Түркітанушы ғалым

Белгілі түркітанушы ғалым Әжібай Керімұлымен Қазақ мемлекеттік университетінде қатар оқыдым. 1970-1980 жылдары Тіл білімі институтында қызметтес болдым. Бұл күнде екеуміз екі мекемеде қызмет еткенімізбен, қарым-қатынасымыз үзілген емес. Бір-бірімізбен кітаптар алмасып, ғылым-білім туралы пікірлесіп жүреміз.
Биыл Әжібай Керімұлының ұстаздық еткеніне 47 жыл болып, жасы 75-ке толып отыр. Жақсы білетін әріптестерімнің бірі болғандықтан, өмір жолы, ғылым жолы туралы шағын мақала көлемінде шолу жасауды жөн санадым.

1980 жылғы 15-ақпанда кандидаттық диссер­тациясын қорғады. Сол жылы өзі бітірген Қазақ мемлекеттік универси­те­тіндегі (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университет) Жалпы тіл білімі кафе­драсына доценттік қызметке шақы­рылды. Бұл кезде аталған университетте әде­биеттануға кіріспе және әдебиет теория­сынан З.Қабдолов, ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінен Б.Кенжебаев, қазақ халық ауыз әдебиетінен М.Жолдасбеков, тіл біліміне кіріспе және жалпы тіл білімінен К.Аханов, морфологиядан М.Маманов, син­таксис­тен М.Балақаев, О.Төлегенов са­бақ берді. 1980 жылдан 1993 жылға дейін осы аталған ұлағатты ұстаздарының біра­зы­­мен қызметтес болды, үлгі-өнегесін ал­ды, іс-тәжірибелерінен үйренді. Әсіресе, ерекше қадір тұтатын ұстазы Ыбырайым Есенғұлұлы Мамановқа жақын жүрді. Өйткені ол кісі Әжекеңді өзіне шәкірт еткісі келді. «Қазақ тіліндегі күрделі етістіктердің мәні» деп аталатын диплом жұмысының тақырыбын 3-курстың соңында беріп қойған болатын. Университетке алып қал­ғысы да келіп еді, бірақ оның реті келмеді.
1993 жылдан 2000 жылға дейін Қазақ ауылшаруашылық институтындағы қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, ал 2000 жылдан 2002 жылға дейін Қазақ мемлекеттік аграрлық университетіндегі қазақ және орыс тілдері кафедрасында доценттік қызмет атқарды. 2002 жылдан күні бүгінге дейін Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы Түркология ғылыми-зерттеу институтында жетекші ғылыми қызметкер болып істеп келеді.
Филология ғылымдарының кандидаты, до­цент, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ­профессоры Ә.Керімұлы шығармашылық жолын мақала, очерк жазудан бастаған екен. 1941 жылғы желтоқсан айында әкесі Керім майданға алынып, сонда опат болды. Анасы Дәлихан 6 баламен 30-ға толар-толмасында жесір қалды. Соғыс жылдары таңның атысы, күннің батысы колхоздың қара жұмысын істей жүріп, балаларын бағып-қақты, тәрбиеледі, жетілдірді.
Тіл, тілдің сөздік құрамында бұл күнде мағынасы ұмыт болған немесе күңгірт тартқан сөздер болады. Ондай сөздер, көбінесе, тұрақты тіркестердің, мақал-мәтелдердің құрамында, сондай-ақ қос сөздердің сыңарында жиі кездеседі. Тіл білімі институтына аға-лаборант болып орналасқаннан кейін Ә.Керімұлын осындай сөздер көбірек қызықтырады. Қансоқта, мір, мәр, шер, машайық, оразы, ұша сияқты оннан астам сөздердің этимологиясын ашты. «Жығасы жығылды» тіркесіндегі «жыға» сөзінің төркіні туралы жазылған мақаласы «Жұлдыз» журналының 1972 жылғы №8-санында басылды. Қалғандары «Қазақстан мектебі» (1972, №2), «Қазақстан әйелдері» (1983, №10) журналдарында және «Ана тілі» газетінде жарияланды. Бұл мақалалар сол кезде Тіл білімі институты директорының орынбасары Әбдуәли Қайдардың көзіне шалынады да: «Тіл тарихын зерттеуге бейімің бар екен» деп оған «М.Қашқари сөздігіндегі мақал-мәтелдер және оның қазіргі түркі тілдеріндегі көрінісі» деген тақырыпты ұсынып, жоспарын да жасап береді.
