Ғаріп жанның өлгенге дейінгі бес күйі

7eb5ea

Мұсылман жұрты «соңғы демің үзілерде тіліңді кәлимаға келтірсең, шыбын жаның сөзсіз пейішке барады» деп сенеді. Себебі, хадисте солай делінген. Айтқанға оңай болғанымен, шын өмірде кәлима айтып, жан тапсыру оңай емес. Себебі, пенде пақыр шалқып тұрған шағында соңғы секундтар туралы толғана бермейді. Басқаны былай қойғанда, дайындыққа қаратпайтын аяқасты апаттар да көбейді қазір. 

Сырқат созылмалы болып, төсекте жатып ақырындап жан тапсыратын ауруға шалдықса да, ақырға дайындық мықты емес. Әдетте бір кісі емі жоқ кеселге шалдықса, ағайын-туысы оның ауруын барынша жасырып, білдіртпеуге тырысады. Емделіп жазылуға мүмкіндік жоқ екенін көріп, біліп отырса да: «Сондай қауіпті емес. Емделсеңіз, жақсы боласыз», – деп өтірікпен уақытты соза береді.

Ауру әбден асқынып, мерез ақыл-есті түбегейлі жеңген кезде ғаріп жанмен тілдесу мүмкін болмай қалады. Ең өкініштісі, осы кезде ғана туыстары молда шақыртып, ауруға дем салдырып, кәлима айтқызуға әрекет еткен болады. Бірақ осы әдіс қай тараптан қарасаңыз да, көңілге қонымсыз. Себебі, кәлиманы санаң сау кезде өзің қайталап отырған жақсы емес пе?

Сондықтан емі жоқ мерезге шалдыққан кісіге уақытының өлшеулі екендігін алдын ала жасырмай естірту дұрыс сияқты көрінеді. Бұл «естіртудің» өзі – өте күрделі һәм даулы мәселе. Бұл проблеманы медицинада күні бүгінге дейін талқылап жатыр. Санаулы ғана ай, күндері қалған ғаріп жанға суық диагнозын дер шағында естірту керек пе, жоқ па?

Медицина ғылымы зайырлы бағытқа түскелі «қаралы диагнозды пациентке естіртпеу керек» деп шешкен. Қазір, керісінше, кейбір елдердің дәрігерлері екіге жарылып, біреуі: «Естірту керек», – десе, екіншісі: «Жоқ, жасыру керек», – деп таласады. Осы ғылымның атасы саналатын Гиппократтың өзі: «Ақылды кеңестермен және шынайы махаббатпен сырқат кісінің жан дүниесін баурап ал. Ең бастысы, оған төніп тұрған қауіпті барынша білдірмеуге тырыс», – депті. Бұл көзқарас бойынша ауру адам ештемеге алаңдамай, дәрігер не айтса, соны істеп жата беруі керек. Сонда оған ем-домды батыл жасап, тезірек сауықтырып алу оңай болады.

