Қалам қуаты

Бүгінде жетпіс бес жасқа таянып қалса да елімізге өзінің еңбегін сіңіріп, қоғамға игілікті қызметімен де, қарымды қаламымен де елеулі үлес қосып келе жатқан ағаларымыздың бірі – Бектұр Төлеуғалиұлы.
Бектұр Төлеуғалиұлы 1940 жылы 27-қаңтарда Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданындағы Тұщықұдық ауылында дүниеге келген. Бесіктен белі шықпай жатып сұм соғыстың дәмін татқан ол – балалық шағын соғыс ұрлаған ұрпақтың өкілі. Әкесі соғысқа аттанып, майданда қан кешіп жүріп, 1944 жылдың мамыр айында Варшава маңында қаза тапты, сол жердегі бауырластар зиратына жерленген.
Алапат кезең әке алақанының жылуын сезіндірмей, шеше тәрбиесін ғана дарытқанмен, өмірдегі қиыншылыққа қасқая қарайтын төзімділік пен еңбекқорлық, жақынға жанашырлық пен жалпыға қамқорлық секілді адамшылық қасиеттерге жастайынан үйретті. Тумысынан зерек те елгезек жас еңбекке ысыла жүріп, бірте-бірте қолы жеткен білім баспалдақтарынан өтіп жетіледі.
Маңғыстау ауданының орталығы Шах­та орта мектебінде оқи жүріп, қыс­қа мерзімдік шоферлық курсты қоса тәмамдады. 1957 жылы мектеп бітіргеннен кейін еңбек жолын өзінің туған ауылы Тұщықұдықтағы «Аман­гелді» ұжымдық шаруашылығында жүргізуші­ліктен бастап, кейін механизаторлық жұмысқа ауысады. Атырау қаласындағы ауылшаруашылық техникумының механикаландыру бөлімін және Мәскеудегі Кәсіподақтардың жоғары мектебінің экономика факультетін бітіреді.
Ауыл шаруашылығы жұмыстарында жүріп шыңдалған ол 1962-1978 жылдары Маңғыстау ауда­нының «Октябрьдің 50 жылдығы», Куйбышев, Ералиев атындағы кеңшарларда бас инженер болып қызмет жасап, осы саланың қыр-сырына жетіле түседі.
1978-1980 жылдары Куйбышев атын­дағы кеңшарда партия комитетінің хатшысы, аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі болып, партиялық жұмыстың да ұңғыл-шұңғылын меңгереді. Осындай қызметтерде жүріп, өзінің білікті маман болумен қатар, ұйымдастырушылық жұмыстарында да шеберлік пен табандылық таныта алуының арқасында сол кездегі партия, кеңес орындары басшыларының сеніміне ие болып, оған Маңғыстау секілді табиғаты қатаң өңірдегі ұжымдық шаруашылықты басқару жұмысы тапсырылады.
Сөйтіп, ол 1980-1991 жылдары Маң­ғыстау ауданындағы «Октябрьдің 50 жылдығы» атындағы кеңшар директоры болып қызмет етті. Бұл бір басшы тұрақтамай, кежегесі кейін тартып, шаруасы шатқаяқтаған, облыс басшыларын алаңдататын қиырдағы бір шаруашылық болатын. Бәкеңнің кеңшар директоры болып жұмыс жасаған кезеңі оның замандастары мен кейінгі ізін басқан інілерінің естеліктерінде аңызға бергісіз әңгімелермен әдіптеліп айтылады. Бұл лауазымда да ол өзін іскер басшы, шаруаның білікті ұйымдастырушысы ретінде бірден таныла білді. Шаруашылықты аяғына тік қойып, тасын өрге домалатумен қатар, мәдениетін де көтеріп, бірнеше жылдың ішінде аудан ғана емес, облыстағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың қатарына шықты.
Бекең кеңшарға директор болып тағайындалған төрт-бес жылдан соң Қазақстан бойынша озат тәжірибесімен танылған үш совхоз директорының бірі ретінде іс тәжірибесі «Дербестік және жауапкершілік» деген тақырыпта 1988 жылы «Қайнар» баспасынан 20 мың таралыммен кітап болып шығарылып, бүкіл республика көлеміне таратылды. Мұның өзі Бәкеңнің басшылық қызметінде қол жеткізген жетістіктерінің бүкіл республика бойынша мойындалып, бүкіл еліміздің кәдесіне жарар жаңалық есебінде қабылданғанын көрсеткені сөзсіз. Мұны әлі күнге дейін замандастары мақтанышпен еске алады.
