Еліне елеулі Елеукенов

Шығыс Қазақстанның Ұлан өңірі – тамаша, әсем табиғатымен ғана емес, атақты ғалымдар мен жазушылар, ел билеген білгір басшылар мен батырлар шыққан киелі өңір ретінде де белгілі. Алаш қозғалысы басшыларының бірі Райымжан Мәрсеков, Ұлттық Ғылым академиясының негізін салушылардың бірі, танымал тілші-ғалым Сәрсен Аманжолов, әлем таныған әдебиеттанушы-ғалым, академик Зәки Ахметов, тіл білімінің тағы бір көрнекті өкілі, бірнеше жыл  Алматы шет тілдері институтының ректоры болған белгілі ғалым, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Кәкен Аханов, он бес жыл Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтының ректоры болған педагог-ғалым, академик Күләш Құнантаева, Ұлы Отан соғысының даңқты батырлары Төлеген Тоқтаров, Ізғұтты Айтықов, Халық қаһарманы Қасым Қайсенов есімдерін құрметпен атасақ, осы үлкен жұлдызды шоғыр қатарына көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиеттанушы-ғалым, сыншы, жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Шериаздан Рүстемұлы Елеукенов есімін қосамыз.
Шериаздан ағамыз бұл күндері 85 жасқа толып отыр. Әрине, әңгіме бұл жасқа келуде ғана емес, мәселе соған қалай және немен келуде ғой. Осы тұрғыдан алғанда ғалым өзінің мерейтойына өнегелі өмір жолымен, елеулі ғылыми-шығармашылық табысымен, қайраткерлік қомақты қызметімен жетіп отыр.
Сексен бес жас деген айтарға ғана жеңіл. Шериаздан Елеукенов өткен жолға қарасақ –бұл жас дегеніміз бүкіл бір дәуір. Өйткені мұндай абыздық кемел жасқа толған адам тірі тарих десе болады. Олай дейтініміз – біздің мерейтой иесі сол тірі тарихтың бірі. Мысалы, Шериаздан ағамыз ХХ ғасырдың екінші жартысында күрделі тарихи кезең куәсі болған әдеби-мәдени үрдіске белсене қатысты. Ұлы Мұхаңнан, Мұхтар Әуезовтен тәлім алды, қазақ әдебиетінің классиктері Сәбит Мұқановпен, Ғабит Мүсіреповпен, Ғабиден Мұстафинмен және де басқа ұлт зиялыларымен етене жақын араласып, пікірлес, сырлас болды. Сөйтіп, қазіргі қазақ әдебиеті мен ұлттық әдебиеттану ғылымын дамытып өркендетуге, баспа ісін ұйымдастыруға белсене қатысты.
Біз бүгін осы айтулы оқиға үстінде Ш.Елеу­кеновтің алпыс жылдан асқан қайраткерлік-шығармашылық тіршілігін термелеп, ол жазған жиырмаға жуық кітапты тізбелеп жатпаймыз. Мұның бәрі Елеукеновтің ерен ерекшеліктерін, қайраткер тұлғаның ұлт мәдениетінде, әсіресе біздің рухани өмірімізде алатын орнының тылсым құпияларын аша алмасы анық. Ол алыс, жақын шет елдерге кеңінен белгілі ғалым ретінде де тұлғаланып тұрады. Бұл жағын ғылыми жұртшылық жақсы біледі. Біздің айтайық дегеніміз – Шериаздан ағамыздың қайраткерлік келбеті, адамдық ажары, әдебиет пен ғылымдағы үлесі. Қалың жұртшылық үшін де Елеукеновтің сегіз қырлы, бір сырлы ерекшеліктерін ашып, мыңдаған оқырман жүрегін тапқан жазушылық, ғалымдық сырларына үңілу маңыздырақ.
