Ғафу досым, ақын досым, қайдасың?..

«Ұмытқан жоқсыз ба?»

Айтулы ақын Ғафу Қайырбековтің жан­жары, Бәдешпен тойларда жүздесу, әдеби кештерде кездесулердің сыртында телефон арқылы тілдесетініміз қашаннан әдетке айналып кеткен-ді. Бұл жолы телефон соққанда сәлем соңынан айтқаны:
– Ғафуды ұмытқан жоқсың ба? – деді.
­– Е, неге ұмытайын…
– Бұлай деп тұрғаным үстіміздегі қарашаның үшінші жұлдызында Ғафудың бақилық болғанына 20 жыл толмақ…
– Е-е… Солай екен-ау, мезгіл деген сынап қой, күні кешегідей болады да тұрады.
– Ұзын сөздің қысқасы онымен бірге оқыған студенттерден көзі тірілері Серік (С.Қирабаев) екеуің ғана. Ал қызметтес, сұхбаттас достары болған Тұрсынбек (Т.Кәкішев) пен Шерияздан… баршаңды Ғафудың отбасына келіп дәм татып, естелік айтып кетсеңдер ме деп ем, қалай, қарсы емессің бе?
– Ой, Бәке, о не дегеніңіз, міндетті түрде келеміз, – деп уәде берген едім.
…Осынау естелікті жазуыма да Ғафудың зайыбы Бәдеш себеп болды.
…Ғафу! Мен үшін аса қастерлі ­осынау есім осыдан 66 жыл бұрынғы жайсаң жастық кездерімді көзге елестетті. Бір ғажабы сол жылдары Қазақстанның ғылым ордасындағы қарашаңырағы саналатын Абай атындағы педагогикалық институтында білім жетілдіргендер сұрапыл соғыс аяқталғаннан соңғы ұрпақтар едік. Және қандай ұрпақ десеңізші! Бердібек Соқпақбаев, Серік Қирабаев, Рәбиға Сыздықова, Фәтима Оралбаева, Шәмшиябану Сәтбаева, Телғожа Жанұзақов, Айқын Нұрқатов, Нығмет Ғабдуллин, Баламер Сахариев, Ғафу Қайырбеков, Әнуар Дербісәлі, ұлты ұйғыр Гожахмет Сәдуақасов және мен пақырыңыз. Осы аты аталғандардың алтауы академиктер де қалғандарымыз көрнекті әдебиетші, сыншы, жазушы, ақындар екенбіз.
Міне, өткен ғасырдың 50-жылдары осындай танымал тұлғаларды тәрбие­леп шығарған қарашаңырақтан айналайын десеңізші! Оны айтасыз-ау, біздің ұстаз­дарымыз шетінен мүйіздері қарағайлар: Мұхтар Әуезов, Қажым Жұмалиев, Сәрсен Аманжолов, Темірғали Нұртазин, Төлеген Тәжібаев, Шамғали Сарыбаев, Қайнекей Жармағамбетов, т.б. Бұлар аса көрнекті майталмандар екендігі бесенеден белгілі.
«Атаға қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер» дегендей, ұлы ұстаздарға қарап өскен шәкірттер санаты әлгіндей.
…Алып елдің тұрмыс-тіршілігін тағылықпен талқандап, төрт жылдан астам титықтатқан алапат соғыс салдарынан сол кезгі күнкөріс те қиямет қиын болатын. Жоғарыдағы аты аталған сол кездегі студенттер, қазіргі ғұлама ғалым, мәдениет қайраткерлері күніне тиесілі 400 гр. қара нанды місе тұтып, оқуымызды абыроймен аяқтап шықтық. Кейін әрқайсымыз мәдениет пен ғылымның, баспагерлік салаларында қажымай қызметтер атқара бастадық… Құдай Тағала мен білетін Ғафудың бір басында бірнеше өнер тоғысқан еді. Ол – ақын, ол – актер, ол – әнші, ол – домбырашы, ол – шешен сөз зергері… Қойшы, айтып түгесе алмайсың. Енді Ғафу досымның сол қасиеттеріне жеке-жеке тоқталайықшы.

