«Кефир» бар, айран қайда?

Ғасырлар бойы таза сақталып келген асыл да бай тіліміз ХХІ ғасыр табалдырығын аттаған кезінде мұншалықты қорлықты көреді деп кім ойлаған? Жарнама дейтін дүние қадірін бір кетірсе, сол жарнамаларда насихатталып жатқан тауарлардағы мәтіндер де тіліміздің көркемдік дәрежесін аяқ асты етіп жататынына қынжылғаннан басқа амалымыз жоқ. Қараймыз да, қапа боламыз. Оқимыз да, мұңға батамыз. Қолыңмен өшіріп тастайтын мәтін емес, ол тауарлар күн сайын мың миллиондаған данамен шығып ел-елге, жер-жерге тарап кетіп жатыр. Күн сайын миллиондаған адамдар сол тауарлардың тұтынушысына айналуда.
Тілдің араласпайтын саласы жоқ. Ол кеңседен бастап, өндіріс, әуе, ғарыш салаларына дейін түгел қамтиды. Себебі адам баласы тілмен өмір сүреді. Тілді өзі­нің қажетіне пайдаланып, тіршілігін қалыптастырады. Бұл тұрғыдан алғанда тіл – ақпарат, тіл – білім, тіл – жаңа дүниелердің бастауы. Әлемде кез келген тіл осы аталған құндылықтарды айналып өте алмайды. Бәрі де тіл арқылы өркендейді. Демек, тіліміздің бар қуатын шашау шығармай, мәнін жолғалтпай, қадірін кетірмей, мазмұнын төменшіктетпей, көзге қораш, ойға олақ қылмай, дәрежесін олқы етпей пайдаланатын болсақ, қасиетті тіліміздің бізге алғыстан басқа айтары болмайды. Ал егер де осы айтылғандардың барлығын орындай алмайтын болсақ, ана тіліміз өзіміздің емес, ең алдымен, өзгелердің күлкі-әжуасына айналады. Бәлкім, айналып та жүрген шығар. Өйткені көшелердегі қате жазулар, сауатсыз аудармаларды көргенде тілді қорлаудың бұдан асқан шегі жоқ шығар деген ойға қаласың.
Күні кеше азық-түлік дүкеніне барып, күнделікті тұтынатын тауарларды ала бастағанымыз сол еді, қолымызға ұстаған әр тауарда жазылған қазақша мәтіндерді көріп, мемлекеттік тіліміздің сол мемлекетте сатылатын тауарларында талапқа сай болмай отырғанына қынжыласың, ішің ашиды.
Қолымызға «Бруми» деп аталатын какао ілікті. Орысшасы, ағылшыншасында мін жоқ. Барлық сөздер грамматикалық, орфографиялық, стилистикалық тұрғыдан алғанда орын-орнында тұр. Бейне бір филология саласының ғылым докторлары отырып жазғандай әсер қалдырады. Ал қазақшасына қарасаң, тілің күрмеледі, мәтінді түсіне алмай дал боласың. Сөздері сөз емес, араларында мағыналық та байланыс жоқ. Шетінен калька. Сөзіміз дәлелді болу үшін «Бруми» какаосының мәтініне көз жүгіртіп көрелік. «Какаосымен еритін сусын витанимделген «Бруми». Даярлық тәсілі: стаканға қосу жанында шайлық қа­сықтарының 4, ыстық немесе салқын сүтпен құю. Құрамы: Қанта, какао ұнтағы, майсыздандырылған тұз, табиғиға ұқсас хош иістендіргіштер, байыт зат: витамин Е, витамин С…». Қысқаша жазылған мәтіндік ақпарат осылай жалғасып кете береді. Мәтіндегі әр сөз еш грамматикалық байланыссыз көктен түскендей әсер беріп тұр. Әйтеуір қазақшаға ұқсаса болды дегендей атүстілік пиғыл жатқаны анық көрініп тұр. Ал ақиқатына келсек, бұл сөйлемдердегі қазақ тілі тіл деп айтуға келмейтін, мәнінен де, маңызынан да айырылған бір нәрсе. Жансыз сөйлемдер, ойыңа ешқандай дерек бермейтін құрғақ сөздер. Бұл мәтінде өзіме бір жаңалық тапқандай болып отырмын. Себебі бұрын-соңды мен байыт зат деген сөзді естімеппін. Көрдіңіз бе, тауар мәтіндерінде осындай «жаңалықтар» болып тұрады. Өйткені тіліміз бүгінде сынақ (эксперимент) жасаудың алаңына айналғандай. Сөздерді орынсыз қолдану, «жобасы келсе болды» деген оймен жаза салудың аржағында мемлекеттік тілге деген жауапсыздық жатыр. Сол мәтіндерді тудырып отырған адамдар бір сәт ойланса етті. Қазақша мәтіннің аударма деңгейі өзге тілден бірде-бір кем болмауы керек. Кем болған жағдайда, ол тауардың сапасына да әсерін тигізеді. Осыны мықтап есте ұстаған жөн. Екіншіден, бұл тағы да қайталап айтамыз, мемлекеттік тілді қорлау.
