Әке аманатына адалдық

Жаны таза, төңірегіндегілерге сыйлы, жас буынды ұлағатты сөздерімен ұйытып жүретін Тілеулес ағамызбен аралас-құраластығымыз бес-алты жылдың көлемі болса да бір-бірімізді көптен білетін, сыралғы жандардаймыз. Мұндай жылы қарым-қатынастың орнығуы адамның өзіне байланысты болса керек. Жақсы адам жатырқайтындай қасиет танытпайтыны рас.
Тілеулес Мәшенбаев Сыр өңі­ріндегі Қазалы аталатын топы­рақтың тумасы. Әкесі Берма­хан­ның есімі бұл өңірге танымал. Ол кісі кезінде жастардың жалынды жетекшісі Ғани Мұрат­баевпен кездесіп, пікірлес болған. Бермахан әкеміздің өз тілегімен атақты Чапаев дивизиясында болғаны да қызықты бір хикая. Кешегі ел басына ауыр күн туған жылдары «Жаңаталап», Аманкелді атындағы колхоздардың төрағасы болды. Соғыс уақытында жеке қаржысына танк жасатты. Бұл еңбегін Бас қолбасшы И.Сталиннің өзі жоғары бағалап, арнайы жеделхат жолдаған.
Бермахан ақсақал басқа балала­рымен қатар Тілеулестің бола­ша­ғынан да үлкен үміт күтетін. Өмірге келгеннен кейін адам боп, азамат боп өту парыз екендігін ұқтыратын. Бұл өсиетін сөзбен емес өмірдегі өнегелі істері арқылы бойға сіңірді.
Әкесі дүние салғаннан кейін Тілеулес аға ол кісінің мерейтойларын назардан тыс қалдырмауға тырысты. Туған ауылда көпшіліктің қатысуымен бірнеше мәрте ас ұйымдастырды. Осыдан үш жыл бұрын тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай «Қазалы – Асан» көтерілісінің құрбандарын еске алу шарасында ат бәйгесі өтіп, сонда жарыс жүлдегерлерінің біріне Бермахан Мәшенбаев атындағы жүлде тағайындауға мұрындық болды.
Әке еңбегінің ел есінде ұмтыл­мауын ескеріп, тағы бір игі істі жүзеге асырды. 2012 жылы Алматы қаласындағы «Нұр-Принт-75» бас­пасынан «Асқар тауым. Әке жайлы сыр» атты кітап шығарды. Мұнда Ұлы Отан соғысы жылдары колхоз басқарып, жеңісті жақындатуға лайықты үлес қосқан ардақты азаматтың өмірі жан-жақты қамтылды. Шығармада еліне елеулі еңбек сіңірген көп құрметтісінің өнегелі жолдары жастарға үлгі етілді.
Ағамыз осының алдында тағы­лымды, тәлімді тағы бір кітаптың өмірге келуіне ұйытқы болған. Ол Ресей отаршылдығы мен Қоқан, Бұхар, Хиуа хандықтарының озбыр­лықтарына қарсы көтеріліске қа­ты­сушы Ақтан батыр туралы. Кітап «Ақша бұлтты Ақтан батыр» деп аталады.
Т.Мәшенбаев Қызылорда қа­ласындағы Н.Гоголь атындағы пе­дагогикалық институттың жаратылыстану факультетінің түлегі. Еңбек жолын Қазалы қаласындағы №17 мектепте бастады. Осы білім ордасында бас-аяғы жиырма жылдай қызмет етті. Алғашқыда химия-биология пәндерінің мұғалімі болса, кейінгі жылдары мектеп директорының оқу-тәрбие жұмы­сы жөніндегі орынбасарлығына дейін көтерілді. Осы аралықтарда аудан­дық комсомол комитетінде қызмет істеп, кеңшарда партком хат­шылығын да атқарып көрді. Алай­да жүрегіне жақындығы ұс­таз­дық екенін сезініп, еңбек жолын бастаған сүйікті ұжымына қайта оралды.
1991 жылы Алматы қаласына қоныс аударды. М.Тынышбаев атындағы Теміржол институтында, кейін Көлік және коммуникация академиясы болып өзгерген оқу орнында оқытушы, бөлім бастығы, академияның бас инженері қызметтерін жемісті атқарды.
Міне, он екі жылға кетіп барады, бұл күнде Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінде еңбек етіп келеді. Университет профессорының міндетін атқарушы.
Қыздар университетінде қызмет етіп жүргенде «Қызметін жаңа бастаған ауыл мектебі мұғалімінің кәсіби бейімделуінің педагогикалық жағдайлары» тақырыбында ғылыми диссертациясын қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты атанды, доценттік атаққа ие болды. Шамалы уақыттан соң Қазақстан Республикасы Жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондет-мүшесі болып сайланды.
Ұлағатты ұстаз өз міндетіне жауап­ты қарап, студент жастарға сапалы білім беруге күш салып келеді. Көп жыл педагогикалық практикаға жетекшілік етті. 2010 жылдың қорытындысы бойынша М.Жұмабаев атындағы стипендия иегері атанды. Университеттегі қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысады.
Ғалым-ұстаз бес оқулықтың, он бес оқу-әдістемелік құралдың, алпыс шақты мақаланың авторы. Көптеген ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып, сөз сөйледі. Ол ұжымында қандай сыйлы болса отбасында да абыройлы. Зайыбы Зылихамен бірге үш бала тәрбиелеп, немерелерін сүйіп отыр. Қыздары Эльвира да ғылым жолында, экономика ғылымдарының кандидаты. Айта кетейік, ­Зылиха апамыз да ұстаз. Еңбек жолын мектептен бастап, жоғары оқу орнында аяқтады. Кеудесінде «Еңбек ардагері» медалі жарқырайды.
Жетпіс жастың жотасына кө­терілгелі отырған Тілеулес ағамызға биылғы жыл шуақ шашқан жыл болды. Көп жылдық ұстаздық еңбегінің жемісі ретінде жоғары марапаттарға ие болды. Жаз айында ғана, Қыздар университетінің 70 жылдығы қар­саңында «Қазақ­стан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін омырауына таққан еді. Енді жақында Ресей астанасы Мәс­кеуден қуанышты хабар жетті – Халықаралық Педагогикалық білім беру академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланыпты.
Жас ұрпаққа білім беріп, тәрбие­леу­де қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан ардагер ұстаздың алдағы күндерінің де нұрлы болуына тілек білдіреміз.

Нұркен Жандәулетұлы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.