Біз кімнің жаңа жылын тойлап жүрміз?

Осы әңгіме көзі ашық қазақ азаматтарының арасында жылына кемінде екі рет ауызекі айтылып қалып жүр. Оның біріншісі –31 желтоқсандағы түнгі сағат 12-де ақбасқын аяз, қарлы боранда келетін Жаңа жыл, екіншісі наурыздың 22-сі күні жер-дүние жаңарып, жер беті жас босанған анадай жадырап, күн мен түн теңесіп, көгілдір аспанға аққу-қаздар мен тырналар аппақ сызық сызып, қанатымен жетелеп жеткізген көктеммен бірге келетін Жаңа жыл. Бұл парсының «Нов» – Жаңа, руз – күн, яғни жаңа күн дегенінен шыққаны, тіпті мұның, осы «Нов»-тың аржа­ғында орыстың «новый» сөзінің басқа славяндардың «нео» сөзінің төркіні жатқанын аңғару да онша қиын емес. Сауатсыздығымыз бен үргедектігіміздің кесірі ме, осы күні бізге парсыдан, арабтан келген ілім-білім, өнер мен мәдениет туралы айтудан ат-тонын ала қашатындар көбейіп кетті. Солардың ішінде бір оқу орнының шығыстану бөлімінде, не бір факультетте шығыс тілін оқығандар да өздерін дінтанушы, шығыстанушы, тіпті саясаткер деп теледидар, баспасөз арқылы таныстырып жүр. Әрине, кімнің жыртығына жамау болу – әркімнің өз қалауы. Саясаткерлік деге­німіз, ең алдымен, туған ұлтың­ның алдындағы жауапкер­шілігіңді білу. Ал туған ұлтыңның алдындағы жауапкершілік дегеніміз – оның тілін, ділін, дінін, үрдіс-салтын сақтау, жерін, табиғи байлығын сақтау екенін екінің бірі біледі. Амал не, осыдан 23 жыл бұрын құланиектеніп атқан тәуелсіздік таңы бүгінде сиыр сәскеге келсе де біз ұлттық дәстүрімізді, ұлттық салт-санамызды әлі қалпына келтіре алмай отырмыз. Иә, салт-дәстү­рі­міз дегенде, біз ата-бабамыз ес біліп, етек жапқан ықылым заманнан бері тойлап қарсы алған Жаңа жылды – Ұлыстың ұлы күнін Нау­рыз мейрамын да жөндеп өткізуден қалып барамыз ба деп қорқамыз.
Әрине, бұл мерекені олай емес, былай өткізу керек еді деп жоғарыдағыларға ақыл айтып, оның ережелерін белгілеуге біздің еш құқымыз жоқ. Тек исі мұсылманға ортақ осы Жаңа жыл мерекесінің кейінгі жылдары бүгінгі ұрпағымыз есі кете тойлап жүрген, батыстан келген «әулие Валентин күні», «Хеллоуин» сияқты сананы былғайтын, ұлтты азғындататын мейрамсымақтарға қарағанда жетім қыздың тойындай ғана жабырқау өтетіні жанға батады. Ненің оң, ненің теріс екеніне ой жүгіртіп жатпайтын, не үйде, не мемлекет тарапынан ұлттық, қазақы тәрбие дегенді көрмей өсіп келе жатқан жастарымызды ұлтсыздандыруға осы екі жынойнақтың өзі-ақ жетіп жатқанына көзіміз жетіп болды. Бізде «ғашықтар күні» болып заң арқылы бекітілуі ғана қалған Валентин күнінің қарсаңында көшедегі жайма базарларда, дүңгіршектерде, үлкенді-кішілі дүкендерде осы мерекені насихаттайтын кітапшалар алуан түрлі бояулы ашық-хаттар (открыткалар) топаны қалалар мен ауыл­дарда қардай боратылып сатылып, тіпті тегін таратылып жатады. Көше толы бірін-бірі құшақтап, сүйісіп, құттықтасып жатқан қысық көз, тәмпіш танау қазақ жастары. Бәрінің ата-бабасы Валентиннен тараған сияқты. «Валентин күні» қарсаңында  әнебір жылы Ақтөбе облыстық теледидарынан осы мерекеге орай маникюр, педикюр сияқты қызметтерді тегін көрсетеміз деген хабар таратылды. Сонда мұның