Жатақхана «жыры» жалғаса бере ме?..

 «Еліміздің тірегі – жастар», «Болашақ – жастардың қолында» деп ұрандатып жатамыз. Жастардың бір бөлігі бүгінгі студенттер емес пе?! Ал бүгінгі студенттің басты мақсаты – сапалы білім алу. Ата-ананың басты арманы  баласының білімді, білікті азамат атануы. Cтуденттің алаңсыз білім алуы үшін оның жататын орынмен, яғни жатақханамен қамтамасыз етілуінің маңызы зор. Жыл сайын күз мезгілі, жаңа оқу жылы басталғаннан, студент үшін жанды ауыртар мәселе – жатақхана «жыры» басталады. Тіпті, қарашаның қара суығы басталып кетсе де, жатақханадан орын табылып қала ма деп үміттеніп жүргендер әлі де бар.
«Елімізде «Студенттік баспана» бағдарламасы бар, оған бөлінген қаржы игеріліп жатыр ма, жатақхана мәселесі шешімін қалай табуда?» деген сұрақ алдыңнан кесе-көлденең шыға беретіні рас.
Қазақстан Республикасының Үкіметі мақұлдаған Білім және ғылым министрлігінің 2011-2015 жылдарға арналған «Студенттік баспана» бағ­дарламасы бойынша елімізде 32 жатақ­хана салынып, 54 жатақхана күрделі жөндеуден өткізілуі, Астана мен Алматы қалаларында студенттік қалашықтар салу жоспарланған-ды. «Қазіргі жағдайда осы бағдарлама қалай жүзеге асуда, алға қойған міндеттерді атқара алып отырмыз ба?» деген сауалды Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Жоғары, жо­ғары оқу орнынан кейінгі білім және халықаралық ынтымақтастық депар­таменті директорының орынбасары С.Бахишеваға қойған едік. Ол былай деді: «Қазіргі таңда елімізде 150 студенттік жатақхана бар, мұнда 56,7 мың студент тұрады. Күндізгі бөлімде оқитын студенттер саны – 180 мың, оның ішінде 115 мыңға жуығы басқа облыстан келген студенттер. Жатақханалардағы орындарға деген қажеттілік 72,4 мың орынды құрап отыр. Білім және ғылым министрлігі 2020 жылға дейін 32,6 мың студентке арналған жатақханалар желісін салуды жоспарлап отыр.
Осы мақсатта Білім және ғылым министрлігі тарапынан Жатақханалар желісін дамытудың кешендік жоспары әзірленіп, 2015 жылға қарай жоғары оқу орындарының мұқтаж студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуді 80%-ға дейін жеткізу, жаңа студенттік жатақханаларды салу арқылы жоғары оқу орындарының жатақханаларында студенттер үшін санитарлық және басқа да талаптарға сай қалыпты тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларды жасау бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Мәселені 2 бағытта шешу жоспар­лан­ған:
– ЖОО-ларға бөлек жатақханалар салу;
– Алматы және Астана қалаларында студенттік калашықтар салу.
Студенттік баспана жобасы шеңберінде 2010-2014 жылдары ара­­­лығында 4423 орынға арналған 10 студенттік жатақхана салынып, пай­­далануға берілді. Олар: Гуми­лев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситетінде 2 жатақхана; Қазақ мемле­кет­тік Қыздар педагогикалық универ­си­теті; Есенов атындағы Каспий мем­ле­кеттік технология және инжиниринг университеті; Жәңгірхан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университеті; Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты; Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті; Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті; Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда мемлекеттік уни­верситеті.
Биыл жаз айында Қарағанды мем­лекеттік техникалық университеті үшін 822 орындық студенттік жатақхана, 610 орындық Нұр-Мүбәрак, 274 орындық әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жатақханалары ашылып, студенттер орналастырылды.
Биыл 11 жатақхананың құрылысы жүргізілуде, оларды 2015 жылы пайда­лануға беру жоспарланып отыр. Олар: Уәлиханов атындағы КМУ, Торайғыров атындағы ПМУ, Павлодар мемлекеттік пединституты, Оңтүстік Қазақстан мем­лекеттік пединституты, Қазақ мем­лекеттік Қыздар университеті, Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ, Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дың 2 жатақханасы, Селезнев атындағы АХУ, Серікбаев атындағы ШҚМТУ, Әуезов атындағы ОҚМУ.
Сонымен бірге биыл 2 жатақхананың (С.Сейфуллин атындағы КазАТУ, Гумилев атындағы ЕҰУ) құрылысын бас­тау жоспарланған.
Сонымен қатар, Астана қаласындағы студенттік қалашықтың құрылысына техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қоры­тын­дысы алынған.
Алматы қаласындағы студенттік қалашықтың құрылысына техника­лық-экономикалық негіздемені әзірлеу бойын­ша жобалау жұмыстары жүргізілуде».
Міне, көріп отырғанымыздай, жасалып жатқан жұмыстар бар.  Дегенмен, қиындықтан шығудың сан түрлі жолдары қарастырылғанымен, жыл өткен сайын білім іздеп келетін жастардың саны артқандықтан жатақхана мәселесі тым күрделеніп, шешімін табудың орнына күрмеуі қиындап барады. Мәселен, бүгінгі күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алып жүр­ген 20 мыңға жуық студенттің 12 мыңға жуығы жатақханаға мұқтаж бол­са, Қазақ мемлекеттік Қыздар педа­гогикалық университетінде оқитын 9 мыңға жуық студенттің 3034-іне ғана орын берілген.  Бұл бір ғана мысал. Өзге жоғары оқу орындарында да дәл осындай жағдай.