Елеукенов тағдыры, онымен бірге болашақ ғалым тұлғасы өзгеше және үлгі аларлықтай болып қалыптасты. Бұл құбылысты ұғынып білу үшін түп негізіне үңілу қажет. Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан әкесі Рүстем орта кластық білімі ғана болса да, өзінің қабілет-қарымымен Ұлан ауданы мен облыстағы дайындау мекемесінің орта буын басшыларының бірі болып, өз ісіне берілген, халық қамын ойлаған адал жан ретінде ел құрметіне бөленді. Әжесі Зейнептің бауырында әкесінің «кенже інісі» болып өскен Шериаздан басқа туыстары сияқты шаруашылық жолын емес, тілшілік мамандықты таңдап, сол кездегі тұңғыш та жалғыз университет – ҚазМУ-дің журналистика факультетінің орыс бөліміне оқуға түсті. Өмір жолын айқындауға жазуға қабілеттілігі ғана емес, өз пікірін қорғай білу қасиеті, өзін тәуелсіз ұстап, еркін сезіну ерекшелігі көмектесті. Бұл туа біткен мінезге мектеп тәрбиесі де игі әсер еткен болатын. Ол оқыған Шымқора мектебінде шәкірттердің өзіндік жеке көзқарастары болуы әрқашан құпталды. Соғыс жылдары сол Шымқора орталау мектебі бастауыш комсомол ұйымының хатшысы қоғамдық міндетімен қоса ауыл шаруашылық артелінде ересектермен бірге жұмыс істеді, он бес жасында Ұлан аудандық комсомол комитетінің пленумында қоғамда, ауыл шаруашылығында қалыптасқан жағдайларды батыл айтып, көзге түсті. Сол қайсарлығы үшін де пленум мүшесі болып сайланды. Бұл жасөспірім үшін үлкен сенім болатын. Соғыс кезіндегі қажырлы еңбегі үшін «1941-45 жылдары Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 16 жастағы балаң жігіт­тің бұл алғашқы мемлекеттік наградасы еді. Міне, қайраткер-ғалым тұлғасы осылай үлкен ең­бек май­данында қалыптасып, болашағына із салды.
Рух мықтылығы, дербес ойлау қабілеті ғалымның ұзын-сонар қилы өмір жолындағы ауыр сынақтарда өзін сақтап қалуға көмектесті. Алыстағы ауылдан келген қарадомалақ қазақ баласы университеттің орыс журналистикасы бөлімін үздік дипломға бітіріп, 1951-1959 жылдары өзі туған өлкеде, Шығыс Қазақстан облыстық «Алтай большевигі», «Коммунизм туы» газетінде (қазіргі «Дидар» газетінде) әдеби қызметкер, екі бірдей бөлімнің меңгерушісі болып жемісті еңбек етті. Осы газет редакциясында көптеген танымдық мақалалар, очерк, фельетон, әңгімелер, көркем фильмдер мен кітаптарға рецензиялар жазып машықтанды. Қазір де құлаш-құлаш ғылыми мақалаларды шабыт үстінде тез арада жазып тастау әдеті осы газетте қалыптасқанын ғалым үлкен мақтаныш сезіммен еске алады.
1959 жылы өзі оқыған универсиеттің журналистика факультетіне конкурстық негізде аға оқытушы болып қызметке қабылданады да, жас жігіттің екінші өмір белесі – әдеби-ғылыми іздену кезеңі басталады. Білім, ғылым, мәдениет орталығы – бұрынғы астана Алматыда ізденімпаз жастың талантына кең жол ашылады. Республикалық ірі басылымдарда түрлі жанрлардағы мақалалары, әңгімелері мен алғашқы сын мақалалары жарияланады. Ғылыми жұмысқа бейімділігін байқатқан талантты жас 1963 жылы Мәскеудегі Кеңес Одағы Коммунистік партия­сы Орталық Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясы әдебиет теориясы бөлімінің аспирантурасына түсіп, «әдебиеттанушы-маман» кәсібі бойынша бітіреді де, 1966 жылы «Қазақ романы және замана» деген тақырыпта осы академияның ғылыми кеңесінде кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шығады. Осы кезден бастап жас ғалым қазақ романын зерттейтін білікті бірден-бір маманға айналады. Диссертациялық зерттеу негізінде жазылған «Казахский роман и современность» атты монографиясы 1968 жылы жеке кітап болып жарық көріп, республикалық, одақтық деңгейде әдеби-ғылыми жұртшылық тарапынан жоғары бағаланады.