1991-2004 жылдары ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің Маңғыстау облыстық кәсіподағы комитетінің төрағасы болып қызмет еткен Бектұр ағамыз өзінің еңбекшілер мүддесін қорғау мен өтпелі кезең қиындықтарынан шығу жолындағы қолдан келген көмегін аяп қалған жоқ. Еліміз егемендікке жетіп, халқымыздың қуанышында шек болмағанмен, күйреген кеңестік жүйеден мұра боп қалған қиын­шылықтар шаш етектен болғаны мәлім. Ел ішін таршылық пен жетімсіздік жайлаған кезеңде өмірден көргені мен түйгені мол, шаруашылық пен елдің жайын бір кісідей білетін Бәкең секілді жанның кәсіподақ басшылығына келуінің өзі іздегенге сұра­ғандай еді.
Өтпелі кезеңдегі ел басына түскен ауыртпалықты жеңілдету жолын іздестіру, жекешелендіру кезіндегі үлестен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің құр қалмау жайын күйттеу, шопан-бақташылар бала­ларының жазғы демалысы мен сауықтыру шараларын ұйымдастыру, титықтаған ауылға өңірдегі ірі мұнай-газ мекемелері басшыларының назарын аудару секілді сан салалы шаруаларды үйлестіруде кәсіподақ жетекшісі ретінде Бәкең аянып қалмады. Мұның бәрі айтуға ғана оңай. Қағаз жазып, хат жолдаумен іс бітпейді, аяқтай барып, әрбір есікті қағып, араға адам салып деген секілді түрлі жолдарды қарастыруға тура келеді. Мұндай істерде Бәкеңнің ел ішіндегі беделі мен іскерлік қабілеті көп септігін тигізгені анық.
Ол облыстық, республикалық түрлі жиындарда сөйлеп, елдің жағдайын айтып, тығырықтан шығу жолының өз нұсқасын ұсынып отырды. Осындай жағдайдың бірі ретінде замандастары мына бір оқиғаны әлі күнге дейін айтып, Бәкеңнің елжандылығын үлгі қылып отырады.
Өткен ғасырдың 90-жылда­рының басында жекешелендіру науқанының басталғаны мәлім. Бұрын орын алмаған жағдай болғасын елдің жекешелендіру ту­ралы түсінігі де әртүрлі болды, әр жерде бұра тарту, 70 жыл бойы жинаған ел қазынасынан қарпып қалу, қақшып қалу ниетінің болмай қалмағаны да мәлім. Осы жекешелендіруге байланысты 1993 жылдың басында Қазақстан кәсіподақтарының Құрылтайы шақырылады. Құрылтайға об­лыс­тан қатынасатын делегаттардың ішін­де Бекең де болады. Осы Құрылтайдың қарсаңында Елбасы делегаттармен кездесіп, қазіргі жағдайдың қиындықтарын, мұндай уақытша қиыншылықтарға төзімділікпен қараудың, ауызбіршіліктің қажет екенін, көп ұзамай жағдайдың жақсаратынын айтып, тыңдаушылардың сұрақтарына жауап береді де, делегаттардың ойларын білгісі келетінін айтады.
Сол кезде Бәкең орнынан тұрып, Маң­ғыстау облысы агроөнеркәсіптік кешені кәсіподақ комитетінің төрағасымын деп өзін таныстырады да, казіргі жүргізіліп жат­қан жекешелендіруге байланысты кейбір түсінбестік жағдайлар туралы сұрайды. Оның бірі – кеңшарда бұрын ұзақ жылдар бойы мал бағып, баласы өндіріске опера­тор, жөндеуші немесе жүргізуші болып жұмыс жасап жүргендіктен, кеңшардың же­рінен көшіп, өндірісте жақындап кел­ген­деріне бір жыл да болмаған шопан-бақташыларға пайлары олардың кеңшардан кетіп қалғандығы себепті есептелініп бе­рілмейтіні, ал кеңшарға малшы немесе зоотехник болып кіргендеріне бір жыл да толмаған адамдарға үлестерін есептеп беріп жатқандықтан, оған малшы-бақташылар наразылық білдіріп отырғаны болса, екін­шісі – кеңшардың орталығындағы үйлер иелеріне жекешелендіріліп берілгенде, малшылардың үйлері қораның басында болғандықтан, оларға үйлерін ведомстволық үйлер деп бермей отырғанын, сондай-ақ мектеп жанындағы интернаттар жабылып жатқандықтан, бұрын интернатта жатып оқитын малшы балаларының бұдан ары оқуы қиын болып тұрғандығы еді. Бұл жайларды естіген Елбасы мұндай жағдайлардың орын алуына ренішін білдіріп, тиісті адам­дарға жағдайды шұғыл түзетуге тапсырма береді.
