Ғасырларға ұласты Үмбет үні

Жуырда Қазақстан Жазушылар Одағында халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтың туғанына 125 жыл толуына орай «Ақпа ақын, айтыскер ақын» атты ғылыми-танымдық конференция өтті. Жиынды жазушы Нағашбек Қапалбекұлы ашып, жүргізіп отырды.

Сөз кезегін алған Қазақстан Республикасының ҰҒА академигі, ф.ғ.д. бүгінгі қазақ филологиясының абызы, академик Серік Қирабаев Үмбетәлі ақынның шығармашылығы туралы тебірене сөз толғады. «ЖасынанЖамбыл жырларын сүйіп өсіп, жатқа білген Үмбетәлі ұстазы Жамбыл ақынның шығармашылығын халық арасына таратты, өзі де ақындық өнерде ұстазына еліктеп қилықилы дастандар, жыр-толғаулар жазып, ел-жұртқа танылды. Оның айтыс өнерінде де шоқтығы биік. Үмбетәлінің жалынды жырларының үні ғасырдан ғасырға жетеді» деп түйіндеді.

Бұдан соң сөз кезегін алған Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Қайратхан Баймолдаев «Ұлы таулар аласармайды,  ұлы есімдер ұмытылмайды демекші, абыз ақындар мен батыр бабалар есімі ұрпақ санасында мәңгілік жаңғыра бермек. Бұл игілікті іс  Конференция бүгінгі ұрпақтарының ақын рухына деген тағзымы деп білеміз. Жүз жыл өтсе де маңызын жоймаған Үмбетәлі жырлары, мың жылда да ұрпақ мүддесіне қызмет ете бермек», деді. Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты ақын Ғалым Жайлыбай, Үмбетәлі шығармаларының мазмұны бай, мағынасы терең. Ақынның әдеби мұрасының өзіндік ерекшелігі басым. Сондықтан оның есімі қазақ тарихында мәңгі жаңғырады деген пікір білдірді. Халықаралық сықақшылар байқауының жеңімпазы, қазақ әдебиетінің ақсақалы Мыңбай Рәш та Үмбетәлі ақын жайлы біраз естеліктер айтып, көрерменнің көңілінен шықты. Жамбылдың «Ақындарға арнау» деген термесінен үзінді оқыды. «Кейінгі кезде Үмбетәлі, Кенен деген сөздері түсіп қалып жүр, орнына қою керек. Кезінде Алғадайдың қазасын Жамбылға Үмбетәлі естіртіп, Жәкеңе қырғыз ақыны Бердіғұл жұбату айтқан» деген дерек айтты. Өз кезегінде Абай атындағы Қазақ Педагогика университетінің профессоры, ф.ғ.д. Темірхан Тебегенов тұжырымды ойпікір білдірсе, Қазақ энциклопедиясының директоры, ф.ғ.д. ақын Бауыржан Жақып ерекше шабытпен сөйледі. Айтулы басқосуда қазақ қаламгерлері Үмбетәлі Кәрібаевтың шығармашылығы, өмір өрнегі жайлы кеңінен сөз қозғады. Өте әсерлі, кең мағыналы отырыс қаражорға ақынның шын жүйрік, нағыз тұлпар екенін тағы да дәлелдеді. Осы тұста Нағашбек Қапалбекұлы «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қайрат Сатыпалды, сенатор Ләззәт Тұрлашев пен Жабал Ерғалиевтен және ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтен құттықтау жедел  хаттары келгенін айтты.

Шара соңында ақынның қызы Дәмегүл Мұсабекова Жазушылар одағының қара шаңырағында әкесіне арнап дүбірлі жиын өткізген азаматтарға алғысын жаудырды. Қарт ана академик Серік Қирабаевқа ерекше ризашылығын білдірді. Жиын соңы «Құлансаз», «Сүйінбай сазы» ансамбльдерінің әсем ән, күмбірлеген күйіне ұласты.

 

Меруерт Орынбайқызы,
журналист

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. иайра

    Тағылымды шара өткен екен. Фотосуреттерін де іліп қойғанда болар еді.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.