Ғафу – ақын

…Өткен ғасырдың 1948 жылы ҚазПИ-дің жанындағы әдебиет үйірмесін Қайнекей Жармағамбетов басқаратын. Серік, Бердібек, Айқын, Баламер, Ғафу бәріміз үйірменің белсенді мүшелеріміз. Сыншылар мен ақындардың шығармаларын жарыққа шығарып жариялау мәселесінде Қаныш Сәтбаев атамыздың күйеубаласы, әрі танымал ақын, әдебиетші Қайнекей ағамыз үйірмеде талқыланып, тәуір делінген өлеңдер мен әңгімелерді, сыни мақалаларды газет-журналдарға белсене ұсынып, ерекше көмектесіп отырды. Ғафу Қайырбековтің «Қызбел қиясында» деген тақырыппен топтастырылған бірнеше өлеңдері «Әдебиет және искусство» журналында сол кездері жарқ ете қалды. Журналдың бас редакторы һәм Жазушылар одағы хатшыларының бірі Қайнекей Жармағамбетов өте беделді әрі қоғам қайраткері де еді.
Ғафудың көп тарылымды журналда басылған өлеңдері абыройын одан сайын арттырып, шабытын шалқыта асқақтатып әкетті. Бірден оқырмандар көзіне түсіп, үлкен беделге ие болды.
…Бір күні Қайнекей ағамыз әдетінше көзілдірігін маңдайына ысыра тастап:
– Кешкі сағат алтыда институт клубына келесіңдер. Қазақстанның аса көрнекті жазушыларымен кездесу кеші өтеді! – деп ескертті.
Кешкісін жапа-тармағай ағылған жұрттан жиынжай ішінде инешаншар орын жоқ еді. Әдебиетке құмар жұрттың баршасы келгендей. Көршілес Киров атындағы университеттен (қазіргі әл-Фараби атында) Әзілхан, Зейнолла, Жұмағали, Мырзабектер жетіпті. Институт ректоры Серғали Есмәмбетұлы Толыбеков сахнаға алдымен шығып, жиынжайдағыларға қарап:
– Кәне, қол соғып қарсы алайық, қаламгерлер тобын Сәбең бастап келеді, – деді көңілді дауыспен. Сахнаның сол жағынан сау ете түскен суреткерлер тобын біз де қошеметтей орнымыздан тұрып қарсы алдық.
Сәбит Мұқанов, Тайыр Жароков, Әбділдә Тәжібаев, Жақан Сыздықов, Қалижан Бекхожин, Есмағанбет Ысмайылов, Хамит Ерғалиевтер екен. Бұрын аттарын басылымдарда байқағанымыз болмаса жүзбе-жүз көріп тұрғанымыз осы.
Сәбең қазақ ақын-жазушыларының кейінгі жылдардағы табыстарын тілге тиек ете келіп, алғашқы сөзді Жақан ағамызға бер­ді. Содан соң Тайыр Жароковқа, Тәкең ба­сын кекең еткізіп, даусын көтере Маяковс­кийше көсіліп кетті: «Жапанды орман жаңғыртты» поэмасынан үзінді деп қойды.
«Көрдің бе Орал қырларын,
Жері қандай жап-жазық.
Бір жағында құм Нарын,
Бір жағында Ақ Жайық.
Жерден қолын жұрт бұлғап,
Жаңбырды үміт ететін,
Жалауын жасыл бұлт бұлғап,
Оралмай, бірақ кететін,
