«Кетбұқа – құдіретті асыл баба»

Тәуелсіздіктің дәмін тата түскен сайын тарихымызға да тереңдей бойлап барамыз. Мұны да жақсылыққа жорыған жөн. Өйткені өткенімізді, әсіресе ұлы тұлғаларымызды білу, тану арқылы рухымыз тасып, өмірге құштарлығымыз арта түсері анық. Рухы күшті елдің жеңбес қиындығы, орындалмас мақсаты болмақ емес.
Қазақтың мақтаныш етер айбынды да, айбарлы ұлдарының бірі, бүкіл түркі тілдес халықтарға ортақ тұғырлы тұлға Кетбұқа бабамыз еді. Жасыратын несі бар, біз ұлы бабамызды әлі толық танып, білген жоқпыз. Бұл жерде «Кетбұқа жөнінде ештеңе жазылмаған ба?» деген жаңсақ ой тумау керек. Жазылған  дүниелер бар. М.Мағауиннің, А.Сейдімбековтің, Т.Жұртбаевтың, Қ.Ахметовтің… еңбектерінде баба бейнесі кездеседі. Л.Н.Гумилев, Г.Н.Потанин де баба туралы пікірлерін білдіреді. Қазақ тарихын зерттеуге үлесін қосқан М.Тынышбаев: «Кетбұқа – аңыз бойынша көне замандағы қазақтың ең ұлы абызы, сыйынатын пірі, бақсылар осы күнге дейін оның атын атап, аруағын шақырады» дейді. Әйгілі ғалым Әлкей Марғұлан да уақытында тиісті бағасын берді: «Ұлы жыраулардың ең ескі дәуіріндегі ұлы ұстазы – Қорқыт (VII-VIIIғғ.). Одан кейін ХІІІ ғасырда жасаған Аталық жырау. «Ақсақ құлан», «Жошы хан» күйін орасан көп халықтың ортасында тартып беріп, музыка үнінің кереметін танытқан Аталық жырау (шын аты Кетбұқа, кейбір жерде Кербұқа) еді». Осы пікірлерден аңғарылатыны Кетбұқа көбінесе жырау, күйші ретінде айтылады. Біздің Ұлттық энциклопедияда да тұлғаның осы  қырлары ғана сөз етіледі. «Кетбұқа (Кетбұқа деп түсініңіз – Авт.) (шамамен 1150-1225) Анықтау керек. Жошыны 1227 жылы өлді дейтін болсақ, сонда Кетбұқа Жошының қазасын қалай естірткен? – Авт.) – жырау, күйші, аңыз кейіпкері. Орта жүз құрамындағы найман тайпасының бағаналы тармағынан шыққан». Аңыз бойынша жыраудың Жошы өлімін әкесі Шыңғыс ханға қалай естірткені көпшілікке мәлім болар.
Теңіз бастан былғанды,
Кім тұндырар, а, ханым?
Терек түптен жығылды,
Кім тұрғызар, а, ханым? – деп үн қатқан жырау мұнан соң сай-сүйегіңді сырқыратар зарлы күйді төге жөнеледі. О баста «Ұлдарымның жаманат хабарын естірткендерге өлім бұйырады» деген хан күйді аңыратқан домбыра шанағына күміс балқытып құйғызады.
Кетбұқа сонымен қатар қолбасшы­лы­ғымен де танылған. Соның бір ғана дәлелі Сириядағы Айн-Жалуд деген жерде болған қантөгісте моңғол әскеріне басшылық еткені. Бұл даңқты қолбасшы қатысқан соңғы сұрапыл шайқасы болатын. Осы жерде демі үзіледі.
Кетбұқа жөнінде сөз қозғауымызға, ой толғауымызға не себеп болды? Таяуда ғана Арқа төсіндегі Жезқазған жұрты көп көңілінен шығар тағылымды істің тындырылуына ұйытқы болды. Әлгінде ғана өзіміз тілге тиек еткен жырау, күйші, би, қолбасшы Кетбұқа туралы жазылған «Абыз тұлға, аңыз  тұлға Кетбұқа» деген кітаптың тұсаукесері болды. Мұның тұсаукесер деген аты ғана. Ол жан-жақтан жиналған қонақтардың қатысуымен келелі жиын түрінде өтті. Сырттан келгендер жиын алдында Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Б.Ахановтың қабылдауында болды. Одан әрі Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайына және Қ.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік мұражайына ат басын тіреп, өңірдің өткенімен және бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты «Қазақмыс» корпорациясының мұражайында болғанда  «Жезқазғантүстіметал» өндірістік бірлес­тігінің Бас директоры Саят Бәкіров маңызды іске өздерінің де үлес қосып жатқандарын жеткізді.
