Күй бүгін Тұяқ болып қалықтайды…

Қазақстан Республикасының халық артисі, дәулескер домбырашы Тұяқберді Шәмеловтің дүниеден өткеніне екі жыл толғалы отыр. Атақты күйші Мәмен мазарын ашуға келе жатқан сапарында бақи өмірге аттанып, ұлы бабасының жанынан жамбасы жерге тиді. Осы жылдың
3-қазанында Тұяқбердінің рухына аудан орталығында ас берілмекші. Оған марқұмның отбасы, Құрманғазы атындағы академиялық оркестр мүшелері және көзкөрген замандастары қатысады деп күтілуде. Бұл күн аудан жылнамасына жыл сайын «Тұяқберді Шәмеловті еске алуға арналған Күй күні» болып енгізілмекші.

Атақты Құрман көлдің жағасында,
Жайлаған қалың Беріш арасында.
Қоянның жазы ауғанда бір ұл келді,
Нарынның қасиетті даласында.

Біреулер қайта жанған шырақ-деді,
Біреулер көк балауса құрақ-деді.
Рәш ана деді жайлап, күрсініп ап:
«О, Аллам, шүкіршілік, тұяқ берді».

Жан-жақтан сүйіншілеп жұрты келді,
Шырайлы шаңырақтың құты енді.
Орындап аманатын әкесінің,
Ат қосты деп ақсақал Тұяқберді.

Жас ана бөбегіне күнім дейді,
Сәбиі жөргегінде уілдейді.
Бір сарын анасының әлдиімен,
Тынымсыз құлағына гуілдейді.

Не нәрсе ол, Құрман көлдің иесі ме,
Қонғалы жүрген тауып иесіне.
Әлде ол құм Нарынды кезіп жүрген,
Құрманғазы, Мәменнің киесі ме?

Сәуле ойнап таңсәріде көл бетіне,
Нұр беріп сәбиінің келбетіне.
Рәш ана жүрді сол кез, о, дариға-ай,
Шақ сыйып қуаныштан жер бетіне.

Бабалар жүрген ізді шаң қыла ма,
Нарында күй сарыны жаңғыра ма!
Тілекті берді міне, о, тәңірім,
Қол созды сәби тұрған домбыраға.

Таңғалды жұрт сәбидің талабына,
Өзгеден осы бала дара мына.
Рәш ана сақтай гөр деп тіл мен көзден,–
Жалғыздың жүрді қарап қабағына.

Нарынның ну қарағай даласынан,
Көк айдын-Құрман көлдің жағасынан.
Өнерге шықты ұшып бір өрен ұл,
Бата алып Қали сынды бабасынан.
«Сарыарқа», «Бұлбұл», «Адай», «Көңілашар»,
Көңілдің жабырқаған өңін ашар.
Оркестр, басында оның Тұяқберді,
Кезерген сахараның шөлін басар.

Өнердің жүзіп еркін айдынында,
Басына қонды бақ та, қайғы-мұң да.
Жер басып жүргендердің бірі емес,
Тұяқтың тек бар еді айбынында.

Жылатып, ол бір кезек күлдіретін,
Жүректің қыл пернесін үздіретін.
Қос шекпен дүрілдетіп дүниені,
Танытты домбыраның құдіретін.

Күй – оның қайнар бұлақ, кәусары еді,
Елі де елжіреп тек аңсар еді.
Мың тұяқ дүбірін де табындырған
Апыр-ай, бір Тұяқтың саусағы еді.

Деуші еді Қалекең де мұрагерім,
Қыранның Қаршығадай сыңары едің.
Күй арнап Мәменіңе келе жатып
Сүріндің қапияда Құлагерім.

Кетсе де күйдің бір сәт ұшып бағы,
Қайран ел перзентін ұмытпады.
Кіндіктің қаны тамған Жаңақалаң,
Рухыңды көтеріп тік ұлықтады.

Күй бүгін – Тұяқ болып қалықтайды,
Ән бүгін – Тұяқ болып шарықтайды.
Қалдырған қазынаңды қазағыңа,
Халқың да тыңдаудан еш жалықпайды.

Закария Сисенғали,
 Қазақстан Журналистер
 одағының мүшесі, ақын

Батыс Қазақстан облысы
Жаңақала ауданы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.