Бас иіп жанға қарамай,
Бұлтқа бойлай бір емен,
Орманның генералындай,
Қасқая қарап тұр емен.
Сол еменнің түбінде
Өзі еменге ұқсаған
Бір шал отыр төрінде
Сыр бар ұзақ жасаған…».
Тайыр әрбір жолды нақышына келтіре, екпіндете жөңкігенде жиынжай іші жаңғырып кеткендей болды. Мұхтар Әуезовтің ақындарды жіктей келіп: «Майда қоңыр Ғали», «Қырғи тілді Асқар» дей келіп, «Басым үнді Тайыр» деуі осы екен ғой деп топшыладық. Жұрт ду қолдарын соқты. Сәбең енді Әбділдә ақынға кезек берді. Онан соң Қалижан, онан соң Хамит өлеңдерін оқыды. Көркемсөз көрігі қыза түсіп, поэзияға деген құштарлық қияңға шыққан сәтте Қайнекей орнынан тұрып, Сәбит Мұқановқа қарап:
– Сәбе, біздің әдебиет үйірмесіне мүше ақындар ілегінен аса дарынды Ғафу Қайырбеков өлеңін оқығысы келеді, соған қалай қарайсыз? – деді.
– Әу, жақында ғана журналда жақсы жырлары жарияланған Ғафуды айтасың ғой, ә…
– Иә, тап соның өзі.
– О, бәрекелді! Оқысын өлеңін, – деді Сәбең.
Ғафу қазақтың аса көрнекті қаламгер­ле­рімен қауышқанына ыстық ризашылығын айта келіп, өлең оқуға кірісіп кетті:
Көктемгі дала кеңдігі-ай,
Шабысы-ай аттың бұрқанып,
Жазылушы еді-ау жануар
Жалынан жасыл шық тамып.
Танадай көзден жас парлап,
Анадай қырдан асқанда-ақ.
Нажағай сынды сабазың,
Ағатын еді-ау аспандап.
Жап-жарық әлем мәз болып,
Құлақтан есіп жел, дауыл,
Топылдап түскен тұяққа
Тосатын еді жер бауыр.
Жүрегің қоса жүйткиді
Алғандай байлап қос қанат.
Бүркіттей ұрып кеудеңді
Кетердей бейне тастап-ақ,
Пай-пай-пай, аттың тұяғы-ай
Секілді жердің тамыры,
Дүрсілдеп соққан сонда бір
Бардай-ау асау қан үні.
Өмірім сондай кіл менің,
Өлеңім сондай кіл менің,
Ылғи бір шауып немесе
Шабысты аңсап жүргенім…
– Уай, мына Ғафу қалай-қалай сілтейді-ей, көсіле шапқан тұлпардай талай ақыныңды қанжығасына байлап кетейін деп тұр ғой, жарайсың Ғафу, жарайсың! – деп Сәбең рақаттанған сәтте көрермендер де ду қол соғып жіберді. Ғафудан соң Бердібек Соқпақбаевқа кезек берілді. Ол «Өлең» деген өлеңін оқыды (Бастапқыда Бердібек өлең жазатын).
Өлеңде мінезі жас баланың,
Жылатып ала ма деп жасқанамын.
Өлең нәзік ішегіндей домбыраның,
Үзіп алса өлкені масқараның. Тағы да ду қол соғылды. Бердібекке де «бәрекелділерін» көрермендер аяған жоқ.
Кеш соңы институт көркемөнерпаз­дары­­ның концертіне ұласты. Баламер Құрман­ға­­зы­ның «Балбырауын» мен «Сарыарқа» күйлерін екпіндете орындап берді.

