Тәрбие негізі тілден басталады

Ақмаржан ТАУБАЕВА,
ақын, Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Өзімнің түп кәсібім – бастауыш сыныптың мұғалімі. Одан кейін алған мамандықтарым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, саясаттанушы. Осы 56 жыл ғұмырымда кішкентай ғана, мектепке жаңа келген оқушыдан бастап, колледж бен жоғары оқу орны студенттеріне ана тілімізді үйретуге аз да болса үлесімді қоса алғаныма қуанамын. Өйткені әртүрлі қызмет істей жүріп, ана тіліміздің бай да көркем болмысын, ананың ақ сүтіндей қасиетін, ұлттық рухты  жас ұрпақтың бойына сіңіру, оларды мәнерлеп сөйлеуге, мүдірмей оқып, ұшқыр ойлауға, сол ойлағанын шебер де шешен тілмен жеткізуге баулуда мұғалімдіктен асқан керемет мамандықты өз басым сезінбеппін. Әдемі әлем – әдебиеттің құдіретін сезіндірген мектептегі мұғалімім, КСРО және Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі, марқұм Сағидолла Қажиахметұлының ұлағатты ұстаздығына үнемі басымды иіп, тағзым етемін.
Өмір жолымда мұғалімдіктен басқа тілші, аудандық газеттің бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, облыстық газет тілшісі, «Қазақ тілі» қоғамының жауапты хатшысы, Қазақстан Жастар одағының қоғаммен байланыс және баспасөз жөніндегі кеңесшісі, жоғары және арнаулы білім беретін оқу орындарында оқытушы, қалалық білім бөлімі аудармашысы деген біраз қызметтерді атқарыппын. Қай қызметте істесем де, ана тіліміздің тұғырын биіктетуді мақсат тұттым. Ал өз ісімнің білікті маманы болуға ұстаздарымның еңбегі зор болды. Жоғары партия мектебіндегі Гүлнәр Бекжанова, Шалқыма Құрманәлина, Мәтжан Тілеужанов, Шәндә Жұмағазиева, Серікқали Шарабасов, Алпысбай Мұсаев, Базарғали Қуатов, Зейнолла Әйтімов, Камал Смайылов, т.б. сынды ұстаздарыма өмір бойы қарыздармын.
Он үш жылдай уақыттан бері облыс педагогтарының «Жайық ұстазы» газетінде қызмет еттім. Ұстаздар қауымына арналған басылымда қызмет етіп жүргенімде ұстаздардың ана тіліміздің бүгінгі жайы мен болашағына немқұрайлы қарамайтынын ұғындым. Тек соңғы екі жылда жарық көрген «Тіл – татулық тірегі», «Ана тілді ардақтаған мереке», «Тентіреп жүрген төл дыбыс төріне қонар күн бар ма?», «Қазақ тілі – елдігіміздің іргетасы», «Ана тілім – айбарым», «Басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілінен сабақ беру әдістері», «Мемлекеттік тіл өз деңгейінде дамып келе ме?», «Сапасыз аударма – өзекті мәселе», «Қазақ тілінен ҰБТ-ға дайындаудың тиімді жолдары» сынды мақалалардың оқырман қауым үшін алар орны бөлек. Мемлекеттік тіл мәртебесін ұлықтау жолында еңбек етіп жүрген ардагер-ұстаз С.Пұсырман, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері С.Горячева, С.Жайлыбаева, А.Қаменова, А.Қызғожина, А.Шондыбаева, С.Қарасаева, т.б. мұғалімдерді ерекше атап өтуге болады.
Аталған газетте қызмет істеген жылдардың барлығында да білім саласына қатысты көптеген байқаулар мен олимпиадалардың әділ қазылар алқасының мүшесі болдым. Оқушылардың қазақ тілі мен әдебиетінен жинақтаған білімін, сауаттылығын, жазушылыққа деген талпынысын, жатқа айту, мәнерлеп оқу шеберлігін байқап, сараптауға тікелей араластық.
Облыстық «Дарын» қосымша білім беру орталығы өткізіп жүрген дәстүрлі «Мұқағали оқулары», «Абай оқулары», оларға қоса өткізілетін «Махамбет оқулары», «Фариза оқулары», кейінірек қосылған «Қадыр оқулары» – бәрі де қазақ ақындарының туынды­ларын насихаттауға, сол арқылы баланың әдебиетке деген құштарлығын арттыруға,  ана тіліміз арқылы бала бойына ұлттық қасиеттерді сіңіруге бағытталғаны сөзсіз.
Бірақ кейде осындай үлкен шараларда да көңілге кірбің түсіретін жағдайлар орын алып жатады.  Мәселен, шараны өткізу керек екен деп дайындығы жоқ кез келген оқушыны сахнаға жіберген сәттер де болды. Биылғы жылы өткен «Полиглот» зияткерлік олимпиадасы туралы айтуға болады. Бірнеше күрделі тапсырмалардан тұратын байқауға тіл туралы шығарма жазбақ түгілі, қазақ тілінде қарапайым сөйлем құрастыра алмайтын өзге ұлт балалары да кездесіп жатты. Солардың біреуінің шығармасы былай басталған еді: «Бұл байқауға мен және басқалар неге қатысып отырмыз? Құр босқа уақыт өлтіру. Ештеңе де жаза алмадым, себебі қазақ тілін білмеймін. Бұған қарап мені «екілік алатын нашар оқушы» деп қалмаңыз. Мен физика, химия, т.б. пәндер бойын­ша олимпиадалардың  жүлдегерімін. Сабағым өте жақсы». Бұл дегеніміз ұстаздардың мемлекеттік тілге немқұрайлық танытуы. Себебі оқушы математика, физика сынды пәндерді жақсы оқиды екен деп, қазақ тілі пәнінен байқауларға жіберуге болмайды. Физика мен математика қаншалықты күрделі де, маңызды пәндер болса,  қазақ тілі дәл осындай күрделі пән. Егер әу бастан мектеп мұғалімі осыны бала санасына құймаса, кейін жас жеткіншекке бұны түсіндіру қиынға соғады.