1967 жыл Шериаздан Рүстемұлы өмірінде тағы бір елеулі кезең ретінде есте қалды. Өскеменде облыстық газетте істеп жүргенде жоғары билік орындарының назарына ерте іліккен талапты жас Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетіне қызметке шақырылып, алғашында Насихат және үгіт бөлімінің нұсқаушысы, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметтерін абы­роймен атқарады. Осы жауапты қызметтерде жүріп сол кезде белең алған аударма газеттердің кеңінен қамтылуына жол бермеуге ықпал етеді. Осылайша журналист-ғалымның өмір жолындағы үлкен бір белесті кезең – қайраткерлік кезең бас­талады.
Шериаздан Рүстемұлын бүгінгі аға ұрпақ қай­раткер азамат ретінде жақсы біледі. Өткен ғасыр­дың соңғы ширегінде ол кісі туралы сөз бола қалса, «ол мықты министр ғой, бақандай 15 жыл баспа министрі болған сабазың ғой!» деп сүйсініп айтатын. Шынында да солай. 1971 жылы қырықтың қырқасына шыққан жігіт ағасына Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Баспасөз жөніндегі комитеттің төрағасы лауазымды қызметі сеніп тапсырылды. Кейін Қазақ КСР-інің Баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі комитет деп аталған министрлік деңгейіндегі ірі мемлекеттік құрылымды 15 жыл бойы басқару Шериаздан ағамыздың пешенесіне бұйырды. Бұлай ұзақ жылдар өз қызметін мінсіз атқару да сирек құбылыс.
Осы мемлекеттік маңызы аса зор жауапты қызметте Шериаздан Рүстемұлы нағыз білгір басшы, іскер ұйымдастырушы екендігін таныта білді. Ол осы салаға басшылық еткен жылдары республикалық және жергілікті полиграфия мен кітап саудасы кәсіпорындарының материалдық-техникалық базасы түбірінен қайта жаңғыртылды. Мұның өзі республикада баспа өнімдерінің сапалық жағынан өркендеуіне ықпал етті. Дәл осы жылдары Алматыда арнайы жобамен Кітап қалашығы: баспагерлердің Мәдениет сарайы мен Баспагерлер үйі, кітап фабрикасы, Республикалық кітап базасы, оқу ғимараты, баспаханасы мен жатақханасы бар полиграфия училищесі, баспагерлерге арналған тұрғын үйлер мен шағын отбасылық жатақхана, екі корпустан тұратын бес қабатты 500 орындық жастар жатақханасы салынып пайдалануға берілді, сол жылдардағы 19 облыс орталығында типтік жоба бойынша жаңа баспаханалар мен кітап базалары салынды, Алматыда алғаш рет Республикалық кітап мұражайы ашылды.
Ш.Елеукенов баспа саласына жетекшілік еткен 1971-1986 жылдары қосымшаларымен бірге санағанда он бес том құрайтын Қазақ совет энциклопедиясы, оқырман ықыласына бөленген «Достық кітапханасы», «Дүние жүзі әдебиетінің кітапханасы», «Бауырлар дауысы», «Достар құшағында», «Достық кітапханасы», «Өнегелі өмір» сериялық басылымдары, қазақ фольклорының «Ертегілер», «Батырлар жыры», «Ғашықтық дастандар» сериялары, көрнекті ақындар мен жазушылардың шығармалар жинақтары мен таңдамалылары жарық көрді. «Жалын», «Өнер» баспалары ашылып, балалар мен жасөспірімдер, өнер мәселелері жөнінде кітаптар мен фотоальбомдар шет елдерде шығарылып келсе, енді бұл жұмыс республикада қолға алынып, қаржы кітап өндірісі техникасы мен технологиясын қазіргі заман талаптарына сай қайта жарақтауға жұмсалды. Осындай игі шаралар өз нәтижесін беріп, кітап безендірілуі мен поли­графиялық орындалуы жақсарып, қазақ кітап­тары одақтық, халықаралық жәрмеңкелерде озып шықты.
