Ұлт намысын ұран тұтқан тұлға

КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов биыл мерейлі 90 жасын тойлағалы отыр. Атақты «Қан мен тер», «Курляндия», «Соңғы парыз» кітаптарының авторы ғұмыр бойы «Әдебиет – ардың ісі» деген ұстаныммен өмір сүріп келеді. Әріптес қаламгерлері «Әбе» деп ерекше құрметтейтін Әбдіжәміл Нұрпейісовтің әдеби туындылары дүниежүзінің тілдеріне аударылды. Туындылары бірнеше рет басылды. Әлі де үлкен таралыммен жарық көріп келеді. Жазушының әдеби жауһарлары қазақ оқырмандарының ғана емес, шетел оқырмандарының да жүрегінен орын алды.
Кішіпейілділігімен, салмақты мінезімен, байсалды парасатымен ел-жұртының алғысына, мейірім-шапағатына бөленіп келе жатқан халқымыздың дарынды жазушысы қаламын әлі суытқан жоқ. Сөз өнеріне адалдығынан танған емес. Қаламгер азаматтық көзқарасының айқындылығымен ерекшеленеді. Әдебиет әлемінің тұтас бір мектебіне айналған жарқын тұлғаға, абыз ағамызға осынау мерейтойы қарсаңында мықты денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз!

(Суретте: Әбдіжәміл Нұрпейісов мемлекет және қоғам қайраткері Кеңес Аухадиев, ҚР ҰҒА академигі Камал Ормантаевпен бірге)

Қызық-ай! Қарап отырсаңыз, Жаратушы Иеміздің әрбір жұмыр басты жеке пендесінің бүкіл  жазмыш-тағдыры қандай алуан түрлі болса, жер бетін жайлаған сан мыңдаған ұлттың да бүкіл бастан кешкен ғұмыр-баяны кейде әлгі жеке адамдікі сияқты түрлі-түрлі болады екен. Соған қарап отырып, ғұлама шайыр Әбубәкір Кердерінің:  «Біреу – ауру, біреу – сау, біреу– төбе, біреу – тау, біреу–жарлы, біреу – бай. Біреуді қойдың Құдай-ай мал менен басқа қарық қып, біреуді қойдың әнекей бар нәрсеге зарық қып»  дегені еске түседі. Шынында  да, жер бетіндегі кейбір ұлттардың қашанда айтқаны болып, ойлағаны орындалып, төрт құбыласы түгел қарһәлләзи ғұмыр кешіп жүретіні былай тұрсын, солар тіпті өзінен Иманы да, Ибасы да биік өзге бір ұлттарды бір шыбықпен айдап, қаласа қырып-жойып жататынын тарихтан да оқып, күні бүгін көзімізбен де көріп отырмыз. Ал екінші бір ұлттардың тағдырына көз салсаңыз, бірде бар, бірде жоқ, бірде ауру, бірде сау тағдырдың тарғыл иті жолына кесе көлденең жатып алғандай өмір бойы ит-ыржың күн кешіп келе жатқан бір бейбақыт жанды көргендей боласыз. Келіссеңіз де, келіспесеңіз де біздің қазақ ұлтының тағдыр-тарихы дәл осы пенденің өміріне аздап болса да ұқсайтын сияқты-ау. Оны күні кеше бақиға кеткен Жұбан ақынымыз да «мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деген теңеумен тап басып айтып еді-ау. Осындайда «Жоқ! Бұл жалғанда не жаман? Егер басына тағдырдың тауқыметі түсіп, тіліне, дініне, жеріне, ғасырлар бойы ата-бабасы қалыптастырып кеткен үрдіс-салтына, ұлттық тағылым-тәрбиесіне діні жат, тілі жат, пиғылы, бүкіл жаратылысы жат біреулер қауіп-қатер төндіргенде оған қарсы күркіреген үні жер жаһанды тітіркендірер бір ғана ұлы болса, ол ұлтты бейбақыт деу күнә болар деп өзіңе-өзің тағы да басу айтасың. Бүгінгі қазақтың дәл осындай көзі тірі ұлы екеу болса, соның бірі –жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов десеңіз ешкімнің алдында да күнәкар бола алмайсыз. Иә, бұл есімді бүгінгі көзі ашық, көкірегі ояу, кеудесіндегі жұдырықтай жұмыр ет күндіз-түні «Қазағым! Ұлтым!» деп соғып тұрған қай қазаққа да ол анандай да мынандай деп таныстырып жатудың өзі ерсі. Өйткені…
Өйткені жаңа ғана өзіміз айтқан жер бетін мекен еткен мыңдаған ұлттың қай-қайсысы да өзін өзге ел, өзге жұртқа таныстырғанда әңгімені, ең әуелі не королінен, не патшасынан, не президентінен емес, әдебиеті мен мәдениетіндегі әлемге әйгілі заңғар да зәулім тұлғаларынан бастайды. Соларды мақтан тұтады. Мына тұрған Ресей орыстары шетелдіктермен сұхбаттасып отырғанда орыстың арғы-бергі тарихында бетке ұстар кімің бар десе, Путин мен Медведевті немесе Жириновский мен Дугинді емес, арғы тегі араб болса да Пушкинді, ата-бабасы шотландиялық болса да Лермонтовты, неміс болса да Блокты айтып, бүгінгі В.Распутинге кеп бір-ақ тоқтайды. Белорустар мұндайда В.Быковын, қалмақ Д.Кугультиновын, башқұрт М.Каримін, қырғыз Ш.Айтматовын алдына салады. Ал бүгінгі қазақ ше? Әдебиетті, көркем шығарманы адам тағдырының, ұлт тағдырының айнасы деп, сол көркем шығарманы дүниеге әкелген қаламгерді, ең әуелі ұлтының қала берді әлем үнінің жаршысы деп білетін әр қазақ мұндайда  ендеше менің Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовым бар дер еді. Өйткені Ә.Нұрпейісов өзі әдебиет табалдырығын аттаған сәттен бастап әке десе – әке, аға десе – аға орнына жүрген, азаматтығы мен ақсақалдығын, ұлтым, жұртым дегенде қолқасын суырып беруге дайын ел сүйер, ұлтсүйерлігінен өзі үлгі алып, өмір бойы ұстаз тұтып келе жатқан М.Әуезов, С.Мұқановтардан соңғы қазақ әдебиетінің алып ақсақалы екені әммеге аян. Ащы да болса айта кетейік, Ә.Нұрпейісов – өлеңдерін орысша жазып осы күні кейбір халықаралық деңгейдегі жиын, отырыстарда «общечеловеческий», «планетарный масштабта» гүрілдеп сөз сөйлейтін немесе біреу қайтыс болса бейіттің басында, мерейтой болса мейрамханада тұра қалып өлең оқитын пәлен деген сыйлықтың иегері атанып жүргендердің немесе кітаптарым шетел тіліне аударылды деп жарияға жар салып жүрген, өздерін жаңаша жазып жүрміз,  постмодерниспіз дейтіндердің кешелі-бүгінгісінің ешбіріне ұқсамайтын, Жаратушы Иеміз қазақ әдебиетінің маңдайына ерекше бір жомарттықпен бере салған дара тұлға.