Ана тілімізді бүгінгі ұрпаққа дәріптеу жолында біраз жұмыстар атқарып келе жатқан жуықта 90 жылдығын атап өткен №11 Сәкен Сейфуллин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты туралы әңгіме бөлек. Мұнда «Білімді бейсенбі» жобасы қолға алынған. Яғни бастауыш сыныптан бастап әр сабақ оқушының 15 минут көркем әдебиет оқуымен басталады. Ал 5-11 сынып оқушылары үшін «Дарынды оқушы оқитын 100 кітап» атты жоба жұмыс істейді. Оқушыларға 60 қазақ әдебиетінің, 40 әлем әдебиетінің шығармаларын оқу талабы қойылады. Бұның өзі бала тәрбиесіне оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Оралдағы Президент мектебінде де осыған ұқсас «Даналық апталығы» өткізіледі. Бұл жоба да баланың шешендік сөздерді жаттап, ұлттық сөз өнерін құрметтеуге тәрбиелейді. Басқа мектептер де осындай жобаларды қолданса, ана тіліміздің тұғыры биік болатыны анық. Сонымен бірге бүгінгі жас ұрпақтың ана тілімізге деген құрметін, ұлттық әдебиетке деген сүйіспеншілігін қалыптастырамыз.  Десек те, облыстық байқауларда көзге түсіп жүрген Талғат Мықи, ­Оралбай Ысқақ, Шерхан Талап, Дәурен Шамұрат, т.б.  сынды жас дарындар бүгіндері есімі бүгінде республикаға танымал. Себебі бұлар – елін, жерін сүйетін, ана тілін қастерлейтін патриот жастар. Біз олармен мақтанамыз.
Қалай десек те, кейбір қазақ бала­ларының өзі ана тілін білуге құлықсыз болып тұрғанда, өзге ұлт өкілдерін қалай қазақша сөйлетпекпіз деген сауал туындайтыны анық. Осы орайда Сүлейман Демирель атындағы университеттің «Қазақ филологиясы» кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы «Қазақстан ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Құралай Күдериновамен тілдескен едім.
«Қазақ тілі – ресми қатынас тілі деңгейінде заңды түрде танылғанмен,  ана тілінде сөйлеуге өздеріміздің қарагөздеріміздің де құлықсыз болып отырғандығы жасырын емес.  Осындай жағдайда өзге ұлт өкілдері балаларын мемлекеттік тілді құрметтеуге қалай шақырамыз деген ой көкейде туады. Меніңше, қазақ тілін оқытатын оқулықтар мен тіл орталықтарының білім сапасын арттыру үшін  жаңа, тың тәсілдерді ойластыру қажет.
Қазақ тілін үйрену мен меңгеруге өзге ұлт өкілінің баласын да тартудың мәні зор.  Бүлдіршіндерімізге ұлттық этикет нормаларын дайындап, сол арқылы қазақ тілін үйретуді жолға қою керек сияқты.  Өйткені бүгінгі әлемде адамдардың  бір-бірімен сыйласуы жайлы оқушыға жеткізу жағы кемшін түсіп жатыр.
Біздіңше, жатжұрттық тілдерді пір тұтатын (орыс, ағылшын, т.б.) қазақтарға ана тілін үйретудегі басты ұстаным – санасында көмескіленген немесе жоғалған ұлттық құндылықтарды жаңғырту және қалпына келтіру. Санадағы ұлттық тұжырымдар мен ұлттық стереотиптерді қалыптастырудың бірден-бір жолы дәстүрлі отбасылық құндылықтарды дәріптеу. Мұнда тілдің грамматикалық құрылысы да бар, лексика-фразеологиялық байлығы да бар, тілдік этикет нормалары да бар, сондай-ақ ұлттық құндылықтар жүйесі де бар.
Ал ол мәдениет өткендікі ғана емес, бүгінде де болуы тиіс мәдениет. Жас ұрпақтың буынын бекемдеуде негіз болатын мәдениет. Өйткені қазіргі қазақ мәдениеті орыс мәдениетінен алыстағанмен, енді батыстық мәдениеттің, ағылшын тілі арқылы сол елдің, яғни тағы бөгде ел мәдениетінің әсеріне түсу қаупі бар.  Бұл – тәуелсіз мемлекетіміздің болашағын құрайтын жастар тәрбиесінде айқын көрініп отыр. Бір көрінісі – орыстілді, ағылшынтілді  қазақ жастарының бар екендігі. Орыстілді орта буынның ана тілін үйренуге деген ниетінің төмендігі немесе тіпті жоқтығы» деді. Расында да бұл пікірмен келіспеуге хақымыз жоқ.
Ұлттық болмыс, ұлттық намыс, ұлттық мінез – бәрі-бәрі бала бойы­на ана тілі арқылы қалыптасады. Еліміздің болашағы, Қазақ елінің, ана тіліміздің мәңгілік болуы да осы бүгінгі жас ұрпаққа байланысты. Сондықтан Мәңгілік Елдің мәңгілік тілін қалыптастыру  үшін әуелі бала үшін отбасындағы ұлттық тәрбие маңызды. Бұдан кейін, алтын ұя мектеп демекші, мектепте берілетін білімнің ұлттық бағытта болғаны абзал. Осы ретте, мұғалімдер қауымы баланы тәрбиелеудің басты құралы деп мемлекеттік тіл екенін түсінсе игі. Өйткені ана тілімізді насихаттап, ұлттық әдебиетті жаңғырту арқылы ғана біз болашақтың іргесін берік бекітеміз.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