Жатақхана алудың оқу орны бойын­ша өз тәртібі, ішкі ережесі бар. Ал­дыңғы кезекте грантта оқитын 1-курстың студенттері, ата-ананың қам­қорлы­ғынсыз қалған немесе әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балалары қамтылады. Алтын белгі иегерлері, ха­лықаралық олимпиада жеңімпаздары мен қоғамдық жұмысқа белсене араласып, көзге түскендер үшін де жеңілдіктер қарастырылған. Білім ордасының ішкі ережесіне сәйкес қажет болған жағдайда ақылы бөлімнің оқушыларына да белгілі мөлшерде орын бөлінеді.
Мақала жазу барысында жүргізген сауалнама қорытындысы осы ішкі ереженің сақтала бермейтінін көрсетті. Студенттердің айтуынша, жатақханадан бөлме алуың үшін кей жағдайда «тамыр-танысың» болуы шарт немесе «бармақ басты, көз қыстымен» делдалдың қолына сұрағанын ұстатасың. Өзін Жазира Ережепова  деп таныстырған бойжеткен (есімі өзгертіліп алынды, оқу орнын атамауды өтінді): «Мен жатақханаға танысым арқылы 70 мың теңге беріп орналастым. Былтыр 15-30 мың теңге берсе, биыл әркім әрқалай беріп жатыр, 50-100 мың теңгенің аралығында. Біздің арамызда бұл талқыланбайтын мәселе, яғни ши шығып, сөз қаулап кететін болса оқудан бірден шығарылатыны қатаң түрде ескертілген» деді.
Осы ізбен бірнеше жоғары оқу орнына хабарласып, жатақхана жайын білмекке бекіндік.  Бірді-екілі болмаса, әншейінде атқарған жұмыстарын көрсетіп қалуға тырысатын оқу орындары жатақхана жөнінде ести сала ат-тондарын ала қашып, ақпарат беруден бас тартты. Бәрінің айтатыны – бір уәж. Ректордың рұқсаты керек.
Жолын тауып С.Асфендияров атындағы медицина университетінің жатақханасына бардық. Қуықтай тар бөлмеде 5 төсек. Айнала алмайсың. Естуімізше,  бұл бөлмелер 3 адамға арналған. Бес қызға бір шкаф, бір тумбочка. Төменде кір жуатын машина бір жерде, шлангісі бір жерде жатыр. Кір жаятын бөлмеде қатар-қатар қойылған кір жайғыштар. Әр бөлмедегілер өздері үшін сатып алыпты. Жуған киімдері кепкен соң, әркім өз бөлмесіне қояды. Артық-ауыс киімдерін сөмкеге салады, кір жаятын затты бөлмеге қояды, аяқ алып жүргісіз жерде санитарлық тазалық қайдан сақталсын?..
Ал жатақханадан орын жетпегендер амалдың жоқтығынан бірігіп пәтер жалдайды. Алып шаһарда пәтерақы да анау айтқандай арзан емес. Бір бөлмелі пәтерді кем дегенде 70-120 мың теңгеге жалдайсыз. Пәтердің аты – пәтер. Жатақханадағыдай қатал тәр­тіп жоқ. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмағандықтан, не істесе де өз еркі. Бір-біріне еліктеу басым. Темекі шегу, қазір сәнге айналған кальян, т.б. осының бәрі психологиялық тұрғыдан студентті аздырады. Өз-өзіне есеп бере алмай, өзімбілемдікке салынып, опық жеген жастар да аз емес. Бірі пәтерақыны төлеймін деп күндіз-түні тынбастан жұмыс істеп, денсаулығынан айырылса, енді бірі достарына еріп, жеңіл табыс көзін қуып, ұрлық-қарлық, бұзақылық жасап, оның арты жанжал-төбелес, тіпті ауыр қылмысқа  ұрындыруы мүмкін. Ақыр аяғында не оқу, не жұмыс жоқ, бүкіл өмірі, тағдыры басқа арнаға өзгереді.
Жұмыс демекші, студентті тек дая­шы, күтуші, күзетші, көлік жуушы, т.б. арзанқол жұмыстарға ғана қа­­былдайды. Түнімен жұмыс істеген жас­тың алатын жалақысы да мардымсыз. Қызылордалық Азамат үздік студент. 3-курста жатақханадан орын тимей, пәтерге шыққан. Ата-анасы қарапайым жұмысшы. Оларға салмақ салғысы келмей, пәтерақы төлеу үшін қосымша жұмысқа орналасады. Күндіз сабағы, түнде жағар-жанар май құю бекетінде көлік жуушы. Суды кешіп жүріп, ақыр соңында аяқтан өткен сыз оны ауруханадан бір-ақ шығарған. Айналасы 5-6 айдың ішінде туберкулез ауруына шалдыққан.
Алматыдағы студенттер емхана­сын­да 14 жоғары оқу орнынан 81 мың 186 студент тіркелген. Тексеру нәтижелері оқуға түскен кездегі сту­­денттің денсаулығы бітірген кезде ойда­ғыдай болмайтынын көрсетеді. Оның ең басты себебі ауа райының өзгеруі болса, екіншіден, студенттің құнарлы тамақ ішпей, иммунитетінің әлсіреуінен. Студенттік емхананың бас дәрігері Ләйлә Иманғалиеваның айтуынша, пәтер жалдап тұратындардың арасында туберкулезбен ауыратындар көп. Үстіміздегі жылы 10 айдың қорытындысы бойынша 87 жас туберкулезбен тіркелген. Оқу орны жақын деген желеумен мықыннан түсетін сәнді шалбар мен жеңіл күртеше киіп, желбегей жүретін қыздарымыз арасында бүйрек ауруы алдыңғы орында. Тыныс алу жолдары, ас қорыту, ішек инфекциясы, қаны аздық және тағы басқа аурулардың алдын алып, ауырмаудың жолын қарастырған жөн. Мамандар көшедегі санитарлық талаптарға сай емес, жартылай шикі дайындалған тамақтардан аулақ жүру керектігін айтады.
Студенттің бір айлық шығынын былай шамалауға болады. Ай сайынғы жол жүру билеті 2800 теңге, кеңсе тауарлары (степлер, скрепка, қалам, дәптер, көшірме, т.б.) 4-5 мың теңге, бір мезгіл асханадан тамақтануға (күніне 500-600 теңгеден) 10-15 мың, пәтерақысы 30-35 мың теңге, күнделікті тамағы (нан, қытай лапшасы, кола, хот-дог, донер-кебаб, қоюлатылған сүт, сникерс, т.б.) 30-40 мың теңге… Бұған интернет клуб, кино, караоке, қыздардың косметикалық бұйымдары мен киім-кешегін қосыңыз… Есептей беріңіз… Ай сайын алатын 16-17 мың теңге шәкіртақысымен студент қай жыртығын жамасын?.. Мәселен, С.Асфендияров атындағы медицина университетін 9 жыл бойы оқитын жас 16-17 мың шәкіртақымен қалай күнін көреді.


