«Білімді терең ойлап, сөзін саптар»

Қай ғасырда болмасын жаңа түсінік, жаңа таным тіл білімінің терминологиясына енуі шартты құбылыс. Алайда тіл өз ережесімен дұрыс қолдану жолдары мен тәсілдеріне тереңірек мән беруді, артық дүниеден арылтып отыруды қажет етеді. Жаңа ұғымдар мен аударма мағынадағы кейбір сөздердің орынсыз тәртібі, тура келмейтін жалғауларды жалғап айту сөз саптауда байқаусыз өзгерістерге, дәлірек айтсақ, қателіктерге әкеліп, тіпті, орфографиялық ережеге еніп кетуге шақ қалып тұр. 

Қазақ тілінің түйінді түйткілдерін тіл мамандары да алаңдаушылықпен ұлттық баспасөз беттерінде көтеріп, осы күнгі тілдік қолданыстағы қателіктерді түзеу туралы ойларын алға тартуда. Менің ойымша, қазақ тілінің туырлығын түзеуші қазақтың өзі ғана. Әркім қазақтық тегін ешқандай еліктеу мен есіруге айырбастаусыз қазақылық әдебін сақтаса жарады…. Бүгінгі тілдік, тіпті ұлттық мәселеге айналып отырған осы түймедей себеп қана.
Қазақ халқы тегінен терең ойлы, сөзі өткір де шешен, ісі нық болған. Ал қазір ше? Кейбіреулердің тілімізге мұрын шүйіре қарайтыны, кей аудиторияларда әдемі-ақ айтылатын қазақша сөзді орынсыз қолданып сөйлеуі көбейіп бара жатқан се­кілді. «Айтпасаң сөздің атасы өледі», «сын түзелмей мін түзелмейді» деген сөздер бар.
Біздің халықтың тіл мәселесін жана­шыр­лықпен көтеріп жүргеніне ширек ғасыр болды. Нәтиже жоқ емес. Әжептәуір жетістіктер де баршылық. Қазір халық «тіл мәселесі» деген құлақты жауыр еткен жарнамадан шаршаған. Құлақ естіп, көз көрген жайт: кейбір қазақтар осы құрғақ сөз бен нәр болмайтын уағдалардан мезі болғанын айтады. Алайда осы шаршатқан мәселе әлі де шиырлай түспесе, шешімін толық тапқан жоқ. Қайсыбір уақыт, қайсыбір ел болмасын тілдік өзгерістерді қадағалап отыру қажеттігінің дәлелі қазіргі Ресей Федерациясының да өз тілдеріндегі сөздік қолданыстары едәуір өзгеріске ұшырағаны, байқаусызда мағынасыз шатпақтарға айналып кете жаздағаны түйткілді мәселеге айналып тұр. Оған да себеп Ресей жастарының батысқа еліктеумен сөздерін бұзып сөйлеуі екен. Ассимиляция – көзге көрінбей болмашы еліктеушіліктен басталатын жойқын құбылыс, батпандап кіретін, мысқылдап шығатын ауру. Әлбетте, ауруды шығара алатын ынта, ықыласты күш болса… Сөзді дәлелдейтін күш бар болса, ол – іс. Не істеу керек?! Ешкімнің етегіне жармасудың, шағымданудың, өзге теріс бұрылды екен деп өз тоныңды отқа тастаудың қажеті жоқ. Оттай жалмайтын тіл жоюшылық, рухани күрес заманында сол отқа өз тіліңді тастай салудан аулақ болу қажет.