1973 жылы сәуір айының ортасында Алматыға ғылыми іссапармен аты әлемге әйгілі түркітанушы әрі жерлесіміз Әмір Нәжіп келді. Тіл білімі институты қызметкерлеріне ХІ-ХІV ғасырларда араб әрпімен жазылған әдеби мұралар туралы дәріс оқыды. Сол жолы институт басшыларына өзі көптен бері айналысып жүрген осы сала бойынша Қазақстаннан да шәкірттер дайындағысы келгенін айтқан екен. Әбдуәли аға: «Біз қайда кетеді дейсің, үлкен ғалымның үлгісін ал, шеберханасымен таныс» деп оған Ә.Керімұлын Әмір Нәжіпке шәкірт етіп, Мәскеуге жібереді. Ә.Нәжіп шәкіртіне «Ескі түркі ескерткіштері тіліндегі сөз жасайтын жұрнақтар (ХІV ғасыр)» деген тақырып беріп, ойдағыдай қорғатады. Жұмыс жетекшісінің көңілінен шығады. Бір хатында:
«Әжібай!
Сәлем. Бүгін бандерольмен диссертацияны жібердім. Өте жақсы. Диссертацияны қорғауды күтпей-ақ басып шығару жолын қараңыз. Әбдуәлимен, Ісметпен сөйлесіңіз. Алдыңғы жылдың жоспарына кірсе, жақсы болар еді. Біз ылғи кеш қаламыз. Басқадан бұрын шықса өте жақсы болар еді. Редакторы болсын деп тапса, өзім қол қоярмын.
Барлық мұсылман халқына, үй ішіне сәлем.
Ақ жол болсын!
Құрметпен, Наджип
25. VIII-79.
Москва».

Ә.Керімұлының бұл еңбегі Әмір Нәжіптің редакторлығымен қазақ (2005 ж.) және орыс (2009 ж.) тілдерінде жеке-жеке кітап болып, жарық көрді.
Диссертация қорғағаннан кейінгі жерде ғалым тіл тарихы мәселесімен, оның ішінде, XI-XIV ғасырларда жазылған ескерткіштердің қазақ тіліне қатысы туралы мәселемен айналысып келеді. І.Кеңесбаевпен бірге жазған «Мухаббат-наме» ескерткішіндегі қазақ тіліне қатысты кей элементтер жайында» деп аталатын мақаласы «Қазақ әдеби тілінің қалыптасу тарихы мен даму жолдары» жинағында жарияланды. Әр жылдары әртүрлі ғылыми басылымдарда жарық көрген «Алтын Орда аймағында жазылған ескерткіштер»,«Қ.А.Ясауи хикметтерінің зерттелу тарихынан», «Сүлеймен Бақырғани мұрасының зерттелуі», «Нәһжул-фәрадис» жәдігерінің зерттелуі мен тілі туралы қысқаша мағлұматтар», «Құтадғу білік» жәдігерінің зерттелуі мен тілі туралы қысқаша мағлұматтар» деп аталатын мақалалары өз алдына бір шоғыр.
Ә.Нәжіп, І.Кеңесбаев, Н.Катанов сынды әйгілі түркітанушылардың өмірі мен еңбегі туралы да мақалалар жазды. Ә.Нәжіп, А.Байтұрсынов, Н.Катанов туралы жазған мақалалары ағылшын тіліне аударылып, «Түркі әлемінің тарихи тұлғалары» (Түркістан, 2009) деген жинақта жарияланды.
Тіл тарихына байланысты жазылған бірнеше еңбектерге рецензия жазып, оннан астам кандидаттық диссертацияларға оппонент болғанын да атап өткеніміз жөн.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарлама­сы аясында «Әдеби жәдігерлер» атты серия бойынша 20 томдық басылым жарық көргені белгілі. Осы құнды басылымға Сәйф Сарайидің «Гүлстан би-т-түрки» («түркіше Гүлстан») шығармасы мен Құтбтың «Хұсрау мен Шырын» дастаны да енген болатын.