7 Пікір

  1. Сафина

    Ана тілін сүюге, ана тілінде сөйлеуге тәрбиелейтін ең алдымен – отбасы. Отбасында әке мен шеше ана тілінде сөйлессе, балалары да тілді құрметтеуге үйренері сөзсіз.

  2. Индира

    Қаламынан қашанды қарымды ойлар туындайтын Ақмаржан Бақытқызының бұл мақаласы да тұла бойы ұлттық тәрбие мен ұлттық намысқа, патриоттық сезімдерге тәрбиелейтін құнды дүние! Тілдің мәртебесін көтеріп, «қазақпен қазақ қазақша сөйлесін» деген ұранды қашанда ту еткен ақын апамызға шығармашылық табыс тілейміз!

  3. Галина Мақсұсутқызы

    Тілден биік асқар жоқ,
    Тілден асқан байлық жоқ,
    Тілден терең теңіз жоқ.
    деп, айтқан атамыз Ғ.Мүсірепов. Тілімізді әрқашанда қадірлейік, мерейін әрқашанда көтерейік. Қазақ тілін білу біздің парызымыз деп санаймын!
    Ақмаржан Бақытқызы өнерін өрге жүзсін! Сізге шығармашылық табыс, қаламыңыз ешқашан талмасын!

  4. Галина Мақсұтқызы

    Тілден биік асқар жоқ,
    Тілден асқан байлық жоқ,
    Тілден терең теңіз жоқ.
    деп, айтқан атамыз Ғ.Мүсірепов. Тілімізді әрқашанда қадірлейік, мерейін әрқашанда көтерейік. Қазақ тілін білу біздің парызымыз деп санаймын!
    Ақмаржан Бақытқызы өнерін өрге жүзсін! Сізге шығармашылық табыс, қаламыңыз ешқашан талмасын!

  5. Аманбек

    Ақмаржан Бақытқызы! Мақаланызға рахмет. Түсінген, ұлтым, елім дейтін жандар осындай қаламыздан шыққан мақаларарынызды оқып, қуат алып, саннан сапасына қарай көбейсін деп тілеймін.

  6. Толқын Закарияқызы

    «Тіл негізі тілден басталады» тақырыбындағы мақалаңыз ана тілімізді бүгінгі ұрпаққа дәріптеу жолындағы ұлттық намыс, ұлттық жігерді оятатын тұшымды мақала. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, өз елін, Отанын, туған тілі мен салт-дәстүрін қастерлейтін саналы да парасатты ұрпақ тәрбиелеу баршамыздың ортақ міндетіміз. Сіздің мақалалаңыз да ана тіліміздің тұғыры биік болуына себепші болғаны қуантады. Тың мақалаларыңыз жарық көре берсін.

  7. Рысқаным Жолболсынқызы

    Қазақ тілі Мәңгілік елдің тіліне айналу үшін, ең алдымен,білім берудің мақсаты да ұлттық деңгейдегі құндылықтармен нақтылануы қажет-ақ. Олай болса, бұл мақалада қозғалып отырған тіл мәртебесін көтеру мәселесі білім берудің әр сатысында(балабақша, мектеп, ЖОО т.б) қызмет істеп жүрген педагогтерді ойландырары даусыз. Ана тілдің қадірі мен тұғырының биік болуын насихаттап жүрген тіл жанашыры — авторға қаламыңыз ұштала берсін дейміз!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.