Кітап өткен жылдың аяғына таман жергілікті жерде құрылған «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен жарық көрген. Қордың алғашқы басқосуында кемеңгер тұлғаны одан әрі зерделеу, есімін жаңғырту, мыс шаһарының көрікті жерінде ескерткіш орнату мәселелері көтерілген.
Тұсаукесер салтанатында алдымен сөз алған жоғарыда айтып өткен бірлестік төрағасы, руханиятқа жанашыр азамат Төлеген Бүкіров былай деді:
­– Бірлестік мүшелері жұртшылықпен кездесулер барысында арамызда әлі де болса бабаның өмірімен жеткілікті таныс емес жандар барына көз жеткізді. Сондықтан біз ең алдымен Кетбұқа бабамыздың өмірінен сыр шертетін кітап шығаруды қолға алдық. Бүгінге дейін баспа бетінде жарияланған дүниелерді жинақтап, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Ақыры жоспарымыз жүзеге асты. Бүгін сол қуанышты сіздермен бөлісіп отырмыз.
Бұдан кейін сөз алған қоғам қайраткері, ардагер дипломат Жекен Қалиев, Қараған­ды облысында жауапты қызметтер атқарған, өңір тарихына жетік Жұмамәди Ибаділ­дин, медицина саласының ардагері Туған­бай Жанысбаев, өлкетанушы Кенжал Балке­нов бабаны танытудағы басталған іске сәт­тілік тіледі. Қазақтың белгілі ақыны Жүрсін Ерман бабаға арналған поэ­масынан үзінді оқыды:
Ұлытау,
Ұлық тастар,
Жасыл дала.
Қасиет қожыр-қожыр тасында ма?
Көзіме Ұлытау боп елестейді,
Кетбұқа – құдіретті асыл баба.
Бұл тауға ішкен асым келді сіңбей,
Адамды адам сүйе алмас елді сүймей.
Ошарылып жатыр ма ошақ тастар,
Бабаның қойып кеткен белгісіндей, деген жыр жолдары жиналған қауымның ықыласына бөленді. Көңілді толқытып, жүректі тебіренткен ендігі бір көрініс – Қырғыз елінен келген өнер иесі, профессор Фахирдин Баяқовтың орындауындағы бабаның «Ай-ханым» күйі еді. Жошының қазасын естірткен күй, сірә, осы болар. Өйткені ботадай боздаған күй сарынынан «Жошы өлді, Ай-ханым» дегенді білдіретін зарлы үнді бірден байқауға болар еді. «Шіркін, өнер құдірет-ай!» дедік таңырқап. Бәрінен бұрын басқа түскен қасіретті күй арқылы жеткізе білген күйшінің шеберлігін айт­саңызшы! Бұл күні мәлім болып отыр­ғанындай Кетбұқаның он төрт күйі арнайы сараптамадан өтіп, тиісті құжатқа ие болған.
Жиынға қатысушылар бұдан әрі Ұлытау ауданына аттанып, Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл мазарларына соғып, өзге де тарихи орындарды аралады. Аудан әкімі Х.Омаровтың қабылдауында болып, таяу арада 75 жылдығы аталып өтетін ауданның бүгінгі тірлігіне қанықты.
«Қазақтың Кетбұқасы» бірлестігінің ендігі мақсаты Жезқазған қаласында Кетбұқаның елге ұялмай көрсететін бірегей ескерткішін орнату. Бұл мақсаттың да ойдағыдай орындалатынына көзіміз анық жетті. Бұлай дейтініміз, осы істің басы-қасында жүрген Бауыржан Шыңғысов, Советбек Медебаев, Аллияр Жарасбаев, бірлестік төрағасы Төлеген Бүкіров секілді басқа да ұлт мүддесін көбірек ойлайтын азаматтардың сөздерінен, қимыл-қарекеттерінен осыны аңғардық.
– Ел сенім артқан қызметте жүргеннен кейін соңымызға жұрт сүйсінерлік бір белгі қалдыру парызымыз. Сол белгіміз – бабамызға арналған еңселі ескерткіш болуы тиіс, – деген кезінде Жезқазған қаласына басшылық жасаған, қазіргі күні «Қазақмыста» жауапты қызмет атқаратын Бауыржан Шыңғысов ініміздің сөзі бүгінгі ұрпақтың намысшылдығынан, елжандылығынан хабар бергендей.
Түйіп айтқанда, жезқазғандық бауыр­ларымыз қазақтың біртуар перзенті Кетбұқаға қатысты деректерді жинақтап, зерттеуге, зерделеуге бел шеше кіріскен. Олар мұны тарихымызды түгендеуге бағытталған игілікті істердің бір парасы санайды. Бұған, әрине, қуанасың. Өз жүрек қалауларымен елдік істі қолға алған азаматтарға тілеріміз тек баянды сәттілік.