Жалпы, дүкен сөрелерінде тауарларға қарасаңыз, олардың атауларының барлығы дерлік орысша, ағылшынша жазылғанын көресіз. Ішінде тұтынушыларға жете таныс әлемдік тауар атаулары, сондай-ақ ТМД аумағынан келіп жатқан тауарлар. Өз елімізде өндірілгендері де бар. Олар да өкінішке орай орысша атаулармен шығарылуда. Қазақ тілінде жазылған тауар атаулары мүлдем жоқ деуден аулақпыз. Бірақ ол тауарлардың саны өте аз. Саны аз болған соң қазақ тілі де елеусіз қалып тұр. Тауарлардағы қазақ тілі көбінесе аударма тілдің ғана қызметін атқарып тұр. Аударма болғанның өзінде көп тауарларда қазақ тілі мүлдем жоқ десе де болады, бірақ заң талабын орындау мақсатында шағын ғана ақпараттық жазба жапсырылған. Оның өзінде елеусіз орында. Тауар қаптамасының бір бұрышында орналасады. Мәтіннің сауат­тылық дәрежесі де көңіл көншіте бер­мейді.
Қолымызға «PEKI кекс мозаика» тауар өнімі түсті. Осы мәтіннің қазақшасы былай деп жазылыпты: «Мозаика кексі». Ал көрнекті бетінде: «Peki мозәикә кекс». Қазақшасының түрі осы. Қазақ тілінде бұрын-соңды «мозәикә» деген сөз барын білмеппіз. Бірінші рет оқып, таң-тамаша болып отырмыз! Орысша сөздерді осындай әдіспен аудара беретін болсақ, онда қазақ тілінде балама іздеп, күні-түні еңбектеніп жүрген терминолог ғалымдарымыздың еңбегі қайда қалады? Қазір, құдайға шүкір, қазақ тілінің терминология саласындағы әлеуеті бұрынғыдай емес. Қалыптасты. Дамыды. Кез келген терминді ойға қонымды етіп, сауатты түрде аударуға тіліміздің бай­лығы жетеді. Егер балама атау табылмаса, ол тіліміздің кемшілігі емес, дұрыс ізденістің жоқтығы.
Біздің тауарлардағы аудармалар, жалпы аударма саласы сияқты орысшадан тікелей аударылған сөйлемдерден көз ашпай келеді. Сондай сөйлемдерді оқысаңыз, оның калька-аударма екенін бірден ұғасыз. Калька-аударма болу өз алдына, сөздері де өз орындарын ауыстырмастан жазыла салады. Мәселен, «Lorado» тауар маркасымен шығарылған «Ананас шайбы в легком сиропе» деген өнімді алайық. Бұл тропикалық өсімдіктің құтыға салынған түрі. Ал енді осы өнімнің қазақ тілінде нұқсасын оқысақ, бұл мәтін былай деп аударылыпты: «Ананас дөңгелекшелері жеңіл шырындары». Осы сөзде қандай мән-мағына бар? Бір-бірімен еш байланысы жоқ сөздердің жиынтығы іспетті. Орысшасын оқымасаңыз, бұл сөздің қандай мағына беріп тұрғанын да түсіне алмайсыз. Көрдіңіз бе, сіз еріксіз түрде орысша мәтінге тәуелді болып шыға келесіз. Өйткені алғалы тұрған тауарыңыз туралы ақпаратты қажетсінесіз. Сөйтіп, қазақшасын оқып, түк түсінбей, назарыңызды орысша жазуларға аударасыз. Ал бұдан кейін қарапайым тұтынушының ойында қазақ тілі бәсекеге қабілетсіз тіл екен, қазақ тіліндегі сөздер түсініксіз болады екен деген ой қалыптасады. Оның үстіне ол тұтынушы өз өмірінде орыс тіліне басымдық берген шалақазақ болса, ол мұндай жағдайдан кейін қазақ тілін үйренуге ден қоя ма, қоймай ма? Ал егер қазақ тілінде сөздер әжеміздің қолынан шыққан кестедей жұп-жұмыр, сөйлемдері ап-айқын, екіұшты мағына бермейтін дәрежеде болса, өзге тілден бір мысқал да кем түспей тұрса, бұл да тілімізді насихаттаудың ең тиімді жолы болмақ.
