Айнасы сынған көңілмін…

Орыстың Ақ Патшасы да қара қазақты аямағаны тарихтан белгілі. Қазақты қанжап қылып қырған кешегі Қызыл Үкіметтің (Кеңес Империясының) қансонар әрекеті де қалың елді тоз-тоз қылды. Көмусіз қалған көп мұңдық пен ашусыз қалған көп шындықтың құлыбы бар да, кілті жоқ. Қуғын-сүргін көрген құрбандықтардың көз жастары көңіл сарайыңның терезесінен күзгі жаңбырдай сорғалайды да тұрады. Есесі кеткен халықпыз, ендігі күніміздің не болмағы бір Құдайға аян… Зар заманның зарпынан жат жерде сүйектері қалса да, ақ тілектерін Атамекенге жалғап кеткен аруақтарға, шет елдерде жүрген бүгінгі қандас бауырларымызға арнаған «Айнасы сынған көңілмін…» атты жыр-толғауымды ұлтыма деген жан-махаббатыммен қоса жолдап отырмын.
Автор

Сабыр Адай,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының және Махамбет сыйлығының иегері

«Қол кісенсіз байлаулы,
Іш қазандай қайнайды».
«Көкмойнақтың үйірі» –
халық жыры

Жал-жал да құмдар, жал құмдар,
Жан бабамды-ай алдыңдар.
Жанын бір көзге көрсетіп,
Жаныштап көрге салдыңдар.

Жау семірді-ай зәріне,
Әзәзіл мінді кәріне.
Уәзипа,уәжіп, ұлағат –
Әдіра қалды бәрі де.

Таусылып ердің амалы,
Тар жолдың көші қаралы.
Жетім де күшік жер бауыр –
Жылымшы қаннан жалады.

Түлік те безіп төлден кіл,
Төбеңді ойып төнген жыл.
Атасы қасқыр бөлтірік –
Айға бір ұлып өлген жыл.

Сайға да тұлып толған жыл,
Сайланып құзғын қонған жыл.
Көмусіз қалған көп сүйек –
Қорқытқа қобыз болған жыл.

Аяуды білмес неткен жын,
Аяғы келген көктен кім?!..
Аруана шайнап ботасын –
Көрт үлек күлге шөккен күн.

Ақ болып басты оң жақты.
Қызыл боп басты сол жақты.
Ақ Патшаны да аударып
Тек жатқан бізді сорлатты.

Орыс та ойлап тапты ма?!..
Жөйітке, әлде, жақты ма!?..
Ажалдың ашты қақпасын
Тапсыздар менен таптыға.

Тасыған теңіз күшіндей,
Ел жұтылды-ай бүтіндей.
Патшалы байтақ орыстың –
Өзі де жатты түсінбей.

Байлар да өлді жансыздан,
Кедей бір өлді малсыздан.
Ұтылып жатты күллі әлем –
Имансыз бенен арсыздан.

Адалдан нәсіп ас қалды,
Адамға адам қастан-ды.
Қызыл ту ұстап өршіген –
Қып-қызыл жалын басталды.

Ту алған жанда тұрыс жоқ,
Өзінен басқа дұрыс жоқ.
Жетпіс жыл илеп санамды –
Қатып бір қалдым құрыш боп.

Етектен басып елірді.
Төріңнен қазып көріңді.
Тамырдан шауып талмады –
Бір тұтам болған өмірді.
(Табытшыл тажал ойқастап –
Көзі бар жанға көрінді).

Бітпеген зарлы ән сынды,
Болмаған атып таң сынды.
Тағдырдан солай зауал боп –
Қабаққа біздің қан сіңді.
(Тақсірет тақта тәмсіл-ді).

Келімсек құлдың әнтегін,
Келеке қылды нар тегін.
Құранға қолы жетпеді –
Халифа, хакім, халфенің.

Жөн айтып қылар қайда наз,
Жөнелді көпті айдап аз.
Үкімет қызыл қолы қан –
Қолсүрткі болды жайнамаз.