Психология: Қаралы диагноз

Тіпті ХХ ғасырда адам жанының білгірі саналып, психологияда жаңалық ашқан Зигмунд Фрейдтің өзі бұл сынақтан өте алмапты. Дәрігер оған ракпен ауыратынын естірткенде, ол: «Бұл туралы маған ашық айтуға сізге кім құқық берді?» – деп шатынап шыға келіпті.
Осындай мысалдарға сүйенетіндер аурудың санасын билеп алатын үрей мен қорқыныш, емдеу жұмыстарына кедергі келтіреді деп нық сенеді. Тіпті диагнозын естіген соң өмірден үміті үзіліп, өзіне өзі қол жұмсаған фактілер де кездескен. Енді біреулер ем қомбайтынын білген соң, ешқандай дәрі ішпестен, төсегінде сұлық түсіп жатып алады. Өмір болған соң бәрі де болады. Кейбір кездері дәрігерлер диагнозды қате қойған. Соның кесірінен сырқат жандар қатты күйзеліске түсіп, жазылып кетуге мүмкіндігі бола тұра өмірден ерте түңілген. Осы секілді фактілерді көлденең тарта отырып, Еуропа медицинасында ауруын айтпай емдеу деген дәстүр қалыптасады. Бірақ диагнозды естіртпей емдей беру оның міндеті емес, құқығы болып саналады. Яғни, кесел кісі қайтқанша доктор оған жалған ем-дом жасап отыра береді. Ауру адам өзінің хал-ахуалы туралы қанша білгісі келсе де:
«Қайтесің не боп жатқанын? Айтқанды істеп, берілген дәріні уақытылы ішіп жата берсейші», – дей салады. Бірақ көп жағдайда пациент жағдайының мүшкіл екенін сезіп қояды. Не болмаса өз ауруын өзі оқып, зерттеп біліп алады. Доктор палатаға кіріп шыққан сайын оның әрбір жүріс-тұрысынан секем алып, ол не айтса да, сенбей күмәнданып жатады. Көңілін күмән торлаған сайын ол ешкімге сенбейтін, бұйығы кісіге айналып, көңіл күйі тез бұзылғыш болады.
СССР кезінде бұл проблеманың этикалық жағына мүлде мән берілмейтін. Ол кезде ауру адамды алдай салу қалыпты нәрсе еді. Әсіресе, бомбаларды сынақтан өткізген соң, қауіпті қарудың құрбандарына жалған диагноз қойып, тума-туыстарына өтірік жазылған «ауру тарихын» көрсетіп, қолдарына жалған анықтамаларды ұстата салатын. Жалпы ол кезде елдің бәрі жаппай атеизммен уланғандықтан, күмәнсіз ажал шақыратын аурулардың атын естуден адамдар қатты қорқатын. Ол кездегі интеллигент адамдар үшін төсекте жатып, қатерлі диагнозды естігеннен артық қорқыныш болмаған шығар, сірә?! Сондықтан советтік медиктер «өлген соң өмір жоқ, бәрі бітті» деп санайтын адамдарды ең соңғы сәтке дейін алдап, о дүниеге дайындықсыз шығарып салатын.
Десек те, әлемдік медицина 1950 жылдардан бастап бұл мәселеге басқаша қарай бастады. Қазір Еуропаның дамыған елдері мен Солтүстік Америкада ешкімді де құпия жағдайда емдей алмайсыз. Қабылданған стандарттар бойынша пациент өзінің ауруы туралы барлық ақпаратпен дер кезінде танысуға құқығы бар. Не дәрі ішіп жатыр, қандай диагноз қойылды, нендей жолмен емдейді, оның арты неге апарып соғады – соның бәрін өзі де бақылап отырады.

Мұндай тың тәсілге көптеген оқиғалар әсер етті. Батыс медиктері практика жүзінде мынадай шындыққа көз жеткізген: ауру адамға суық диагнозды естірту қанша жерден ауыр болса да, ол үшін осы әдіс пайдалы болып шықты. Тексерілген кісіні өтірік диагнозбен ең көп алдайтынтар –онколог дәрігерлер. Расында да онкологтың тексеруден соң айтқан сөздері өлім туралы үкім оқығанмен бірдей естілетін. Бірақ кейінгі кезде рак ауруларының бастапқы кезін байқап қалып, дер кезінде шара қолданса, жазылып кете алады. «Олай болса, диагнозды естіртіп, ғаріп жанмен ақылдаса отырып емдеген – ең дұрысы», – дейді ғалымдар.

Бұдан бөлек диагнозды жасырудың және бір жаман жағы анық болды. Онкологиялық ауруға шалдыққан адамды алдап емдейтінін елдің бәрі естіп, біліп алған. Ауылдағы ағайын-туыс, ауыл-аймақ – түгел-тегіс сырқат кісінің нендей дертпен төсек тартып жатқанын жақсы біледі. Білсе де, көңіл сұрап үйге келгенде өтірік сөйлеп, жалған қарым-қатынас ұстанып, шынайы сөйлеспейді. Күндердің күнінде дені сау адамның өзі де сол емі жоқ дертке ұрынуы бек мүмкін. Енді ол да ел-жұрттың өзін алдап жүргенін біліп жатады. Онсыз да жан дүниесі қобалжып, не істерін білмей күйзеліп жүрген адамға жалған сөздер мен өтірік ем-домдар одан сайын кері әсер етеді. Мұның соңы аурудың дәрігерге сенбеуі деген кезекті проблемаға әкеп соғады. Ауруға шипа дару үшін дәрігер мен ауру адамның арасында өзара сенімді қарым-қатынас берік орнауы керектігін кез келген дәрігер жақсы біледі. Сонда ғана жұмыс оңға басып, пациент аурудан айығып, ал дәрігер үлкен абыройға жетеді.