Ертесіне Елбасы Б.Төлеуғалиұлын жеке қабылдап, әңгімелеседі, елдің жағдайын сұрайды. Сол жолы Бәкең Президенттің өте қарапайымдылығы мен елжандылығына, елдегі жағдайларды түгелдей біліп отырған сұңғылалығына тәнті болып, оның көре­ген­дігі мен ақылдылығының, үлкен парасат­тылығының арқасында елі үшін көп пайда келтіретін Тұлға екендігіне нық сенім артып, оның еліме құйттай болса да пайдамның тигеніне қуанамын дегенін күні бүгінге дейін айтып келеді.
Бәкең 2004 жылдан бастап осы кезге дейін «Мұнайтелеком» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде аудармашы және республикалық «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Маңғыстау облысындағы өкілі болып қызмет жасайды, сонымен қатар Ақтау қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы қызметін қоғамдық негізде атқарып келеді.
Ақтау қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы ретінде Б.Төлеуғалиұлы облыс орталығы мен облыстағы мемлекеттік тілі­­міздің қолдану аясын кеңейту, мәрте­бесін өсіру бағытында көптеген жұмыс­тар атқаруда. Жыл сайын ақындар мүшәй­расы мен жыршы-термешілер, О.Бөкей атындағы көркемсөз оқушылар байқауын ұйымдастырумен қатар, 2005 жылдан бері Қазақстанның халық жазушысы Ә.Кекілбаев еңбектерінен шығарма жазушылардың байқауын өткізіп тұруды жолға қойды. Сол секілді, соңғы бес жылдан бері қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы жөнінде ғылыми-танымдық жұмыстардың байқауын өткізіп тұру дәстүрге айналып отыр. Жастарға патриоттық тәрбие беру мен елжандылыққа тәрбиелеу мақсатында ел мақтаны, дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлы мен халық батыры Шотан Назарұлының ерлік істері мен үлгі-өнегесі туралы шығарма жазудан тұрақты түрде жарыстар ұйымдастырылып келеді. Қалалық «Қазақ тілі» қоғамы облыс пен қала көлемінде көптеген игі шараларға мұрындық болып, нәтижесінде қаламыздағы мемлекеттік тілдің мәртебесі өсіп, қолданыс аясы кеңи түскенін айту лазым.
Бәкең республикалық «Қазақ тілі» қоғамының соңғы үш Құрылтайына делегат боп қатысып, туған тіліміздің тағдыры мен мәртебесі орайындағы өз ұсыныстарын ұдайы айтып, оларын жоғары орындарға жеткізіп отырады. Ол бүгінде елін сүйген азамат әрі туған тілдің жанашыры ретінде мемлекеттік тіліміздің болашағы жолында аянбай еңбектенуде. Тіл майданындағы ағамыздың жемісті еңбегінің бір бағасы – 2013 жылдың қорытындысымен Ақтау қалалық «Қазақ тілі» қоғамының қызметін жоғары деңгейге көтергені үшін «Тіл жанашыры» белгісімен марапатталуы дер едік.
Асылы, тіл мен әдебиет – Бәкеңе етене жақын. Оқыған әдеби шығармалар мен гуманитарлық саладағы елеулі еңбектерге ауызша да, жазбаша да үнемі пікір айтып жүретіні әуелден бар. Сонау Мәскеуде оқып жүрген кезінде О.Сүлейменовтің «Аз и Я» кітабын қалай қолға түсіріп оқып, әсерленіп қабылдағаны туралы көсіліп бір әңгімелегені есімізде. Олжас демекші, ойшыл ақынның өткен ғасырдың соңына таман Римде басылып шыққан әйгілі «Таңбалар тілі» кітабы туралы «Жұлдыз» журналының бетінде көлемді мақала жазып, білгірлікпен талдау жасап, байыпты пікір айтқаны оқырман қауымның есінде болар.