«Гүлстан би-т-түрки» шығармасы – парсы-тәжік әдебиетінің классигі Сағдидің «Гүлстан» дастанының еркін ­аудармасы. Шығарманы парсы тілінен ескі түркі тіліне, яғни қыпшақ-оғыз әдеби тіліне алғаш аударған Алтын орданың ­астанасы – Сарай қаласында тұрған талантты ақын Сәйф Сарайи. Аударма 1391 жылы ­Мысырда жасалған. Көлемі 372 бет. Әр бетте 13 жолдан жазу бар. Қолжазба Лейден университетінің кітапханасында сақтаулы.
Бұл ескерткішті Әжібай Керімұлы қазақ тіліне толық аударып шықты. Аударма «Әдеби жәдігерлер» сериясының 9-томына енді. Онда осы құнды әдеби ескерткіштің мейлінше түпнұсқаға жақындатылған қазақша аудармасымен қатар ғылыми түсініктемесі, сөздігі, әдеби жәдігер мәтінінің факсимилесі де берілген.
Жалпы, көне (ескі) түркі тілдерінде араб әрпімен жазылған ескерткіштерді қазіргі қазақ тіліне аудару оңай шаруа емес. Өйткені ол мұралардың тілінде араб-парсы сөздері молынан қолданылған. Көнерген сөздер мен көнерген грамматикалық формалар да аз емес. Бұл мәселеге байланысты осы саланың ірі мамандарының бірі Әбжан Құрысжанұлы: «Аудармашы аударылуға тиісті шығарманы түпнұсқа күйінде оқи алатын болуы шарт. Ол шығарманы қай уақытта, қай жерде, қандай тілде жазылғанын анықтап алған артық болмайды. Сол анықталып отырған тілдер бойын­ша тәржімашының арнаулы мамандығы болса, ол тілдер туралы жазып, жарияланып жүрген еңбектері жарық көріп жүрсе, әрине, ол нұр үстіне нұр болар еді» дейді (Ескі түркі жазба ескерткіштері, 2001 ж. 6-бет).
Ә.Керімұлы Қазақ мемлекеттік уни­верситетінде араб тілін шет тілі ретінде 4 жыл оқып, соңында мемлекеттік емтихан тапсырды. Жоғарыда аталған екі ескерткішті де жетекшісі Әмір Нәжіптің басшылығымен аспирант кезінде түпнұсқаларынан оқып, машықтанды. Осы ескерткіштер тілінен кандидаттық диссертация қорғады. «Гүлстан», «Хұсрау мен Шырын» және «Мұхаббат-наме» ескерткіштерінен бірнеше үзінділер аударылып, 2005 жылы Түркістан қаласында жарияланған «Ескі түркі ескерткіштері тіліндегі сөз жасайтын жұрнақтар (XIV ғасыр)» деп аталатын монографиясының соңында қосымша ретінде берді. Ол қосымшада аталған ескерткіштерден аударылған мәтіндердің факсимилесі мен транскрипциясы қоса берілген болатын. «Гүлстаннан» теріп алынған дидактикалық материалдар негізінде жазылған «Ғасырлардан жеткен сөз», «Ғибраты мол сөздер» деп аталатын мақалалары «Ұлағат» журналында жарияланды.
«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген әрқайсысы 480 беттен тұратын Ә.Керімұлының осы екі еңбегін де оқып шықтым. Аударма ұнады. Сіреспе аударма емес, түпнұсқаға жақын аударылған ғылыми аударма. Ғасырлардан-ғасырларға ұласып келе жатқан классикалық туынды ғой, оқырмандарға берері мол. «Гүлстан» 2010 жылдың соңына қарай 3000 данамен «Таймас» баспа үйінен жарық көрді. Тез таралып кетті. Қазір баспа үйінде де, сатылуда да жоқ. Редакторының айтуына қарағанда, шыққан бойда қоңырау шалу арқылы бұл басылымды сұрастырғандар да болған екен…
2002 жылы 9-12 қазанда Түркістан қаласында «Қазіргі заманғы түркология ғылымының өзекті мәселелері және алдағы міндеттері» деген тақырыпта Бірінші халықаралық түркология конгресі болды. Оны Ғылым орталығының директоры профессор Шәкір Ыбыраев ұйымдастырды. Бұл конгресс осы бағытта әр 2-3 жыл ­сайын – 2004, 2009, 2011, 2013-жылдары болып өтті. Ә.Керімұлы осы конгрестердің бәріне қатысып, баяндама жасады. Баян­дама мәтіндері конгресс жинағында басылды. 2009 жылы «Алтаистика және түркологиядағы кешенді зерттеудің өзекті мәселелері» деп аталған конгреске де қатысып, онда «Сүлеймен Бақырғани мұралары» деген тақырыпқа баяндама жасады. Ол баяндама да осы конгрестің материалдары жарияланған жинақта басылды (Көкшетау, 1-бөлім, 2009 ж. 157-162 бб.).