1969 жылы АҚШ-та «Өлім және өлу туралы» деген зерттеу басылып шығып, елдің қолынан түспейтін кітапқа айналды. Оның авторы психолог Элизабет Кюблер-Росс арнайы уақыт бөліп, емі жоқ ауруға шалдыққан кісілердің жан дүниесін зерттеген. Кюблер-Росстың сол кітабынан мына бір үзіндіні бере кетуді жөн санадық.
Доктор пациенттен сұрайды:
– Сіз жазылмайтын мерезге шалдыққан кісімен докторлардың олардың қайғылы болашағы туралы әңгімелескенін керек деп санайсыз ба? Егер міндетіңіз дәл осындай ғаріп жандарға көмектесіп қалу деп санайтын болсаңыз, дәрігерлерге нендей ақыл-кеңестер берер едіңіз? – дейді. Пациент:
– Білесіз бе, докторлар әдетте келеді де, саған жоғарыдан қарап тұрып: «Қалай бүгін жағдайың?» – деп, жай ғана жағдай сұрайтын өтірік әңгімесін айтып бастайды. Мен дәл осы себепті де емі жоқ аурумен ауырғанды жек көрем. Сенімен адамша ешкім сөйлеспейді. Не болмаса палатаға кірген олар өздері мүлде басқа адам секілді құбылып жүреді. Көбі сондай. Келеді де, аз-маз сөйлеседі. Көңіл күйімді сұраған болады. Кейбіреулері бір нәрсені түсіндірген болады. Бұл оларға да қиын. Себебі, мен әлі кәмелет жасына толмағанмын ғой. Осы себепті олар бұл тақырыпқа менімен емес, ата-анаммен сөйлескеніміз дұрыс деп ойлайды. Сондықтан мен докторлардың өлгелі жатқан пациентпен ашық отырып сөйлескені дұрыс әрі өте маңызды деп есептеймін. Егер сен дәрігерлер тарапынан суықтық сезімін байқасаң, оның келетін уақытын, қарбалас құсап көрінгісі келетін жалған бет-бейнелерін көргің келмей, үрейленіп жатасың. Ал дәрігер адам секілді қарым-қатынас жасап, жылы-жылы сөйлессе – бұл мүлде басқа нәрсе. Бізге ең керек нәрсе – осы,
 – дейді.

Тағы бір басты себептердің біреуіне тоқталайық. Ауруға шалдыққан кісі сенімі бар әрі ақылды кісі болса, оның уақыт пен адамдарға деген көзқарасы дереу өзгереді. Ол енді санаулы күндерін барынша тиімді пайдалануға тырысады. Не болмаса артында қалған бала-шағасы мүлік бөліскенде талас тумас үшін қай мүлкін кімге қалдыратыны туралы өсиет қағаздарын толтыруға кіріседі.
Кюблер-Росстың айтуынша, ғаріп жан өлгенге дейін жан-жүйкесі бес түрлі күйден өтеді. Бірінші: ауруын мойындамай, өзімен өзі оңашалану. Екінші: ашулану, «Неге мен ауырдым?» – деп ызалану. Үшінші: саудаласу, яғни, бәлкім былай жасасам, тірі қалармын деп пайдасыз әрекеттерге көшу. Төртінші күйге жеткенде аурудың ой-санасын үрей билеп, кәдімгідей депрессияға ұрынады. Сұлық түсіп жатып алу біразға созылады. Ауру пенде ерен ерлікпен күресіп, осы қорқынышты төртінші күйден құтылатын болса, жағдайы жақсарады. Ол бесінші сатыға өткенде «өлімге мойын ұсыну» деген ең тыныш хәлге ауысады. Өлімге мойын ұсынып, ішкі жан дүниесімен мәңгілікке дайындық жасап бастаған пенделер соңғы сәттерін барынша бақытты өткізіп қалуға тырысып, әрбір сағатын барынша бағалай бастайды. Бесінші күйге аман-есен жеткендер: «Бұл – менің өзімді ең бақытты сезінген сәттерім», «Соңғы үш айда бұрынғыға қарағанда әлдеқайда ұзақ әрі қуанышты өмір сүрдім», «Бұрын-соңды мұндай бақытты өмір сүрмеппін», – деп ағынан ақтарылып шыға келеді. Тіпті Кюблер-Росспен сөйлескендердің көбі аса діндар болмаса да, өлімге мойын ұсыну арқылы көп жеңілдіктерге жеткен. Ал дінге сенетін кісілер ауруын дер кезінде естіп-білгеннің арқасында тек қана жақсылық көрген.