Бәкеңнің соңғы жиырма жылда кеңінен танылып, қазақ оқырмандарының құрметіне бөлеген жаңа бір қыры – оның қаламгерлігі. Ол – Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі. Жас кезінен әдебиетке құмартып, көпшілік үшін болмаса да, өзінің жан құштарлығы үшін көңіл күйінің әсерімен оқта-текте өлең жазып, облыстық, республикалық баспасөз беттеріне ел өміріндегі жаңалықтар мен қоғамның толғағы жеткен мәселелері туралы мақалалар жариялап жүргені болмаса, қаламгерлік іске біржола ден қоймаған. Оған уақыт та болмады, шаруашылықтың бастан асып жататын қым-қуат тірлігі мүм­кіндік те бермеді. Алайда бойдағы сөз өнері мен халық тарихына деген құш­тар­лығы бәрібір жанына тыныштық таптырмады. Тынымсыз шаруашылық жұмыстарынан қолы сәл босап, кәсіподақ жұмысына келгеннен кейін ол біржола жазушылық жолға ден қойды.
Қаламгерлікке келуі аяқ астынан оянған арман немесе қарап жүргенше кітап жазып, атымды шығарайын деген пендешілік қадам емес еді. Жазушылық деген де – талантқа тағат бермей, қолына қалам алдырмай қоймайтын бір сиқыр сынды құбылыс қой. Қазіргі кезде кітап жазғыштар көбейіп кеткенмен, олардың ішінен жасығынан асылын аршып алу – оқырманның еншісінде. Сөз өнерін қадірлеп, қалам қасиетін түсі­нетін көзі қарақты әрбір жан кімнің кім екенін жақсы таниды.
Бәкең – кәсіби жазушы болмаса да, қаламгерлікке үлкен дайындықпен келген адам. Құнарлы топырақта дүниеге келіп, жас кезінен асыл сөздің байыбына бойлап, ел ішіндегі ескі шежіре мен есті сөздерді құлағына құйып өскен ол жылдар өткен сайын адамзаттың танымы мен парасатына сөз өнерінің тигізер әсерін терең пайымдап, халқының өткені мен бүгінін жалғастырып, келешегіне көпір салып жататын алтын тін оның тарихына деген құрметі екеніне айқын көз жеткізеді. Сондықтан халықтың ауызша тарихы мен шежіресінің ізімен әлі көпшілікке таныла қоймаған жазбаша тарихи деректерді сабақтастыра отырып, тарихтың ақтаңдақ беттерін ашып, оны деректі-көркем, эстетикалық тұрғыда елге танытуды мақсұт тұтты. Сөйтіп, оның қаламынан соңғы он­шақты жыл ішінде «Балдағы алтын ақ болат», «Бас сардар» және «Адай тарихы сыр шертеді» атты кітаптар дүниеге келді.
Жазушы шығармашылығының негізгі арқауы – тарих, халық тарихындағы ақтаң­дақ тұстар, ел жадында мәңгі сақталғанмен, ресми тарихтан лайықты орнын ала қой­маған елеулі тұлғалардың ерлік істері. Әдебиетіміздегі І.Есенберлин, С.Сматаев, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, Ә.Әлімжанов, Қ.Жұмаділов, т.б. суреткерлермен жалғасып келе жатқан игі дәстүрге өзіндік үлес қосуға ниеттенген қалам иесі халық жадындағы шежірелі әңгімелерді қаперде ұстаумен қатар, тарих көшінде хатталып қалған тарихи еңбектерді де негізге алып, айқын таяныш етіп отырады. Жазушы нені жазса да, құрғақ қиялдың жетегінде кетпей, тарихи нақты деректерге сүйенеді, тарихтың ұрымтал тұстарын бейнелеуде тарихи шындық пен елдік мүддені сабақтастырып, айқын суреткерлік концепция ұстанады.