Ғафу – актер

Жоғарыда айтылған менің студент құрдастарымның көпшілігі өнердің сан саласымен айналысатын. Нығмет Ғабдуллиннің тенор даусы болатын. Ол ағайынды Абдуллиндерге еліктеп, Абай әндерін келістіре орындаса, қостанайлық Сейіт, атыраулық Құмар, Баламер, өңгеміз ұлт-аспаптар оркестрінде домбырашылармыз. Ал Ғафу таланты мүлдем ерекше. Сабақты ине сәтімен дегендей, сол жылдары әйгілі режиссер Асқар Тоқпанов драма үйірмесіне жетекшілік жасап, «Ақан сері – Ақтоқты» драмасын сахнаға шығарды. Ақанның рөлінде кім ойнамақ? Осы сауал режиссердің басын ауыртып, балтырын сыздата келіп, ақыры өнер сайысына түскенде өзгеше көрінген Ғафу Қайырбеков бекітілді.
Кешкісін көбіміз театрға не кино көруге кететін едік. Ғафу болса жападан-жалғыз жатақхананың кішкентай бөлмесіне лықсыған шабыты сыймағандай шарықтап Ақан серінің Ақтоқтыға қарата айтатын сөздерін жаттаумен әлек.
Нәркез көзің тұңғиықтан
Қу моладай күңіреніп
Қадалғанда алғаш-ақ,
Бір қаңсырап қалсын деп пе ең Ақтоқты?
Жүрегімді қанға былғап,
Шаңға аунат та,
Төбетіңнің біреуіне тастай бер,
Мен де жерден көтермеспін қызғанып…
Мольер, Шекспирше шабыттана ақ өлең үлгісімен ағылған Ғабиттің көркеми тіркестері ұғымды оқылып, жеңіл айтылады. Тыңдарманның құлақ құрышын қандырып, жүрек қылын шертіп, қиялын қияға шарықтатады.
…Көп кешікпей Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасы Асқар Тоқпанов қойылымымен институт сахнасында жарқ ете қалды. Үстінде оқалы шапан, басында сусар бөрік, қолында домбыра, аяғында саптама етік киген Ғафу Қайырбеков шыға келгенде жұрт аң-таң болып қошемет көрсетті. Жоғарыдағы айтыл­ған жолдарды нәшіне келтіре саңқыл­дайды кеп сахнадан. Жиынжайдың алғашқы қатарында отырған институт ректоры мен Асқар Тоқпановтың екі езулері құлақтарына жеткендей қуаныштарында шек жоқ.
– Ғафу ақындығын былай қойғанда актер ретінде де алдына жан салмайтын талант, – деді режиссер Тоқпанов, – әттең театрға барса ғой…
– Иә, иә, дарындылығы көзге ұрып тұр, – деді Серғали Есмәмбетұлы да қуаттап.
Ол кездері жыл сайын жоғары оқу орындары көркемөнерпаздар үйірмелерінің байқаулары жиі болып тұратын. Қырық сегіздің қаңтарында өткен байқауда біздің институттың драма үйірмесі көрсеткен басты рөлін Ғафу орындаған «Ақан сері  –Ақтоқты» қойылымы мен ұлт-аспаптар оркестрі Құрманғазы мен Тәттімбет күйлерін келістіре орындағаны үшін бірінші орынға шығып, арнайы дипломдармен марапатталды.

Ғафу – журналист, баспагер

Ғафу ҚазМУ-ді үздік оқып тәмамдасымен (1952) Қазақтың Мемлекеттік көркем әдебиет баспасында ұзақ жылдар бойы редакторлық қызмет атқарды. Осы баспада, кейінірек «Жазушы» баспасында поэ­зия редакциясының меңгерушісі. «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» журналында бас редактордың орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағында (1968-1973) поэзия секциясына жетекшілік етті.
Ғафудың және бір қасиеті – оның орайы келгенде, сөз тапқыштығы, шешендігі күні бүгінге дейін есімізде. Орталық Комитеттегілер бәзбір оқиға үшін «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторын оқыс орнынан босатып, Ғафуды да қызметінен аластатты. Кешікпей Жазушылар одағы партия ұйымының ашық жиналысында сол кездегі газет бас редакторының орынбасары міндетін атқарған ол қызметтен ешбір кінәсіз әлі дәлелсіз босатылғанына ашуланып:
– Әу, ағайындар, мен жазықсыз жазаланып отырмын, асылы мен бас кесілсе бірге кесілетін мойын ба, сіздерге орынбасар ойын ба? – дегенде отырғандар ішек-сілелері қатқанша күлісіп алғанының куәгерімін.

