Түбіртектер қашан қазақшаланады?

Сіз бен біз — тұтынушымыз. Тұтынушының қолына сауда жасаған жерінде арнайы түбіртек берілетіні белгілі. Көп мән бермейді екенбіз, ал сол түбіртектегі жазулардың барлығы орыс тілінде. Супермаркетке кірсеңіз де, банкке барсаңыз да, кеңсе тауарларын сататын дүкенге кірсеңіз де, тіпті асханадан тамақтансаңыз да қолыңызға берілетін түбіртектер бірыңғай ресми тілде. Неліктен бұлай? Неге түбіртектер мемлекеттік тілде жазылмайды? Әлде қазақша жазсақ, көп жұрттар түсінбейді деген пікірден арыла алмай келеміз бе? Мұндай көзқараспен өмір сүретін болсақ, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын қалай кеңейтеміз?

Сауда-саттық орындарындағы тауар атауларының тоқсан тоғыз пайызға жуығы орысша, қала берді ағылшынша және т.б. тілдерде. Бұған дәлелді алысқа бар­май-ақ қолыңыздағы түбіртек жазуларынан-ақ аңғарасыз. Мә­селен, қазір Алматы тұрғын­дарының тамақтанатын танымал асханасының бірі «Қағанаттағы» түбіртектерден: «Выпечка», «Салат Крабовый», «Пирожки», «Каша рисовая», «Чай с молоком», «Гарнир пюре» және т.б. жазуларды байқауыңызға болады. Кеңсе тауарларын саудалайтын «Абди Компанидың» түбіртектеріне назар аударсаңыз, «Ручки шариковые, бумага, лентка клейка, клей-карандаш, корректор, книга учета, папка, настольный набор, ватман және т.б. сөздерді көресіз. Мұндай мысалдарды еліміздегі әрбір сауда-саттық дүкендерінен көптеп келтіре беруге болады.
Бүгінде қазақ тілінің терминологиясы жаңа сөз бен сөз тіркестерімен толығып келеді. Қаншама жинақтар жарық көруде. Егер терминолог ма­мандардың ғылымның әр саласынан маңдай терлерін төгіп, сарыла ізденіп аударған терминдік атаулар, сөздер қолданыс таппаса, қыруар еңбектің зая кеткені емес пе? Терминдерді қазақшалауға Үкімет тарапынан үлкен көңіл бөлініп отыр. Бұл жайдан-жай емес. Сол шығып жатқан көптомдық еңбектерді сөрелерге әдемілік үшін қойып қою емес. Мәселе сол аударылған сөздерді өмірге, өндіріске, қызмет салаларына, компьютерлік бағдарламаларға, кассалық аппараттарға, жолаушы билеттеріне тезірек ендіруде. Сонда қазақшаланған терминдер осы аталған салаларда қолданыс таппайтын болса, оларды ғалымдарымыз кім үшін, не үшін аударуда? Барлығы да қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктетуге бағытталып жасалып отыр.
Біз қазақ тілін насихаттауды, қол­даныс аясын кеңейтуді күнделікті өмірде тұтынушының қолына тиетін түбіртектерден неге бастамаймыз? Түбіртектердің мемлекеттік тілде жазылуын неге талап етпейміз? Еуропа елдеріне барсаңыз, тұтынушы ағылшын немесе испан, итальян тілінде жазылған түбіртектерді тамақ алушы адам түсінбей қалады-ау деп жатқан ешкім жоқ. Ағылшын мейрамханасына кірсеңіз, ағылшынша жазылған түбіртекті ұстатады. Өзге елдер туралы да осыны айтуға болады. Мұндай елдерде мемлекеттік тілдің үстемдігі айқын сезіледі. Себебі барлығы сол тілде бекітілген. Шетелде жүрген адам өзіне қажетті тауарды алса да, асханадан тамақтанса да, түбіртектегі жазусыз-ақ өзіне керегін алады. Ол түбіртектегі жазуды оншалықты түсінбегенімен, тамақтың түрлерін түр-түсіне қарап ажыратып алады да, тапсырыс жасайды. Ал біздегі ұстаным бәріне түсінікті тілде жазу ұстанымы болып отырғаны қынжылтады. Бәріне түсінікті тілде жазылмаса, өзге ұлттардан ұят болып қалатын сияқты, түбіртекте қазақша сөздер жазылмаса, тауар атаулары қазақша белгіленбесе, тұтынушы керегін таппай қалатын сияқты психология бар. Біз мұндай көз­қарастан, мұндай психологиядан арылмасақ болмайды. Тез арада арылудың жолын іздеуіміз керек. Сол үшін де батыл түрде осы тәжірибені бірте-бірте ендіре берген жөн. Кәсіпкерлеріміз де мемлекеттік тілді дамытуға ықыласты болуы керек. Себебі халықпен тікелей жұмыс жасап, сауда-саттық жүргізіп, асхана ісін дөңгелетіп отырғандар — кәсіпкерлер. Олардың арасында қазақ азаматтары қаншама. Бірақ соған қарамастан, өз тауарларының өтімді болуын, жұмыстарының қарқынды жүруін қалай ма, әйтеуір, өнімдерін, ұсынып отырған қызмет түрлерін түбіртекте ресімдеуге келгенде орыс тіліне басымдық береді. Бұған қарап, біздің елдегі түбіртекті басып шығаратын кассалық аппараттардың өзіне де қазақ тілі енбегенін аңғаруға болады. Бұл жағдайға кәсіпкерлеріміз ерекше назар аударып, түбіртектерді қазақшалауда нақты шаралар қабылдайды деп сенеміз.

Дәуіржан Төлебаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Асылжан

    Расында да осы мақаланы оқығанға дейін талай түбіртектерді алып жүргенмен, олардың тек қана орыс тілінде шығатынына мән бермеппін. Басқа мемлекеттерде мемлекеттік тіл үлкен басымдыққа ие. Ал біздегі жағдай басқаша. Қашанғы өзіміздің емес, өзге ұлттың қамын ойлай береміз? Олар қазақша түсінбейді екен деп, туған тілімізді қорлап жүрміз.

  2. Олжас

    Жоғары жақ қазақшаланбағанша, түбіртектер де қазақшаланбайды.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.