Балаға мейірім де, бақылау да қажет

Аягүл Миразова, Алматы қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназия директоры, Қазақстанның Еңбек Ері:

Соңғы кездері мектеп оқушыларының арасында әртүрлі кикілжің, мұғалім мен оқушы арасындағы түсінбестік үдеп, тіпті адам жанын түршіктірерлік оқиғалардың куәсі болып жүрміз. Жақында Астанадағы мектеп оқушысының қайғылы жағдайға ұшырауы қоғам тарапынан алаңдаушылық туғызды. Осы орайда қоғам қайраткері, ардақты ана, Қазақстанның Еңбек Ері, «Алтын жұлдыз», «Отан» ордендерінің иегері, Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназия директоры Аягүл Миразовамен кездесіп, бала тәрбиесі жөнінде ой бөлісудің сәті түскен еді.
– Бүгінгі таңда бала тәрбиесі – қоғамды алаңдатып отырған ең өзекті мәселенің бірі, – деп бастады әңгімесін Аягүл Төреқызы. Бұған бір жақты қарауға болмайды. Бұл қоғамның, ата-ананың, мектептің тарапынан кетіп жатқан кемшілік. Үшеуінің басы бірікпей, тұтаспай, ынтымағы жетіспей тұр. Осы үш бағыт бір-бірімен қабысып, бірлесе отырып жұмыс істесе мұндай жағдайға жетпейтін едік.
Сіз айтып отырған небір сұм­дық оқиғалардың түп-төркіні – отбасын­дағы тәрбиеде жатыр. Біздің қоғамда отбасының берекесі қашып, бір кездері сүйіспеншілікпен отау құрған екі жастың шаңырағы шай­қалуда. Тіпті орта жасқа келген азаматтарымыздың отбасының шырқы бұзылып, бүлінуде. Мұндай жағ­дайда дәнекер болып отырған бала екі ортада қалып, ата-ананың берекесіздігінің кесірі, зардабы оның жүйкесіне әсер етеді. Жастайынан ауыр соққы алған баланың жүйкесі бұзылып, өмірде өзін ұстауы, білімге құштарлығы, алға қарай ұмтылысы тежеледі. Мұны біреуі байқаса, екіншісі байқамауы мүмкін.
Тіл табыса алмай, ажырасып, әке-шешесі екі жаққа кеткен баланың киімі бүтін, тамағы тоқ, көйлегі көк болғанымен көңілінде кірбің болады. Қанша жерден мектепке қымбат машинамен әкеліп, жарқыратып жүргенімен, жүректегі жараны ешкім жаза алмайды. Мейлі ол үнемі күліп жүрсе де көз жанарынан бір мұңды байқайсыз. Мұны біз күнде көріп жүрміз. Толық отбасында өскен баланың, мейлі күнкөрісі төмен болса да айтар сөзі де, ойы да бөлек. Мәселен, шығарма жазу, сурет салу, т.б. жағдайларда толыққанды емес отбасының баласы «мен не деп айтамын, менің әкем жоқ қой, мұны қалай жеткізсем екен» деп төменшіктеп тұрады. Бұл жүрегіне ауырлық түсіріп, жүйкесінің жұқаруына әкеп соғады. Мұны түсінетін үлкендер жоқтың қасы. Бәрі тағдыр ғой деп қарағанымызбен, қазіргі жұбайлар бір-біріне кешіріммен қарауды қойды. Өзімшілдік белең алды. «Сен болмасаң да баламды асырай аламын, сен болмасаң да күнімді көре аламын» деген жас келіншектердің қатары көбейді.  «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» дейді М.Әуезов. Бесік дегеніміз, менің ойымша, ол – ана. Нәрестені бесікке салатын да, тербететін де – ана. Сондықтан қыз тәрбиесі ерекше болуы керек.
Отбасының жылуы да, мерейі де, берекесін ен­гізетін де, барды шалқытып көрсететін, жоқ­ты білдірмейтін де әйел екенін түсінген абзал.
Еркек – түзде, әйел – үйде. Қазір бизнестің әртүрлісі бар. Шаңырағын шайқалтпай, бала тәрбиесінен қалмай, мектепке жүз келіп, мұғаліммен сөйлесіп, мектеппен байланысын үзбейтін әйел-аналар бар. Бұлардың алдында бас иеміз. Баланы мейірімге бөлеп өсірсек, басынан сипап, арқасынан қағып отырсақ ол бала тәрбиелі болады деп ойлаймын.