Мұндай мәселелерде енжарлық танытуға болмайды. Себебі тауарлар арқылы да тілдің қолданыс аясы кеңейеді. Өйткені азық-түлік тауарларын адамдар күнделікті тұтынады және ол еріксіз түрде сол жазулармен бетпе-бет келеді. Оқиды. Белгілі бір ақпарат алады. Қазақшасы осал болса, орысшасына қарайды. Қайтып қазақ тіліндегі мәтінге көз жүгіртпейтін болады. Демек, біз қолымызда тұрған дүниеге баса мән бермей отырмыз. Тұтынушыға сапалы жазылған мәтінді ұсына отырып, біз оның қазақ тіліне деген оң көзқарасын қалыптастыруға көңіл бөлмей отырмыз. Бізде бір қызығы шетелдерден келетін тауар өнімдерінің қазақ тіліндегі мәтініне белгілі бір жүйеде бақылау жүргізілмейтін сияқты. Мәселен, Ресейден шыққан «Сгущенное молоко с сахаром» деген сүт өнімін алайық. Осы өнімнің қазақша мәтініндегі сорақылықты көрсеңіз, жағаңызды ұстайсыз. Себебі ол мәтіндегі қазақша сөйлемдерді оқығанда тіліңіз күрмеліп қалады. Оның үстіне ондағы қазақша әріптер біздің қазіргі әліпбиімізде мүлдем жоқ әріптер. Бұл техникалық тұрғыдан кеткен қателік деп есептейтін болсақ та, мұндай жазбадағы мәтінді еш тексерместен қалайша тауар өніміне орналастыруға болады. Бұл біздің елде осыған қатысты бақылаудың, қатаң талаптың болмай отырғанын көрсетеді. Бұдан келіп туатын ой: «Біз өзге елдерден келетін тауарлардың қазақ тіліндегі мәтіндеріне қатаң талап қоюымыз керек. Олар біздің мемлекеттің ішкі нарығынан пайда тауып отыра, мемлекеттік тілімізге құрметпен қарамайтын болса, қалай болғаны? Біздіңше, бұдан өткен бассыздық жоқ.  Әйтпесе «Сгущенное молоко» өнімінде жазылғандай: «Белогорь» танты бар тойытылған сүт» деп жазу жалғаса береді. Бұған тоқтау қойылмайынша, жағдай осы бетінен түзелмейтіні анық.
«Мери чай здоровье» деп аталатын шайдағы мәтінге назар аударсақ та, осындай көріністі көреміз. «Сусыныңызды қан­дыратын ең соңғы (Мери шәйі денсау­лық) Жана шайын ұсынамыз. Арнайы қораптағы түйіршіктелген және жапырақты _қою шайы йісті және өзінше дәмді…»  Біз бұл мә­тін­дерді еш өзгеріссіз беріп отырмыз. Ал орысша нұқсасында мін жоқ. Барлығы түсінікті етіп жазылған. Қарапайым орфо­графиялық қателіктер жіберіп отырған өнім иелері мемлекеттік тілге жүрдім-бардым қарап отырғаны сөзсіз. Олар, ең алдымен, қазақтілді тұтынушыларды сыйлауы тиіс. Қазақтілді тұтынушының мемлекеттік ті­лін құрметтеуі тиіс. Бірақ бүгінгі таңда мұндай құрметтеуге тек заң арқылы ғана қол жеткізуге болады. Талапты күшейтсек қана дегенімізге қол жеткізе аламыз. Әйтпесе тауар­лардағы мәтіндер «баяғы жартас сол жартас» күйінде қала бермек. Мұны жүз пайыз сенімді түрде айта аламыз. Тауарлардағы орысша мәтіндерді кім болса сол аудара берген соң осындай жағдайға келіп отырмыз. Әйтпесе өз өнімін құрметтейтін және сол өнімді сатып алатын тұтынушыны қадірлейтін фирма, әлде компания басшылары сапалы аудармашының қызметін жүгінері сөзсіз. Кейбір өнім түрлерінде орысша сөздер қазақша мәтінде ешбір тәржімаланбастан жүргенін байқадық. Мәселен, бір өнімде «Сиыр етінен жасалған гуляш» деп жазылған. Гуляштың қазақша аудармасы жоқ па? Қуырдақ деген әдемі сөзіміз бар емес пе? Бұдан өзге де әдемі нұсқаларды тілдік қорымыздан көп кездестіруге болады. Отандық тауар өндірушілердің қолынан шыққан мына бір мәтінге назар аударалық. «Жетісу печеньесі» деп жазылыпты. «Печеньесі» деген сөздің қазақшасы нұсқада беріліп тұрғанына таңғалдық. Жоғарыда айтқанымыздай, егер де орысша сөздерді түбірін сақтай отырып қазақшалай беретін болсақ, тілімізден не қалады?  Бұрындары айран қорапшалары екі тілде «Кефир. Айран» болып жазылып келген еді. Қазір «Кефир» деген сөз қалды да, «Айран» деген сөз мүлдем жазылмайтын болды. Бұл қазақ тілін қасақана шеттету ме, әлде менсінбеу ме? Өнім атауларын орысша жазу немесе қазақ тілінің дәрежесін төмендету жалғаса беретін болса, тілімізге зор қиянат келмек. Мұның барлығы осы мәселелерге жауап беретін адамдардың өз міндеттерін толыққанды атқармай отырғаны немесе соны атқаруға құлықты емес екендіктерін көрсетеді.
Экономика мен бизнесте өнімнің сапасына ең бірінші кезекте назар аударылады. Олай болса, біз қарапайым тұтынушы ретінде тауардың сапасын және ондағы жазылған мемлекеттік тілдегі мәтін сапасын талап етуге құқылымыз.