Мәселен, «Ана тілі» газетінің 2014 жылғы жарық көрген №12 (1216) санында филология ғылымдарының кандидаты Жанат Исаева «Біз қалай сөйлеп жүрміз?» атты мақаласында «Әдеби тілдің ауызша және жазбаша түрінің нормаларын шатастыру, дыбысталған сөз бен жазба сөздің парқын ажырата алмау соңғы жылдары жиірек байқалып жүр. Әсіресе радио және теледидар экрандарынан сөз алатын жүргізушілер аталған жайтқа айрықша назар аударулары тиіс» деп қазақ тілінде айтылуда ескерілуге қажет саналатын негізгі мына қағидаларды көрсетеді: «Біріншіден, қазақ тілінің ауыз­ша жүйесі үндесім заңына бағынады. Қазақ тілінде ә дыбысы сөздің бар буынында айтыла бермейді. Сондықтан жазуда екінші буыннан ары а әрпімен таңбаланады. Мә­селен, күнәһар, рәсуа, Жәмилағ, т.б. Ә ды­бы­сымен қазақ сөзін аяқтамайтынын сөз соңындағы жалғаулардан көруге бола­ды: жайлауда (жәйләуда), кінәламау (кінәләмау), т.б. Бұл жерде жіңішке буыннан бас­талған сөз жуандап барып аяқталып, тіл үндестігі бұзылғандай көрінеді. Осы ретте ауызша сөйлеу мен жазбаша таңбалаудың қағидаларын еске алу керек» делінген және ш, ж, й аралығында жазылатын а дыбысы айтуда ә болатынын шай [шәй], жай [жәй] және ерін үндесімін де сақтай білуді су [сұу], суық [сұуұқ], бу [бұу], сол сияқты бір­неше ескерілуі қажет тұстарды көрсетіп береді.
Нақ осы мазмұндас мақала «Ана тілі» газетінің №10 (1214) санында «Сөз саптаудағы самарқаулық» (авторы филология ғылымдарының докторы Жеңіс Сәдуақасұлы) деген атпен шықты. Мақала мазмұны осы күнгі біз мән бермей жүрген, тілімізде белең алып келе жатқан өрескел қателіктерге тосқауыл болуға үндейді. Расымен біз осы күнде -қ, -к жіктік жалғауын етістіктерге орынсыз жалғап жүргенімізді байқамай келеді екенбіз. «Бара жатырмыз» деп ғасырлар бойы қолданылып келген сөз «бара жатырық», «оқып отырмыз» дегенді «оқып отырық», осы мәнде «келіп тұрық», «барып жүрік», т.с.с. сөздер қалыптасып кетіпті. «…Бұл қателіктің етек алғаны сонша, үлкен де, кіші де, ұстаз да, шәкірт те, қарапайым қызметкер де, басшы да, журналист те, тіпті жаңадан шығарыла бастаған қазақ телесериалдарының кейіпкерлері де (олардың сценарийін, сөздерін дайындаушылар бар ғой) еш ойланбастан қолдана беретін болды. Алда-жалда естіп қалған жерде ескерте қойсаң, «жұрттың бәрі солай айтып жүр ғой» деген немқұрайлы жауап аласың» дейді автор. Жоғарыдағы қателіктерді автор өз сөзінде: «Мұны мына сөйлемдерді салыстыра оқу арқылы байқау қиын емес: Сіздің тапсырмаңызды орындап отырмыз ғой (сіздің тапсырмаңызды орындап отырық қой); бір сағат бойы орнымызда тапжылмастан тұрмыз (бір сағат бойы орнымызда тапжылмастан тұрық), т. б.» деп көрсетеді. Сондай-ақ қазір ауызекі тілде белең алған «Экранға назар аударсақ», «мына суретке көз салсақ», «кітаптағы мәтінге қарасақ» деп келетін сөздер ой жұтаңдығын білдіретін қателік, дұрысында «экранға назар аударайық», «мына суретке көз салайық», кітаптағы мәтінге қарайық» болуы қажет екенін мақаладан анықтай түстік. Сөз саптаудағы тағы бір түйткілді тұстың бірі модаль көмекші сөздерді орынсыз жіктеп жіберуіміз екен. Автор «…модаль сөздерді көмекші қызметте қолданудағы қателіктерді көрсету мақсатында бірнеше мысал келтірейік: Ақ тайдың асау екенін ұмытып кетсек керек (кетсек керекпіз, кетсе керексің емес); Сөздің асыл болуының жалпы шарттарын білуің қажет (білу қажетпін, білу қажетсің емес); т.б. Жақша ішінде берілгендей қолданыстың пайда болуының түптамыры осы сөздердің орысша қолданысын қазақшаға тура аударуда жатыр деп ойлаймыз. Нақтырақ айтқанда, орыс тіліндегі «мы должны говорить» деген тіркесті «біз айту керекпіз» түрінде тікелей қолданудамыз. Бұл қателік те тілімізге дендеп еніп алды» деп жазады.