Ғафу – әнші

Домбыраның құлақ күйін келтіріп алып, қазақтың халық әндерін келістіре орындау­шы еді-ау. Әсіресе, Қасым Аманжоловтың «Дариға сол қызын» керемет шырқайтын.
1952 жылы Қасым ақынға үй берілгенде Ғафу мені қасына ертіп барды. Қасым ақынмен таныстырды.
– Үйіңіз құтты болсын! – деуден басталған қуанышымыз, әрі-беріден соң әнге ұласты.
– Әй, Ғафу, дүрілдет Дариғаны! – деуі сол екен, Қасымның домбырасын ала сала:
«Өңімде ме еді, түсімде ме еді,
Көріп ем ғой бір армандай қызды» деп бастап алып шырқата жөнелді Ғафу.
– Пах, шіркін, ғажап болды, – деді Қасым. Қасым ақын Ғафу екеумізді өзі құрастырған «Жастық жыры» жинағына кіргізгенін айтып, көңілімізді көкке көтеріп жіберді. Кіріспе сөзді Тахауи Ахтанов жазыпты. Кешікпей шағын көлеммен баспадан шыға келді.
«Бәдешті шақырып жіберші!..».
Ғафу бірде «Астанада көшесі бар Гогольдің» деп аталатын өлеңін оқып берді маған.
– Қалай шыққан екен?
– Мынау әдемі лирикалық өлең екен, кімге арнап жазғаныңды айтпасаң да іштей сезіп отырмын…
– Сенің де білмейтінің жоқ, әйтеуір, – деп Ғафу тісін ақсита күлді.
Гоголь көшесімен бұрынғы Ұйғыр (қазіргі Байтұрсынұлы көшесінің) қиылысында үш қабатты ғимарат тұратын-ды. ЖенПИ-дің қыздар жатақханасы деген сол болатын.
…Бәдеш жеңгемізбен жолаушылап келе жатқанда қалай танысқаны жайлы әңгімесін Ғафу маған бұрын айтқан еді.
– Жүр, болашақ жеңгеңмен таныстырайын, – деп мені бірге ертті де кетті. Жатақхана ғимаратына таяндық. Тал-теректер түбінде шетінен жіптіктей киініп алған жігіттер. Көзі танысы да, бейтаныстары да бар.
– Маған Мағрипа деген қызды шақырып жіберші, – деген сұңғақ бойлымыз өзімізбен бірге оқитын Нығмет Ғабдуллин болып шықты.
­– Маған Алтынай деген қызды шақырып жіберші!..
Арнайы рұқсат қағазынсыз жатақханаға кіре алмайсыз.
– Әй, қарындас, маған пәленінші бөлмеде тұратын Бәдеш есімді қызға барып, сыртта күтіп тұрғанымды жеткізе қойшы! – деді Ғафу.
– Әне-міне дегенше Бәдеш те келді. Тал шыбықтай бұралған, тіке қарай алмай күлімсіреп, мойнын төмен ие береді. Ұялшақтығы шығар, сірә, деп ойладым.
– Мынау Мыңбай деген жас ақын. Бірге оқимыз, – деп мені Бәдешке таныстырып жатыр. Үшеуміз Гоголь көшесі бойымен саябақтағы кинотеатрға тарттық. Интернет жоқ кездегі шіркін сол бір шақтар-ай десеңші. «Жиырма бес қайта айналып келмес саған» дегендей, ғайып болды да кетті…
* * *
Айта берсек Ғафудың ешкімге ұқсамай­тын өзіндік болмысы, табан астында ­тауып сөйлейтін шешендігі, ақжарқын мінезі, жабырқап отырағаныңда қыбын тауып, қолма-қол жадыратып жіберетіні, өзге де адами қасиеттері толып жатыр. Қаршадайынан топ жарып талантымен танылған, Әуезовтің шәкірті, Ғабең бастатқан классиктердің ризашылығына бөленген, көркемсөз шебері, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғафу Қайырбеков егер көзі тірі болса даусы сұңқардай саңқылдап сексен бесін сері қалпында бізбен бірге атап өтетіні сөзсіз еді ғой. Амал қанша, тағдыр оған жазбады. Жетпістің де жотасына жетпей алпыс алтысында бақилыққа аттанып кетті. Ғафу өлген жоқ, ол бізбен бірге. Артында қазақ әдебиетінің алтын қазынасына қомақты болып қосылған жауһар жырлары қалды. Ақын Ғафу есімі мәңгілікке жол тартып барады. Жаны дарқан, дарынды досымды көз алдыма елестеткенде мына бір өлең жолдары өрбіген еді. Сонымен естелігімді тәмамдаймын:
Тұрлаусыз тағдыр сұғады сұрғылт найзасын,
Сағындым, Ғафу, сағындым досым, қайдасың?
Сайранды сәттер сағымға айналып кеткендей,
Рухың қолдап, жаннаттың түрін жайларсың.
Баяғы кездей домбыраңды алып шалқышы,
Жұлқынып жүрек, көңілім күңгірт жайнасын.
Жалынды жойқын өлеңдеріңнен от өрші,
Қанса егер ұйқың басыңды бір сәт көтерші,
Сиқырлы музаң мұхитша мөңкіп туласын,
Қайдасың, Ғафу, қайдасың досым, қайдасың?..

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.