Шериаздан ағамыз баспа саласын басқарған жылдары кітап өнімінің көлемі екі есе ұлғайды. Ресми орындардың кейбір қасаң талаптарына қарамастан өз пікірі бар ұлтжанды азамат хал­қымыздың өткен тарихын қамтыған әде­биетті шығару ісін батыл қолға алды. Сол жеке бастамашылдығы үшін қатты сынға алынып, жа­залауға ұшырады. Ілияс Есенберлиннің атақты «Көшпенділер» трилогиясын жарыққа шы­ғарып, арты үлкен дау-дамайға айналған шақта да Шәкең нағыз азаматтық мінез танытты. Осы кітапты шығартқаны үшін өз басына қауіп-қатер төнуіне қарамастан байсалдылық танытты, «Көшпенділерді» қорғап қана қоймай Мәскеудің «Дружба народов» журналында «Рост национального самосознания и исторический роман» атты зерттеу мақала жариялап, І.Есенберлин туындысын идеялық-саяси жағынан ұстамды шығарма деп жазды. Осыдан кейін іле-шала КОКП органы одақтық «Коммунист» журналында өзінің ғылыми жетекшісі болған атақты ғалым Г.Ломидзенің «Қаһар» романы туралы жылы пікір білдірген мақаласы жарияланды.
Олжас Сүлейменовтің атышулы «Аз и Я» кітабы да Шәкең комитет төрағасы болған кезде шығып, осы батыл әрекеті үшін де Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1976 жылғы 17-маусымда қабылдаған «О.Сүлейменовтің «Аз и Я» кітабы туралы» қаулысында, кейін Қазақстан коммунистерінің 1986 жылғы ХVІ съезінде қатаң сынға алынды. Мұның ақыры «басқа жұмысқа ауысуына байланысты» деген жаттанды желеумен қызметтен босатылды. Бірақ ғалым мойыған жоқ. Сол 1986 жылы ол М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры болып тағайындалды. Енді қаламгердің нағыз ғалымдық толысу шағы басталып, кемелдену кезеңіне ұласты. Директор болған екі жыл аралығында институт жұмысын жандандырып, қайта құру кезеңіндегі саяси маңызды шаруа – тарихтағы «ақтаңдақтарды жою», сталиндік нәубет жылдары жазықсыз жапа шегіп, қуғын-сүргінге ұшыраған атақты ақын, жазу­шылардың әдеби мұрасын қайта қарап жариялау жөніндегі Орталық Комитет құрған Комиссия төрағасының орынбасары ретінде Шәкәрім, Ахмет, Жүсіпбек, Міржақып, Мағжан сияқты аса көрнекті ақын-жазушыларды ақтап, шығармаларын халқына қайтару ісінде үлкен ұйымдастырушылық жұмыстар атқарды. Осы бес арыстың ақталғанына бір жыл өтер-өтпесте олардың өмірі мен шығармашылығы туралы зерттеу очерктерден тұратын «Жаңа жолдан. С новой строки» атты кітабы 1989 жылы қазақ, орыс тілдерінде жеке кітап болып жарық көрді.
1987 жылы маусымда Шериаздан Рүстемұлы­ның бастамасымен өзі басқарған институттың Қазақстан Жазушылар одағымен және Қазақ мемлекеттік университетімен (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) қазақ фольклоры мен әдебиеті мәселелеріне арналған бірлесіп ұйымдастырған ғылыми-теориялық конференция өткізілді. Үш бірдей мекеме ұйымдастырған бұл ғылыми мәслихатта академия ғалымдарымен бірге университет профессорлары мен көрнекті ақын-жазушылар да қазақ фольклортануы, прозасы мен поэзиясының өзекті мәселелері туралы салиқалы баяндамалар жасады.