Соның растығына көз жеткізу үшін әлемдік әдебиеттің ықылым заманнан бергі жұрт білетін туындыларына шолу жасамай-ақ, тек қазақ әдебиетінің ғана күні кеше өзіміз қимай қоштасқан ХХ ғасырдың жетпіс-ақ жылында дүниеге келгендеріне бір сәт көз салыңызшы. Жетпіс жылдың бедерінде қазақ әдебиетінің алтын қазынасы жасалды. Сол қазынамыздың ішінен өзге де, өзімізге де «Қане, қандай асыл дүниең бар?» деп сауал қоятын сәт туа  қалғанда, «мінекей» деп жарқ еткізіп ұялмай көрсетуге болатын ең асыл мүлкіміздің бірі–бүгінде аты әлемге әйгілі қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер», «Соңғы парыз» романдары екенін әділет пен ақиқат атаулыдан баз кешкен біреу болмаса, жөні түзу адам мойындайтыны хақ.
Жұрт әдебиет деп аталатын рухани қазынаны қатты қастерлейтін осыдан он бес, жиырма жыл бұрынғы кезеңде шай ішіп отырса, бір қолында ұлтымыздың белгілі-белгілі қаламгерлерінің бірінің кітабы, ұйқыға жатса, қасында тағы сол кітап жататын. Солардың ішінде бүгінде алды аға буын, кейінгісі орта буын атанған ел азаматтарының ішінде «Қан мен тер», «Соңғы парыз» атты романдарды оқымағаны кемде-кем. Әуелі байдың жылқысын баққан, одан балықшы, кейін жұмыр жердің бетіндегі тіршілік атаулы Әділет пен Зорлық деп аталатын екі бөлек дүниенің арпалысына түскенде қолына қару алып қан шайқасқа шыққан балықшы Еламан, сұлу да тәкаппар Ақбала, ақыл-парасаты мен қулық-сұмдығы қай кезде де қатар жүретін сұлу, жас мырза Тәңірберген, суқит Судыр Ахмет, қарсы алдында қанға бөгіп жатқан адам көрсе де міз бақпай өте шығуға бар Қалау, сезімге шорқақ, доғал Төлеу, әрі соншалықты балажан, әрі жаны нәзік, сөйте тұра безбүйрек те қатал болып көрінетін Сүйеу қарт… Сол Еламан өмірінің жалғасындай, бүгінгі заманның Еламанындай – Жәдігер, сол Ақбаланың бүгінгі сіңлісіндей Бәкизат, сол ажарын да, сол ақылы мен қулық-сұмдығын да бүгінгі заманға  өзімен бірге ала келген Тәңірберген деуге болатын академик Әзім…
Бұлардың әрқайсысы Әбеңнің бүгінгі 90 жасына арналған шап-шағын мақаланы емес, әрқайсысы бір-бір психологиялық зерттеуді, әрқайсысы бір-бір көркем әдеби-сыни талдауды қажет ететін дара-дара тұлғалар. Әрқайсысының тағдыры – шыр етіп жарық дүниеге келгеннен бастап, қашан ақтық рет иегін бір қағып, кірпігі жабылғанша кім-кімнің де басынан өткеретін, бүкіл адамзатқа ортақ тағдыр. Әбдіжәміл Нұрпейісов соның бәрін Жасаған Иеміз берген терең ой, хас суреткерлік, кез келген жай пенде байқай бермейтін, байқаса да байыбына бара алмайтын, тек өзіне ғана тән байқампаздықпен, көрегендікпен, шынайы шеберлікпен суреттеп шықты. «Қан мен тердегі» де, «Соңғы парыздағы» да кейіпкерлер күні бүгін де бізбен қатар өмір сүріп келді, олар бізден кейінгі сан буын ұрпақпен де бірге жасай бермек. Алла Тағалада ғана мін жоқ. Әлем әдебиетінде мінсіз шығарма жоқ. Әдеби сын мәселесі туралы әңгімелер кезінде өзіміз  айтқан ескертпелерге қарамастан,  Әбдіжәміл Нұрпейісовтің бұл қос шығармасын тек қазақтың емес, әлемдік әдебиеттің алтын қорына қосылған қос саф алтын құйма десек, зәредей де қателеспейміз. Оған көз жеткізу үшін өзіміз айтып, өзіміз құптай бермей, «сырт көз сыншы» деген халық даналығына бір сәт жүгінсек те жеткілікті болар еді. Өзімізбен ауылы аралас, қойы қоралас орыс, украин, өзбек, қырғыз, татар, башқұрт, тағы басқа ұлттардың белгілі-белгілі қаламгерлерінің Ә.Нұрпейісов шығармалары туралы айтқан небір салиқалы да сындарлы пікірлерін, ыстық лебіздерін былай қойғанда АҚШ, Еуропа елдерінің ең беделді, ең көрнекті жазушылары, әдебиет зерттеушілері «Қан мен терді» де, «Соңғы парызды» да аса жоғары деңгейдегі көркем туынды ретінде бағалағаны қашан! Аты әлемге мәшһүр Луи Арагон, Томас  Тадео, Реми Дор, Андре Стил, Жан Монтальбетти, Тристан Рено, Лили Дени, Жорж Буйон, Лео Кошут, Нелли Стефан сияқты қаламгерлер қазақ жазушысы Әбдіжәміл Кәрімұлының шығармашылық шеберлігі жөнінде тебірене жазды, оның шығармалары әлем әдебиетінің үлкен бір мұрағаты дей келіп, Нұрпейісов қазіргі заманның ұлы суреткерлерінің бірі деген қорытындыға келді. Бір ғана мысал келтірейік: атақты француз жазушысы Луи Арагон жазушының «Ымырт» романын Мұхтар Әуезовтің «Абайдың» жас шағымен салыстырғанын айта келіп: «Әрине, екі романға да ортақ дүниелер жеткілікті, оның бәрі осы жазушылар суреттеген дәуірлерге тән де шығар, алайда «Ымырт» романы қазақ романының жаңа бір сатыға көтерілгенін көрсетіп тұр. «Абай» романын бірсыпыра жағдайда адам характерін жасаудың ең озық үлгісі Гетенің «Вильгельм Мейстері» сияқты романдар қатарына жатқызуға болады. Ал Нұрпейісовтің бұл романы да осы кітаптар сияқты әрі терең мазмұнды, әрі өте тартымды дүние. «Ымырт» сияқты тартымды да терең мазмұнды кітаптар қазір тым азайып кетті. «Ымыртты» мейлі америкалық, мейлі француз, мейлі басқа да елдердің бүгінгі әдебиетіндегі ең үздік шығармалармен қатар қоюға болады» деп жазды. Бір ғана мысал. Бір ғана баға!
