Ұлың болсын оншақты, қызың болсын моншақты…

«Көп қорқытады, терең батырады». Осы оймақтай ғана мәтелдің арқалаған жүгі қаншалық? Оны қайдам, болашаққа үмітпен қарағысы келетін әрбір ел өз санының күн санап өскенін қалайды. 2020 жылы 40 миллионға жетеміз деген жоспарын аламанға қосып отырған өзбектер өткен жылы халқының саны 27,3 миллион болғанын жариялап ала-тақияларын аспанға лақтырысты. Орталық Азияда шамамен 60 миллиондай адам бар екенін ескерсек, оның тең жарымын құрап отырған алатақияның аспаннан түспеуі заңдылық та. Орталық Азияда көшбасшылыққа лайық Қазақстаннан санының артық болуы оларды қуантады. Қара қытайдың табанында тапталғысы келмейтін орыстар «2050 жылы 145 милионға жетеміз» деген желеулі ұрандарын желбіретеді. Мақсат демаграфиялық ахуалын аю жүрістен айыру. Ал, тәуелсіздікті алғалы бері жарты миллион қандасын әрең ата-жұртына қауыштырған біздің мемлекет 2015 жылы 20 миллионға жетеміз деген-ді. Санақ сағаты сыртылдап жақындаған сайын осы бір игі бастама әлсін-әлсін еске түсіп, «тым болмағанда сол 20 миллионға 2020 жылы жетсек-ау» деген арманға ұласып барады. «Жау шапқанда бөрі етектен аладының керімен» Бірікке Ұлттар Ұйымы арнайы зерттеу жүргізіп, пал ашты. Сәуегейлер шешімі «2015 жылы Қазақстан халқы 13 миллионға жетпей қалады» дегеннен аспай тұр. Бұлай қара аспанды төндіруге оларды қандай күш итермелеп отырғанын білу әзірше мүмкін емес.

Ықылым замандағы — санақтар

Біз санақтың маңыздылығына әлі де мән бере қоймаған елміз. Ұлттың абыройы алдымен сапамен емес, санмен өлшенеді. Ықылым заманнан бері әскери һәм салықпен қамтылған контингентті есепке алу болған. Ол әлі күнге жалғасып келеді. Біздің заманымызға дейін Қытайда, Мысырда, көне Израильде, Парсы елінде, көне Римде халықты есепке алу әр түрлі жолмен жүргізілді. Конфуций шығарған құнды кітаптарда халықты есепке алу Қытайда біздің заманымызға дейін 2 238 жыл бұрын жүргізілді. Библияда (Көне Өсиет, Моисейдің бес кітабы) Ханаан жеріне көшу кезінде Мысырда Моисеймен құлшылықтан босатылған еврейлердің саны туралы қызықты деректер берілген. Мұндай санақтар біздің ежелгі бабаларымыз Үйсіндер мен Қаңлыларда жиі жүргізілген. Б.з.д. ІІ ғасырда Үйсіндер саны 630 мыңға жетіп, олардың ішінен 188,8 мың адам әскер ретінде жасақталған. Қаңлылар саны 600 мың болған тұста, олардың 120 мыңы әскерге жарамды сарбаз ретінде жорықтарға пайдаланылған. Алтын Орданың этникалық негізін құрайтын орта ғасырдағы қыпшақтар салық жинау үшін халқының санын есепке алған. Ал, 1456-1465 жылдары Керей мен Жәнібек сұлтандар Қазақ хандығын құрғанда олардың қол астына 200 мыңнан аса адам жиналғаны жөнінде деректер жиі айтылады. Тіпті, қуатты қазақ хандарының бірі Қасымның кезінде қазақтың саны миллионға жеткен. Алайда, нақты жүйелі түрде орталықтандырылған статистикалық қызметтің туындауы, қоғамдық құбылыстардың сандық жағын есепке алу әрекеттері, сонымен қатар халықты мерзімді есепке алу, ХVІІІ ғасырдың екінші жартысынан басталған. Бұл Қазақстанның Ресей империясының құрамына кіру кезеңіне тиесілі.

Ақ патшаның есебі қандай еді?

1719 жыл

І Петр жарлығы бойынша әр бір адамды санаққа алуға бастама қойылды. Соған байланысты ХVІІІ ғасырда және ХІХ ғасырдың бірінші жартысында халық туралы мәліметтер ревизия өткізу кезінде жиналған. Мұндай ревизиялар Ресей тарихында 10 рет 1719, 1744-45, 1763, 1782, 1795, 1811, 1815, 1833, 1850 және 1857 жылдары өткізілді. Бірақ мұндай жанбасылық санақ, Қазақстанның белгілі бір аумағын ғана қамтыды. ХІХ ғасырдың 60 жылдары басыбайлық құқықтың жойылуынан бастап, мұндай есепке алулар тоқтатылды. Оның орнына ірі, кей жерде шағын қалаларда, жергілікті халық санағы өткізіле бастады. Мұндай қалалық халық санағы 1873 жылы Астрахан губерниясында, ал 1877 жылы қазақтар көп шоғырланған Ақмола облысында өткізілді.