Тебініп тексіз тулаған,
Ақ ішіп, жүзін жумаған.
Мешітке келіп сарыды –
«КЕҢЕСШІЛ» кербез қу надан.

Бұғынып бұлттан шың қашты,
Сырлы аяқтан сын қашты.
Бәлшевик деген зұлматтан –
Адам да түгіл жын қашты.

Иманшарттан да жаңылды,
Зымыстан заңға таңылды.
…Сұлтандар мініп жүр әлі –
Суға бір кеткен салымды.

Құлаштап салып шынжырды,
Құлдардың жайын жыр қылды.
Теріп те атып текесін –
Алаштың белін сындырды.

Түрі де қашқан түзді көр,
Көрінген жанға үздігер.
Айдамай түскен аранға –
Ақ бөкен көрсең, бізді көр.

Кеудемді самал жел үксін,
Шідерді шешер келіп кім!?..
Көзінде қанша тарих бар –
Талауға түскен еліктің.

Таңменен тұрып таластым,
Жан бермеу үшін жанастым.
Көтеріп басын сүйер кім –
Ақбөкен тағдыр – Алаштың?!.

Үкімет келді қызылдан,
Тағдыр да солай сызылған.
Жеті ағайын жұт жалмап –
Халық бір сеңдей бұзылған.

Жан болмады-ау жаласыз,
Жапанда өлді панасыз.
Тігерге сайғақ табылмай –
Сан әулет қалды қарасыз.

Үрейден бітті тасқа түк,
Үйелмен жұрт та бас қатып.
Мал менен жанын бір алды –
Қасқаның елін қақсатып.

Қара да нардың белінде,
Қаралы жұрттың елінде.
Өлімге болмас салтанат,
Момынға жау көп тегінде.

Жұтылды қазақ жоқтыққа,
Жарылар маңдай соқтықса.
Сағана там мен көк күмбез
Бейбіт те күн мен тоқтықта.

Қазулы тұрған ор-жыра,
Қазаққа қамсыз толды ма?..
Өз малының да сүйегін
Жасырып жеген сорлыға.

Қайда бір қалды хан орда,
Күлтелі күміс сан орда.
Ала да басқұр, терме ши,
Жегені жая, бал орда.

Кемерінен де көп астау,
Төрт түлік жайлап төл астау.
Көз жасын сығып ол қалды,
Қима да құдық, көк астау.

Күмбір де күмбір елім жоқ,
Күрең ат мінген бегім жоқ.
Аққудай келіп тізіліп
Ақ бата алар келін жоқ.

Жұлдыз да ағып, ай қалып,
Соғады самал жай налып.
Абыздар берген ақ бата
Ақ бұлтқа кеткен айналып.

Адал да сезім, шын ғашық,
Ерінген еркем бір басып.
Ашулы қалған жез сандық,
Шашулы төр, сырлы асық.

Торғай да ұшып күнімен,
Ұзатқан қыздың жүгінен.
Қиылған ішек домбыра
Қыл сағақтың да түбінен.

Боз үйді көрсең құлақ түр!..
Боз қасқа айтып жылап тұр.
Табаға салып қуырып –
Хақтан да келді сынақ бір.

Көруге мұны жүрек бер,
Кебінсіз аппақ тілектер.
Лағыл да маржан, құбылтас,
Білезік киген білектер.

Азасыз қалған пақыр жан,
Дұға да қыл деп шақырған.
Орама күміс ақ білек
Бұлғайды қолын тақырдан.

Кең жайлаған-ай кермелі,
Керегемді-ай шер жеді.
Жұлынған бұрым, жұққан қан –
Ата бір жаудың ермегі.

Тектіні теуіп кем қылды,
Тезекке басын тең қылды.
Ханзада туар қатынның –
Құрсағын құртқа жем қылды.

Құлады нарлар бүктеліп,
Тұрмады қайта тіктеліп.
Үптеп жатты-ау қазақты
Үй бас сайын-ай жұт келіп.