Бәкеңнің әуелгі көлемді еңбегі – дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлының өміріне арналған «Балдағы алтын ақ болат» хикаяты. Шығармада автор Махамбет туралы белгілі деректерді қайталаудан, таптаурын сүрлеуге түсіп кетуден бойын аулақ салып, күрескер ақынның өсу жолын бейнелеуде өзіндік машық таба білген. Шығарма желісіне ел аузындағы деректер мен естелік әңгімелерді сәтті кірістіріп, штрих-детальдарды орынды пайдаланған. Мұның өзі күрескер ақынның өсу эволюциясын көрсетуде оқиғалар орамына орынды орайласып, шығармаға шынайылық дарытып отырады. Махамбетті ауыл ішіндегі түйенің құмалағын найзамен шаншып алу сынағынан өткізуден бастап, хан алдында тайсалмай сөйлейтін турашылдығына дейінгі кезең-кезеңдер оның ел үшін бүкіл ғұмырын сарп етіп, қысқа ғұмырының қисынды мәнін күрескерліктен тапқан қайран ақынның отты өлеңдерімен сабақтасып жатады. Шығарманың түйіні де осындай қисынды ойдың тарабына меңзейді.
Қазақ тарихындағы XVIII ғасыр­дың 20-жылдарынан басталатын жоңғар басқыншылығына қарсы күрес пен оның қаһармандары туралы тарихшыларымыз бен жазушыларымыз біраз еңбектер жариялағанымен, оның ашылмай жатқан тұстары да жетерлік. Ел тәуелсіздігіне қатер төнген осы бір кезең, шын мәнінде, халық тағдыр-талайының қыл үстінде тұрған, елдігі мен ерлік дәстүрін сын тезіне салған Отан тарихындағы даңқты беттерді шежіреледі. 1723 жылдан бастап жоңғар-қазақ, қазақ-жоңғар соғыстарында бастан-аяқ қатынасқан даңқты батырларымыз Қабанбай, Бөгенбай, Малайсары, Наурызбай, Бөкенбай, Жәнібек, Шақ­шақ Жәнібек, Есет, Ханкелді, Райымбек, Саңырық, Өтеген, Олжабай секілді көп­теген батырларымыздың ерлік істері қазақ жазушыларының еңбектері арқылы әдебиетте бейнеленіп, ұлттық санамыздан берік орын алған ұлы тұлғалар ретінде ұлықталып келе жатқанына біршама жылдар болды. Солармен бір қатарда жоңғарға қарсы жан аямай күрескен, Кіші жүз қолын басқарып, ерен ерліктің үлгісін көрсеткен Шотан Назарұлының ерлік істері еш жерде жарық көрген жоқ еді. Тек ел есіндегі аңыз-әңгімелер мен қисса-дастандарда ғана дәріптелетіні болмаса, тарихшылардың назарынан тыс қалып, тарихымыздан өз орнын ала алмай келген осы тұлғаның есімі тек Б.Төлеуғалиұлының 2005 жылғы «Бас сардар» атты тарихи-деректі хикая­тында тұңғыш рет жарыққа шығып, оқырмандармен қауышты.
Шотан Назарұлы – жоңғарлармен соғыста Әбілқайыр ханның бас сардары болып қол бастаған, небір жанкешті ұрыстарға қатысқан, ақыл-айласының арқасында тығырықтан жол тауып, хан қосынын қыспақтан шығарып отырған, Бұланты, Аңырақай шайқастарында ерен ерлік көрсеткен атақты батыр. Күні кешеге дейін ресми тарихта мойындалып, бағасын алмай келген осы тұлға Бәкеңнің тынымсыз ізденісінің арқасында қазақ халқына мәлім болды. Автор оны Мәскеудегі Сыртқы істер министрлігі жанындағы мұрағатта ұзақ уақыт көз майын тауысып, нақты деректер табу арқылы жарыққа шығарды.
Шығармада автор Шотанның бейнесін ашу үшін оны әрдайым іс-әрекет үстінде, замандас һәм майдандас жолдастарымен қоян-қолтық байланыста көрсетіп, сөз бен істің бірлігі тұрғысынан нанымды бейне­лейді. Кітаптағы Бектеміс ахунның Әйтеке биді емдеуі, адайлардың Әбілхайыр ханның құнын Барақ сұлтаннан қалай қайтарғаны өте тартымды суреттелген. Шотанның да­лалық ұрыс техникасын мең­­геру жолда­ры, ұрыс суреттері де шы­найылығымен көрінеді.