Баға демекші, осы күні бүкіл мәдениеті мен әдебиетін әлемге үлгі ретінде ұсынып отырған елдердің әлгіндегі аты аталған дара өкілдері жоғары бағалаған «Қан мен тер» трилогиясы сол кездегі Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатқан тұста Мәскеудегі СССР Жазушылар одағына, Коммунистік партияның Орталық Комитетіне авторды да, трилогияны да қаралап, түкке тұрғысыз етуге бағытталған хаттардың талайы түскені белгілі. Сол домалақ хаттарда бұл кітаптың кеңестік идеологияға жат тұстары да атап көрсетілген. Кітапта тіпті орыс ұлтын байқатпай кемсітіп отыратын тұстар бар, олар мыналар деп атап көрсетілген. Мысалы, «Қан мен терде» дені дұрыс бір орыс жоқ : олардың аты-жөні де Тентек Шодыр немесе тамақ ішкенде мұрнынан су тамшылап, шу-шу етіп отыратын Курнос Иван, көксау комиссар Дьяков! Ал орыс байын Марков деп атау арқылы жазушы сол кездегі Жазушылар одағының басшысы Г.Марковтың фамилиясын өзінің жағымсыз кейіпкеріне әдейі теліп отыр-мыс. Қазір Әбеңе осындай хаттар болғаны туралы әңгіме қозғай бастасаң: «Қайтесің, адам баласының тіршілікте бір-бірінің жолына кесе-көлденең тұратыны да, қызғаншақтығы да жаңалық болып па?!» деп жақтырмаған кейіппен қолын бір сілтеп, бұл әңгімені тоқтатып тастайды.
Иә,  қай ұлттың да ең басты киелісі де, қасиеттісі де – діні, тілі, Атамекені. Кеудесінде ар мен намыстың сәл де болса жұқанасы бар ұлт бұл үшеуіне өзге бір ұлттың тіл тигізуіне де, қол тигізуіне де жол бермейді. Амал не, біздің осы үш киелімізге әнебір кездері де, қазір де көз алартушылар аз емес.  Мұндайда оларға ең алдымен қарсы келіп, кеудесін оққа төсеуге дайын тұратын нағыз ел азаматтары, нағыз ер-азаматтар алға шығады. Қазір қазақ халқының жер бетіндегі жалғыз мекені Қазақстан деп аталатын елімізде сол қазақтың бай қазыналы,  тұңғиық сырға толы, шырайлы да шұрайлы тілі өзіне лайықты төрдегі орнына көтеріле алмай отырғаны кеудесінде ар-намысы бар әр қазақтың жүрегіне шаншудай қадалып тұрғанын ешкімнен де жасыра алмайсыз. Ал Атамекен ше?! Қазақ жерінің Атамекені, шекарасы ешкімнің ойыншығы емес екенін Мәскеудің қылышы әлі де қара тасты қақ айырып тұрған сонау 1990 жылы 30-мамырда, КСРО Президенті М.Горбачев Алматыға келіп, партия жиынын өткізіп, ақылгөйсіп отырғанда алғаш оның бетіне қайта-қайта, тұп-тура қарап тұрып ескертіп айтқан жалғыз жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов болатын (Кезінде баспасөзде жарияланбаған бұл сөйлеген сөз оқырман назарына ұсынылып отыр – Авт.). Ол сол күні теледидардан түгелдей көрсетілді. Алайда оның бұл сөзі сол кездегі қазақ басылымдарының ешбірінде жарық көрген жоқ. Ақсақал жазушымыздың қазақ елінің, қазақ жері мен тілінің тағдырына байланысты сол кезде–бұдан 24 жыл бұрын Президент Горбачевқа әрі қазақ халқының өтініші, әрі ескертуі ретінде айтылған бұл сөздері Ресейдің белгілі-белгілі шовинист қайраткерлері қазақ жеріне қайта-қайта шүйлігіп тұрған бүгінгі күні де қай қазақтың да көкейіндегісін қапиясыз айтып тұрғандай. Сонда Әбекең:
– Сірә, саясат дегеніміздің өзі де кейде адам баласының жан шыдатпас қатты бір ауруға душар болғанда уақытша болса да соған саябыр таптыру үшін пайдаланатын анестезияның бір түрі болуы да мүмкін. Алайда біз қазір адамдардың жан дүниесіндегі нағыз шынайылықтың тапшылығынан әлгіндей ауруға душар болған сәттегі бір-біріміздің жанайқайымызға дер кезінде құлақ түруден, бір-бірімізді дұрыс түсінуден қалған заманда өмір сүрудеміз. Міне, сондықтан да, Михаил Сергеевич, осынау  кездесу кезінде менің көптен көңіл түкпірімде жүрген өз ойларымды құйтырқыға салмай және Сіздің қайраткерлігіңізді, еңбегіңізді тізбелеп жатпай-ақ, барынша ашық та еш бүкпесіз айтқанымды көңіліңізге алмауыңызды өтінемін,–деп КСРО Президентінің бетіне қасқая қарағанын қалың қазақ көрді.