аржағында кімдер тұр, бұл не деген батпан құйрық деп ойланып жатқан не қарапайым қазақ болсайшы. Қайда-а! Оның орнына кейбір қазақ мектептері мен жоғары оқу орнындағы ұстаздардың жас ұрпақты осынау «ұлы мерекемен» құттықтап жатқанын да көргендер бар. Өзбекстан үкіметі «Валентин күні» деп аталатын бұл бүлдіргі мейрамсымақты атап өтуге бірден тыйым салды. Ал бізде осыдан бірнеше жыл бұрын «Қазақстан» телеарнасы оның орнына 21-нау­рызды Қозы мен Баян, Төлеген мен Қыз Жібек, Ләйлі-Мәжнүн, Сейфул-Мәлік-Жамал сияқты жастарымызға үлгі етіп, «Ғашықтар күні» деп атайық деген бастамасы да Үкімет тарапынан әлі қолдау көрмей отыр. Қазақтардың басқа ұлттарға қарағанда  орысшаға жетікпіз, олар сияқты акцентпен емес, таза орысша сөйлейміз деп мақтанатынын көргенде Абайдың «Халқым надан болған соң қайда барып оңайын» деп бағалағаны тағы еске түседі.
Өзіңіз ойлап көріңізші, Қазақстан Ресейден азаттық алмастан 2-3 жыл бұрын және азаттық алған алғашқы жылдары Наурыз мерекесі қалай өткізілетін еді. Жер-дүние бойжеткен сұлудай жасанып, Алла Тағаланың құдіретімен көктен құйылған нұр жас кәрінің жанарында жарқыл ойнатып шыға келетін табиғаттың сол бір думанды сәттерін басшылары бастап, қосшылары қоштап ұлы дүбірге айналдырып жіберетін сол күндер қайда кетті? Біз қазір Наурыз мейрамына неге соншалықты салғырт қарайтын болдық? Оған қарағанда 31-желтоқсанның сақылдаған сары аязы мен қарлы боранындағы еш дәлел-дерексіз, «Жаңа Жыл» деп аталған мейрамды әкеміз тіріліп келгендей тойлайтынымыз қалай? Бұл да саяси көрегендік пе?
Қазекемнің «Ендігі жерде Жаңа жылымызды 31-желтоқсанда емес, 22-наурызда тойлайтын боламыз, нағыз Жаңа жыл осы!» дейтін кезі әлдеқашан келген. Дәл солай деп жариялағаны үшін Қазақстаннан мүттегінге алып жатқан байлықты алмаймын дейтіндер алмай-ақ қойса да болар еді. Бірақ ел ішінен мұны айтатын не ақсақал, не қарасақал, не бір ат үстіндегі шонжар, не бір депутат табылмай отырғанына кімді кінәларыңды білмейсің. Сол ақсақал-қарасақалдар 31-желтоқсанда бала-шағасымен, келін-кепшектерімен сыңғырлатып тостақан соғыстырып тойлап жатқан Жаңа жылы Нау­рызбен салыстырғанда күні кеше дерлік кейіннен шыққанын, оны сол кездегі надан еуропалықтарға әлдебір Диониси деген қаңғыбас кезбенің: «Бүгін Христостың туғанына тұп-тура 500 жыл болды» деп ойдан шығарып, өтірік айта салғанын білмейді емес, біледі. Телеарналарда «31-желтоқсанда Жаңа жыл ретінде дүниежүзі тойлайды» деп желпілдетіп беріліп  жатқан ұлы даңғазаның қып-қызыл өтірік екенін, бұл күні оны тек христиандар ғана атап өтетінін, қытайдың, жапонның, үндінің, арабтар мен парсылардың, өзге де азиялық ірілі-уақты мемлекеттердің өз жаңа жылы бар екенін көзі ашық екі қазақтың бәрі біледі. Біле тұра, 70 жыл бойы мойнына Ресей ілген қамытты алып тастайық деуге жүрегі дауаламайды. «Көн қатса қалыбына барады» деп қазақ осыны айтқан ғой…