Кәуірдің демі басады,
Қаулаған қамыс жасағы.
Әдеп те ғұрып, салт-дәстүр
Иманнан шұлғау жасады.

Тамырсыз тастан көгердік,
Тарихты теріс өлең ғып.
Құдайсыз өңкей «Көсемге»
Құдайдай көріп көп ердік.

Кешірер-дағы Тәңірім,
Күнәсын жас пен кәрінің.
Адасып өскен бейбақтан
Жол сұрай берме, жарығым.

Жаны да сірі неткен ел,
Жарылып өлген кектен ел.
Сүйретіп ішек-бауырын
Қайта айналып жеткен ел.

Жат жайлаған да жерім-ау!..
Көрдің бе сонда мені жау?!..
Күшіктеген-ай ит-құсқа
Қалжа бір болған елім-ау!..

Босаға қалды бор құмда,
Кереге қалды кер құмда.
Көшкен де елді қарсақ жеп,
Таландың итке сен мұнда.

Буынып өстім, бұлқындым,
Бұғауда жүріп жұлқындым.
Қазақты қазақ жат көрсе,
Кімі бар басқа жұртымның!?..
(Қашанда елге құлқы жау,
Қанағатсыз да құлқынның…)

Ордалы сарай тақ қалған,
Дорбашыл билер сатқаннан.
Көкпарға түскен серкедей
Біздің де халық тапталған.

Жәннаттан болсын базары,
Нұрдан да болсын ажары.
Жанбабам құтқа балаған
Жаудан да келген қазаны.

Бір Аллаға-ай жеткендер,
Жазықсыз жапа шеккендер.
Ата бір қоныс бұйырмай,
Айдауда жүріп кеткендер.

Естілер ғасыр, жылдан зар,
Иесін күткен бір дәм бар.
Атажұрттың-ай киесін
Аманат – дұға қылғандар.

Тілеуі ердің кесілген,
Жетім бір жылап жесірмен.
Табанның қанын тас ұрттап,
Етегі желмен есілген.

Үйірді бастар ала жоқ,
Бұдан да асқан нала жоқ.
Құзғынсыз сай мен сала жоқ.
Ауғанда елде ес бар ма,
Бесігі бар да, – бала жоқ
(Баланы іздер шама жоқ).

Есепсіз қара түн болған,
Көзіңді ашсаң мін болған.
Ел тербейтін де бесікті
Жел тербейтін-ай күн болған.
Кеткендей суға серменді,
Шеміршек бойлап шер келді.
Шайырлар жоқтап тұншықты
Шайхы-пір, шаһбаз ерлерді.

Атанның белі сынған жыл,
Қазақты қанжап қырған жыл.
Сауысқан саяқ жол бастап,
Адасып өліп тынған жыл.
(Ажалсыз қалды мыңнан бір.)

Ақ сүтін сауып жылады,
Ақтан бір күйіп құлады.
Періште тектес есіл ел
Пейіштен шығар тұрағы.
Заманы құрғыр құйындай,
Базарға түскен бұйымдай.
Бөліп алды-ау ит пен құс
Өлгенге мола бұйырмай.

Он екі мүше бөлінді,
Ол жайлы ұрпақ не білді?!..
Сүйегін термей атаның
Сүйісіп жат пен тебінді.

Қаралап қайтем бәріңді,
Халалдар қайда тәлімді?..
Желкеңнен қылыш кеткен жоқ,
Жүрсің бе біліп әліңді?

Ажалға Алаш асылып,
Аяққа түсті бас ұрып.
Әр жусанның-ай түбінде
Қазақ бір жатты шашылып.

Көңілде қара тас қалды.
Тас ішінде-ай жас қалды.
Шірітіп шіркей көзін жеп,
Кеуде бір лас, бас қалды.

Еріккен жауға доп болды,
Есесі қайтпас оқ болды.
Еңіреген қыз, келінге
Ежелгі дұшпан тоқ болды.

Жаңылды халық сөзінен,
Жау шыққан соң-ай өзінен.
Шолақ та иттер көп үрді
Ерлерді тізіп көзінен.