Б.Төлеуғалиұлы шығармашылығының шыңы – оның 2007 жылы «Өлке» баспасынан жарық көрген «Адай тарихы сыр шертеді» атты роман-эссесі. Шығарма қа­зақтың адай руының түп атасы Адай батырдың өмір жолы мен ерлік істерін нақты құжаттарға сүйене отырып тарихы шындық тұрғысынан баяндап, тарихи әділеттілік орнықтыруға бағдар жасауы­мен құнды. Романда қазақтың аңыз-шежірелері мен ғылыми еңбектердегі деректерді жинақ­тап, әсіресе иран саяхатшысы Әл-Ибн Бахуридың 1814 жылы жазған «Алғашқы қазақтардың бірігуі», сондай-ақ тарихшы Әкрам Мұхитбердінің «Қазақ құрамасы» атты 1797 жылы жазылған еңбегін негізге алып, Адай бабамыздың Қазақ елінің ірге­тасын қаласуда атқарған еңбегін бейнелейді. Қазақ хандығының құрылу үдерісіндегі іргелі оқиғалар аясында Алшын тайпасынан шыққан күллі қазаққа мәшһүр жаужүрек батыр Адай мен оның балалары Келімберді мен Құдайке, олардан тарайтын Қосай мен Тәзіке туралы әсерлі баяндалады.
Әр адамның өз тегін білуге талпынуы – табиғи нәрсе, ал жеті жасар баласына дейін жеті атасын жатқа айтып, кез келген қазақтың тұқым-тұяғын індете келіп, төрт құбыласын түгендеп беретін біздің халық үшін әр рудың, тайпаның тарихтағы орнын түгендеп, нақтылай түсу – рухани қажеттілік. Ол – ата-баба аруағы алдындағы парыз, ұрпақ алдындағы міндет. Бұл ұлтымызды ұйыстырып, халқымыздың бірлігін, ынтымағын арттыра түсетін маңызды тұтастандырушы фактор екені сөзсіз. Ерлігі мен өрлігі, қайсарлығы мен өжеттігі аңыз болып келген адай руы хақында аңызға бергісіз әңгімелер қаншама көп болғанмен, шығу тегі нақтыланудың орнына әркім әр түрлі жорып, алыпқашпа әңгімеге айналып кете беретіні жасырын емес еді. Кешегі кеңестік кезеңдегі осы елге деген сенімсіздік пен селқостықтың әсері бұл тақырыптың аяғын тұсаулай берген болатын. Тәуелсіздіктің шарапаты берген мүмкіндікті пайдаланып, Бәкеңнің мұрағаттардағы тарихи деректерді негізге ала отырып, осы олқылықтың орнын толтыруға деген талпынысын ерлікке барабар еңбек деуге болады.
Бекеңнің шығармалары жұртшылық арасында жылы қабылданып, зор қызығу­шылық туғызды, ол туралы баспасөз бет­те­рінде әдебиетші, тарихшы ғалымдар мен журналист, қаламгерлердің көптеген мақалалары жарияланды. Олардың ішін­де ғалымдар Ғ.Бексейітов, Ө.Мұқай, А.Айтқұлов, Д.Байғұнақов, қаламгерлер Т.Сәукетай, А.Мекебай, С.Хасан, Ә.Спан, А.Өтегенов, т.б. бар. Оқырмандар арасында бұл еңбектер жоғары бағаланып, мемлекеттік марапатқа ұсыну туралы да ұсыныстар айтылды. Енді солардың кейбір ой-тұжырымдарына кезек берелік.
Көрнекті жазушы Адам Мекебаев: «Турасын айтқанда, «Адай тарихы сыр шертеді» кітабы кейбір стильдік, композициялық, жанрлық кем-кетігіне қарамастан құнды шығарма. Оның құндылығы, көкпарға түсіп келген тарихымыздағы шындықты айтып, қазақ мемлекетінің негізін қалаушылардың бірегейі Адай бабамыздың ғасыр қойнауына көмескі тартқан тұлға екенін дәлелдеп шығуында. Бұл сөз жоқ, «Адай тарихы сыр шертеді» роман-эссесінің авторы Бектұр Төлеуғалиұлының ғана табысы емес, болашақ тарихшылар есте тұтатын, тұтастай Қазақстан тарихын түгендеуді мақсат еткен білікті қауымның да үлкен олжасы», – дейді (Мекебаев А. Шындықты жазған шығарма // Қазақ әдебиеті, №41, 2008 ж.).
