Туған жерін тұғыр еткен

Қазақ тіл білімі саласында еңбектеніп жүрген орта буын ғалымдар арасында филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабырдың алатын орны айрықша. Ол ортағасырлық жазба ескерткіштер тілін терең зерделеп, түркітану, қыпшақтану, тарихи лексикология, тарихи фонетика, тарихи грамматика мәселелерін жүйелі түрде зерттеп жүрген білікті тіл маманы. Ақырын жүріп, анық басып ердің жасы елуге келіп жатқан ғалым қазір нағыз кемел шағында. Біз ҚазМУ-да бірге оқыдық, бір бөлмеде тұрдық, қатар жүрдік, қазір де қатар келе жатырмыз. Құрдаспыз, әріптеспіз. Менің құрдастарым, әріптестерім дегенде қашанда Мұрат Сабырдың есімін ерекше атаймын. Ол адам ретінде де, маман ретінде де соған әбден лайық азамат.

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ,филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі.

Оқу өткен студент»

Біз 80-жылдардың студентіміз. 1986 жылы қазіргі әл-Фараби сол кездегі С.М.Киров атын­дағы мемлекеттік университеттің филология факультетіне оқуға қабылдандық. Жатақханаға орналастық. Бір есіктен кіретін екі және үш орындық 302-бөлменің үшкісілік жағында 1-курсқа жаңадан түскен жамбылдық Жарқынбек, торғайлық Дүйсен, мен үшеуміз, ал екі кісілік жағында бізден бір курс жоғары оқитын араб бөлімінің студенттері Мұрат Сабыр мен Бекжан Мамырайымов тұрды. Ол кезде араб бөлімі филология факультетінің құрамында болатын. Бір бөлмеде тұрғандықтан әрі Дүйсеннен басқамыз әскерде болып, кемі бір-екі жыл жұмыс істеген еңбек өтілі бар жігіттер болғандықтан тез тіл табысып кеттік. Бір курсты тәмамдап, 2-курста оқып жатқандықтан біз Мұрат пен Бекжаннан студенттік өмірдің қыр-сырын, оқу жайын сұраймыз. Бір бөлмеде тұрып, бір курста оқитын екі жігіт бізге екі түрлі кеңес беріп, екі түрлі жол сілтейді. Мұрат бәріне жауапкершілікпен қарайды. «Жатпай-тұрмай оқу керек, сонда бәрі дұрыс болады» дейді. Өзі де күні-түні оқып жатқаны. Бекең марқұм «қоғамдық жұмыстарға көбірек араласу керек, белсенді студент болсаң бәрі ойдағыдай болады» дейді. Өзі айтқандай ол студенттік кеңестің (студсовет) төрағасы болды және басқа да қоғамдық-әкімшілік жұмыстарды белсене атқара жүріп университетті бітірді. Ал курстасы Мұраттың мұраты да, жолы да басқа еді. Ол түнгі сағат 2-3 кезінде араб тілінің сала-құлаш мәтіндерін нақышына келтіріп дауыстап оқып, жүз қайталап жаттап жататын. «Түн ортасы болды ғой, жатып демалмайсың ба?» десең, ертең мына мәтінді тапсыру керек деген қысқа жауап аласың. Оқу дегеннің оңай емес екенін біз Мұратқа қарап бағамдап, күнде бүйтіп оқи берсек, неміз қалар екен деген ой әрқайсысымыздың басымызға келетін. Оның құран оқығандай сан құбылған, әуезді арабшасын тыңдап жатып ұйқыға кетеміз. Бұл үйреншікті үрдіс біз үшін әдетке айналып, 1-курстың орта тұсына келгенде, күтпеген жерден Мұратымыз ауруханадан бір-ақ шықты. Сөйтсек, аз оттап, көп жортқан арғымағымызға, аз ұйықтап, көп оқыған үздігіміздің денсаулығына аздап салмақ түскен екен. Ауруханада сәл ғана тыныстап алып, қайтадан қатарға қосылып «шаба» жөнелді. Одан кейін ол оқу-білім мәселесінде сыр берген емес. Ғылым-білімнің аламан бәйгесінде, қажымай-талмай, өз қатарының алдында келе жатыр. Сол жылдары өзіне салмақ салып, күндіз-түні оқыған арабшасы оған орта ғасыр ескерткіштерін, қыпшақтану мен түркітану салаларындағы еңбектерін жазуда үздіксіз қызмет етіп келеді. Біздің жадымызда оның «оқу өткен студент» деген аты қалыпты. Бүгінгі ақпараттық технологиялар жайлаған заманда, күндіз-түні кітап оқитын, оқу өтіп кетіп жатқан студенттер табыла қояр ма екен? Әй, қайдам…