Нұрперзент Домбай Жезқазған

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Төлеп

    «Кетбұқа (Кетбұқа деп түсініңіз – Авт.) (шамамен 1150-1225) Анықтау керек. Жошыны 1227 жылы өлді дейтін болсақ, сонда Кетбұқа Жошының қазасын қалай естірткен? – Авт.) – жырау, күйші, аңыз кейіпкері. Орта жүз құрамындағы найман тайпасының бағаналы тармағынан шыққан». Аңыз бойынша жыраудың Жошы өлімін әкесі Шыңғыс ханға қалай естірткені көпшілікке мәлім болар.
    Теңіз бастан былғанды,
    Кім тұндырар, а, ханым?
    Терек түптен жығылды,
    Кім тұрғызар, а, ханым? – деп үн қатқан жырау мұнан соң сай-сүйегіңді сырқыратар зарлы күйді төге жөнеледі. О баста «Ұлдарымның жаманат хабарын естірткендерге өлім бұйырады» деген хан күйді аңыратқан домбыра шанағына күміс балқытып құйғызады

    —Кетбұқа сонымен қатар қолбасшы­лы­ғымен де танылған. Соның бір ғана дәлелі Сириядағы Айн-Жалуд деген жерде болған қантөгісте моңғол әскеріне басшылық еткені. Бұл даңқты қолбасшы қатысқан соңғы сұрапыл шайқасы болатын. Осы жерде демі үзіледі—————
    ——————————————
    Айн- Жалуд соғысы шамамен 1260 жылддыры болған, Кет бұқа сол шайқаста қайтыс болған, Жошы Хан 1227 жылы қайтыс болса ,оның өлімін естірту» әбден мумкін. Шежіре бойынша Домбауыл батырдың екіұлы болған оның бірі Кет Буқа, екіншісі Кер буқа жырау ,мумкін Жошы ханның өлімін естірткен Кер бұқа жырау шығар.Бес ғасыр жырлайды кітабіда Досмамбет жыраудың жырында мынадай толғау бар . Кет Бүқадай білерден ақыл сүрар күн қайда дейді, Қет Бұқа өз заманында ол бастаған қолбасшы батыр әрі Жошы үлысының Биі болған бабамыз.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.