Тағы бір атап өтерлік жағдай, жатақхананың төлемақысы әр оқу орнында әртүрлі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінде жылына шамамен 25 мың теңге, С.Асфендияров атын­дағы медицина университетінде 36 мың теңге, Алматы технологиялық уни­верситетінде 50 мың теңге төленсе, ал Қазақ спорт және туризм академиясында мүлде өзгеше.  Өзін грантта оқимын, есімім Абылай (есімі өзгертіліп алынды) деп таныстырған Қазақ спорт және туризм академиясының студенті ай сайын 7500 теңге төлейтінін, жатақханада жағ­дай жоқтығын тілге тиек етті. Есептей беріңіз, 3 ай демалысты алып тастағанда, жылына 70 мың теңге көлеміндегі ақша шыға келеді. Сонда мұны реттеп отыратын орындар болмағаны ма, бас-басына би болған оқу орындарының бұл іс-әре­кеттеріне кім жауапты деген сұрақ туады.
Әзірге жатақханамен қамтамасыз ету жағынан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университеті көш ілгері. Қыздар университеті алыс өңірден кел­гендерді бірінші кезекте қамтып, үш мезгіл тегін тамақтандыратынын айта кету керек. Бұл студентке үлкен көмек екені айтпаса да түсінікті. Оқу ордасындағы жатақхананың әрқай­сысында оқу залы, компьютер класы, кітапхана, тренажер залы, т.б. бар. Міне, осындай жағдайлар басқа оқу орындарында да жасалса қандай ғанибет.

Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

10 Пікір

  1. Айнұр

    Керемет мақала. Бүгінгі күннің көкейкесті мәселесін тілші жақсы көтерген.

  2. Лаура

    Еліміздің алыс аймақтарынан оқуға түсуге келген студенттердің осы бір мәселесі толық шешімін таппай келе жатқаны рас.

  3. Мейіз

    Ужас, 100 мың теңгеге жатақханаға орналасу өте қымбат

  4. Жарас

    Шындыктын бари ашылыпты гой, мхм

  5. Сауран

    Киімдерін қарашы((

  6. Аңсар

    Ауылдардан келген жастарға тіпті қиын. Ата-анасынан жырақ, қалада туыстары жоқ жастардың жағдайы ескерілсе дұрыс болар еді.

  7. Madi

    1-kurstan baskanyn bari zhumys isteidi, kobine stipendia da berilmeidi

  8. Кәрима

    Жатақханада тәртіп бар, ең бастысы. Студенттер қадағалауда болады. Пәтер жалдап тұратын жас қыздар түрлі жағдайларға ұшырап жатады.

  9. Өркен

    Жарас деген оқырман шындықтың бәрі ашылыпты ғой депті, меніңше ашылмаған әлі талай шындық бар, тағы да жазу керек бұларды көкесін көрсетіп…

  10. Абдулла

    Жақсы мақала

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.