«Көп болды-ау Ақ Жайыққа бармағалы…»

1981 жылы Батыс Қазақстан облысы, Чапаев ауданы, Аңқаты орта мектебін бітірген бозбала Мұрат бір жыл суретші-безендіруші болып жұмыс істеп, одан кейін 1982-1984 жылдары Кеңес Армиясы қатарында жауынгерлік міндетін атқарды. Әскерден келгеннен кейін келесі 1985 жылы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың филология факультетіне қабылданып, университетті «қазақ тілі мен әдебиеті, араб тілі» мамандығы бойынша бітірді. Оқуға деген көзқарасы, жауапкершілігі туралы жоғарыда аз-кем айттық. Оның еңбек жолын суретші-безендіруші болып бастағанын біз кейінірек өмірбаянынан оқып білдік. Студенттік жылдары бірде-бір рет сурет салғаны, ең болмаса, курстастарының фотоальбомын безендіргені есімізде қалмапты. Біз доп қуып, гір көтеріп, жүгіріп-секіріп, күресіп, бокстасып спортқа құмар болып жүргенде ол ондай тірліктерге аса қызықпайтын. Бос уақытында жамбастап жатып кітап оқып, көңіл хошы келгенде домбыра шертіп, әндетіп отыратын. Оның бөлмеде ең жиі айтатын әні – «Ақ Жайық». Студенттік кештерде, кездесулерде біреу өлең оқып, біреу күй шертіп, енді біреулер ән шырқап жатады. Сол шараларда Мұрат тағы да өзінің сүйікті «Ақ Жайық» әнін айтады. Мұраттың аты атала бастағанда-ақ біз «Ақ Жайықты» тыңдайтынымызды алдын ала білетінбіз. Күні бүгінге дейін бір жерден осы әнді естісем болды, көз алдыма бірден Мұрат досым келеді. Жер жаннаты Жетісуда, Асқар Алатаудың етегіндегі әсем Алматыда оқып жүрсе де, Жайығын сағынып әнге қосудан жалықпаған жастың жүрегінде туған жеріне деген зор махаббат ұялапты. Туған жерінің іргесінде жүрген біз алыстағы Ақ Жайығы мен балалық бал дәурені өткен Аңқатысын аңсаған армандасымызға «Ақ Жайықтан» басқа бір ән айтсаңшы» дейтініміз бекер екен-ау!

