Өмір маған тереземнен қарайды…

Ақша бұлтқа наз

Қалқыған көкте ақша бұлт,
Жел айдаса қаңбақсың.
Үлп еткен желден жасқанып,
Байғұс-ау, қалай жан бақтың?!

Көз жасын жинап көл күндік,
Буланып көкке ұшады.
Сенде де жоқ еркіндік,
Аспанның суық құшағы.

Бұлдаумен жерде көркін жұрт,
Қиялын білмей тұсады.
Менде де жоқ еркіндік,
Тағдырдың суық құшағы.

Жасындай жаным жарқылдап,
Көктемді күтті күркіреп.
Беймәлім алдым, артым бақ,
Отырмын жалғыз сіркіреп.

Сынық айдай енді рең,
Күн шуағын аңсаған.
Терезеден телмірем,
Ақша бұлт-ау, мен саған.

Салмағың да шөкімдей,
Қорғансызсың сен неге?
Тағдырына өкінген,
Не айтасың пендеге?!

***
Мені ұмытпа, ақша бұлт,
Алатауға көшкенде.
Жанарыңнан жас тамып,
Енді желден сескенбе.

Ызғары бар сан күздің,
Жаным ғашық көктемге.
Мен де сендей жалғызбын,
Жымиям жел өпкенде.

Жан біткенге сарай жер,
Қызыл-жасыл құл өмір.
Тереземнен қарай бер,
Қуансыншы жүрегім.

Мендік өмір күйге сын,
Жаным қазір жаңғалақ.
Жапырақтар билесін,
Желпінсінші тал-дарақ.

Шарлап үнсіз қиырды,
Бұра тартты мұң бетін.
Маған көктем бұйырды,
Тереземде суреті.

***
Жетем бе саған қусам бір,
Жаным қалай жай табар.
Үстінен ұшсаң жусанның,
Менен сәлем айта бар.

Жүрегім солай сауығар,
Мәңгілік демін қайталап.
Жолыңда Жоңғар Алатауы бар,
Оған да сәлем айта бар.

Тамшылап мұңың көзіңнен,
Қамығып шерін қайтарар.
Қаратал, Көксу өзендер,
Оларға да сәлем айта бар.

Жоғалтты бүгін ай да әнін,
Сәулесі оның көбейсін.
Сағынған ақын Зайданың,
Сәлемі елге дегейсің.

Әлпештеп жатқан ортам жас,
Жап-жасыл өңшең өндірлер.
Тамады көзден сортаң жас,
Ақша бұлт, мені сөндірме.

Бұрылма енді басқаға,
Тереземе кел менің.
Ақша бұлт-ау, тастама,
Тамшыңа сенің шөлдедім.

***
Мен өмір сүрдім бе?
Әлде лағыл қаңқам әлемді кезіп жүр ме?!
Мәңгілік ғұмырымның мәңгі тозбасын
сезіп жүр ме?!
Көзімнен көл тұрғыздым,
Сол сортаң көлдің балығына
айналдым ба?!
Әлде бақсының жынына,
дала кезген диуананың
шалығына айналдым ба?!

Әйтеуір, білерім, мен – мен емеспін.
Көлеңкесіне айналдым көне көштің.
Жоқ жерден сиқыр іздеймін дуакештердей,
Қарайып кеттім алтын күннің шуағы       ескермей.
Жауады минуттар, сағаттар, айлар
жайлап аспаннан,
Әлде жеңілсем бе екен, не пайда уақытпен
найзаласқаннан.
Әлде қарт бүркіттей тышқаншыламай,
Шырқау биіктен құласам ба?
Әлде әлсіз пендедей тұл өмірімді қимай,
жыласам ба?
Жоқ, Аллам, маған сабыр бер,
Қуат бер, шуақ бер.
Ернімнен еріген жоқ өмір, сенім,
Бұйырса, ішермін шүпілдеген шәрбатын
көңіл кесенің.
Әлі де қуаттанармын, шуақтанармын,
О, махаббат, қолыңды бер,
болмаса құлап қалармын.

***
Өмір маған тереземнен қарайды,
Өрт сөндірген жандай болып енді өңі.
Түндер кетті құшағында сан айлы,
Қиын болды махаббаттың сөнгені.
Көктегі анау жұлдыздарды сағынам,
Қайда кетті жұлдыз кешкен күндерім?
Кім түсірді көркем, асқақ тағымнан,
Ілбиді әрең сүлдерім.

Неге сонша жабырқаттың жан-тәнді,
Дәл осылай жазаламас қасым да.
Сүйрей-сүйрей мұңсыз лағыл қаңқамды,
Жеттім әрең жүрексіз бұл ғасырға.

Жұбатады көңілімді керегем,
Сүйей алмас басымды да басқа ешкім.
Өмірмін деп жымияды терезем,
Тас қалада тасқын емес, тас кештім.