Қазақстандағы тыныштық Ресейдің біз көрнекті гу­манистері деп есептейтін адамдарының өзіне де маза беретін емес. Әйтпесе, академик Лихачев бастап, халық алдында жоғары абырой-беделі бар қайраткерлердің «Известия» газетінде жариялаған сөздерін қалай түсінуге болады? Олар өз сөздерінде ұлттық республикалардың тілдерін менсінбейтінін, мәселені тек орыс тілінің пайдасына ғана шешуді көздейтінін ашықтан-ашық өркөкіректікпен жариялады. Міне, осыдан кейін-ақ, біздің бірқатар облыстарымызда жалма-жан Қазақ КСР-індегі «Тілдер туралы» Заңға шабуыл басталды да кетті,–дей келіп сонау патшалы Ресей заманында басталған қазақтың тілін, жерін, үрдіс-салтын отарлау саясаты КСРО кезінде де жалғасқанын, тіпті тың игеру деп аталатын науқанның өзі сол қазақты жерінен, тілінен, бүкіл ұлттық бет-әлпетінен айыру саясаты болғанын әрі ащы, әрі тұшымды, әрі сол Горбачев та, Кремльдегі өзге орыс шенділері де, сірә, бір жетесіздер болмаса жетесіне жетерліктей қып айтқан да тек Әбдіжәміл  Нұрпейісов болатын. Ұлт тағдыры, қазақ тағдыры туралы мәселе тәуелсіздік алғанымызға 23 жыл толып отырса да империяшылдық кеселден айықпақ түгіл онысы асқынып, қазақ жерін көпе-көрнеу басып аламын деушілер Мәскеу жақта көбейіп тұрған мына заманда Әбеңнің сол Горбачевқа айтқан, сол кезде жарияланбаған сөзін қазақ басылымдары енді жарияласа да артық болмас еді. Оның халықаралық ПЕН клубтың Ослодағы жиынында содан кейін сөйлеген сөзінде өзіміз осы күні көтеріп жүрген қазақтың елі, жері, тілі, жалпы ұлттығы қандай қиын жағдайға душар болып отырғаны туралы әлемнің әр түкпірінен келген қаламгерлер алдында асқан салиқалылықпен әр жеріне жеткізе айтқан да Ә.Нұрпейісов. Оны бүгінгі жас-кәрі ұрпақтың көпшілігі біле бермейді. Әбең  жайшылықта да, қалың жамағат жиылған жоғары деңгейлі жиындарда да соның бірде-бірін мен сөйтіп едім деп кейбіреулерше жарияға жар салған емес.
Біз бүгін Әбең 90-ға толып, ұлт абызы атанып отырған торқалы той сәтінде оның қаламгерлік қуатын дәріптеп, онсыз да әлем мойындаған көркем шығармашылығына, оның кітаптарына  талдау жасауды мақсат тұтқан жоқпыз. Олай ету мүмкін де емес. Өйткені ол –үлкен-үлкен ғылыми зерттеулердің, ұлан-ғайыр алуан жанрлы еңбектердің көтерер мәселесі. Біздің  айтпағымыз,  қай ұлттың да тағдыры көп ретте өзін сүйетін, ұлтының ары мен намысын ардағы тұтатын қаламгер ұрпағы бар-жоғына байланысты екені еді. Міне, осы орайда жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов (ол кісі ұлы жазушы деген сөзге жаны қас) қазақ ұлтының бүгінгі де, ертеңгі де маңдайына біткен жарық жұлдызы  дер едік!

Мырзан Кенжебай

12 копия

Жазушы айтқан ақиқат Ә.Нұрпейісовтің Алматыда партия активінің жиынын өткізуге келген КСРО Президенті М.Горбачевқа айтқан сөзі

Сірә, саясат дегеніміздің өзі де кейде адам баласының жан шыдатпас қатты бір ауруға душар болғанда уақытша болса да соған саябыр таптыру үшін пайдаланатын анестезияның бір түрі болуы да мүмкін. Алайда біз қазір адамдардың жан дүниесіндегі нағыз шынайылықтың тапшылығынан әлгіндей ауруға душар болған сәттегі бір-біріміздің жанайқайымызға дер кезінде құлақ түруден, бір-бірімізді дұрыс түсінуден қалған заманда өмір сүріп жатқанымыз ақиқат. Міне, сондықтан да, Михаил Сергеевич, осынау көптен күткен кездесу кезінде мен сияқты егде жастағы әдебиетшінің көптен көңіл түкпірінде жүрген өз ойларын қитұрқылыққа салмай және Сіздің қазір жұртшылыққа белгілі болып отырған қайраткерлігіңізді, еңбегіңізді тізбелеп жатпай-ақ, барынша ашық та еш бүкпесіз айтқанын көңіліңізге алмауыңызды өтінемін.