Дәуіржан Төлебаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

7 Пікір

  1. Алуа

    Құрметті «Ана тілі» газетінің тілшілері! Менің көптен көкейімде жүрген сұрағымды тақырып арқауы етіп, мәселе көтергендеріңізді көріп, оқып отырмын. Сіздерге алғысым шексіз. Қаламдарыңыз талмасын.

  2. Сәбит

    Туған тіліміздің тапталып келе жатқандығын тілге тиек, тақырыпқа арқау етіп жазып жүрсіздер. Оқырмандар атынан көкейкесті мәселелерді қозғап, тіліміздің мәртебесі үшін күрестеріңізге алғыс айтамын.

  3. Ардақжан

    Масқара…. Мына қазақша атауларды оқып оытрып, жағамды ұстадым. Тілді қорлау…

  4. мен ғой

    ұсыныс: «собачканы» «айқұлақ» деп жүр. Бұл қалжың ба, жоқ келемеж бе түсініксіз. Қазіргі терминжасамдағы принцип неғұрлым қысқа әрі нұсқа болуы керек. Ағылшын тілінде қалай айтылса, солай алуды ұсынамын. Аталған тілде «собачка» — «at». Біз сондықтан «әт», тіпті болмаса «өт» деп алалық. Салыстырып көріңіз: «айқұлақ» — 7 әріп, 3 буын, ал «әт» не «өт» — 2 әріп, 1 буын

  5. Гүлназ

    Жоғарыдағы оқырман пікірімен келіспеймін. Оның ұсынысы қисынға келмейді.

  6. Лаура

    Қазақша атауы қате жазылған өнімдердің «қожайындарын» жауапкершілікке тартып, қомақты айыппұл салса, қазақ тілінің орфографиясына мұқият болуды үйренетін еді.

  7. Сәулет

    Қисынсыз аудармалар қаптап кеткені рас. Бұл мәселені қалалық әкімдік қолға алуы тиіс деп ойлаймын. Қазақ бола тұра, өз беделімізді өзіміз түсіреміз.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.