1897 жыл

Ресей империясында алғашқы және бірегей жалпы халық санағы 1897 жылдың ақпан айында (28 ақпан айының жаңа үлгісімен) жүргізілген. Осы санақ Қазақстан территориясында ең ірі үш этникалық топтардың пайыздық көрсеткішін анықтады. Ондағы деректер қазақтар — 74-78 %, орыстар — 10-13 % және украиндар — 1-2 % құрағанын айтады. Яғни, қазақтың саны 3 745 мың адам. Мақаш Тәтімов бұл санақта қазақ халқының саны 10 %-ға аз көрсетілгенін айтады.

1911 жыл

1911 жылы қазақ халқының үлес салмағы 60 %-ға дейін төмендеген. Қазақ жеріндегі халықтың 19,6 %-ын орыстар құраған. Осыдан үш жылдан кейін 1914 жылы қазақ халқының үлес салмағы 58,5 %, ал орыстар 29,6 % құраған.

1917 жыл

1917 жылы Қазақстан бойынша қазақ халқы 4 млн 980 мың адамға жеткен (Семиреченск облысы бойынша 750 мың., Самарқанд облысы – 120 мың., Амудария және Сырдария облыстарында 1 млн.150 мың.). ССРО көлемінде 5 млн. 480 мың қазақтар тұрған. Бірқатар мәліметтерге қарағанда, 1915-1917 жылдары қазақтардың жалпы саны 6 млн.-ға жеткен. Әйгілі ғалым Ахмет Байтұрсынұлы да 1915 жылы «Әлхамдиллә 6 млн. қазақ бармыз» дегені бар. Сол секілді ғалым Мұхамеджан Тынышбаевтың есебі бойынша да 1917 жылы қазақтардың жалпы саны КСРО аумағында 6 млн. адамға жуық болған.

Қызыл қырғын жылдары қазақ саны қанша болды?

1923 жыл

Бірінші жалпы Кеңес жұртшылығының санағы әскери коммунизм мен большевиктер террорының кезінде, яғни 1920 жылдың 28 тамызында жүргізілді. Бірақ, азамат соғысы аяқталмағандықтан Қазақстанның барлық аймағы санаққа кірмей қалды. Артынша, 1923 жылдың 15 наурызында бірінші қалалық халық санағы жүргізіліп, КСРО территориясының, сонымен бірге Қазақстанның толық географиялық көлемін қамтыды.

1926 жыл

1926 жылғы Жалпы одақтық санақ толық қамтылды. 1926 жылғы санақтың дайындық кезеңіндегі жауапты істердің бірі санақ карталары мен құралдарын дайындау болды. Ең басты міндет географиялық, сызба-нұсқалы және өзге карталарды жинау және жасау, сонымен қатар карталардағы елді мекендерді белгілеу болды.

1937 жыл

Кезекті халық санағы 1937 жылдың қаңтарында өтті. Осы санақтың бағдарламасы, сондай-ақ оның нәтижесі Сталинді және оның қасындағы адамдарды қанағаттандырмады. Санақ материалдары жарияланым үшін өңделмеді, сол себептен мұрағатта сақталып жатты. Бұл санақ тарихта бір-ақ күнде өткенімен есте қалды.

1939 жыл

1939 жылғы 17 қаңтарға тағы да КСРО халық санағы өткізген.

1959 жыл

Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін 1959 жылы санақ өтті.

1970 жыл

1970 жылдың қаңтарында Бүкілодақтық халық санағы өтті. Бұл санақ өзінің ұйымдық, әдістемелік және баспалық параметрлерімен бұрынғы санақтардан асып түсті. Қызығы, санақ қортындысы 1926 жылғы санақ қорытындыларымен сәйкес келді. Нәтижесінде біз сол жылдары бүкіл КСРО аумағында — 5 298 818 қазақ, соның ішінде РСФСР – 477 820, Өзбек КСР-да – 476 310 қазақ, Қазақ КСР-да – 4 234 166 қазақ, Қырғыз КСР-да – 21 998, Тәжік КСР-да – 8 306, Түркмен КСР-да – 68 519 қазақ тұрғанын тарихқа таңбалаттық.

1979 жыл

1979 жылдың 17 қаңтарында кезекті Бүкілодақтық халық санағы өтті. Халық санағы 8 күнге созылды. Санақ нәтижесінде туған сәбилердің саны, неке жағдайы және басқа деректер туралы мәліметтер алынды. Сәбилердің ұлтын олардың ата-аналары анықтады. Санақ материалдарын әзірлеу кезінде іріктемелі зерттеу бойынша мәліметтер бүкіл халыққа жария етілді.