Жайыққа оралу

1990 жылғы ҚазМУ-дың түлегі Қазақ КСР халыққа білім беру министрлігінің жолдамасымен сол кездегі А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының (қазіргі М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті) «Қазақ тілі» кафед­расының оқытушысы қызметіне қабылданды. Әніне арқау болған Ақ Жайығына оралды. Аңқатыдан арман қуып, білім іздеп Алматыға жалғыз аттанған албырт бозбала араға бес жыл салып еліміздің маңдайалды университетінің дипломын алған маман болумен қатар, қасына өмірлік жарын тауып бір басы екеу болып қайтты. Жары Ғалия да қазақ тілі мен әдебиетінің маманы. Бізбен бір курста, бір топта оқыған. Сөйтіп, бір кездері орыс тілі үстемдік құрған Оралда балаларына бесік жырын айтып, батырлар жырын оқып беретін, шаңырағында күй күмбірлеп, қазақ тілі үстемдік құрған тағы бір қазақы отбасы пайда болды. Аңқатыдан шыққан азамат еліне – Оралына оралып, туған жерінің төсінде өсіп-өнді. Қызы Әйгерім бойжетті, егіз ұлдары Ерасыл мен Нұрасыл да ержетіп қалды. Ана тілін ардақтап, салт-дәстүрін сақтай білетін ұрпақ тәрбиелеу бақыты бұйырмаған әкелер әлі де азаймай тұрған заманда Мұрат әкелік міндетін де дұрыс орындады. Балаларына қазақы тәрбие берді. Бұл бір жағынан сөз қылуды қажет етпейтін табиғи нәрсе ғой. Алайда мұны айтып отырған себебіміз кеше қазақтан орыстілді ұрпақ жасап шығарғанын жетістік санайтын ата-аналар көбейсе, бүгін де ұл-қызы ағылшын тілін меңгерсе айды алғандай, қытай тілін білсе күнге қолы жеткендей марқайып, ал ана тілін білмесе арланбайтын ағайындар аз кездеспейді. Оны былай қойғанда, қазақ тілі мен әдебиеті мамандарының, ақын-жазушыларымыздың арасында да балалары, немерелері қазақша білмейтіндерді кездестіріп жүрміз. Отарланған, қызыл империя құрсауында болған кезеңде емес, қазіргі тәуелсіз Қазақстан жағдайында да ұл-қызын қазақша оқытып, тәрбие бергісі келмейтін қазақтарды көрмей жүрміз бе? Соларды жиі көре бергеннен кейін үйінде қазақ рухы, қазақ тілі үстемдік етіп тұратын отбасыларына, отағаларына алғыс айтқың келеді екен.
«Дарақ бір жерде көктейді» деген. Оралына оралған Мұрат туған жерінің төсінде көгеріп-көктеп, өсіп-өніп жатыр. Сонау студенттік жылдары «Ақ Жайық» деп әндететін Мұрат достың бүгін отбасының ортасында Ғалияның құйған қою шайын баппен ішіп отырып, Балуан Шолақтың әніне салып «Айым да сен, Ғалия-ау, Күнім де сен. Оң қабағым тартады, күлімдесең» деп әндетіп жүргені елестейді.

Ғылым жолында

Мұрат Бөкенбайұлы 1993-1995 жылдары ҚР ҰҒА Ұйғыртану институты шығыстану орталығы аспирантурасының күндізгі бөлімінде оқыды. Ғылым жолын таңдаған ізденуші кешегі студенттік шағы өткен Алматымен екінші рет қайта табыс­ты. Қазақстанның барлық өңірлерінен келетін ізденушілер мен аспиранттардың көпшілігі ғылым мен мәдениеттің үлкен орталығы саналатын Алматыға анда-санда келіп-кетіп жүретінін білетінбіз. Ал аспирант Мұрат Сабыр отбасы Оралда болса да аспирантурасын Алматының жергілікті тұрғыны сияқты алаңсыз жүріп оқыды. Тылы мықты жауынгердей артына қарап алаңдамады. Кешегі әр тапсырмасын уақтылы орындайтын тиянақты студент, тынымсыз ізденісте жүретін аспирантқа айналды. Жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарында өтіп жататын ғылыми конференциялар мен семинарларға бара қалсаң, Ұлттық кітапхана мен академияның ғылыми кітапханасына кірсең немесе кандидаттық, докторлық қорғауларға келсең қолынан дипломаты түспейтін шығыстану орталығының аспирантын кездестіресің. Ол осы қаладан ешқайда кетпеген және ғылымнан басқа ешбір тірлігі жоқ, төрт құбыласы сай жан сияқты көрінетін. Сондай-ақ қашанда ғылыми жетекшісінің қасынан табылатын, оның ақыл-кеңесін ерінбей-жалықпай тыңдай білетін Мұрат Сабырдай сабырлы шәкіртті сирек көруге болатын шығар. Қайқиған кең жиекті шляпалы Әрсен Ибатов ағамыз екеуін ертелі-кеш ғылым академиясының маңайынан жиі көретін едік. Әңгімесі таусылмайтын ұстаз бен шәкіртке қарап, ғылыми жетекшінің шәкіртіне айтпаған ақылы, бермеген кеңесі қалмаған болар деген ойға еріксіз келер едіңіз. Сөйтіп, ол Алматыдағы үш жылғы тынымсыз еңбегінің нәтижесі «Хұсрау мен Шырын поэмасының тіліндегі реликті тұлғалар (XIV ғасыр)» тақырыбына жазылған кандидаттық диссертациясын 1995 жылы табыс­ты қорғады. Бұл жолы ол Оралына жас ғалым болып оралды.

