Ұрпағымыз ұялтпасын

«Ана тілі» газетінің №43 (1249) 30 қазан – 5 қараша күнгі санында Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Тіл мәдениеті: сөйлеу және жазу» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілгені туралы журналист Ғ.Есембаевтың мақаласы жарық көрді.
Жалпы, бұл мәселе біздің қоғамымызда көптен бері айтылып келеді. Жаһандану заманы келіп, мәдени алмасулар болып жатқан кезде сөйлеу және жазу тіліне байланысты өзекті мәселелер туындайтыны сөзсіз. Бұл орайда ең басты мәселе біз өзіміздің тілімізді келесі ұрпақтарға саф алтындай таза күйінде жеткізуіміз керек. Сөйлеу және жазу тілі өз заңдылығына, дәстүріне сай болса, тіліміз өркендейтіні сөзсіз.
Қазіргі таңда мемлекеттік тілдің дамуына көп көңіл бөлініп отыр. «Тіл туралы» Заң, бағдарлама қабылданып, сол бойынша кең ауқымды жұмыстар атқарылуда. Дегенмен, тіл тазалығына ерекше назар аударылуы керек деп ойлаймын.
Қазіргі жастарға білім алуға, ғылыммен айналысуға көптеген мүмкіндіктер жасалған. Алайда орыс тілінде сөйлесіп жүрген қазақ жастарын көргенде, «Неліктен олай?» деп ойға берілесің. Жастарымыз мемлекеттік тілге құрметпен қарап, қазақ тілінде сөйлесіп жүрсе, нұр үстіне нұр. Өйткені болашақ – жастарымыздың қолында. «Жастар ел – ертеңі» деп аға буын сенім артады. Қазақ тілін ертеңгі болашаққа апаратын да жастар болмақ. Сондықтан жастар мемлекеттік тілде көбірек сөйлеп, тіл тұғырының биік болуына атсалысқандары жөн. Сол кезде ғана тіліміздің мерейі үстем болып, оның қадірі, дәрежесі арта береді.
Қала көшелерінде орысша  сөйлесіп бара жатқан жастарды көргенде еріксіз ойланасың. Біз қазақ жастарын өздерінің ана тілінде сөйлеуге тәрбиелеуіміз қажет. Бұған отбасында – ата-ана, мектепте – мұғалім, жоғары оқу орындарында – оқытушылар үлес қосқаны жөн. Қазақ тілінде сөйлеу жөнінде үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, қоғамдық-мәдени шараларды көптеп өткізу де керек. Себебі тілге ерекше мән берген кезде ғана ол өз дамуында бірнеше сатыға алға жылжиды. Бағдарламалардың жүзеге асырылуы өз алдына, ниет пен ықылас танытқан адамдардың саны да көп, осы шаруалардың барлығына өзіміз жауапты болғанымыз абзал.

Серік Мұратбекұлы
Маңғыстау облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.