Наурыз мейрамына, яғни ­Жа­ңа жылымызға ­байланыс­ты бүгінгі қазақтың тағы бір ерсі қылығы бар. Оны басшыларымыз үлкен бір саясаткерлік деп білетін сияқты. Олар бұл мерекені өткізер алдында немесе өткізіп жатып «Бұл – діни мейрам емес!»  деп әлдекімдердің, ашығын айтсақ, әлдебір мемлекеттердің алдында бір ақталып қалады. Сөйтіп тұрып, 31-желтоқсандағы Жаңа жылдың ешқандай да астрономиялық нышаны жоқ, тек христиандық діни мейрам ғана екенін біле тұра білмеген болады. Әнебір жолы бір ғалым «Көшпенді қазақтар Жаңа жылды қайдан білсін!» деп қалғанын да көрдік. Сол байғұс өз ата-бабасының анау жатқан аспан әлемін өте жақсы білгенін, тастай қараңғыда Темірқазыққа қарап кез келген ой-шұңқырда отырған екі-үш малшы ауылын табан аудармай тауып алатынын Ай мен Үркердің тоғысатынын, әр айдың өліарасында күн райы бұзылатынын, Айдың жұқару, толысу кезеңдеріне қарай судың не тасып, не қайтып отыратынын, өзге де толып жатқан астрономиялық құбылыстарға қанық болғанын не білмейтіні, не өз ұлтын сонша жек көретіні беймәлім болғасын үнсіз қалдық.
Көшпенді демекші, қазақты ретті, ретсіз «көшпенді» деудің де жөні жоқ. Өйткені қазақ көшіп жүргенде осы күнгі орыстар, не сығандарға ұқсап ешқашан бір елден екінші елге, бір құрлықтан екінші құрлыққа ебіл-себіл болып босып жүрген емес. Қазақ көшсе әр ру, әр тайпа өзіне ата-бабасы еншілеп бөліп берген белгілі бір аймақта, онда да жаз-жайлауына, қыс-қыстауына ғана өз жерінде, өз еліңде ғана көшіп жүрген.
Тағы бір солақайлық: қазақты шығыс әлемінен, мұсылман әлемінен оқшаулатып қарағысы келетіндер біз бұрын тәңір дінінде болғанбыз дегенді жиі қайталайтын болды. Олар жоғарыдағылардың  өзгелерге жағынып, олардың Қазақстанды ислам елі деп қарамауын  өтінетінін біледі. Міне, осы «тәңіршілдер» қазақты мұсылман емес деп дәлелдеу үшін халқымыздың Айға қарап тұрып «Жаңа айдан жарылқа, Ескі айдан есірке» деген тілеуін де мысалға алатын болып жүр. Дұрысында сол тілек тілеп тұрған қазақ оны Айдан емес, Алладан тілеп, мына жаңа айда жарылқауын сұрап тұрғанын олар әдейі бұрмалап көрсетіп отыр. Олар қасиетті Наурызды біресе діни мейрам емес, біресе көктем мейрамы, біресе зороастризм нышаны бар дегенде де қазақты қайткенде де исламнан айырушы жат елдіктерге қызмет етіп тұрады. Біз бұл құдіретті дінді ҮІІ-ҮІІІ ғғ. қабылдасақ, орыстар христиан дінін Х ғасырдың соңына таман ғана қабылдаған. Сөйте тұра, бүгінгі орыстың ешқайсысының аузынан, ешбір баспасөзі мен телеарнасынан «біз бұрын пұтқа табындық, язычник болдық, сол дінімізге қайтып оралуымыз керек» деп жүрген біреуін көрген емеспіз. Олар оған дейін отқа, суға, жер-көкке бұлтқа табынған. Ол дін емес, жай наным-сенім, әлбетте, дін болуы үшін оның не Құран, не Інжіл, не Таурат сияқты кітабы, сосын пайғамбары, ережелері болуы шарт. Әлгілер айтып жүрген тәңір діні, тенгризм деген де дін емес, ол да наным-сенім ғана. Олар бұны біледі, бірақ соларға өзге біреулердің қазақтағы ислам дініне ­осылайша іріткі салу тапсырылған ба деп қорқамыз. Сондықтан осы күні батыс мәдениетінің немесе кейбір пәлсапасымағының жан дүниемізге, ділімізге, дінімізге жат қағидаларын жаттап, жаттамаса көшіріп алып, бүкіл қазақ санасына сіңірмек болып жүргендерге де (олар өздерін культуролог– мәдениеттанушылармыз дейді) біраз тоқтау салатын кез келген сияқты.