Қазақ тіл білімінің
Оралдағы білікті өкілі

Ол бұдан кейін де ғылыми орталық Алма­тымен байланысын, барыс-келісін үзбей, ғылым жолындағы ізденістерін жалғастыра берді. 2001-2003 жылдары тағы да өзі оқыған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінің докторанты болды. Кандидаттықтан кейін араға тағы бір он жыл салып, 2005 жылы «Орта түркі тілі лексикасы мен қазақ тілі лексикасының сабақтастығы (XIV ғасыр жазба ескерткіштері негізінде)» атты тақырыпта докторлық диссертациясын сәтті қорғады. 2009 жылы оған профессор ғылыми атағы берілді. Ол педагогтық қызметпен үздіксіз айналыса жүріп жоғары мектептің білікті ұстазы, басшысы әрі ғылым ұйымдастырушысы ретінде де өсті. «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері», екі мәрте 2007, 2012 жылдары «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері атанды. 1996-2000 жылдары филология факультеті қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болса, 2004 жылдан бері Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясында оқу және ғылыми жұмыс жөніндегі, 2008 жылдан ғылыми жұмыс және халықаралық қатынастар жөніндегі проректор. Оның басшылығымен Оралда көптеген халықаралық, республикалық конференциялар ұйымдастырылып түркіта­нушылардың басы қосылды. Өзі де Түркия, Саха, Татарстан, Башқұрстан Республикасында өткен конференцияларға қатысып баяндамалар жасады. 2011 жылы Стамбулдағы Мармара университетінің Түркітану ғылыми-зерттеу институтында ғылыми тағылымдамадан өтті. Осылайша ғылым қазанында қайнап, ұзақ жылдар бойы үздіксіз ізденісте жүрген Мұрат Сабыр бүгінде тіл тарихының білікті маманы, түркітанушы ғалым ретінде қалыптасты. Қоғамдық жұмыстардан да қол үзген емес. Ол Орал қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы. Жайық жағасындағы қазақтың көрікті қаласында қазақ тілінің өркен жаюына, ғылым-білімінің өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген елінің қадірлі азаматы. Оның кәсіби білімі мен адамгершілік қасиетін, сабырлы мінезін білетіндер Алматы мен Астанаға ҚазҰУ мен ЕҰУ-ға жұмысқа, қызметке де шақырды. Бірақ ол Жайық жағасынан ешқайда жылжыған жоқ. Туған жерін тұғыр етіп, өскен еліне қызмет етуде. Ел қадірі мен жер қадірін білетін азамат еліне де қадірлі. Ол бүгін танымал тілші-ғалым, қазақ тіл білімінің Батыс Қазақстан өңіріндегі, Оралдағы белгілі өкілі. Қазақ тілінің Жайық бойындағы жанашыры, жоқшысы. Тіліміздің өркен жаюына атсалысып жүрген абзал азамат.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Батырбек Үрістембеков

    Ностальгия
    (Фантастикалық эссе)

