Бітеужара

Жарас Сәрсек  1968 жылы Алматы облысында туған. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі (2001). 1985 жылы Сүмбе ауылындағы орта мектепті, 1995 жылы ҚазМУ-ді бітірген. 1996-2000 жылдары «Парасат» журналында, 2000-2001 жылдары «Жетісу» газетінде жұмыс істеді. 2002 жылдан Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші. «Керуен көшіп барады» (1999), «Жүрегімнің ішіндегі жүрегім» (2002) атты кітаптардың авторы. Қазіргі таңда «Үркер» журналы бас редактордың орынбасары – жауапты хатшы болып жұмыс істейді.

Галинаның монологы

Галина  Серебрякова – орыстың тағдырлы қаламгерлерінің бірі. Сталиндік қуғын-сүргін зұлматы оны да айналып өтпеген. Қанқұйлы кезеңнің «салпаңқұлақ сарбаздары» жазушыға халық жауы ретінде шүйліккенде оған Сәкен Сейфуллиннің аузымен айып тағып, үкім шығарған. Бұл шындыққа қаншалықты сәйкес келеді? Анығы – Сәкен мен Галинаның бір-біріне деген құрметі ерекше болған. Атылар алдында С.Сейфуллин: «Орыстың тамаша жазушысы Галина Серебрякованың еш жазығы жоқ екендігін айтуға тиістімін. Менің аузымнан оған деген қастық сөз ешқашан шыққан емес» деп соңғы сөзін айтуы соның айғағы. Біраз жыл айдауда, бірер жыл түрмеде отырып бостандыққа шыққан Серебрякова Сәкеннің өзін сатпағанын араға жылдар салып барып бір-ақ білген.

Жер бетінің тозағын көрдім, көрдім – көп көрдім,
Торға түсіп торыққан көгершін де боп көрдім.
Қызыл туды қызартып көкке көтергеніммен,
Көз жасымды көлдетіп өмірімді өткердім.

Бір көсемім бар еді – өлгесін де сыйынған,
Бір көсемім бар еді – өлмесін деп сыйынған.
Жүрегімнің қанымен қамыр илеп жатса да,
Сылып тастай алмадым ол екеуін миымнан.

Қайсыбірін айтарсың табылмаған амалдың,
Қаңтарсыз да қар кешіп, қапасыңда қамалдым.
Кідіртіп ап кіміңе көңіл айтам, адамдар,
Құрбаны көп екен ғой Құдайы жоқ заманның.

Қызыл қоғам,
Сен менің басым болсаң деп едім,
Қуанғанда мөлт еткен жасым болсаң деп едім.
Бар бақытты өзіңмен көріп кетсем деп едім,
Өкінішсіз содан соң өліп кетсем деп едім.

Бертін келе мен сенде бастың жоғын сезіндім,
Жанарыңда мөлт етер жастың жоғын сезіндім.
Бар бақытты көрем деу – арман… арман екен ғой,
Өкінішсіз өлем деу – жалған… жалған екен ғой.

Құлап бара жатқандай құлдық ұрар көктегім,
Қурап бара жатқандай құнарыма еккенім.
Отыз  тісін опырып,
Орақ тілін кескілеп,
Менің мінсіз досымды жау еткенің – неткенің!?

Ай да – Сендер, надандар,
Көктегі анау – Күнсіңдер,
Күйе жүріп күнелтер «күн» астында бізсіз де ел.
Қара жердің үстінде аз жақсымды көп көрсең,
Қара жердің астында одан да көп мінсіздер.
* * *
Отан дейді ә?..
Отан Оның өз басы,
Өз басына лайықты сөз басы.
Бәлкім дұрыс,
Бәлкім бұрыс, білмеймін,
Отан дейтін…
Отан – Менің көз жасым,
Отан – Сенің көз жасың.
Сол жасыңды жанарыңда тұндырғын,
Нұр да қылғын,
Жыр да қылғын,
Сыр қылғын.
Көз шұқыған көп кещенің саусағын,
Отан ағып түспеу үшін сындырғын.

Бір жиырма жыл,
Өтсін мейлі жүз ғасыр,
Отан – жасым,
Жанарымда құрғасын.
Кемсеңдете көрмеңдерші мені, Адам.
Демесеңдер Отан көзде мұздасын.
Қу жүрегім қуысымда сыздасын,
Отан – менің көз жасым.

Не өтпеді менің ғазиз басымнан,
Қақырардай талай жерде ашынғам.
Жыламауға тиісті едім, өйткені
Жанарыма Отанымды жасырғам…
* * *
Өзге жанды «өзім» қылған Өзіңсің,
Өрт те,
От та,
Жоқ та қылған кезімсің.
Шыр-шыр еткен кеудемдегі кесекті
ашықтырып, тоқ та қылған Өзіңсің.

Екеуміздегі екі жақтан тапқан кім,
Айырған кім екі жаққа,
Сатқан кім?
Таңмен бірге қайта оралам деуші еді,
Қып-қызыл боп көкжиекке батқан Күн.

Мезгілдер мен мезгіл жатыр алмасып,
Күндер – айға,
Ай – жылдарға жалғасып.
Мені – саған,
Сені – маған жалғаған
Қара жолды жатыр қазір қар басып.

Байлап қанат жет десең де, көркемім,
Өліп-өшіп өп десең де,  көркемім,
Ол жол бізді бастамайды бақытқа,
Біз сол жолда кетпеп пе едік өртеніп…

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Назгүл

    Аға,сіздің поэзияңызды жоғары бағалаймын.

  2. бер3к

    тап-таза халтурщик

  3. берик

    тап-таза халтурщик

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.