Ұлттық өнерді дәріптеп келеміз

Маңғыстау өңірі ежелден өнер майталмандарымен, талантты өнерпаздарымен жұртқа таныс. Ұлттық дәстүрлі өнерімізді насихаттап, өңірдің тума таланттарын бүгінгі ұрпаққа таныстыру  біз үшін парыз. Осы ретте Маңғыстау облыстық Мәдениет басқармасы бірқатар шаралар өткізіп, дүйім жұрттың ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыруға өз үлесін қосуда.
Өткен жылы «Қарт Каспийден сәлем ал, ерке Жайық!» атты өнер апталығы өтті. Көршілес облыс тұрғындарының назарына қаймағы бұзылмаған дәстүр, қазақ халқының  мәдениеті мен тұрмысының бүгінге үзілмей жеткен алтын шынжыры, шеберліктің биік шыңының бірегей туындылары, шалқар саз, салиқалы ой-пікірден сыбаға тартылған еді.  Сонымен бірге «Маңғыстау жұлдыздары» фестивалін өткізу дәстүрге айналған. Қазақстан Республикасының Түркіменстандағы елшілігінің шақыруымен Түркіменстан астанасы Ашхабад қаласында ұйымдастырылған Халықаралық «Новруз» фестиваліне облыс өнерпаздары мен мұражай мамандары қатысып, мұражай қорынан  ұлттық этнография тақырыбындағы экспонаттар ұсынылып, жат жұрттық елдер де біздің мәдениетімізге тамсанған.
Тағы бір атап өтерлігі, облысымыздың 40 жылдығына орай Мұнайлы, Түпқараған, Қарақия аудандарында мәдениет күндері өткізіліп, біздің өнерпаздар өңір тұрғындарының ыстық ықыласына бөленген еді. Бұл мерейтой Ақтау қаласына 50 жыл толуымен тұспа-тұс келгенін айта кетейік. Осыған орай облыстық «Шұбат» фольклорлық фестивалі, фестиваль аясында  «Батаменен ел көгерер» атты ақсақалдар арасында байқау, «Көлтаусарлар» сайысы өткізілді. Аталмыш шараға  облысымыздың аудандарынын 13 шұбат дайындаушы, 9 батагөй ақсақал қатысты.
Сонымен бірге «Асыл мұра» атты жыр кеші, «Маңғыстауым – мақтаным» дәстүрлі әнші-термешілердің кеші, «Ғасырлар үні» атты күй кеші, «Сиқырлы саз» атты лекция-концерт, «Халықтық караоке» мерекелік шоу-бағдарламасы да халықтың көңілінен шықты. Ал облыстық қуыршақ театры Ақтау қаласының 5-10 жас аралығындағы жас өнерпаз бүлдіршіндердің қатысуымен  қойылым ұсынып, көрермендер арасында ұлттық ойындар ұйымдастырды.
Сонымен қатар осы күні Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрының «Маңғаз өлке – Маңғыстау» деп аталатын мерекелік шарасы өтті. Бұл шара барысында Ғ.Мүсіреповтың «Қыз Жібек», С.Назарбекұлының «Ақбөбек», Ф. Эрвенің «Айлакер Ару», И. Сапарбайдың «Сыған  серенадасы», Т.Әліпбаевтың «Томирис», С.Құдайбергеннің «Перзентхана» және т.б. қойылымдарынан үзінділер қойылды.
Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында мерекеге орай жасақталған «Маңғыстау жетістіктері фотообъективте» және «Қалам менің – мақтанышым» атты фотокөрмелер ашылып, қалың жұртшылық мұнда өлке тарихынан тереңірек мағлұматтар алды.
Мерекелік «Біз күн перзентіміз» балалар шығармашылығының аймақтық  фестивалі мен «Киелі мекен – Маңғыстау» атты театрландырылған қойылым көпшілікті өзіндік ерекшелігімен баурап, ел есінде қалды.
Сонымен бірге Астана қаласында Маңғыстау күндері аясында «Астана–арманым, Маңғыстау–мәңгі әнім» атты концерт ерекше ықыласпен қабылданды. Міне, өткен жыл осындай мәдени шараларымен есте қалды.