    Бір секундтың ішінде аязды көше жарқ етті. Қарасам, мен 5 жыл бұрын толықтай қиратылған үйдің жылы бөлмесінде тұр екенмін. Бөлме де, үй де бүтін. Мен таңқалып, ұзақ сазарып тұрдым. Бөлме дәл 15 жыл бұрынғы кейіпінде, ешқандай уақыт өтпегендей, тура сол қалпындағы бұйымдармен, заттармен өзгеріссіз екен. Бұл не ғажап?! Адам бір секунд ішінде Астанадан Таразға тап болуы мүмкін емес, алайда, мен шынымен де Тараздамын. Терезеден қарасам: өзіміздің Көшеней көшесі, 2-ші бұрылысы ап-айқын көрініп тұр. Оның үстіне, жаз мезгілі екен. Сайраған құстар үні, көрші иттердің үргені естіліп тұр. Мен лезде бас киім мен күртемді шештім – терлеп кетіппін.
    Мен не істерімді білмей, күрең-қоңып түсті кілемге отыра кеттім. Үздіксіз жан-жағыма қарай бердім. Үстел, шкаф, кресло, кітаптар – бәрі де шын, бәрі де өз орнындарында. Мен әлі де өз көзіме сенер емеспін, жаңа ғана қысқы Астана көшесін бойлап келе жатыр едім… Енді… айналамда мүлде басқа кеңістік, сол кеңістіктің түр-сипатына және қабырғада ілінген «25.05.1999» деген жазуы бар жап-жаңа күнтізбеге қарағанда, мүлде басқа уақыт… Бұл ғажайыпты мен бір емес, жеті жыл бойы армандаған болатынмын. Міне, арманым орындалыпты – мен қайтадан жер үйімдемін! Жоқ, есімнен адасқаным жоқ, бәрі де өңім. Өңім екенімді тескеру үшін мен артымда тұрған жүк жиналған сандықты ұстап көрдім. Кәдімгі, нағыз ескі сандық. Орнымнан тұрып, шкафтың шиқылдаған есігін есігін ашып-жаптым – ол да нағыз шкаф екен. Бұл ғажапты ғылым мен логикамен тұрмақ, тіпті ешқандай қиялмен де түсіндіруге мүмкін емес.
    Таң ертең ғана «екі айдан кейін 2015-ші жыл»-деген жағдай еді. Енді «алты айдан кейін 2000-ші жыл, 21-ші ғасыр, 3-ші мыңжылдық»-деген жағдай… Мен орындыққа отырып, оң жақтағы ағаш стенкадағы айнаға қарап, ойлана бастадым: егер мен, 23 жасарлық кейіпімде, осында болсам, онда 8 жасар Нұрлыбек қайда?! Мектепте ме?! Онда, бір адам бір уақытта бірдей екі жерде қалай болуы мүмкін?! Ал егер қазір бөлмеге біреу кірсе – онда не болар?!.. Осындай ойлар бір сәтке де тауысылар емес… Мен бір сәтке алақсу үшін ескі теледидарды қостым. Бар жоғы 5 телеарна. Жаңалықтар емес – архив: ескі студия, ескі диктор, ескі мағлұмат және дата: 25.05.1999…
    Мен дереу үйден қашып, жасыл ағаш қақпаны ашып, көшеге шықтым. 15 жыл бұрынғы сәнге сай киінген екі-ақ жолаушы бойжеткен шүйіркелесе келе жатыр. Мен олардан «Қазір қай жыл?» деп сұрап едім, олар таңырқап: «1999-жыл емес пе!? Білмейсің бе, не?»-деп күлісіп, өз жолдарын жалғастыра кетті. Біреуі артынан қарап: «Псих что ли?»-деп кекетіп үлгерді. Мен жақын жақтағы дүкенге кіріп, аса арзан бағалары бар «ескі» тауарларға тола сөрелерді көрдім. Қораптарды реттеп отырған сатушыға: «Қазір қай жыл? Ой, сізде биылғы күнтізбелер бар ма?»-деп сұрадым. Сатушы түрлі пішіндегі «1999» деген жазуы бар және қоянның суреті бар күнтізбелерді маған көрсетіп: «Қайсысын аласың?»-деп жымиды. Мен ойша өз-өзіме: «Осының барлығы рас болса, онда менің университетімнің іргесі тек 9 жылдан кейін ғана қаланбақ…»-деп, үнсіз көшеге қарай бет алдым.