– Көп жағдайда балаға сенімсіздікпен қарап жатамыз. Ата-ана мен баланың арасында байланыс жоқ. Баланың ойындағысын білмек түгілі, оған қарайтын уақыты да жоқ. «Жұмыстан қол тимейді» деген сылтау бар…
– Қазір бізге ең керегі – баланың жанын түсіну, қуанышымен бөлісу. Бала мен ата-ана арасында ашық пікірталас қалыптастыру. Менің бір таңғалатыным – баласы анасына немесе әкесіне сырын айтпайды. Бұл дұрыс емес. Жұмысбастылық дегеніміз тек қана сылтау. Баласының болашағына алаңдаған ата-ана қай кезде болса да уақыт табады. Баламен сырласып, ішкі сырын ашық айтуына мүмкіндік тудыратын амал табу керек.  Өмірдегі ең жақын адамы ата-анасы, ал ұстаз – екінші ата-ана. Қиын жағдайда туғанда көмек қолын созатын да – ата-ана. Ұстаз ешуақытта ата-ананы алмастыра алмайды. Кез келген мәселені үйде анасына, мектепте ұстазына айтса қазіргі болып жатқан кемшіліктер, суицидтер болмас еді. Суицидтің тым көбейіп кетуі – бала жүйкесінің жұқарғанына мән бермеуден туындап отыр. Мұны уақытында байқап, алдын алып, қолұшымызды берсек, ол бала аман қалар еді. Біз, ата-ана да, ұстаз да осы үдеден шыға алмай келеміз, дер кезінде айтарымызды айтып жеткізе алмай жатырмыз. Сөзімізді біреуі ұқса, екіншісі теріс түсініп, сан-саққа жүгіртетін жайт тағы бар. Қалай болғанда бұл мәселені қоғам болып ойластыруымыз керек.
Қазір мектеп табалдырығын енді ғана аттаған 1-сыныптың оқушыларының ішінде қатыгездікке бейім тұратындарын көргенде таңғаласың. Ондай балалар бір нәрсе көңілінен шықпай қалса, байқаусызда иығына біреу тиіп кетсе, ашуланып, жұлқыса кетеді. Мұны ата-ана да, мұғалім да көріп отыр. Оны енді мектеп үйретіп отырған жоқ қой. Негізі тәрбие отбасынан қалыптасады. Еркіндікте өсіремін деп, баланың шектен шығып кеткенін білмей қалатын ата-ана көп. «Бәленбей деген елде балаға ескерту айтпайды, баланы тыңдау керек» деп жатады. Біз ол жаққа барып келген жоқпыз, ескерту айтпаса, бәлкім ол жақта басқа жүйе жұмыс істейтін шығар. Қазір құйтақандай баланың өзі құқығын жақсы біледі. «Сенің бүйтуге құқың жоқ» деп жатады. Өз ата-анасына солай айтқан бала, басқаға не айтпайды. Құқығын қорғаған дұрыс шығар, дегенмен, баланы орнымен еркінсіткен жөн.
Балаға сеніммен қарай отырып, әр қадамын қадағалау қажет. Шалыс баспас үшін бақылауды күшейткеніміз абзал. Ұлға да, қызға да, шалқып отырған отбасының, тапқанын бас-аяғына жеткізе алмай отырған отбасының баласына да тәртіп керек. Тәрбие мықты болмаған жерде, келеңсіздік те орын алады. Біздің өзімізге тән менталитетіміз, әр ұлттың өзіне тән қасиеті мен әдеп-ғұрпы бар. Қазақ халқы өзінің әдет-ғұрпынан, қасиетінен ешқашан жамандық көрген жоқ. Жеті атадан қыз алмау керек дегеннің пайдасын көрмесек, зиянын көрген жоқпыз. Арын-намысын жоғары ұстап, әдепсіздікке жол бермеген халықпыз. Ал қазір ше? Ақпарат ағынында, тіпті теледидарды қосып қалсаңыз небір сұмдық дүниелерді көрсетіп жатады. Мұндай бейбастыққа жол бермеуіміз керек. Менменсінген көкіректің өзі түбінде өзіне соққы болып тиетінін, жақсылық әпермейтінін түсіндіруіміз қажет. Өзіміздің жап-жақсы көп сериалды киноларымыз шығып жатыр, соны көрсеткен дұрыс. Өмірден шынайы алынған дүние болғандықтан оның тәрбиелік мәні, әсері бар.
– Қыздар тәрбиесін де уысымыздан шығарып алдық. Қылықты қыздарымыз есіктен сығалап, бетіңе бедірейіп қарайтындар төрге озды. Қай жерден ұтылдық?
