Халық жазушысы, қоғам қайраткері, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев ағамыз өз халқының әлімсақтан бергі басынан кешкендерін жете білмесе жазбас еді.
Сан ғасырдан бері еркіндікті, егемендікті, тәу­елсіздікті аңсаған ата-бабаларымыздың ар­ман, мақсат-мүдделері ХХ ғасырдың 90-жылы ғана жүзеге асты. Өз құзыретіне өзге елдердің әртүрлі тілде сөй­­лейтін діні мен салт-дәстүрі бөлек, сан ға­сырлық тұрмыс-тіршілігінің ерекшеліктері бар халықтарының басын біріктіріп, саясатын 70 жылдан астам бойларына сіңіріп келген отаршыл пиғылдағы Кеңес Одағының көбесі сөгіліп, әрбір одақтас елдер өз тәуелсіздіктерін алды. Солардың қатарында Қазақ елі де бар еді.
Бүгінде сол тәуелсіздігімізге қол жет­кізгендігімізге 22 жылдан асып бара жатыр.Тәуелсіздікпен бірге келген қоғамдағы, ел билігіндегі, саясат пен экономикадағы, қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігіндегі орасан зор оң өзгерістер адам баласының өмірге көзқарасын, ақыл-ой парасатын, ынта-жігерін, болашаққа деген сенімін ұшқыр заманға сай басқаша қалыптастырды.
Жер шарын мекендейтін алпауыт дамыған елдердің геосаясаты, өзге даму жолындағы мемлекеттерді өз қол астына қаратуға, өз биліктерін жүргізуге, эко­номикалық тұрғыдан өзіне тәуелді етуге ұмтылған заманда, көш соңында қалмауға, өзгеге енді тәуелді болмауға бел буған Қазақ елі өз саясатын, экономикасын өзге дамыған елдермен тең дәрежеде ұстау үшін талпынып келеді. Бұл бағытта жасалған істер ұлан-ғайыр, ал жасалмақ істер одан да көп. Әлемдік саяси сахнадағы біздің елдің ұстанған саясаты көп бағытты. Себебі кешегі Кеңес Одағына мүше мемлекеттер мен мұхиттың арғы жағындағы Еуропа мен Азия құрлығын мекендейтін дамыған елдердің жүргізіп келе жатқан саясаты бір бөлек. Осы алшақтықты ескерген еліміз барлық елдермен дипломатикалық қарым-қатынаста, барыс-келісте, экономикалық, мәдени, рухани байланыста, қоян-қолтық татуластықта ғұмыр кешіп келеді.
Мәңгілік Ел болу саясаты да осы мақ­сатт ы көздейді. 120-дан астам ұлттар мен ұлыстар мекен еткен, жер шарындағы бір­де-бір елде жоқ халық Ассамблеясы бар, этномәдени бірлестіктері қоғам өміріне белсене араласқан, бейбіт бірлік пен мамыражай тірлік кешіп келе жатқан Қазақ елінің көк байрағы төбемізде мәңгілік желбірей берсін.

Д.Нұғыманов

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Набира

    Мен де автормен келісемін. Көк туымыз желбіреп, тыныштығымыз, бірлігіміз бұзылмаса екен. Әлемде болып саяси толқулар біздің елімізді айналып өтсін. Тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтап тұрған Елбасымыз да аман болсын.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.