Егер дәл осы жерде Сіз өзіңіз ұнататын сөзбен айтар болсақ, бүгінде біздің бүкіл қоғамымыз қолға алып отырған және сол арқылы үлкен бір шабытқа қанат бітіріп отырған істеріміздің біздің тағдырымызға тікелей қатыстылығы сондай, біз енді сол көздеген мақсаттарға тезірек жетсек екен деп ойлаймыз. Бірақ соның ешқайсысы да бейбітшілік пен татулықсыз бола қалуы мүмкін емес екенін ешқашан естен шығаруға және болмайды. Ал егер біздің қашаннан бергі ең басты тілек-қалауымыз болып отырған сол бейбітшілік пен татулық ұдайы әртүрлі теріс насихаттардың шабуылына душар болып жатса, біз сол бір ең қасиетті тілек-қалауымызға, мақсат-мүддемізге қол жеткізе аламыз ба?
Тым ащы айтты демеңіз, бірақ бүгінде біз душар болып отырған мен айтқалы тұрған жағдайды басқаша айтып беру еш мүмкін емес. Қараңызшы, еліміздегі толып жатқан қайшылықтарға қарамастан Қазақстанда біршама тұрақтылық сақталып отырғаны туралы бүкілодақтық бірнеше форумдарда атап өтілмей жатып-ақ, ол «тоқыраудың соңғы бекінісі» деп аталып, неше түрлі идеологиялық қарулардың барлық түрінен қардай бораған оқтың астында қалды.
Қазақстандағы тұрақтылық Ресейдің біз ең бір шынайы дегдарлылық пен тектілік нышанын күтетін көрнекті гуманистерінің өзіне де маза беретін емес.
Әйтпесе, академик Лихачев бастап, халық алдында жоғары абырой-беделі бар қайраткерлердің «Известия» газетінде жариялаған сөздерін қалай деп түсінуге болады? Олар өз сөздерінде ұлттық республикалардың тілдерін менсінбейтінін, мәселені тек орыс тілінің пайдасына ғана шешуді көздейтінін менмендікпен және ашықтан-ашық көрсетті. Міне, осыдан кейін-ақ, біздің бірқатар облыстарымызда жалма-жан Қазақ КСР-індегі «Тілдер туралы» Заңға шабуыл басталды да кетті.
Еліміздегі жоғары мәртебелі осы хат авторларының тілдер мен ұлттық мәдениеттердің тең құқы туралы, адамдарды ұлттық белгісіне, тіліне қарап кез келген қысым түрін жасауға жол бермеу керектігі туралы ой-пікірлерін мен жақсы түсінемін, бұл қағидалар маған да жат емес.
Алайда дәл осы тұста мен өзім түсінбейтін мына бір сауалдар алдыма кесе-көлденең тұра қалды. Мәселен, Қазақстанның солтүстік облыстарын экономикалық жағынан игеру деп аталатын науқан әлгі айтылған қасиетті қағидаларды бұзудан басталған кезде осы бір парық-парасатты әрі демократияшыл адамдар қайда жүрді екен? Сол қасиетті қағидаларды бұзудың өзі де, ең алдымен, біздің өз ұрпағымызды ұлттық тілімізде оқытатын мектептерді жаппай жабудан, ұлттың ең киелілерін қорлаудан, тарихи ескерткіштерді жаппай қиратудан, жергілікті ұлттың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпын, өмірлік мүдделерін көзге ілмеуден басталған жоқ па еді! Ал тың өлкелерінде бірнеше жыл бойы жүздеген қазақ мектептері жабылып, жергілікті ұлттың тең жарымына жуығы ана тілінен, төл мәдениетінен амалсыздан қол үзіп, ана тілі ақтық сапарға аттанар адамның күйін кешіп, тіпті сол ана тілі қазақтардың ғылым мен техникаға, өнеркәсіп мамандығына барар жолындағы кедергідей жағдайға душар болып жатқанда әлгі сый-құрметке ие болып жүргендердің, ең болмаса, біреуі орталық баспасөз беттерінде бұл туралы бірауыз сөз айтқанын өз басым естіген де, көрген де емеспін. Естімеген себебім, олардың аузынан ондай сөз еш уақытта шыққан емес. Сонда қалай, тек жеке сенің басыңа немесе тек қандасыңа байланысты жағдайда ғана адам құқы дегеннің бар екенін ескеру адамгершілікке жата ма? Жалпы, мейлі көп болсын, мейлі аз болсын, қай халықтың да өз ана тіліне, өз мәдениетіне деген ешкім қарсы дау айтуына болмайтын кез келген жанашырлығын басқалардың ары мен намысына тиетін әрекет деп білудің өзін парасаттылыққа, мәдениеттілікке, әділдікке жатқызуға бола ма?! Өзгелерге қойған талабынды өзіңе де қоя білмеу, өзгелердің де өмірлік мұң-мұқтажын қадірлей білмеу жан тазалығы дей аласыз ба? Әлде бұл да «тоқ бала аш баламен ойнамайдының» кері ме? Әйтпесе, осының бәрін қалай түсінуге болады? Басқа республикалардағы жергілікті халықтың тілімен қатар орыс тілі де міндетті түрде мемлекеттік тіл болуы керек деп жанталасып жүрген де осы бір көзі ашық адамдар. Солар мұның өзі бізді баяғы көне қалыбымызға қайта келіп түсіретінін білмей отыр дегенге кім сенеді? Ал олай бола қалған жағдайда аз халықтардың осы кезге шейін толып жатқан аяусыз қысым көріп келген ана тілі тағы да тоқырауға тап болып, тағы да ең бір дамып-жетілген, ең бір қуаты мол державалық тілдердің қысымына шыдамай, өз болашағынан айырылатынын шынымен-ақ ешкім байқамай отыр дей аласыз ба?