1988 жылдан бастап институттың бөлім меңгерушілігіне ауысқан Шериаздан Рүстемұлы бұдан былайғы өмірін толықтай өзі жаны сүйген іске – ғылыми шығармашылыққа арнады. 1989 жылы КСРО Ғылым академиясының М.Горький атындағы Әлем әдебиеті институтында «Қазақ романының идеялық-көркемдік және жанрлық ерекшеліктері» деген тақырыпта докторлық диссертациясын сәтті қорғап, осы еңбегі арқылы қазақ романының зерттелуіне үлкен үлес қосты. 1987 жылы жарық көрген «От фольклора до романа-эпопеи» атты кітабы ұлттық әдебиеттану ғылымында роман жанрының туып, қалыптасуын жан-жақты зерттеген іргелі ғылыми еңбек болды.
1995 жылы жарық көрген «Мағжан» атты монографиясында аса көрнекті қазақ ақынының өмірі мен шығармашылығын зерттеу арқылы біз үшін жаңа Мағжанды ашты, Мағжан поэ­зиясын алғаш рет әлемдік сөз өнері жүйесімен қабыстыра зерттеп, ақынды өз кезеңінің әдеби даму үрдісімен тығыз байланыста көрсетті. Бұл туынды Мәскеуде шыққан «Тамаша адамдар өмірі» тұлғалық сериясындай әсерлі оқылатындығын бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Ұлттық әдебиеттану ғылымын жаңа бір белеске көтерген осы еңбегі үшін де ғалым еліміздің ең жоғарғы сыйлығы – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанып, Қазақ ПЕН-клубының М.Жұмабаев атындағы халықаралық сыйлығына ие болды.
Ғалымның қалам қуаты еліміз тәуелсіздік алған жылдары нық сезілді. «Әдебиет және ұлт тағдыры» (1997), «Сұлулыққа іңкәрлік» (1999) туындыларында ұлт тарихының мәселелерін, көркем әдебиет мұраларын зерттеу арқылы да, эссе, көркемсөз жолымен де тебірене толғаса, 2004-2007 жылдары жарық көрген «Ғасырмен сырласу», «Қазақ әдебиеті тәуелсіздік кезеңінде», «Тәуелсіздік биігінен», «Казахская литература: новое прочте­ние» атты іргелі еңбектері қазақ әдебиетінің тәуел­сіздік кезеңіндегі даму жолына арналған осы жылдардағы әдеби үрдістің табиғатына, рух еркіндігіне, сана азаттығына жаңа пайымдаулар жасалады.
Ш.Елеукенов сыншы ретінде елімізден сырт жерлерге де кеңінен танымал. Сыншы қаламынан туған сыни зерттеу, талдау, сараптау мақалалары кезінде Мәскеуде шыққан беделді басылымдарда, Ресей мен Украинада жарық көрген көптеген жинақтарда жарияланды. Орыс, қазақ тілдерінде бірдей жазатын қаламгердің эссе-толғаулары мен көсемсөз мақалалары республикалық газет-журналдарда жиі жарияланып, мәселені көтерудің сонылығымен, ғылыми талдауларының тереңдігімен ерекшеленді.
Шериаздан Елеукенов талантының бір қыры – жазушылығы. Соңғы жылдары көркем прозада қалам тербеп, қарапайым қазақ әйелінің адал жар, отанасы ғана емес, күрескерлік қажыр-қайратын танытқан «Мұхаметжан – Мархума» деректі повесі, тағдыр тәлкегіне түскен шақта да махаббатқа адалдық танытқан ғашық жандар сүйіспеншілігін әңгіме өзегі қылған «Әттең, дүние» филологиялық романы оқырман жүрегінен орын тапты.