Сезіне алмай самалын да даланың,
Ести алмай қобыздың да сарынын.
Тұтқынына айналдым мен қаланың,
Түсінсеңші, жарығым.
Жазылмады аузындай боп жараның,
Не істей алам сансыраған санама.
Кешір мені, кешіре алсаң қарағым,
Мәңгілік боп кетсем деймін далаға.

***
Жазалаушым, жазалай бер, жазала,
Керек болса басымды да кесіп ал.
Жүрегімнің қалсын мәңгі сазы ана,
Санам қалсын бұл дүниеде есі бар.

Керегі не кердең мына денемнің,
Ми мен жүрек бұл өмірдің сол дәні.
Мен де бір күн жер қойнына енермін,
Нүкте қойсаң болғаны.

Қос жанарым көлде қалсын дірілдеп,
Қара шашым  қара орман боп теңселер.
Жастық шағым күнде қалсын күлімдеп,
Ал мұңдарым жұлдыз болсын сен сенер.

Қиялдарым ақша бұлт боп маңады,
Қол созсаң да жете алмассың сен оған.
Ал арманым мәңгі көктен тамады,
Қап-қара түн жан азабым, жаназам.

Табиғатпын, табиғатқа айналам,
Саған, оған, ешкімге де өкпем жоқ.
Теқ қана тек жыр қалады Зайдадан,
Сосын, сосын туам қайта көктем боп.

Бола алмадым жер бетінде жайлы адам,
Найзағай боп, жасын болып атылдым.
Болған емес, ешқашан да Зайда адам,
Енді, міне, мұхит болып жатырмын.

Мені ешқашан баса алмассың, баспаңдар,
Тереңіме батасыңдар түбі жоқ.
Қимастарым пенделіктен тасқандар,
Кешіріңдер ғұмырымды шығы көп.

Мен сендерге ұқсамадым арманмен,
Пырақ міндім, ақша бұлт боп көктегі.
Бір Аллаға бағышталар кеудемдегі
қалған дем,
Амалым не, пенделіктің қолы
маған жетпеді.

Анамның рухына шағыну…

Бір жақындап, бір алыстап,
Көрінбейтін шырақ ұстап.
Дәтке қуат, дем бересің,
Жағдайымды сұрағыштап…

Созсам қолды күнге дәйім,
Көрем ылғи мұң Құдайын.
Жақындарым жат боп кетті,
Шегем, шеше, сұмдық уайым.

Еркін едім ержеткелі,
Жатыр олар тергеп мені.
Жүрегімді жаралайды,
Жанбағыстың жендеттері.

Шайқастарда сан қызды үнім,
Көрдім талай жан құзғынын.
Жақындардың ортасында,
Сезіледі жалғыздығым.
Танымалмын халыққа ептеп,
Жанарымды жарық кептеп,
Өкпелеме, анам, маған,
Ниетті қой алып кетпек…

Рухыңнан сенім көрдім,
Маған біраз өмір бергін.
Қалсам деймін көктемінде,
Мені сүйер көңілдердің.

Қанша жаннан қайыр күттім,
Анам, менің жайымды ұққың.
Азабын да тартып жүрмін,
Жан түсінбес шайырлықтың.

Өткен шақ…  

Мен жусанмын, мен жусанмын,
мен жусанға айналғам,
Кеше ғана қызғалдақ ем, гүл едім.
Қара шашым қап-қара түн
жұлдыздарға байланған,
Дала кезген диуанаға айналыпты жүрегім.

Алақұйын, алашапқын,
аласұрған ми, санам,
Өп-өтірік өргексиді өр еңсем.
Аппақ жейде киіп алып сисадан,
Өкшелейді көлеңкем.

Қашып келем, қашып келем
өзімнен де өзгеден,
Сезім қалды құлатүзде шашылып.
Бұл өмірге қарап басқа көзбенен,
Айналдым мен Алатауға басы бұлт.

Аққу, қаздар шақырады қиқулап,
Ақша бұлттар аймаласып назы асқан.
Жалғыз аққу айналып жүр сұңқылдап,
Менің жаным емес пе екен адасқан…

Күлгін түске боялады күн кілең,
Қиян шетте кілкілдейді сағым нұр.
Зілзаладай жерді баяу сілкіген,
Өткен шақтың елестері нағып жүр?

***
Өлеусіреп ескі шамдал,
Сүйенеді самал гүлге.
Мені сүйер жалғыз жан бар,
Сол бір адам аман жүр ме?

Түнді күндер қуып ұдай,
Жаз өтеді, күз келеді.
Жұлдыздардың суығын-ай,
Мені ешкім іздемеді.

Сол шамдалдай үміттерім,
Гүл де солды бақшамдағы.
Келер ме ол күліп керім,
Жаңалық боп ақшамдағы.

Сағынышым, ол да бөтен,
Сезімдерім ескірген-ді.
Мен жүретін жол да бөтен,
Керек болмай ешкімге енді.

Өкпеледім түн досыма,
Неге желеп-жебемейді.
Сол бір адам күнде осында,
Бірақ мені елемейді.