Ауылшаруашылық институтында қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі болып жүрген кезінде мемлекеттік тіл мәселесіне байланысты бірнеше конференция ұйымдастырды. Оған көрнекті тіл мамандары Өмірзақ Айтбайұлы, Бахытжан ­Хасанов, Әлімхан Жүнісбек қатысып, тілдерді дамыту мен қолдану жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның маңызы, қазақ тілін үйретуге ынталандырудың нақты жолдары мен әдіс-тәсілдері, мәселенің саяси-әлеуметтік жай-күйі, қазақ әліпбиі сияқты көпшіліктің көкейінде жүрген өзекті мәселелер туралы баяндама жасады. Ол мазмұнды баяндамаларды ауылшаруашылық институтының студенттерімен бірге оқытушылар тыңдады.
Мемлекеттік тіл мәртебесі туралы Павлодарда өткен конференцияға өзі де қатысып, баяндама жасады. Мемлекеттік тіл туралы жазылған «Тіл тағдыры өз қолымызда», «Тіліміздің көсегесін өзіміз көгертпесек…» атты мақалалары жинақтарда жарияланды.
Ә.Керімұлы 1993 жылдан 2002 жылға дейін Қазақ ауылшаруашылық инсти­ту­тында (қазіргі Ұлттық аграрлық уни­верситеті) орыс тобындағы студенттерге қазақ тілінен сабақ берді. Бұл игілікті ісін Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде әрі қарай жалғастырды. Орыс тобындағы студенттерге арналған оқу бағдарламасын жасады. З.Әбсеметовамен бірге экология және медицина факультеттерінің орыс бөлімі студенттеріне арналған қазақ тілі оқу әдістемелік құралын шығарды. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, оның қолданылу аясын кеңейте түсуге қосқан осындай азды-көпті еңбектері ескеріліп, Халықаралық қазақ тілі қоғамы Алғыс грамотасымен марапатталды.
Ә.Керімұлы ғылыми жұмыспен пе­дагогтық жұмысты қатар алып жүрген ғалым. 1980-1993 жылдары Қазақ мемле­кет­тік университетіндегі филология және шығыстану факультеттерінде тіл біліміне кіріспе, жалпы тіл білімі, түрік тілдерінің салыстырмалы-тарихи грамматикасы деп аталатын теориялық пәндерден дәріс оқып, семинар сабақтарын жүргізді. Араб бөлімінде оқитын студенттерге «XIII-XIV ғасырларда жазылған көне қыпшақ ескерткіштері тілі» атты арнаулы курстан сабақ берді. Осы курстың тұңғыш бағдарламасын да өзі жасаған болатын.
Ә.Керімұлы бұл ісін де әлі жалғастырып келеді. Өткен оқу жылында Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік универ­ситетіндегі түрік тілі кафедрасындағы 1-курс магистранттарына «түркітануға кіріспе», «көне қыпшақ ескерткіштері тілі» деген пәндерден лекция оқып, бір магистранттың магистрлік диссертациясына жетекшілік етіп, қорғатты. Халықаралық түркі академиясында орта ғасырдағы түркі жазба ескерткіштердің аудармасы, текстологиясы және зерттелуі тақырыбы (жобасы) бойынша ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізумен айналысып жүр.
Әріптесім Ә.Керімұлына зор денсаулық, шығармашылық табыс, отбасылық бақыт тілеймін.

Нұргелді УӘЛИ,
филология ғылымдарының
докторы, профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.