Қаламгер елімізге драматург ретінде де белгілі. Оның «Емтихан» атты сатиралық комедиясы кезінде Абай атындағы Жамбыл облыстық және Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық драма театрларында қойылып, көрермендер қошеметіне бөленген болатын.
Шериаздан Рүстемұлы – ұлағатты ұстаз, педагог. Еліміз тәуелсіздік алған кезеңнен бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде журналистика, кітаптану курстарынан, әдебиет тарихынан дәрістер оқып келеді. Осы университетте Баспа және редакциялау кафедрасын ашуға себепкер болды. Бүгінде студенттер қолынан түспейтін «Кітаптану негіздері», «Қазақ кітабының тарихы» оқулықтары ғалым қаламынан шыққан.
Шериаздан Рүстемұлының ғылыми жетекшілі­гімен оннан астам филология ғылымының канди­даты дайындалды, олар қазір де әдебиеттану ғылымы мен жоғары білім саласында өнімді еңбек етіп келеді. Ұстаз-педагог шәкірттерінен ғылыми жұмыстың өзекті тақырыпқа құрылып, нақты проблеманы көтеруін талап етеді. Жалғандыққа бармайды, жүрдім-бардым, қалай болса солай, атүсті жазылған еңбектерді аяусыз сынайды. Шә­кірт­терінің де осылай әділ болуын қалайды. Сон­дықтан да жас ізденушілер Шериаздан ағаның ғылыми жетекші болуын өздеріне үлкен мәртебе санайды.
Соңғы жылдары М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында әлем әдебиеті және халықаралық байланыстар бөлімін басқарған кезде ғылыми жобаларға жетекшілік етіп, алғаш рет дайындалып жарық көрген он томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы» жаңа басылымының редак­циялық бас алқасының мүшесі ретінде тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиетке арналған 10-томның бас редакторы болды, томның негізгі тарауларын жазды.
Айта берсек, Шериаздан ағамыздың қалам тер­бемеген саласы жоқ десе болады. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, көсемсөзші Камал Смайылов айтқандай: «Елеукеновті қайда сал­саң да жарып шығады, журналистикаға салсаң – ми­нистр, ғылымға салсаң – доктор болып шығады».
Қазір де ағамыз осы қалпынан айныған жоқ. Үнемі ізденіс үстінде. Соңғы жылдары «Еуразиялық бойтұмар» деген атпен орыс тілінде зерттеулер жинағын шығартып, елімізде тұңғыш рет еуразиялық қозғалыстың әдеби-публицистикалық бастауларын ашуы, Абайдың «Евгения Онегинін» аударма емес, эпистолярлық роман деп тұжырымдауы ғалымның жаңа идеяның, тың ойдың адамы екенін білдіреді. Қашанда қарапайым, кішіпейіл Шериаздан Рүстемұлының жоғары азаматтық ұстанымы, үнемі ізденіс үстіндегі еңбекқорлығы бәрімізге ұлағатты өнеге болмақ.
2009 жылдың жоспарлы ғылыми жұмыстарын ойдағыдай жазып бітіру жағынан профессор Елеукенов өзі істейтін институт алдыңғы орында келеді. Биылғы жыл қорытындысы бойынша ол республикалық газет, журналдарда 12 ғылыми-танымдық мақала жариялаған екен. Оның ішінде «Жалын» журналында жарияланған «Қырғызстанның жаңа әдебиеті», «Жұлдыз» журналында жарық көрген «ХХ ғасырдың басында тәуелсіздік иедеясын көтерудегі қазақ баспасөзінің қызметі» атты көлемді зерттеулері жаңа ғылыми жоба үдесінде жазылған сүбелі еңбектер. Мұның өзі қажырлы ғалымның қалам қуатының мықтылығы мен шапшаңдығын танытса керек.

Серікқазы Қорабай,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер
институты Абайтану және жаңа дәуір
әдебиеті бөлімінің меңгерушісі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.