Иманды кісілердің диагнозын жасырып, шипасы шамалы, пайдасыз емді жалғастыра беру – дәрігер үшін қылмыс. Себебі Құдайға сенетіндер үшін бұл – ең маңызды, ең шешуші кезең. Олар өздерінің өмір бойы айтып келген өлім сәтін барынша қатесіз, биік абыроймен қарсы алуға шындап кіріседі. Бұрынғы өкпе, реніштерінің бәрін ұмытуға бар күшін салады. Бұрын-соңды дүние үшін өкпелескен тамыр-таныстарының бәрінен кешірім сұрап, мәңгілік сапарға барынша тазарып «аттануға» бел шеше кіріседі. «Өлген соң да өмір бар» деп сенетіндерді дәл осылай алдын ала дайындамасаң, қиын жағдайға душар боласың. Жазылмайтынын біліп қойған кейбір пациенттер пайдасыз емнің жағымсыз процесінен тезірек құтылу үшін өзін өзі өлтіріп жіберудің неше түрлі айла-тәсілдерін қарастырады. Әлбетте, Кюблер-Росс сөйлескен аурулардың бәрі бірдей қуанышты бесінші күйге жете бермеген. Көбісі үрей үстінде жүріп те «жүріп кеткен». Ажалды қорықпай қарсы алатындар көбіне ақ көңіл, пейілі таза, жүрегі жұмсақ адамдар болып шықты.

Жалпы медицинадағы мұндай айтыс-тартыстың басталуына басты себеп жүрек аурулары мен онкологиялық аурулардың ХХ ғасырда шамадан тыс көбеюі еді. Әрбір адам өз денсаулығы мен тәнінің қожасы болғандықтан, денесінде болып жатқан емдеу процестерін қалай реттесе де, өзі біледі деген жаңа этика пайда болды. Емдеуші дәрігерлер – тек қана қызмет көрсететін дәл өзі секілді уақытша ғана жүрген ажалды пенде. Сондықтан кез келген доктор барлық пациенттің ажал алдындағы дайындығына жағдай жасауға міндетті. Керек десеңіз, ауру адамдардың осы құқығын қорғау үшін Әлемдік медициналық ассоциация 1981 жылы Лиссабон декларациясында бекітіп тастаған.

Бірақ бұл заңдарға Ресей дәрігерлері соншалықты ырза емес. Себебі, коммунизм шырмауынан әлі толық шығып болмаған Ресей халқы мұндай қарым-қатынасқа психологиялық жағынан дайын емес екен. Жетпіс жыл бойына діні тапталып, рухани тәрбиесі күл болуға айналған орыс жұрты әлі күнге дейін есін жинай алмай, мең-зең хәлде отыр. Аурухана келіп түскен көптеген пациенттер алғашында батырсынып: «Ауруым туралы ашық айта беріңдер», – деп анкетаны толтырып тастайды. «Қаралы диагнозын естіртіп болған соң, оларды рактан емес, депрессиядан емдеуге тура келеді», – деп орыс дәрігерлері зар илейді. Әлбетте, Совет өкіметінің боданында 70 жыл біз де болғандықтан, дәл осы депрессияға түсу қазір қазақ халқына да тән. «Өлген соң өмір жоқ. Өлесің, бітті. Сен сосын мәңгіге жоқсың» деген көзқарас көп қазақты қорқақ қылып тәрбиелеп шығарды. Қазір де ауылдық жерде емі жоқ ауруға шалдыққан адамдарды ағайын, бауырлары диагнозын жасырумен төсекке мән-мағынасыз таңып тастайды. Олардың ажалды абыроймен күтіп алып, мұсылмен сенімінің негізінде мәңгілікке аттануына мүмкіндік бермейді. Себебі, мәңгі өлмейтін таза жан туралы білімі жоқтар не болса, соған сеніп, алданып, дәмеленіп, үміттеніп жата береді. Туыстары оған надан тәуіп не айтса, соны істеп, кірпікшешеннің, жыланның, тағы басқа жануар, жәндіктердің етін пісіріп беріп көмектескен болады. Ауру әбден асқынып, жан шыдатпайтын азабы күшейгенде фельдшер келіп, оған морфи сала бастайды.

Психология: Қаралы диагноз

Морфи – шипа беретін дәрі емес, кәдімгі наркотик. Адам тәні тез арада морфиге үйреніп алады. Енді күн сайын оның дозасын арттырып отыруға тура келеді. Ақырында адам мастықтан айықпайтын жағдайға дейін жетеді. Бұдан соң аурумен сөйлесу, бақиласу, кәлима қайталату деген – бос сөз.



Принтерден шығару Принтерден шығару