Күн тұратын айды күндеп,
Ай ғана бұл мендік еді.
Жалғыз жүрек байлығым деп,
Бәріне де көндім енді.

Махаббат қайыршысы

Дорба асынып, ел кездім қайыр тілеп,
Бір Аллаға жетер деп зайыр тілек.
Ұлы көкке жазылды қыл қаламмен,
Махаббатқа қол жайған қайыршы деп.

Санам салғырт, сарсаңнан әуре сіңбей,
Сезім іздеп ғарыштың сәулесіндей.
Көзімнен жас кетпеді, амалым не,
Жесірліктің бітпейтін тәубесіндей.

Жанарлардың сезіндім жарқылын да,
Жалғыздықтың сезіндім салқынын да.
Жалғыз ғана сен тұрдың ертелі-кеш,
Мен тартатын аспаптың әр қылында.

Махаббатқа қол жайған қайыршымын,
Тәңір, мені тергеме, зайыр шыным.
Саған сауыт тоқыр ем, амалым не,
Иірумен келемін жан ұршығын.

Дала кезем, кеземін тау етегін,
Самал тегін, бұл жерде ауа тегін.
Құзырына құлатқан, ұлы сезім,
Шапаныңды сүйіп мен тәу етемін.

Орман шулап, ыңырсып қайың-шілік,
Көз жасыммен кеудеден уайым шығып.
Маңдайыма жазған деп қабылдадым,
Махаббатқа қол жайған қайыршылық.

Жалғыз-жарым жабығып жолға шығып,
Іңкәрлік пен сезімім сорға сіңіп.
Қайыршыдай қол созған махаббатқа,
Мен арумын ел кезген дорба асынып.

Махаббат та, мұң да өтті бұл басымнан,
Жетеледі бір ғасыр бір ғасырдан.
Қайыр сұрап келемін, о, дариға,
Махаббаттың мәңгі тұл сұлбасынан…

***
Күте-күте көкірегінде солды үміт,
Қара суық кәрлі қыста тоңдырып.
Клеманс Брентано*  мұң шақты,
Көне жыртық шапанына болдырып.

Бұл дүниеде сия алмастан көне үйге,
Мұңын шақты Перси Биши Шелли* де.
Қан қақсатты отандасы түсінбей,
Айналасы қансорғыштар мөлиген.

Ақындықтың өр намысын жанимын,
Қонағымын торғайға ұя тар үйдің.
Гареміне ғашық болған сұлтанның,
Мұңын енді түсінемін Жәмидің*.
Іш тартпапты оған да сол хан аса,
Арманы да көп екен-ау санаса.
Шарап ішіп саз шалған сол Жәмидің,
Оңашалау отырысы тамаша.

Ғашықтығын тасқа жазды меңдеген,
Жинай алмай сұлтанменен тең бедел.
Ақын жанын түсінбеді сұлулар,
Қасы-көзін сүрмелеген пенделер.

Қағаз, қалам… қолымда сол жарақ бар,
Кәрі өлең мазалайды кәрі ақпар.
Ей, дүние, мен де сұлу ақынмын,
Ақ жүзіме өкінбестен қарап қал.

Тұзы шекер, ұрттай қалсаң суы бал,
Көкірегінде сары алтынның буы бар.
Жасыл дүние, жабырқаттың сен мені,
Кезің бе еді менен сонша суынар…

Клеманс Мария Брентано* (1778-1842ж)– немістің  ұлы ақыны.
Перси Биши Шелли *(1792-1822ж) –ағылшынның ұлы ақыны.
Жәми* (1414-1492ж) –парсы-тәжік ақыны, «Ләйлі-Мәжнүн», «Жүсіп-Зылиха» дастандарының авторы.

***
Өмір сүрсем деп едім мүлде басқа,
Қу жоқшылық жебейді күнде қасқа.
Сезсем деп ем әлемнің жарқын демін,
Жете алмадым өзіңе, халқым менің.

Көзімде мұң кілкілдеп, бойда сағым,
Той жасағым келеді, той жасағым.
Биік бол деп ұрсады биік аспан,
Қайтем енді басымды сыйы қашқан.

Жапырақтар сыбдырлап сыр айтады,
Көкке ұшқан құс, арман-ай, мұңайтады.
Жүректегі мәңгілік дәні піспей,
Лағады байғұс жан дәруіштей.

Бере алмассың сен маған енді кеңес,
Той-томалақ, қызық та мендік емес.
Таң атады жамырап, күн батады,
Санамда ылғи сарғайып мұң жатады.

Жаз өтеді осылай, күз өтеді,
Тағдырымды қай тәңір түзетеді.
Тіршіліктің мұңына тола маңдай,
Көз жасыңды сүрт деген орамалдай.

Тереземнің алдында бір шөкім бұлт,
Өттің дүние, амал не, өкіндіріп…

 Зайда Елғондинова,
 ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Алма

    Зайда апайдың өлеңдері ғажап.

  2. Нурлан

    Зайыда керемет озиннен бурын оленне конл кетп жатыргой

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.