Биылғы жылы да мәдениет саласы облыс әкімдігінің ерекше назарында. Мәселен, мәдениет ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға бөлінген қаражат көлемі өткен жылмен салыстырғанда көп. Тағы бір атап өтерлігі, облыстық драма театрының актерлеріне 5–бір бөлмелі, 1–екі бөлмелі пәтер сатып алуға, театрдың кіші залына  орындықтар, жаңа жарық пен дыбыс құрал-жабдықтарын алуға, облыстық филармония мен облыстық қуыршақ театрына, облыстық кітапханаға, қорық мекемелеріне арнайы автокөліктер мен автобус алуға тиісті қаражат бөлінді.  «Юность» кинотеатры мен ғылыми әдістемелік орталығын заман талабына сай жарақтандыру да назардан тыс қалмады. Бұл да жергілікті билік орындарының мәдениет пен өнер қызметкерлерінің жұмысына немқұрайлы қарамайтындығын көрсетсе керек.  Сондықтан үкімет мәдениет ұйымдарын жарақтандыруға жыл сайын көңіл бөліп келеді.
Бүгінгі күндері «Қайталанбас дауыстар» антологиясын шығару жұмыстары қолға алынып, бұл ретте біраз жұмыстар атқарылуда. Сонымен бірге Отпан этно-мемориалды кешеніндегі Ақсарай мұражайы мен Абай атындағы МДК ғимараттарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 13 тарих және мәдениет ескерткіштерінің жобалық-сметалық құжаттары әзір­леніп, 4 нысанға қайта қалпына кел­тіру жұмыстарына  арналып тиісті қаражат бөлінді. Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрының үлкен залын да қайта қалпына келтіру жұмыстары жасалуда. Маңғыстау ауданының Шебір ауылдық мәдениет үйінің, Түпқараған ауданының Таушық ауылы мәдениет үйінің, Қа­рақия ауданының Аққұдық селолық клу­бының, Маңғыстау ауданының Шетпе ауылындағы С.Қондыбай атындағы мұражай құрылыстарына тиісті қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге демеушілік қаражат есебінен Маңғыстау ауданының Ақшымұрау селолық клубының құрылысы басталғанын айта кету керек.
Маңғыстау ауданына қарасты Жармыш ауы­лында мәдениет үйі мен кітапхананың, Шетпе ауылындағы кітапхананың,  Қарақия ауданына қарасты Құрық елді мекенінде орналасқан орталық кітапхананың, Мұнайлы ауданындағы 4 кітапхана мен мәдениет үйінің, Жаңаөзен қаласының Рахат елді мекеніндегі мәдениет үйінің және қалалық тарихи-өлкетану мұражайының құрылыс жұмыстары басталып, бірқатар шаруалар атқарылуда.
Өлкеміздің тарихын зерттеу мен зерделеу жұмыстары басқарма тарапынан ерекше назарға алынған. Қазіргі уақытта тарихи өлкетануды дамыту мақсатында қабылданған 2014-2016 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бойынша «Маңғыстау халық ауыз әдебиетінің тілдік және мәтіндік ерекшеліктерін зерттеу», «Маңғыстау мәдениетінің этноаралық біріктіру қасиеттері: тарих және қазіргі заман», «XIX-XX ғғ. Маңғыстау өлкесінде халық ағарту дәстүрлері» тақырыптары бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, «Алтынқазған тарихи-мәдени ескерткіштері», «Қола дәуіріндегі Саура бекінісі», «Кеттікқала қалашығы» сияқты археологиялық зерттеу жұмыстары да қолға алынды.
«Сисем Ата» қорымындағы эпиграфиялық жазбалар туралы безендірілген кітап-альбом мен «Маңғыстау және Үстірт ескерткіштері» атты ғылыми кітап шығарылып, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының археология залы қайта жасақталуда.
Форт-Шевченко қаласындағы тарихи ғимараттардың бірі Мұрын жырау мұражайын қайта қалпына келтіру жұмыстары да биыл жандана түсті. Биылғы жылдың жаңалығы тарихи-өлкетану мұражайының «Маңғыстау мұралары» атты экспозициясында жырауға арналған бөлім ашылады. Бұған қоса Мұрын жыраудың 155 жылдық мерейтойына  байланысты Ақтау қаласында ескерткіш орнатылады. Қазіргі уақытта оның сұлбасы дайындалу үстінде.