Тарих ғылымдарының докторы Өмірзақ Мұқай: «Жазушы Бектұр Төлеуғалиұлының 2007 жылы «Өлке» баспасынан жарық көрген «Адай тарихы сыр шертеді» роман-эссесі жазушы шығармашылығының шыңы дер едік. Онда жазушыға тән шығармашылық үрдіс бар. Роман-эссенің құнды жақтарының бірі, ондағы тарихи ақиқаттар бүгінгі өзіміз көріп отырған шындықтармен де жалғасын тауып жатады. Жазушы Адай батыр туралы роман-эссесімен қоса, халқына еңбегі сіңген Махамбет Өтемісұлы мен Шотан Назарұлының нақты бейнелерін ашып бер­ген шеберлігімен әйгілі (Мұқай Ө. Тамы­рын тартқан тереңнен // «Жұлдыз» журналы, №5, 2008 ж.).
Тарих ғылымдарының докторы Ға­лым­жан Бексейітов: «Кітапты оқыған қауым адай тарихына қатысты ғана емес, қазақ тарихына, тіпті көрші елдер тарихына қа­тысты жайттардан хабардар бола алады. Ондағы көрші елдермен болған қарым-қатынастар, саяси байланыстар өздігінше бір төбе. Қазақ хандарының сыртқы саясаты жайында көп дүниелер айтылады. Мұның өзі Бектұр Төлеуғалиұлының орта ғасырлардағы төл тарихымызды жақсы білетіндігін көрсетеді.
Тек тарихта ғана емес, Бектұр әдебиет, этнология, өлкетану, т.б. ғылымдар сала­сынан да мол хабардар екендігін байқатады. Мұны автор келтірген көптеген әңгімелер де айғақтайды. Қорыта айтқанда, Бек­тұр Төлеуғалиұлының «Адай тари­хы сыр шертеді» атты роман-эссесі қалың оқырманға жол табатын тартымды еңбек болып шыққан. Онда сан түрлі мақал-мә­тел­дер, ғибраты мол әңгімелер көп­теп кездеседі. Мұның өзі кітаптың тартым­дылығын арттырған», – дейді (Бексейітов Ғ. Қазақ руын зерделеген еңбек» // «Президент және халық» газеті, №21, 23 мамыр, 2008 ж.).
Бәкең жас ұрпақ тәрбиесіне арнап қазақтың салт-дәстүрі туралы құнды дерек­тік материалдар мен толғамды ойларын баспасөз бетінде де, жеке жинақ түрінде де ұсынып жүр. Бұл орайда осы жолдар авторымен бірлесіп жариялаған «Салт-дәстүр және қазақ тілін оқыту» оқу-әдістемелік құралынан да (Алматы. Арыс, 2013 ж.) оқырманның пайдалы деректер табары сөзсіз. Бұл құралда мектеп мұғалімдерінің, ата-аналар мен оқушылардың қажетіне әбден жарайтын тіліміздің лексикалық қорындағы салт-дәстүрге қатысты атау­лар сыры мен қазақ тарихына қатысты деректер, сондай-ақ лексиканы оқытудың әдістемелік мәселелері қамтылған.
Бәкең – аузы дуалы, шешен сөйлейтін дегдар ойдың адамы. Ол Маңғыстау облысы бойынша алғашқылардың бірі болып «Отан» партиясына мүше болды. Елбасын сайлаулардың бәрінде, референдумда Елбасының сенімді өкілі болып қоғамдық қызмет атқарумен келеді. Сайлау кездеріндегі облыстың әр жерінде өткен сайлаушылармен кездесулерде Елбасы сая­сатын қолдап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуден ешқашан қалыс қалған емес.