– Біз де қыз болғанбыз. Анамыз бізге «ананы өйтпе, мынаны бүйтпе, көшеде тұрма, дауысыңды шығарып күлме, жан-жағыңдағы елге ерсі көрінеді, ұят болады» деп айтып отыратын. Біздің кезімізде жігіттер ұнатқан қызына деген сезімін әрең жеткізетін. Көрдіңіз бе, сүйіспеншіліктің, махаббаттың өзі ұяңдық пен сыйластықтан тұрады ғой.
Ал қазір қыздарға ананы, ұлдарға мынаны үйрету керек деп жар салып жатамыз. Менің ойымша, оны сен үйретпесең де өмір өзі үйретеді. Табиғат солай жаратқан. Ана кішкентай балалар неше түрліні біледі, ал оның терең мәнін, мағынасын білмейді.
– Ата-ана мен мектептің қарым-қатынасы туралы не айтар едіңіз?
– Баланың келешегін, болашағын ойлайтын ата-ана мектеппен тығыз қарым-қатынаста болады. Мектепке әкеп тастап, мүлдем мұғалімнің алдын көргісі келмейтін ата-аналар да болады. Ата-ана баласының сыныбын, жолдастарын көріп-біліп, олардың жеткен жетістіктеріне қуанып, жіберген кемшіліктерін дер кезінде талқылап отыруы керек. Сонда ғана сыныптағы оқушылар бір-бірімен тату болып, бір үйдің баласындай болып өседі. Ал ауылдың баласының орны бөлек. Олар еңбекпен әбден  шыныққан. Сөздің қадірін, нәрін түсінетін болып ержетеді. Айтып жатқан сөзіңізді тереңнен түсініп, өзіне керегін сүзіп алады. Біздің қаланың балалары еңбек дегенге жоқ, бұлардың қимылы жоқ. Орыстілділігі басым, әдеби сөздерді жете түсіне бермейді.
– Қазір ҰБТ-дан жүрексініп, мектепті аяқтамай, колледжге түсетіндердің саны көбейді. Тіпті кей ауылдағы мектептерде биыл 11-сыныпты бітірген түлек те болмапты.
– Бұл да қоғамның жарасының бір бөлігі. Бұл жерде таяқтың екі ұшы бар. Колледжге түсіп, мамандық алған да жаман емес. Қазір министрліктің шығарған заңы бар, 10-сыныпқа емтихан тапсырып өткізіп, бағдар бойынша оқыту керек. Біз, өкінішке қарай, көп жағдайда баладан үміт күтіп, сабағымды түзеймін деген соң аяп, қимай қаламыз. Сол жақсылығымыз балаға зиянын тигізетін сәт те болады. 9 жыл бойы тестте тапсыратын пәндерін алып кете алмай жатқан бала, 10-11 сыныпта қажетті балын мүлдем ала алмайды.  Баланың бәрі 4-5-ке оқымайды, бәрі бірдей озат оқушы болмайды, ол баланың қабілетіне байланысты. 3-тің өзін қолпаштап әрең қоясың. ҰБТ кезінде тиісті балын жинай алмаған кездегі баланың көз жасын,  ата-ананың сан соққанын көргенде өзіңді кінәлі сезінесің. Сол жылы ала алмаған балды, келесі жылы алады деу неғайбыл. Осылайша бір жыл уақыты босқа өтеді, одан да ата-ана баламен ақылдасып, оның шама-шарқын біліп колледжге жол сілтегені абзал. Қандай да болсын мамандық иесі атанып, оқуын жалғастыруына, өндірісте еңбектенуіне мүмкіндігі бар.
– Бүгінгі күні мұғалімнің беделі төмендеп кетті. Сабағы өз алдына, оқушы алдында кібіртіктеп, сөзін өткізе алмайтын ұстаздар аракідік болса да кездесіп жатады. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
– Ең бірінші кезекте мұғалімнің беделі – өзінің қолында. Беделді ешкім сатып алмайды. Ұстаз баланың жүрегінен орын алатын тұлға болуы керек. Өзінің жүріс-тұрысы, киім киісі, сөйлеу мәнері, оқушымен арадағы қарым-қатынасы, бәрі-бәрі бала көңілінен шығуы тиіс. Бала үшін шынымен жүрегі ауырса, ондай мұғалімді оқушы да біледі, жақсы көреді, сыйлайды. Оқушы – айна. Айнадан өзіңді көресің.
Ал жалпы қоғамдағы мұғалімнің беделі – ол енді қоғамның қолында. Мұғалімнің жалақысының төмендігі, әлеуметтік жағдайының жоқтығы білікті маманның мектепте қызмет етуіне кедергісін келтіреді. Дегенмен, ұстаз – әрқашанда ұстаз болып қалуы керек. Елінің ертеңгі қаһармандары ұл-қыздарды тәрбиелеу біздің басты мақсатымыз.
– Әңгімеңізге рахмет!

Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

19 Пікір

  1. Алтынай

    Бала психологиясын түсінгісі келмейтін, ылғи тек айқаймен, қорқытумен оқытатын мұғалімді де біліп, көріп жүрмін. Қызымның жаңадан ауысқан мұғалімін айтып отырмын. 3-сынып оқушыларын үркітіп, түк білмейтін миғұла деп те айтады ол кісі. Сондықтан барлық жауапкершілікті ата-анаға жүктеп қоймай, мұғалімдер тәрбиені өздерінен бастаса.

  2. Жания

    Мұғалімдер өз беделін өздері төмендетіп алды. Білімді, мейірімді ұстазды ата-ана да, оқушылар да пір тұтып, сыйлап тұрады. Мұғалім – екінші анам деп, біз бұрын айтатын едік. Қазір олай емес. Мұғалімдерде мейірім аз. Бұл мамандықты таңдап алған адам ең алдымен балаларды жақсы көруге тиіс. Ал қазіргі мұғалімдер балаға сабақ оқытып, білім беріп жатқанын міндет қылады.

  3. Айсамал

    Мұғаліммен сөйлесіп, кездескің келеді-ақ. Алайда қазіргі мектептерге кірудің өзі оңай болмай кетті. Мектеп алынбас қамалдай. Күзетшілер, вахта, тазалық қызметкерллері мектеп табалдырығын аттап, басқызбайды. Тек ата-аналар жиналысында ғана еркін кіресің, әйтеуір.

  4. Сәуле

    Ұстазды жамандаған дұрыс емес. Анасы ұстазды жамандаса баласында да жеккөрушілік пайда болады. Жеке барып сөйлесіңіз, мектеп директорына барыңыз, барлық ұстаз бірдей емес. Комментарий жазғанда да осыны оайланған жөн сияқты, қарап отырсам бәрі бір жақты кетіпті.

  5. Рауан

    Жоғарыда жазылған пікірлермен келісемін. Қазір біздің кезіміздегідей шын, адал ұстаздар аз. Бірақ барлық ұстаздарға кір жағудан аулақпын. Бұл өз ойым.

  6. Олжас

    Жанияның пікірі орынды. Ұстаз бала жанын түсінуге тиіс, баланың қабілетіне қарай оқытуға міндетті.

  7. Алма

    Иә, расында да, бұрынғы ұстаз бен қазіргі ұстазды салыстыруға болмайды.

  8. Ермек

    Мұғалім беделі төмендеп кеткені рас.

  9. Сафина

    Ұстаздық мамандығы өте қиын әрі күрделі. Мұғалім жұмысы жауапкершілік пен шыдамдылықты талап етеді. Әр үйдің отыз еркесіне ие болу оңай емес. Сондықтан ұстаздар қауымына түсіністікпен қарайық.

  10. Шыңғыс

    Ұстаз – екінші анамыз. Анамызды қалай құрметтесек, ұстазымызды да солай ардақтайық.

  11. Айнаш

    Өзекті тақырыпты қозғаған өзекті мақала.

  12. Мәриям

    Шындығында ұстаздар қауымының беделін түсіретін де, көтеретін де ата аналар. Олар жамандаса, ұстаз беделі түседі, мақтаса, олар да мерейлене түседі. Қазір отыз бала тұрмақ, әр отбасы өзінің екі-үш баласына жақсы тәрбие бере алмайтын болды.

  13. Гүлжамал

    Ұстаздар қауымына қолдау қажет.

  14. Эльмира

    Аягүл Төреқызы талай білімді оқушыларды өзі басқаратын білім шаңырағынан түлетіп ұшырды. Қазір Аягүл апайдың шәкірттері өз ісінің майталмандары, еліне түрлі салаларда қызмет етуде. Шәкірттеріңіздің алғысына бөленіп, еңбегіңіздің жемісін көріңіз дегім келеді.

  15. Зейнеш

    Нағыз ұстаз болса, осы Аягүл апайымыздай-ақ болсын.

  16. Рая

    Ұстазды танытатын шәкірті. Сондықтан шәкірттеріңіз атыңызды биіктен көрсете берсін.

  17. Ерназар

    Бала жанын түсіну керек дейміз. Ұстаз жанын да түсіну керек.

  18. Ернар

    Қазір бәрі ақша алады, директорына сыйлық жасайды, общым бөлініске түскен заман ай

  19. Айсауле

    Бәрі дұрыс. Мен ата-ана да, ұстаздамын. Меніңше ата-ана мен ұстаз арасындағы қарым-қатынас нық болу керек. Балалардың бос уақытын қалай өткізетіне ата-ана көбірек көңіл бөлу керек. Баланың мектептен кейінгі бос уақытын ұстазы да қадалап отыру керек. Әрине 30 баланы қадағалау оңай емес, дегенмен түрлі үйірме, секцияларға қатысуларына ықпал етіп, ата-анасымен кеңесіп отырса да болады. Мектептерде тәрбиеге байланысты шаралар көбірек өткізілу керек. Оларды шығармашылыққа, өнерге баулып, мектеп ішінде нсихаттау керек.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.