Сүт тайлақ

Халқымыздың тілдік қорында түйе атауына байланысты көптеген сөздер мен сөз тіркестері молынан ұшырасады. Бұл түйе жануарының қазақ халқының шаруашылығындағы алар орнының ерекше екенін білдіріп тұрғаны анық. Олай болса, түйе түлігіне қатысты атауларға, ол атаулардың қандай мән-мағына беретініне тоқталайық.

Соқтан. Соқтан деп қазақ төрт жасқа шығар дөнен бураны айтқан.
Тығыршын. Төрт жасқа шығар әлі қайымаған ұрғашы түйеге берілген атау. Бұл сөздің халық арасындағы нұсқасы кейде тұғыршын болып келеді. Аталған нұсқаның пайда болуы жергілікті жерлердегі сөз қолданысындағы кейбір айырмашылықтардан туындаса керек.
Божығай, көшек. Бұл атаулар сирек қолданылады. Беретін мағынасына келетін болсақ, ботаның жанама атауларын білдіреді.
Төрт түлікке қатысты атаулардың ішінде құнанша, қайымал інген, қайымалы деген атаулар кездеседі. Құнанша деп екі жасар ұрғашы түйені айтатын болсақ, қайымал інген деп бура шөгерілген, қайып кеткен інгенді айтады. Ал қайымалы атауы боталай алатын інгендердің жалпы атауын білдіреді.
Қазақы ұғым-түсінікте түйенің жал­пы түрлеріне қатысты атаулар да аз кездеспейді. Мәселен, қара тіс, сақа түйе, шау түйе, жабы түйе, босалаң түйе, жасық түйе, жатаған түйе, алмас түйе, шалағай түйе және т.б. Бұл сөздерге қарап, халқымыз түйенің жаратылыс ерекшелігіне, мінезіне сай көптеген атауларды бергеніне таңғаласыз. Енді сол сөздердің мән-мағынасына тоқталайық.
Қара тіс деп бес жастағы түйе айтылса, сақа түйе деп он жастан асқан ірі түйе айтылады. Ол түйе жасының үлкендігіне байланысты қойылған атау болса, шау түйе – кәрі түйе, яғни шау тартып қалған түйе деген мағынаны білдіреді.
Түйе малының ішінде өмірі мі­нілмеген, жүк те артылмаған асау түйе болады. Қазақ оны жабы түйе деп атайды.
Түйе шаруашылығында күші мол атан, нар сияқты ірі түйелермен қатар жаратылысынан әлсіз, мініске шыдамсыз түйелер де кездесетіні белгілі. Түйенің мұндай түрін халқымыз шаруашылыққа көп пайдаланбаған. Өйткені олардың сүйегі бос келеді. Сүйегі бос болғандықтан түйенің мұндай түріне босалаң түйе деген атау берілген.  Босалаң түйенің қатарына жасық түйені де жатқызуға болады. Жасық түйе – арық, әлсіз түйе. Бұл сөз де түйенің мінез және жаратылыс ерекшелігіне сай қойылған атау десек болады. Жылқы малы сияқты түйелерде де бас білмейтін түйе түрлері кездеседі. Олар жөңшең деп аталады.
Түйелердің арасында иесіне ба­ғынып, айдауға жүре бермейтіндері де болады. Түйенің ондай түрі өз үстіне жүк артқызғанды, адам мінгенді жақтырмайды, қырсық мінез танытады. Сол себепті түйенің мұндай түріне жатаған түйе деп атау қойылған.
Төрт түлікке жас-шамасына қарай атау беру салты қазақта ежелден қа­лыптасқан. Жас-шамасына қарап малдың өсімі, күтімі, бабы сақталатын болған. Оларды күнделікті өмірде, тұрмыста, шаруашылықта пайдалану салты да жас ерекшеліктеріне байла­нысты орын алғаны белгілі. Мәселен, тоғыз жастағы түйе бір қырыққан түйе деп аталады. Сонымен қатар төрт жасар аруана бұзбаша деп аталса, нар түйенің екі жастағысы нартайлақ, ал нардың бес жасқа дейінгісі нарша, наршық деп аталған.
Көшпенді тұрмыс-салтында түйенің алатын орны ерекше. «Соңғы түйенің жүгі ауыр» деген сөз осындайда айтылса керек. Сол себепті арнайы шаңырақ артатын түйе қазақта шаңырақ түйе деп айтылатын болған. Шаңырақ түйемен қатар халық лексиконында жайланған түйе, жайлауыш түйе, шырынсыз түйе, қағылжың түйе атаулары кездеседі. Бұл атаулар да түйе­нің күнделікті тұрмыста атқаратын рөліне байланысты қойылған. Мәселен, жайланған түйе шаруашылықта көп пайдаланылған, яғни көп мініс көрген түйе дегенді білдірсе, жайлауыш түйе деп шаруашылық барысында қой жаюға немесе түйені айдауға мінетін түйенің түрі айтылады. Ал өзге түйелерге қосылмай шеттеп, бөлектеніп, жеке жайылатын түйе қағылжың түйе деп аталатын болған.