Тіпті қазір жарық көріп жатқан «Мәдени мұра» бағдарламасына енген батыс культурологтарын жаппай тоғытпай осы мұраға іріктеп-іріктеп енгізу керек дегенді айтқанымызға да біраз болды. Амал не оған да ешбір басшының, осы бағдарлама­ның мәдениеттану редакциясын бас­қарып жүргендердің құлақ асар түрі жоқ. Ал олардың қазақша аудармасынан ғибрат алмақ түгіл, не айтып отырғанын түсіну де оңай емес екені де талай айтылды. Тағы да амал не…
Иә, қашанда «Береке жыл басынан басталады», жыл басын жақсылап Жаңа жылды өзіміздің ұлттық салт-дәстүрмен қарсы алсақ, оның аяғы да жақсы болады. Бүгінгі Түркияның нағыз түрік мемлекеті болуына бастау болған Ататүріктің «Әлем бізді құрметтесін десек, ең әуелі өз ұлтымызды, өз ұлттық бейнемізді өзіміздің бүкіл сезімімізбен, бүкіл ақыл-ойымызбен, бүкіл ісімізбен, бүкіл қимыл-әрекетімізбен өзіміз құрметтеуіміз керек» деген сөзі дәл бүгін біздің басшыларға да арнап айтылған ұлағат деуге болады. Дәл қазір біз «І Петрдің таланты тек басқаларға еліктеу дәрежесінде ғана болды. Оның тындырған тәп-тәуір істері де жоқ емес, бірақ оның істеген ісінің көпшілігі тым ерсі, тым оғаш болатын. Ол өз халқын әуелі орыс қылып қалыптастырып алмай, олардан неміс, ағылшын жасап шығармақ болды» деген Жан-Жак Руссоның тұжырымын бастан өткеріп жатырмыз. Бұл қателікті біз асқындырып алмай тұрғанда шұғыл жөнге келтіруіміз керек. Егер өздерін қазақ ұлтының үрім-бұтағымын деп есептейтіні рас болса, бұл да ең алдымен Үкімет басындағылар қолға алатын шаруа. Сондықтан да өз елімізде ең алдымен өз ұлтымыздың ұлттық белгілерін өзімізге де, өзгеге де үлгі етіп ұсынуды алдағы уақытта өз Жаңа жылымыздан бастасақ, онымызды ешкім теріс дей алмайды.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Дана

    Мақала авторымен толықтай келісемін. Қазақ өз жаңа жылын тойлауын бастайтын кез әлдеқашан келген.

  2. Арлан

    Қазақ жастары осыны қашан түсінер екен?

  3. Мәдина

    Қазір қаламыздың көшелерінде жаңа жылға дайындық басталып та кетті. Түрлі безендірулер ілінуде.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.