1989 жыл

1989 жылдың 12 қаңтарында соңғы КСРО халық санағы өткізілді. Бұл санақ адамдардың нақты тұрып жатқан жері бойынша жүргізілді. Сұрауды арнайы дайындықтан өткен есепшілер жүргізді. Осы санақ анықтаған демографиялық жағдайдың 1979 жылғы халық санағынан ешбір айырмашылығы болған жоқ. Санақ парағына енгізілген 18 сұрақтың ішінен 7-і халықтың тұрғын үй жағдайына байланысты болды. Тұрғын үй жағдайын зерттеу 1926-1989 және 1999 жылдардағы халық санағының негізгі міндеті болды.

Ақтаңдақ тарихқа қысқаша сараптама

Алмағайып замандағы жайды тізбелеп отыруымыздың бір себебі бар. Қазақтың басына туған нәубет, жаппай қудалау, қолдан жасалған аштық пен халық жаулары, соғыс зардабы ұлтымыздың өсуіне кері ықпалын тигізді. Қандастарымыздың бір бөлігі бас сауғалап, өзге елге паналады. Жоғарыда келтірілген деректерге қарасақ 1897 жылы 3 млн. 392 мыңға жеткен қазақ саны 1926 жылы 3 млн. 627 мыңнан асып, алдыңғы санақтағы қазақтардың 81,8 пайыздық үлес салмағы 58,5 пайызға бірақ түскен. Ал 1897 жылы Қазақстандағы орыстар саны шамамен алғанда, 500 мыңнан асса, 1926 жылы олардың саны 1 млн. 275 мыңды құраған. Басқа диаспоралар саны 1897 жылы 300 мыңға жетіп, 1926 жылы 1 млн.-ның үстіне шыққан. Ал, 1937 жылы жүргізілген санақтың қорытындысы бойынша елімізде барлығы 5 млн. 126 мың 626 адам есепке алынғанын көрсетеді. Оның ішінде қазақтардың саны 2 млн. 181 мыңға жетіп, үлес салмағы 42 пайызға дейін төмендепті, ал орыстар саны 1 млн. 917 мыңға жетіп, 37,4 пайызға жеткен. Осыдан бар жоғы екі жыл өткенде еліміздегі қазақтар саны 38 пайызды, ал орыстар саны 40,2 пайызды құраған. Осылайша, біздің ұлттың өсуіне қиянат жасалды. Тарихтың ақтаңдақ беттерінде бұл мәңгілікке қалмақ.

Тәуелсіздік алғалы…

1999 жыл

1999 жыл. ТМД елдері тәуелсіздік алғаннан кейін БҰҰ-ның ұсыныстарына сәйкес 2000 жылғы санақ циклі шеңберінде алғаш рет ұлттық санақ өткізілді. Кеңес дәуірінен кейінгі кезеңде осы санақ процесінің бірден бір бастамшысы Қазақстан болды. Санақ бағдарламасы 23 сұрақтан тұрды, соның ішінде 18-і демографиялық және әлеуметтік-экономикалық сипаттағы сұрақтар және 5 сұрақ халықтың тұрғын үй жағдайы туралы (жеке меншіктегі немесе жалға алынған үйлер мен пәтерлер, олардың әл-ауқаты жайлы) еді. Осы санақ нәтижесінде біз тәуелсіздіктің мәнін түсінгендей болдық. Ауыз толтырып мақтанарлық болмаса да, Қазақстан халқының саны 14 миллион 953 мың 126 адамға жетті.

2009 жыл

Рас. Өткеннің өкінішін тәуелсіздік жылуы жылытады. Екінші Жалпы Ұлттық санақтың маңыздылығы да сол үшін артып отыр. Санаулы күндер қалған санақта ең маңызды «қанша қазақ ана тілін білмейді?» деген сауалға да жауап аламыз. Білімге қатысты қойылатын 8 сауалдың бірі ана тілімізге қатысты болмақ. Санақ парақшасында қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгеруге байланысты сұрақтар бар. Бұл сұрақтар бір кездері «қазақтардың 40 пайызы ана тілін білмейді» деген ақпараттың жалған екенін дәлелдей ала ма? Екіншіден, «қанша қазақ өзге дінге өтіп кеткен?» деген сұрақтың да жауабын алар күн жақындады. Санақта қойылатын 45 сұрақтың бірі азаматтың дінін сұрайды. Елімізге дендеп енген миссионерлердің лаңын құлаққа ілмеген биліктің дінге деген жұмсақтығы мұнан кейін қалай болар екен? Кім білсін? Тіл мен діннің санатқа ілінетін тұсы да жақын. Күтейік.

Түйін сөз.

Бұл санақтың қортындысы қалай болады? БҰҰ төндірген қауіптің расталуы мүмкін бе? Бұл сауалдарға жауап беруге әлі ертерек. Десек те, осы сауалдарға жауап іздеп белгілі демограф Мақаш Тәтімовке хабарласқанымызда: «Бұл санақ ыждахатты өтсе, тұрғындардың саны 16 миллионға жетіп, қазақтардың саны 10 милионнан асады.» — деді. Лайым солай болғай! Қызымыз моншақты, ұлымыз оншақты болып, күн санап санымыз арта бергей! Әумин!.

Қанат ӘБІЛҚАЙЫР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.