Осының бәрі саны аз халықтардың ондаған жылдар бойы орыс зиялыларының адамгершілік үрдіс-дәстүріне шын ықыласымен сеніп, кейін сол зиялылардың орнына мұндай жағдайдан бейхабар біреулер немесе өз ұлтының мұқтажынан өзгенің бәрін көзге ілмейтіндер келгенін байқамай жүре бергенінен болып отырған сияқты. Әйтпесе, әлгінде мен мысалға келтірген «Известиядағы» мақала авторлары мен «Молодая гвардия» журналының бас редакторы кешегі бір жылдары қатты тоқырауға душар болған қазақ немесе қарақалпақ тілдерінің қазір БҰҰ-ында да қолданылып отырған орыс тіліне ешқандай қатер төндірмейтінін, сондықтан орыс тіліне бүгінде ағылшын, неміс, француз тілдері сияқты әлемдік тілдермен ғана бәсекелесу лайық екенін ойлағаны жөн болар еді.
Құрметті Президент! Қазір елімізде, өзіңіз талай рет айтқандай, шешімін күтіп тұрған мәселелер бастан асады. Дегенмен, мен солардың ішінен экономика, территория және тіл мәселелерін айрықша атап айтар едім. Аса көрнекті мемлекет басшыларының күш-жігерінің арқасында талай елдер экономикалық дағдарыстан аман шыққаны тарихтан аян. Алайда территория мен тіл мәселесіне орай туындаған дау-жанжалдың ешқайсысы да сонау Інжіл түскен заманнан бері бейбіт жолмен, өз-өзінен шешілген емес. Сөйте тұра, әлгіде айтқанымдай, бізді дәл сол тіл мен территорияға байланысты қырқыстырып қоюға қашанда даяр тұратын адамдар да баршылық.
Қазақстан қазір алуан түрлі күдік пен күмән туғызатын доктриналардың нысанасына айналды. Бұл орайда небір күшті артиллериялық даярлықтар жүргізіліп жатқанына да, міне, бірнеше жыл болды. Оған Нобельдік сыйлық иесі Солженицын сияқты үлкен калибрлі зеңбіректер де қатыстырылуда. Әрине, ондайлар үсті-үстіне осылайша атқылай бергеннен кейін, оларға ілесе енді анық шабуылға шыққан, толып жатқан батырсымақтар да табыла кетті. Тіпті жай қағаз жүзіндегі емес, кәдімгідей-ақ тұрақты, ерікті атты әскер пайда болып, ол бүкіл Одақты жайлап алды. Бірақ бұл атты әскер баяғыдай бүлікшіл Питерге емес, бүгінгі Қазақстанға сұғын қадайтын болды. Мұндайлар өткен жылы «Комсомольская правда» мен «Литературная газета» арқылы өздерінің қолтығына су бүркіп, шабыттандырған мұхиттың ар жағынан келген ұстазынан әлдеқайда асып түсті. Осыдан төрт-ақ күн бұрын олар «Московские новости» деген тағы бір орталық газет «Возрождение» деп аталатын казактар қауымының атамандарының бірі Александр Галагановтың аузымен біздің республикамыздың бүкіл батысы мен шығысын, теріскейімен қоса (тіпті Алматы облысын да) ­­– қазақтардың мүдделі аймағы, бұл аймақ бір кездегі қателіктен Қазақстанға өтіп кеткен орыстың атажұрты деп мәлімдеді.
Мен бұл жерде даукес атаманның мұндай ешбір дәйексіз қылығына, тіпті шамданып та тұрған жоқпын. Өйткені, мұндай сандырақ мәлімдемелердің төркіні мұхиттың ар жағынан келсе де, әлгі атамандардың төңірегінен шықса да, бір ғана нәрсені әшкерелеп береді. Яғни бұл олардың өз отанының тарихынан, тіпті тарих атаулыдан мүлдем хабар-ошарсыз адамдар екендігін, орыс мемлекеті мен оған жапсарлас жатқан елдердің, халықтардың тарихын Солженицыннан, Ивановтан, Кузьминнен және жаңадан пайда болған атамандардан әлдеқайда артық білетін ежелгі орыс монастырлерінің шежірешілерінен бейхабар екенін айтпағанда, олар не Карамзинның, не Соловьевтің, не Мусин-Пушкин мен Ключевскийдің бір кітабын қолына ұстап көрмеген адамдар екенінен басқа түкті де көрсетіп тұрған жоқ. Бұл тарих Кирилловтың, Татищевтің, Неплюевтің, Скобелевтің еңбектері мен мемуарларында тайға таңба басқандай анық жазылған. Меніңше, желөкпе казактар қазір бұрынғы отар аймақтарды мәңгі заңдастырып алғысы келіп жүрген сияқты. Егер олардың Жаратқан Иеміздің алдында жауап беруіне тура келсе, олар бұл жерлерді өздерінің ата-бабалары кімнен, қалай тартып алғанын бүкіл жан дүниесін ақтарып тұрып мойындап шығар еді.
Біз Президенттің ұлттық аймақтардағы әскери құрамаларды қарусыздандыру туралы Жарлығын қуаттадық, қолдадық. Ендеше, дер шағында осындай Жарлық шығып жатқанда елімізде сол Жарлықпен қапталдасып казан жасақтары сияқты әпербақан құрамалардың пайда болуын қалай түсінуге болады? Біз болсақ, Тбилисидегі, Бакудегі, Рига мен Вильнюстегі қайғылы жағдаяттардан кейін ұлтаралық дау-жанжалдарды шешуге ендігі жерде әскери күштер қолданылмайды деп сеніп келген жоқ па едік? Сонда адамның ең бір жанды жерін шымшитын мәселені шешуге бұдан былай тұрақты әскери күштердің орнына казачестволардың әскери құрамалары қолданылатын болғаны ма? Біздің тарихымыз мұндай ащы уақиғалардың да талай рет дәмін татқаны белгілі.