Өздеріңіз қанық болғандай, халық болып көңіл бөлмесек, шырайлы да әуезді тіліміз ассимиляциялануда. Расымен, осы күнде көптеген сөздерді орысшадан тікелей аудармасымен орынсыз, көңілге қонымсыз қолданып жүрміз. Мысалы, «Можна задать вопрос» деген орысша қолданыстан «Сұрақ берсем бола ма?» деген қате сөз (дұрысында Сұрақ қойсам бола ма?), т.с.с. сөз тіркестері кейбір адамдардан тұрпайы естіліп жүр. Сонымен қатар тіл жанашырлары қазіргі қоғамда ардақты, абыройы биік сөздерді, дұрысында атауларды лайықсыз қолданып, сөз қадірін де тұралатып жатқанын атап өтеді. Автор «мырза», «ханым» атауларының ерте заманнан задынан асыл, рухи парасаттығы ақсүйектігімен үйлескен текті кісілерге айтылатын сөздің құны бүгінде арзандағанын айтады.
Себебі кеңестік кезеңінде «господин», «госпожа» делінген атаулардың аудармасын тілшілер жоғарыдағы нұсқамен ұсынған екен. Осы тектес қолданыстар қатарына, менің пікірімше, «Жұлдыз», «Ұстаз» атауларының да қо­сылғаны лайықсыз. Бұл атаулардың жылдар бойы (40-50 жыл) тірнектеп жиналған еңбектің дәрежесіне: бірі – шашы ағарған бала тәр­биелеушісіне, бірі – қандай да бір өнер аспанына жарығын шаша алған өнер иесіне, жалпы тағылым тұлғаларына берілетін құнды­лығы арзан атаққа айналып жатқан жайы бар.
Тіл жанашырлары осы тектес өрескелдіктер телесериалдарда, БАҚ-тың көпшілігінде өріп жүргенін айтады. Кейбір тележүргізушілерден «нешеуі?» деудің орнына «нешесі?» деп сөйлей беруді де, сөз саптаудағы самарқаулықты да байыптап тыңдасаң байқай аласыз. Сын көзбен қарау санаға жат болғандықтан «көш жүре түзеледі» деп сенім артып қоямыз. «Сенген қойым сен болсаң…» демекші, қазақтың салиқалы сөзімен сусындатар буынның сөз қолданысы ақсап тұрса, онда жас жеткіншектердің тілге машықтануы, шешендік өнерге ықыласынан, тіпті орысша ойлануға да дағдыланған, кеңестің көзін көрген қызметкердің, әрісі шаруа, диқан, шопанның сөз саптауынан не күтіп едіңіз? Әлгіндей тура аудармада сөйлеудің белең алуы да орысша ойын өрбітетіндерден келген әдет.
