«Ана тілі» өз бағдары бар басылым

Талас Омарбеков, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих, археология және этнология факультетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы:

– Газетіміздің тұрақты оқырманы ретінде қандай пікір білдіресіз?
– «Ана тілі» газеті сүйікті басылымдарымның бірі. Басылым жарық көргеннен бастап халқымыздың тарихына байланысты материалдарды көптеп беріп келеді. Қазақ халқының қалыптасуы, шығу тегіне байланысты шежірелік нұсқалар көптеп берілді. Алғашқылардың бірі болып қазақ тарихындағы ақтаңдақтар мәселесін ашуды қолға алды. Тілімізді тұғырлы етуге қатысты байыпты да байсалды ойларға толы мақалаларды оқып қуанамын. Сонымен бірге мәдениет, өнер, әдебиет мәселелері де назардан тыс қалып жатқан жоқ.
«Ана тілі» газеті басқа басылымдарға ұқсамайды. Өз жолы, өзіндік бағыт-бағдары бар. Егер тілімізді қазақтың жаны деп айтар болсақ, «Ана тілі» рухани жанымызға балар едім.
Газеттің маңдайына ұлт ұстазы А.Байтұрсыновтың «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» дегені өте орынды көрсетілген. Осының өзі газеттің мақсат-міндетін анық аңғартып тұр.
– Басылым алдағы уақытта қандай мәселелерге көңіл бөлгені дұрыс?
– «Ана тілі» тарихымызға байланысты ақиқатты, шындықты айтуды одан әрі жалғастыру керек. Өйткені тіліміздің сақталуы, алға қарай өркендеуі, дамуы халқымыздың тарихымен тығыз байланысты. Тарихи тақырыптарға байланысты өткір мәселелерді жүйелі түрде көтеріп тұрса деймін.
«Ана тілінің» ұлттық сананы жаңғыртуда еңбегі ерекше деп білемін.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.