Сондықтан біз бұл сауалға берілетін жауапты өзін-өзі атаманмын деп жариялағандардан емес, ел Президентінен күтуге әбден хақымыз бар. Мұндай аса зор өмірлік мәнді мәселелерде нақты да айқын белгіленген өз ұстанымымыз болмайынша, біз өркениетті құкықтық мемлекет құру жолында бір қадам да ілгері аттай алмаймыз. Меніңше, біздің ортақ мемлекетіміздің бұлайша іргесін қазушыларға бұдан әрі енжарлықпен қарасақ, мұндай жайттардың бәрін жай ғана жергілікті экстремизм деп есептесек, біз көп нәрседен айырылып қаламыз. Яғни біз біріншіден, халықтың сенімінен, екіншіден, ертеңгі күнге деген үміттен, үшіншіден, айналамызда болып жатқан өзгеріс атаулының бәрі заңға сәйкес екендігіне деген киелі сенімнен айырыламыз.
Міне, сондықтан да, біздің халқымыз бен оның мені өз ортасынан жіберіп отырған зиялы қауым атынан бұл іс ушығып кетпей тұрғанда, кім болса соның ұлт мәселесін бұдан былай да ойынға айналдыра беруін тоқтату үшін Сіздің өзіңіздің бүкіл өкілеттілігіңіз бен биік беделіңізді пайдалануыңызды табанды түрде өтінемін!
Ал біз айтып отырған қауіп-қатер қиялдан, ойдан шығарған нәрсе емес. Тіпті бұрынғы премьер Рыжков пен генерал Громовтың құрметті казактар деген атаққа ие болғаны туралы бүкіл баспасөзде жарияланды. Сонда біз ендігі жерде Қазақстанға дос пиғылмен қарайтын Ресей Президентінің орнына шынымен-ақ жаңа бір Войсковой атаманды көретін боламыз ба?
Ал сонан кейін не болмақ?
Мейлі, қандай іс-әрекет болсын, әйтеуір, екінші бір қарсы әрекетті туғызатыны әмбеге аян. Міне, сондықтан да бұл жағдай қайталана беретін болса, бұның арты ендігі жерде біздің ішімізден де әртүрлі сарбаздар мен сардарлардың, басмашылар мен құрбаншылардың, ата-тегі беймәлім атамандардың шегірткедей құжынап шыға келуі де аса қиын шаруа емес. Ал өзінің ертеңгі күнінің, келешегінің тап бұлайша беймәлім бұлдыр болуын ешкім де қалай қоймайтын шығар. Мен сізге тек өз қандастарымның ғана емес, біздің болашағымызға сеніп келген, әлі де сеніп жүрген, Сіз өзіңіз бастаған қайта құру деп аталатын игі бастаманың жеңіске жететініне сенімін жоғалтпаған жалпақ жұрттың тілегін білдіргім келеді.
Құрметті Президент, Сізден мұндай сотқар-сотанақтықтың соңы, Құдайдың өзі сақтасын, үлкен бір қайғы-қасіретке айналып кетпеуі үшін ең батыл, ең шұғыл шаралар қолдануыңызды өтінемін.
Біздің өмір сүріп отырған беймаза да аласапыранға онсыз да шегіне жетіп шиеленісіп тұрған жағдайдың онан әрмен ушығуына жол бермеу бір-бірімізді түсінуге, салиқалы ақыл-оймен және ең бір мейірбанды жүрекпен түсінуге тырысу қазіргі замандағы ең үлкен данышпандықтың өзі болар еді.

(1990 жыл, 30-мамыр
Орысшадан ықшамдап аударған  
Мырзан Кенжебай)

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Нұрлан

    Әбдіжәміл атамызға зор денсаулық, күш-қуат тілеймін.

  2. Рустем

    Ардақты ағайын!
    Жүздеген жылдар мен сынақтардан елімізге деген махаббатымызды өшірмедік, елімізді қалыптастырдық, тәуелсіздікке ие болдық. Барлығымыз бірігіп егемен мемлекет құрдық. Ендігі мақсатымыз – өткен жетістіктерімізді сақтай отырып, жаңа биіктерге жете отырып, болашақ ұрпақтарымызға бай және егемен елімізді аманат ету.
    Біздің тәуелсіздігімізге әлі екі онжылдық қана болды. Өз жеріңде өмір сүру және жұмыс істеу, өз тағдырыңды өзің анықтаудан артық нәрсенің жоқтығын миллиондаған қазақтардың түсінуіне осы қысқа тарихи уақыттың өзі жеткілікті болды.
    Қазақтарды тізе бүккізіп, бағындыруды, өз жерінен, атынан айыруды көздегендер аз болған жоқ. Бірақ оларға әрқашан жол бермей тұрған күш – ерлікке, атамекенге деген сезімге және бостандық жолында құрбандыққа толы қазақтық мінез жатты.
    Отанымыздың тәуелсіздігі жарияланған күннен бері жиырма жыл өтті. Бүгін, тәуелсіздігіміздің бағасыздығына көзіміз жете отырып, халықаралық тоғыста орналасқан Қазақстан Республикасының әлемдегі елдермен қарым-қатынастарының дамуын бақылап отырмыз.
    Сүйікті отанымыз Қазақстан – бүгін халықаралық қоғамдастықтың белсенді, танымал, құрметті мүшесі. Бұл жоғары мәртебе ұлтына лайықты әр ұлынан, сонымен қоса әр деңгейдегі депутаттар мен әкімдерден, үкімет мүшелерінен Отанның бүгіні мен ертеңі үшін, сүйікті Қазақстанымыздың дамуы үшін, сонымен қатар әлемдік аренада оның үнінің қатты шығуы үшін үнемі күш жұмсауды талап етеді. Отан үшін жауапты болуға әрқайсымыз адал еңбектеніп, жемісті күш жұмсап, үлкен жауапкершілік пен мықты ерікке, ұлттық намысқа, жоғары білімділікке, таза ниетке ие болуымыз қажет.