Биылғы жылдан бастап М.Өскінбаев атындағы облыстық филармониядан кәсіби би ұжымы ашылып, олар көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп жүр. Гастрольдік сапарларға да жиі шығып тұрады. ҚР еңбек сіңірген артисі, белгілі дирижер, профессор Ж.Бегендіковтің 60 жасқа толуына орай Ақтау қаласында және Маңғыстау ауданында шығармашылық кеші өткізілді.
Украин халық жазушысы Т.Г.Шев­ченконың 200 жылдық мерейтойына байланысты халықаралық конференция өткізіліп, оған Украинадан, Татарстаннан, Қазақстаннан шевченкотанушы ғалымдар қатысып, үлкен пікіралысу алаңы ұйымдастырылған еді. Бұл да еларалық мәдени байланысты нығайтары сөзсіз.
Сонымен бірге Ашхабад қаласында өткен «Бақыт дәуірінің театралдық өнері» атты ІІ Халықаралық театр фестиваліне қатысып, М.Әуезов пен С.Цвейктің шығармаларын ұсынған Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрының ұжымын ерекше атап өту керек. Бұл ұжым ел ішінде де еңбекқорлығы мен шығармашылық ізденісімен  көзге түсіп жүр.
Мамыр айында қуыршақ театры Кишинев қаласында өткен VIII Халықаралық «Гугуцэ»   қуыршақ театрлары фестиваліне қатысып, үздік деп танылды. Фестивальдің  қорытындысы  бойынша  театр  директоры  Ф.Атакеева  «Ең үздік менеджер», бас режиссер Н.Насырова  «Ең үздік  режиссер», актер Е.Бигашев «Ең үздік ер актер» аталымдарына ие болды. Тағы бір атап өтерлігі, ұжым қазан  айында Румынияда және Болгарияда өтетін  халықаралық  фестивальдерге шақырту алды.
Өңір өнерпаздары облыс әкімінің қолдауымен «Нұр Отан» партиясының 15 жылдығына арналған «Береке басы – бірлікте!» атты республикалық ақындар айтысына да қатысып, жүлделі орын алғандарын мақтанышпен айтамыз.
Басқарма атқарып жатқан жұмыстардан Маңғыстау өңірі мәдениет пен өнерге ерекше ден қойған өңір екенін ұғынуға болады. Себебі, облыстағы өнер ұжымдары өздерінің еңбекқорлығымен,  шығармашылық ізденісімен, ерекше талантымен көзге түсіп, гастрольдік сапарларға да жиі шығып тұрады. Алдағы уақытта та атқаратын мәдени іс-шаралар көп. Ендігі кезекте камералық ансамбльдің 35 жылдығына арналған концертті, Сүгір жыраудың 120 жылдығын, Мұрын жыраудың 155 жылдығына  арналған шараларды, аймақтық жыршылар байқауын, облыстық ақындар айтысын, М.Өскінбаев атындағы республикалық күйшілер байқауын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының құрметті профессоры С.Шакраттың 75 жылдық мерейтойын өткізу  жоспарлануда. Сонымен бірге Оңтүстік Қазақстан облысында Маңғыстау облысының мәдениеті мен өнері апталығы өткізіліп, Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрының Қызылорда облысы мен Алматы қаласына гастрольдік сапары болады. Алматы қаласында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры Р.Айдарбаеваның шығармашылық кеші, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі С.Сариевтың есептік концертін өткізу де жоспарда бар. Ал «Ақжарма» фольклорлық ансамблі мен би ансамблі Астана  жұртшылығына арнап өнер көрсетпек. Абыл Тарақұлы атындағы ұлт-аспаптар оркестрі Әзірбайжан мемлекетіне гастрольдік сапармен бармақ.
Біз игілікті жұмыстарымызды алдағы уақытта та жалғастыра бермекпіз.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Жайна

    Маңғыстау өңірі өнерпаздарымен танымал, әрине. Халық біріп, көріп жүр.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.