Қыз Жібек

Салтанат ҚАЖЫКЕН
 Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің  1981 жылғы  түлегі. Әртүрлі басылымдарда еңбек еткен. Бүгінгі таңда «Үркер» журналының бөлім редакторы.

Қыз Жібек

Қарақат көзді періште едің сызылған,
Кешегі күнің – бүгінгі бізге қызық ән.
О, Жайықтың арманды қызы Қыз Жібек,
Тұңғиық сенің сырларыңа қатты қызығам.

Мұңды қыз болдың, кезің бар және шаттанған,
Тербеді-ау сені бұлбұл құс үні – бақтағы ән.
Мөлдір махаббатымен әйгілі болған Қыз Жібек,
Жайықтың қызы болғаның үшін мақтанам!

Мұнартып жатыр қырандар қалқып шығар шың,
Жаныңның жырын жалындап тұрып ұғармын.
Бүгінгі күнгі арулар асыл болса да,
Жырдағы Жібек, өзіңе мәңгі құмармын.

Cыр

Жерге жайып тастағандай кілемін,
Ей, Алматы, қандай ғажап гүл өңің.
Алшаң басып сенде тұрып жатсам да,
Ауыл жаққа құлақ түріп жүремін.

Елге елеңдеп, ықылас ауар дәйім,
Қайғы көрсем түнерем жауардайын.
Алматының төрінде отырып-ап,
Оралымның тыңдаймын ауа райын.

Курстастар

Еңбек десе, ешқашан ерінбеген,
Серік болған біздерге сезім деген.
Бес жыл бірге оқыған курстастар,
Бір ағаштың жемісін теріп жеген.
ҚазҰУ даңқын дүние тұр бағалап,
Талапты ұл-қыз қазір де жүр сағалап.
Ордасында білімнің бас қосамыз,
Қасиетті, қастерлі бұл шаңырақ.

Журналистер жандар еді ізі нық,
Жүрміз қазір қоңыр қаздай тізіліп.
Жастық шақты еске аламыз елжіреп,
Енді бізге ел қарайды қызығып.

Өлшеулі өмір бәрін де сұрыптаған,
Сын сағатта белдерін буыпты адам.
Курстастар, не деген қайсарсыңдар,
Көңілдерді еш ызғар суытпаған.

Нұр жалына жабысып ар-намыстың,
Қайран уақыт биікке самғап ұштың.
Отыз жыл сап араға дидарластық,
Курстастар, көп менің таңданысым.

Көңілімде қатқан бір салқын мұң бар,
Соны ерітер қанаттарым, бармысыңдар?
Сендер жеткен биікке мәз боламын,
Әрбіреуің мен үшін жалқысыңдар.

Сырқатына қоғамның ем іздеген,
Азабым мен шаттығым егіз бе екен?
Ақ тілекпен бас қосып қуанғанда,
Шабыт тасып, толқысын теңіз – өлең.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Айдана

    Салтанат апай, қаламыңыз мұқалмасын.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.