    Ол көшені қаз-қатар тізілген биік саялы ағаштар мен ескі үйлер бойлап тұр. Кең жолды арлы-берлі ескі маркалы көліктер кезуде. Қайтадан ойға шомып кеттім: енді не істейін? Қайда баруым керек? Ешкімге ешқашан берілмеген бұ мүмкіндікті қалай пайдалануыма болады?.. Осындай ойлар үздіксіз туа берді, туа берді. Әйтсе де, «Қалай ораламын?» деген сұрақ туған жоқ. Оралғанда, қайда оралмақшымын?! 2014-ші жылға ма?! Бұл – күлкілі. Қазір тек ғана 1999-шы жыл емес пе?! Оның үстіне, ол «болашақтың» не керегі бар енді? Қайта, бұл дәуір мың есе жақсы емес пе?! Сенің жеке жан тыныштығың мен ми тыныштығыңды ешқандай электронды-ақпараттық орта бұзып жатқан жоқ. Жалпы, бұл өңірде ол жайлы әлі ешкім естіген де жоқ сияқты. Иә, адам боласы үшін аса қолайлы әрі салауатты кезең дәл осы. Ешкімде айфон немесе планшет тұрмақ, тіпті ұялы телефон да жоқ деуге болады. Ғаламтор мен әлеуметтік желілер тұрмақ, тіпті компьютер де жоқ деуге болар. Ал спутниктік телевизия жайлы айтудың да керегі жоқ! Тек ғана тұрмыстық мәселелері ғана бар адам сияқты «таза гуманитарлы орта» баршылық. Ал одан басқа адамға қандай бақыт керек?!..
    Мен көршілес орналасқан зауыттың қасындағы өзеннің қасына қалай келгенімді байқамай да қалыппын. Жасыл шалғынға бай жағаға отыра қалдым. Иә, бұл заманды әлі де экологиясы бар «табиғат қорығы» деуге жарасады. 2014-пен салыстырғанда бұнда әлдеқайда таза ауа, таза су және таза жер бар сияқты…
    Бір қарасам, таныс біреулер келе жатыр екен. Өз әкем екен, тек 15 жылға жасарған. Және де кішкентай бала. Мұқият қарасам, тура менің 8 жасар бейнем! Осы сәтте мен не істерімді білмей қимылсыз тұра қалдым. Олар, менің «туғандарым», мені мүлде көрмейтіндігін бірден байқадым. Бірін-бірі көреді, айналасын көреді… ал мен, тікелей мағынада, жоқ сияқтымын. Нақтырақ айтсақ, жай ғана «болашақтың елесі» сияқтымын. Мен шошып, оларға «Мені көрмей тұрсыңдар ма?!»-деп үн қаттым. Олар естіген жоқ. Бейне бір соқыр әрі саңырау жандар сияқты. Алдарына тұра қалып едім, олар мені түтінді әлде бұлтты тесіп өткендей өтті. Дым да сезілмеді, мен өз қолымды ұстап көрсем, кәдімгі тірі адамның қолындай материалды және бүтін өз қолым. Бұл не сиқыр сонда?! Мен қайтадан олардың алдына тұра қалып едім, олар мені тағы оп-оңай тесіп өтті де, адамша қақпаны кілтпен ашып, аулаға кірді… Мен адаммын ба, жынмын ба?!-деп көшеде қала бердім.
    Үйдің әппақ қабырғасынан, жабық қақпадан өтейін десем – өте алмаймын. Түсінікті. Қоңырауды бассам, бала-елес ашып, жан-жағына қарады. Мені көрген жоқ. Мен ашық есікке кіріп кетіп, бақшаның аяғына барып, отырдым. Қасыма сары ит жүгіріп келді, мені естіп-көріп тұр. Мен оның дәл 5 жылдан кейін өлерін дәл білгендіктен, басынан сипалап, бір күрсіндім. Ол ит мені, бәлкім, «көріпкел» деп ойлауы мүмкін. Алайда, ол ит мен үшін «өткен шақтың елесі» ғана сияқты. Сонда, мен кіммін, қайдамын және кімдердің қасындамын?!.. Мен өзімді бұл сағым «мұражай әлемде» бөтен сезінсем де, тіпті өзімді «тірі елес» сезінсем де… бұл дәуірдің бар қадірін білетін тек мен екенмін. Жан тыныштығы, ми тыныштығы және адам мен адам арасындағы тікелей ғана қарым-қатынас. Бәрі табиғи, бәрінің санасы да табиғи… дұрыс. Сондықтан, ешқайда оралмаспын.

  2. Аскар Арманов

    Как же было правильно, если бы интернет и современное тв у нас работали с 18:00 по 23:00. У нас была бы возможность вести здоровый образ жизни, лучше учиться, трудиться, читать книги и иметь нормальное свободное время для живого человеческого общения! Не было бы переизбытка информации (особенно вредной), а также массовой психической зависимости от электроники у детей и молодежи!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.