Жоғарыда айтқанымыздай, түйе­лердің әрбір түріне, мінез ерекше­ліктеріне, т.б. байланысты атаулар өте көп кездеседі. Бұл атаулардың ішінде күні бүгінге дейін қолданылатындары да бар, уақытқа байланысты ескіріп, қолданыстан шығып қалған атау-сөздер де, тек жергілікті жерлерде, белгілі бір аймақтарда ғана қолданылатындары да бар. Олардың әрқайсысы өзіндік мәнге ие болғандықтан, бұл атау сөздердің барлығы да қазақ тілінің сөз байлығын молайтып тұрғаны сөзсіз.
Әрине, қазақ даласында, қазақ жерінде түйе шаруашылығы – ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан ежелгі кәсіптің бір түрі, сондықтан ол қазіргі таңда ілгерілеп дами түсуі қажет. Түйе шаруашылығын дамытуға, түйе малының санын көбейтуге ел Үкіметі тарапынан қажетті көңіл бөлініп, жағдай жасалса, халық арасында түйе малының күтімі мен бабын жетік білетін түйешілер аз емес, әрине. Тек қолдау мен қамқорлық керек. Сол кезде ғана бүгінгі жас ұрпақ, ертеңгі келетін жаңа буын қазақтың ата кәсібі болып саналатын түйе малына байланысты ұғым-түсініктерді кең тұрғыда біліп, төл өнеріміз бен кәсіп түрлерінен хабардар болып отырады.
Түйенің түрлеріне қатысты атау­ларды әрі қарай сабақтай түсетін болсақ, халқымыздың сөздік қорында шымыр түйе, шырынсыз түйе, кезбас түйе, кежір түйе, бөртекі түйе, қараша түйе және т.б. сөздер молынан ұшырасады. Мәселен, шымыр түйе көбінесе семіз түйеге байланысты айтылады. Мұндай түйенің еті тығыз, дене салмағы ауыр болып, шымыр болғандықтан солай аталған. Сонымен қатар қаншалықты күтім жасалса да, бойына шыр бітпейтін түйелер де болады. Түйенің мұндай түрін түйешілер шырынсыз түйе деп атайды. Ал бөртекі түйе атауының білдіретін мағынасына келсек, ол бота кезінде уызға жарымаған кішкентай түйе.
Түйеге байланысты осыншалықты мол атауларды ойлап тауып, сөз арқылы әрбір түйеге өзіндік мінездеме, сипаттама бере білген халқымыздың тіл қолдану шеберлігіне қайран қалмасқа болмайды. Қарап тұрсаңыз, бөртекі түйе, кезбас түйе, кежір түйе, алмас түйе деп келетін әрбір атау-сөздерден түйенің жаратылыс ерекшелігін, бол­мысын, мінезін дөп басып тануға бола­ды. Бұл орайда жайылымға бармай, өз бағытымен жүре беретін түйеге кезбас түйе деген атау қойылса, мінезсіз будан кежір түйе, ал екі өркеші екі жаққа жығыңқы түйе алмас түйе деп аталған. Өзге де атауларға тоқталатын болсақ, қолқан – көп боталаған кәрі інген. Термешелі інген – қайымайтын інген; ақбалдақ – екі жасқа дейінгі бота; тайлақ – түйенің екі жастағысы. Сүт тайлақ – енесінен айырылмаған тайлақ. Қаптағай – жабайы түйе. Бұл атаудың түйекиік, таутайлақ деген нұсқалары да кездеседі. Қараша түйе – қара мен қоңыр түс аралығындағы айыр түйе. Шартық нар бура – сүйек тұлғасы жағынан өзгешелеу, бір тума нарлардан кішірек тұқымдық будан. Біртума – үлек пен айыр інгеннің бірінші ұрпағы. Біртуманы құлпатша, бекпатша деп те атайды.
Дайындаған
Д.Төлебаев
(Материалды дайындау барысында «Қазақ әдеби тілінің сөздігі», «Сөз – сандық» кітаптары пайдаланылды)

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Аноним

    тайлақ деген не қысқаша

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.