2006 жылдың басында Елбасының Маңғыстау облысының әкімі қызметіне Қ.Көшербаевты тағайындаған облыс активінің жиналысында жалғыз Б.Төлеу­ғалиевқа ғана сөз берілді. Сондағы Бәкең­нің ағынан жарылып сөйлегені, Елбасын құшақтап тұрып құттықтағаны жиынғы қатысқандардың әлі есінде шығар. «Нұрсұлтан Әбішұлы – шын мәнінде, Қазақстан халқының маңдайына біткен қайталанбас дара тұлға, Алланың қазақ деген елге берген сыйы, біртуар перзенті. Қазақстан халқы арты шың, алды түпсіз құлама шыңырауға тіреліп тұрғанда, етегін түрініп, білегін сыбанып, елін бастап ұшпадан ұшырмай алып шыққан кім еді, білесіндер ме? Әрине, білесіздер, ол Нұрсұлтан Назарбаев еді ғой. Қазақстанды тәуелсіз мемлекет етіп тізгінін ұстағаннан бері адам айтса нанғысыз қаншама жұмыстар атқарылды. Етігімен су кешіп жүріп, кемел ертеңге апарар баспалдақтарды қалап тастады. Мемлекеттік шекараны бекітті, қарулы күштерді жасақтады, ұлттық экономиканың іргесін бекітті, ұлттық валютаны енгізді, ұлттық саясатты айқындады, ұлттық биз­­несті қалыптыстырды. Егемендікті жа­риялаған соң, 130 күннен кейін мемле­кеттік рәміздерді бекітті, төл теңгеміз өмірге кел­ді. Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ бейбітшіліксүйгіш ұста­нымымен ерекшеленді. Гуманистік идея­ларды жоғары бағалайтын Елбасы 1991 жылдың тамыз айында атышулы Семей по­лигонын жапты. Өлім жазасына 2003 жылы мораторий жариялап, 2004 жылы ол толықтай алынып тасталынды. «Нұрлы көш» бағдарламасының аясында атамекенге бір миллионға жуық қандастарымыз оралып, қатарымызды көбейтті. Әр ұлтқа өзінің тілі мен мәдениетін, ділі мен дінін сақтау үшін барлық жағдай жасалды» деп еді сонда.
Соңғы кезде Бәкең «Маңғыстау облы­сының ауыл шаруашылығы энциклопедиясын» шығару жөнінде бастама көтеріп, облыс әкімі А.Айдарбаевтың қолдауымен осы іске белсене кірісіп те кетті. Облыстың ауыл шаруашылығы туралы кең көлемде мәлімет беретін осындай іргелі басылымның қажеттігі біраздан бері сезіле бастаған болатын. Бұл бастама облыс тұрғындарының тарапынан да кең қолдау тауып отыр. Өткен ғасырдың 20-жылдарынан бастап өңірімізде құрылған серіктестік, артельдер, колхоздастыру кезеңі, ауылдық кеңес, кәсіподақ, партия, комсомол ұйымының басшылары, еңбек озаттары мен ардагерлер туралы мәліметтер мен Маңғыстаудың мал шаруашылығы, балық шаруашылығы, аңшылық, ұсталық, зергерлік, т.б. салалардан танымдық материалдарды қамтитын басылымның редакция алқасы мен жұмысшы тобы құрылып, бұл игілікті іске Бәкең тікелей жетекшілік жасауда.
Бәкеңнің еңбектегі жетістіктері лайықты бағаланып, «Нұр Отан» саяси кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Тіл жанашыры» медальдарымен және Маңғыстау облысы әкімі мен мәслихатының Құрмет грамотасымен марапатталған. Ол – «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері», «Қазақстанның құрметті журналисі», сондай-ақ Маңғыстау ауданы мен Ақтау қаласының «Құрметті азаматы» атақтарының иегері.
Б.Төлеуғалиұлының атқарған елеулі еңбектерін ескеріп, мемлекеттік жоғары наградаға облыс әкімі А.Айдарбаев мырза ұсынатын болар деген ойдамыз және облыс әкімінен Маңғыстау облысы халқының атынан біздің бұл өтінішімізді Елбасына жеткізуді сұраймыз.
Бәкеңе айтар тілегіміз, келе жатқан жетпіс бес жасыңыз құтты болсын! Еліміздің саяси өміріне араласып, Елбасының ерен еңбектерін облыс жұртшылығына кеңінен түсіндіру жұмысын бұрынғыдан да жандандырып, қаламыңыз мұқалмай, шығармашылық қызметіңізді жалғастырып, тағы да бұрынғы кітаптарыңыз сияқты жұртшылық бас алмай оқитын шығармаларды өмірге әкеле беруіңізге тілектеспіз!

Әділет Қабылов,
филология ғылымдарының
кандидаты, доцент

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Ләйлә

    Алдыңғы толқын ағаларымызға барлық жақсылқтарды тілейміз.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.