    Әр жыл сайын республика өндіргенінің 80 пайызын экспорттайды, өйткені бәрі шикізат. Барлық табылған табыс, меніңше, олигархтардың қалтасына, шетелге кетпеуі тиіс, ол халыққа еңбекақы, әлеуметтік игілік, отандық экономикаға инвестиция ретінде қайтуы керек. Әрқашан осылай болуға тиіс. Осындай экономика құру біздің мақсатымыз.
    Бүгінгі жағдайлардағы Қазақстанда біз одан әрі халық игілігі үшін аянбай еңбек етуге, мектептер мен балабақшалар жетіспеушілігін және азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешуге, ауылдарды газификациялауға, индустриалды-инновациялық саясатты іске асыруға, қарапайым азаматтарды әлеуметтік қорғауға, мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға міндеттіміз. Сонымен қоса, коммуникациялық тәуелсіздік және сауда қорғанысына, азық түлік қауіпсіздігіне және экономикалық өсімді өндіруші сала арқылы қамтамасыз етуге, халыққа стратегиялық кәсіпорындарды және пайдалы қазбалар орнын қайтаруға, заң шығарушы органдардың ролін күшейтуге бағытталған стратегиялық мақсаттарға жақындауымыз керек. Уақыт талабы осындай.
    Жоғары мақсаттарға жету мен үлкен жемісті жоспарларды іске асыру оңай іс емес. Ол бір-екі жылда орындалмайды. Бірақ әрқайсымыздың, ұлттың ұлдары – Парламенттің, Мәслихаттың депутаттарының, әкімдердің, үкімет мүшелерінің, ұйымдастырушылардың, барлық деңгейдегі мамандар мен жауапты жұмысшылардың, министрліктер мен ведомстволар қызметкерлерінің мақсаты адал еңбекті қажет етеді.
    Алдымызда шешімін талап ететін мақсаттар тұр. Мысалы Қаржы саласындағы мәселелер осы:
    • Ұлттық валюта курсының тұрақтылығын қамтамасыз ету;
    • Несиелік қорларды көбірек тарту және осы негізде шағын және орта кәсіпкерлікке, әсіресе өндірістік кәсіпорынға салынатын жалпы несие көлемін үлкейту;
    • Несиелік ұйымдардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету саясатын жалғастыру және оның қызметін халықтың бос қаражаттарын тарту арқылы, банк қызметтері сапасын жақсарту арқылы, олардың орындалу тәртібі арқылы кеңейту.
    • Отандық өндіруші кәсіпкерлікке берілетін ұзақ мерзімді несиелерге клиенттерді тарту арқылы несие жүйесін нығайту.
    Экономиканың нақты секторын, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатымен Ұлттық банк және коммерциялық банктер осы бағыттағы несиелердің көлемі мен санын көбейтуге, несиелік қорларға көбірек клиент тартуға керекті шаралар қолдануға тиіс.
    Осыған байланысты, елде банктердің, басқа да несиелік ұйымдардың санын көбейту үшін және қызмет сапасын жақсарту үшін барлық сәйкес нормативтік-құқықтық актілерді қайта қарап, олардың қызметін жақсартуға жағдайлар жасау керек. Сонымен қатар, алыстағы аудандарға микронесиелеуді көбейтуге қосымша шаралар қолдану қажет.
    Құрметті отандастарым!
    Осы ұлы жетістік пен бағасыз ұлттық игілігіміздің қасиетті, мінсіз, және әрқашан тұрақты тәуелсіздігін сақтау — мемлекеттің мақсаты және Қазақстанның әр саналы және адал азаматының миссиясы. Тәуелсіздік пен егемен мемлекетті, әлемді нығайтуды, тұрақытлық пен ұлттық бірлікті, жоғары отаншылдық сезімді, рухани қырағылықты, ұлттық намысты, ұлттық құндылқтар мен мемлекеттік нышандарды қорғау – нағыз азаматтық қоғам құруға, мықты экономикалық және әлеуметтік дамуға, стратегиялық жоспарлар мен мақсаттардың іске асуына бізді толықтай бағыттайды.
    Тәуелсіздік пен оның жетістіктерін нығайту бізді халықтың тарихи санасын, этикалық және мәдени құндылықтарын қалпына келтіру мен тілдің, әдебиеттің, ғылымның, мәдениеттің, ағарту мен білім берудің дамуына көп күш салуға итермелейді.
    Ұлттық сананың қалыптасу үрдісін күшейтудегі, өркениетті азаматтық қоғам негіздерін күшейтудегі тарихымыздың тағдырлы кезеңінде ең қуатты жемісті құрал – қазақ халқының ұлы бабаларының мұрасына назар салу.
    Тәуелсіздік жылдарында тамаша тіл болып саналатын мемлекеттік тіліміздің қалпына келуі және дамуы үшін барлық жағдайларды жасауымыз керек еді. Өйткені бұл бабалардан қалған аманат және біздің ұлтымыздың ең басты құндылығымыз. Өкінішке орай жиырма жылда ештеңке істелген жоқ. Біз отаншылдар қазақ тілін көсегесін көгерту үшін барлық шараларды жасаймыз. Бұл біздің тарихи міндетіміз.
    Бір кездері мемлекеттік және саяси тіл болмаған қазақ тіліміздің үні қазір БҰҰ-ның және басқа да халықаралық ұйымдардың ең жоғары мінберлерінен шығып тұруға, ақ көгершін сияқты бейбітшілік пен достық құсы ретінде әлемдік кеңістікте шарықтауға тиіс.
    Сондықтан, ежелгі, бай, дана және ақындық тілге деген мемлекеттік және бүкілхалықтық қамқорлық – әрқайсымыз үшін асыл парыз.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.