Қарапайым халықтың күнделікті сөз әдебіне бірер сағат құлақ түріп көрелікші, орысша сөз таба алмау – өте сирек құбылыс. Тағы да «Ана тілінің» бетінен мысал келтірсек, басылымның №40 (1194), 2013 жылғы санында «Тілі екеудің діні екеу» (авторы М.Кенжебай) деген мақала жарық көрді. Мақалада: «Олар түгілі, қазір қазақтар сөйлеп отырғанда құлақ түрсеңіз, олардың үш сөзінің екеуі орысша. Ең қорқыныштысы сол, қазір қазақтар өзі қолданып жүрген бұйымдар мен мүліктердің қазақша атауын біле тұра соның орысшасын айтатын ауруға ұшырады. Мысалы, қазір қазақтар бір-біріне «нормально», «нормально ма?», «короче», «вообщем», «кстати», «братан», «сестренкам», «племянницам», «племяннигім», «снимать ету керек» деген сияқты сөздерді қыстырмаса, өз ойын жеткізе алмай, қолдарын ербеңдетіп, аянышты бір күйге түседі. Енді «ң» әрпін айтпай оның орнына «н» дыбысын қолданып «жаңағы» демей «жанағы», «мың теңгені» «мын тенге» деп тілін өтірік бұрмалайтын ақымақтар көбейіп барады» деген жолдармен шындықты баяндап келіп, «Қазір бір қарындастарымыз үйдің қабырғасын тек «стена» деп атайды. Оны қазақ қабырға деп те, кереге деп те, жар деп те айта береді. Қазір қазақтар қазанның қақпағы демейді, «крышка», үйдің төбесін «крыша», сыпыртқы, сыпырғыш, сыпырғыны «веник», моншаны «баня» дейді. Басқа мұндай мысалды келтірсеңіз, қағазға сыймай кетеді. «Екі бөлмелі», «үш бөлмелі» демей, «двухкомнатная», «трехкомнатная» дейді. Осының бәрі бүгінгі қазақтың өз елінде жүріп-ақ тілі, салт-дәстүрі ғана емес, бүкіл сана- сезімі, ақыл-есі ассимиляцияға ұшырағанын, қаттырақ айтсақ, жаппай мәңгүрттеніп бара жатқанымыздың нақты, бұлтартпас дәлелі» дейді автор.
Тілге төнетін бар қатер аралас тілділіктен болып отыр. Себебі орысша ойлайтын мүмкіндікке ие қазақтардың орыс сөзімен қазақша жалғаулар жалған­ған сөздерді, қазақ сөзін қажетсіз жал­ғау­лар арқылы қолдануды, аудармасына немқұрайлылықпен (терминді) өз қалпымен айтуды әдетке айналдыруы – өзекті мәселе.
Сонымен, тақырыпта қаралған тіл қол­данысы туралы қателіктердің өзі – осы. Қазақ та халық болған соң тілге шешені мен шорқағы бар, оқығаны мен оқымағаны бар, қазақылары мен орыстанғаны бар дегендей, сөз саптауда қателік болмай тұрмайды. Алайда қапелімде пайда болған қателіктерді қаперге алмасақ, ә дегенше тіл ғылымына еніп алмақшы. Ал сонан соң күресіп көр… Қазіргі де осал емес. Осындайда Ақан серінің «Білімді терең ойлап, сөзін саптар» дегені ойға оралады. Осы сөздің талабынан шыға білсек деймін.

Ұлмекен Лесбекова
АЛМАТЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Айболат

    Өз тілімізді өзіміз дұрыстамасақ, болмайды. Орыс тілін санамыздан шығармайынша, мемлекеттік тіліміздің жағдайы жақсармайды. Балаларымызға да орысшаны қосып сөйлейміз. Сөйтіп, жастарға өкпелейміз. Отбасындағы әке-шеше баласымен тек қана таза қазақша сөйлеп үйренсе, балада таза қазақи тіл қалыптасар еді.

  2. Айза

    Қазір қазақ телевизиясында сымбатты, бірақ қазақша екі сөздің басын құрай алмайтын, шала сөйлеп, шатасатын жүргізушілер көп. Аттарын атап, тізбектемей-ақ қояйын. Көреремендер өздері-ақ біліп отыр.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.