«Қыран бүркіт не алмайды салса баптап»…

Алматы облысына қарасты Еңбекшіқазақ ауданының Нұра ауылында ғұмырларын ұлттық өнерге арнаған Әбен Тоқтасынұлы мен Сейітжан Байжүнісұлы атындағы Құсбегілердің республикалық турнирі өтті.

Саятшылық атадан балаға мұра болып келе жатқан өнердің бір түрі екені белгілі. Бүркітшілер сайысы болатыны туралы хабар жетісімен, саятшылық өнердің дәл осы түрін көруге асықтық. Себебі «Қансонарда бүркітші шығады аңға» деп басталатын Абай атамыздың өлеңін бала кезден жаттап өскендікі ме, кө­ңіліміздің бір түкпірінде саятшылық­қа деген қызығушылық та жататын еді. Енді, міне, соны тамашалауға мүмкіндік туды.
Республикалық «Қыран» федерациясының бастамасымен ҚР Спорт комитетінің, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының және Алматы облысының Еңбек­ші­қазақ ауданы әкімдігінің қолдауы­мен өткен турнирге елі­міздің бірнеше облысынан (Қызылорда, Жамбыл, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан, Атырау облыстары мен Астана, Алматы қалалары) бүркітшілер келіп қатысты. Екі күнге созылған сайыста 25 бүркітшіден 6 құсбегі ақтық сынға өтіп, бақ сынасты.
Алғашқы болып ақтық сында екі қаршыға І орынға таласты. Кезекті жолдаманы иеленген алты бүркітші құстарының бабы мен бағы бабалар салтының айшықты үлгісімен сыналды. Ескере кететін жайт, бұл жолы әдеттегідей қоян, түлкі, т.б. аңдарға бүркіт салуға құзырлы мекемелер тарапынан тыйым салынды. Құсбегі қыранын тек қолға шақырумен, шырға тартумен ғана шектелді.
Нәтижесінде, алты бүркітшіге арнайы сыйлықтар берілді. Бірінші орынды Жұқай ақсақал (Алматы облысы) иеленді. Атыраулық Арман Қошқаров екінші, ал жүлделі үшінші орынға астаналық Серікжан Күнтуғанұлы ие болды.
Байқау жеңімпаздарын Ауған­станның Қазақстандағы Бас елшісі Саид Майнудин Майен марапаттады. Ол мұндай таңдаулы жобаға алғаш қатысқандығын әрі бүркіт баптаған халыққа қыран мінезінің тән екенін баса айтып, таңданысын білдірді.
Қыран баптап, саятшылық құру дәстүрі елімізде Шәкен Ошанбайұлы, Байжүніс, ­Сейіт­жан Көдекұлы, Сәрсебек ­Дәулет­бақ­ұлы, Әбен Тоқтасынұлы, Әбіл­хақ Тұрдыбайұлы, Айтбай Жетібай­ұлының есімдерімен тығыз байла­нысты. 80-жылдары Алматы облысында республикамызда тұңғыш рет Жалайыр Шора атындағы құсбегілер мектебінің негізі қаланған болатын. Алайда алға жетелейтін алып күш, бұл саланы түсінетін қолдаушысы болмағандықтан, бір-екі жылдан соң тарап кетті. Тек арада он жыл салып, 1997 жылы құс­бе­гілер көп шоғырланған Алматы облысының Шелек өңіріне (қазіргі Еңбекшіқазақ ауданы) қарасты «Нұра» ауылында Райымбек ауданының құсбегілері бірігіп, әйгілі Шора құсбегі мектебін «Құсбегілер орталығы» ретінде қайта жаңғыртты. Бұл орталықтың аясында бүгінде құсбегілік өнерді дамыту шаралары кең ауқымда жүргізілуде. Елімізде құсбегілік тек өнер ретінде бағаланбай, салауатты өмір салтының негізі, ұлттық спортымыздың шоқтығы биік саласы ретінде жұмыс істеп келеді. Бүгінде оның ережесі жасалып, жыл сайынғы өтетін жарыстардың күнтізбесіне енгізілген. Құсбе­гі­лерді даярлайтын спорт мектептері Көкшетау, Қарағанды қалаларында, Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында ашылды. Бұған ықпал еткен осы Құсбегілер орталығы болғанын айтып өткен жөн.

Нұрлан ҚҰМАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.