Жанкешті ерлер намысты,
Жан беріп жүріп табысты.
Қазақтың отын сөндірмей,
Кісенмен жүріп алысты.

Ерлер ғой көрген қиянат,
Кеудеге қайғы ұялап.
Зияпат зият көңілмен –
Қылып жүр қалқам зиярат.

Ұмытып ұлдар ұранды,
Содан соң құлдар құралды.
Кәнизак қыздың беліндей –
Еріксіз заман бұралды.

Қолым бір жетпей бой талды,
Содырлар салды сойқанды.
Сазы да бөлек, би өзге –
Ордалы сарай ойқанды.

Сайланған ерді сан алды,
Сары да жебе қадалды.
Ақ қағазға-ай мөрленген –
Жарлықтар жалмап жан алды.

Болсын деп ізде ұл аман,
Жақ ашпай ерлер сұлаған.
Құлынға беріп ық жағын
Құлагер шалдар құлаған.

«Бірі де – шекер, бірі бал,
Біздерден басқа кімі бар?..»
Атадан туған ұл болсаң,
Алаштың зарын біліп ал.

Ызалы жерді басқан жоқ,
Ындыннан пейіл асқан жоқ.
Қақпағын қанды шындықтың
Біздің де ұрпақ ашқан жоқ.

Боздаған самал жыр қылмақ,
Боз жусан түбі бір-бір жат.
Құлагер шалдар құлаған,
Құрдымнан шындық шыңғырмақ.

Қара да қалай ақ болмақ,
Ақты да жүрер Хақ қолдап!..
Ашылмаған-ай шындықтың
Үстінде қалай бақ болмақ!?..

«Төбемнен бұлт боп өт» деп тұр,
«Жырыңды, балам төк» деп тұр.
Сүйегі суса шалдардың
Тілегі гүл боп көктеп тұр.

Гүл қауызы-ай бал-шырын,
Жаралған нұрдан тамшымын.
Қызғалдақ тектес Қазақпын
Қауызға біткен бар шыным.

Қызғалдақ тағдыр гүл едім,
Гүлден де нәзік жүрегім.
Үркердей ғана ұлт едік,
Нәр алған күннен бүр едім.

Жаным да жара, сол денем,
Табанын тіліп сор жеген.
Алыстан толғап лақтырған
Келемін жүріп торменен.

Көрмеген елдің көрі жоқ,
Шықпаған жаудың өрі жоқ.
Бостандық деген ауылдың
Төбесі барда, төрі жоқ.

Таусылған, әлде шарамын.
Азалы перне, қара мұң…
Босаға бойлап шаршадым,
Жаттың да бағып қабағын.

Өткен бір тарих – өлім кіл,
Етегі қан-қан кегім жүр.
Толғап та жұтқан кер жылан
Кереге бойлап неғып жүр?..
(Есің бір барда шегін, жүр!..).

Тектім де қалмай тірімнен,
Тілімнен қармақ ілінген.
Қызылда жаға қыл бұрау
Қанымды судай сімірген.

Кетпейді сосын жырдан зар,
Зар түбінде-ай зындан бар.
Жете алмаған ел-жұртқа
Қазақтың зарын тыңдаңдар:

Неше бір боздақ тыс қалған,
Неше бір ғұмыр қысқарған.
Жылы сөз күтіп жүр қазақ
Сөйткенде Қазақ-Станнан!..

Аумасын бастан азат күн,
Азды да қылмас мазақ кім?!..
Қан жүрегі-ай мен едім
Қарға да тамыр қазақтың!

Туғанды туған ұнатар,
Ту сыртыңнан да құл атар.
«Қалған да көңіл шыққан жан» –
Кім келіп жанды жұбатар?..

Өртенген өрттей өңірмін,
Өзектен теуіп неге ұрдың?..
Жүрекке түскен сызаттан
Айнасы сынған көңілмін.

Өлке де кенже, өмір кеш,
Өрт шалған байғұс шегінбес.
Айнасы сынған көңілден
Заманың түзу көрінбес.
Түзелер түмен сауығың,
Оралар сосын дәуірің.
«Битке өкпелеп тон жағып»,
Еліңнен безбе, бауырым!

Жаттағы қоныс жазым-ды.
Кім тыңдайды-ай сазыңды,
Ақтан күйіп «аһ» ұрып –
Сүйегің болар қазынды.
(Ту тіккен елің болмаса –
Айтар ең кімге назыңды).

Сөзден де маржан терейін,
Сүйген де елге не дейін?!…
Атажұрт туған ел барда –
Жат жерде үстем мерейің!..

Ағарса көңіл кір болмас,
Күнінде пенде кім болмас?!..
Ту көтерген де ағайын –
Ата бір жұртта мін болмас!

Келмеген жан жоқ, кетпеген,
Ботадай боздап шеттеген.
Үмбеті үшін, Дін үшін –
Пайғамбар кеткен Меккеден.

Мәдинаға да барған-ды,
Пайғамбар жаққан шам қалды.
Жаныңмен сүйіп құшақта,
Жаралы жүрек жандарды.
(Айдаса зауал жөнелмек
Алтын да мөрлі Хандарды).

Кеткенді тілдеп зілденбе,
Келгенді түртіп іргеңде.
Басының қайда қаларын –
Пендесі құрғыр білген бе?!.

Басылмас жанның арманы
Тістеулі кетсе бармағы.
Қара да жердің бетінде
Қара бір дауыл өтінде
Талайлар талып зарлады.
Құдайдың пенде қаңбағы.
Қай жерде қашан белгісіз –
Кеудеден жанды алмағы.
Бәрімізде-ай босқынбыз,
Адам бір Ата – Һауана –
Жұмақтан шығып қалғалы.
(Аллаға шүкір етпесе –
Құлдың да қапас жан-жағы).

Жығылып жылап, жұт көрген,
Айырып құдай құт белден.
Шет елде жүріп елсіреп –
Қаралы хаттай бүктелген.

Қайғың бір ортақ қаның бір,
Ата бір дұшпан бағып жүр.
Қаны да бірге қазақтың –
Жолына шырақ жағып жүр.

Дауыл бір соқса қос қалмас,
Аңдыған жауың бос қалмас.
Ел басына да күн туса –
Қазақтан басқа дос қалмас.

Кеткен де жанда арман бар,
Сағыныш болып жанғандар.
Жан беріп жүріп ар сақтап –
Қазақ боп мәңгі қалғандар.

Қазаққа ортақ мына жер,
Құдайым қолдап тұра гөр!..
Аңсап бір келген туысқа –
Ағайын мойын бұра гөр?!..

Қаншама тарих – қан дерек,
Ұйқысыз қанша таң керек.
Үргедек елдің көңілін
Үміт пен баптар жан керек!..

Жақсылар елге асық-ты,
Жаманның сөзі сасық-ты.
Алашқа көсем қыла гөр –
Аллаға іңкәр ғашықты!..

Ұлтсыз да болса ұл жаман,
Ұятсыз болса-ау тұл ғалам.
Өлшеусіз өртпен ойнап жүр –
Бөксесі қызған бұл заман.

Әр дәуірге де бір сынақ,
Әуреге салар шымшылап.
Заманның төсін жалайды –
Зауалдың иті қыңсылап.

Маңғыстау облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

4 Пікір

  1. Айғаным

    Тамаша.Тарихи бір кино көргендей әсер алдым.Рахмет.

  2. Жаңабек

    Алашқа патша қылсыншы, аллаға іңкәр ғашықты Әмин!

  3. Жаңабек

    «Алашқа көсем қыла гөр, Аллаға іңкәр ғашықты» Әмин!

  4. Ақшагүл

    Бағланда жүрек,Барыс өң,
    Қазақтың Қымбат ары сен.
    Аманда жүрші ақ ботам,
    Алаштан туған АРЫС ЕҢ!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.