«Жазармын бұл қаламмен талай өлең…»

Алмас САДЫҚОВ қарт Каспийдің жағасындағы Атырау қаласында дүниеге келді. Ойы орнықты, жыры жүрекке жақын ақынның 2001 жылы алғашқы «Бегайдар» өлеңдер жинағы «Өлке» баспасынан жарық көрді. 2008 жылы «Дәуір» баспасынан «Тулайды сезім сағынып» атты екінші кітабы оқырмандар қауымымен қауышты. Ал биыл абыройлы алпысыншы асуында Алмас ақын жырсүйер жұртына «Арыс» баспасында әзірленіп жатқан «Арғымақ алмас асулар» атты үшінші кітабын тәбәрік етпекші.

Жаратушысы жарылқаса – пендесіне тазалық пен талантты нәсіп етеді. Осынау әрі тәуір, әрі ауыр қос қасиеттен ада адамның ақын болуы екіталай. Бейкүнә пейіл, адал жүрекпен жас баладай ағыл-тегіл жылай алмасаң, қайқы қылышыңмен қа­сиетсіздікті хас батырдай қынадай шабуға шамаң жетпесе,  ақындық құның көк тиын.
Ақындық – әрі ләззат, әрі азап. Жа­ныңды қинап, жүрегіңді жаралап тума­ған өлең – тозған тулақтан артық емес.
«Жетімдік сүйреп қамытын,
әкесіз өстім өксіп бір,
Зымырап уақыт өтсе де,
көкейде запыран елес тұр…» деп, тағдырдың дауылдарын дабыра қылмай мойындауға ділі мығым дәргей керек.
Талас жоқ, әр пенденің өмірінде де соқпақты сүрлеулер ұшырасар, дегенмен, қиянат-қияметке қасқая қарсы тұрып, келешектің көкжиегінен күннің жылуын сезіну, сезінген селтең-сезімге сену, сосын, сенімнің тұғырын қадап, белін бекем буыну; ұлағат пен ұлықтыққа ұмсыну һәм ұмтылу – жүрегіне жасын жігер, болмысына қуатты рух біткеннің ғана пешенесі…
«Балғын шақ – балалығым өткен ауыл,
Сағындым дарқан көңіл туыс-бауыр.
Шағылда жалаңаяқ батпан қуып,
Асауға бас үйреттік, қылып жауыр!» деген жалындаған жүрек, арындаған көңілдің:
«…Жазмыштан озып кеткен
адам жоқ,
Ризасың тірі болып,
жұмыр жерді басқанға!»
деп сабасына түсіп, сабырын табуы заңды да.
Шынайы ақынның ақиқат сөзі шыңы­раудан шыққан судай мөп-мөлдір, тастай сұп-суық болады.
«Арғымақ алмас асуды,
маңдайға жазбас бекер құр!».
Бұл – әспет-әсірелеу емес, тағдыр та­лайына тамсана отырып, тәубе ету. Жарат­қанның бұйрығына бұра тартпай, бой ұсыну. Әрі қарай шабыттың шабысы бәсеңсімей, аулаққа қарай атойлап, асығады:
«Қиялға толы сезімдер,
оралды ойға дес бермей,
Көгілдір аспан көлбеңдеп,
жарыса бұлтпен көшкендей.
Арғымақ алмас асулар,
болса да бөгет қаншама,
Қамшылап арым отырды,
сүрінгенімді қош көрмей!».
Нағыз ақын, нағыз азамат елі мен жерін тұтастай сүйіп, бөліп-жармай бауырына басады. Бір ғажабы, кезінде қызмет еткен сыр елін ақжүрек ақын кіршіксіз көңіл төріне шығарады:
«Достар таптым қарулас
тайсалмайтын,
Жарқын ісі жасаған байқалмайтын.
Қарапайым мінезді, қайырымды,
Биікпін деп өздерін айта алмайтын!
Сыр халқына бас ием – қамқор болған,
Кәрі-жасы домбыра ап, жыр толғаған.
Қорқыт баба киесі арқасында,
Несібеден ұрпағы құр қалмаған!» – деп, көңіл-дөненін бір демдеп алып, жорға жор­туылмен жүректің түкпір-түкпіріне үңіледі…
«Жөңкіле көшіп Оралдан,
Жайықтың тастап Шағанын.
Тайсойған қалып, Қарабау,
атажұрты бабаның.
Жеріне Сырдың келдің бе,
Есентемір ағайын?..
…Жағаңа көз сап қарасам,
Шағанындай Жайықтың.
Айырмасы жоқ екен,
Сырдағы жүзген қайықтың.
…Қарттарына қарасам,
аузында шежіре сөздері.
Ақыл айтар данагөй,
палуан тұлға өздері…».
Топ бастайтын туғанның тұжырымы, бұл. Өз жұртын, төл тумасын, қымбат қандасын ұлықтайды, тағдыр тәлкегімен та­рыдай шашылғанына күйзеледі. Бауы­ры­­ның басын қосып, қосын көбейтіп-көркейтуді көксейді, ақын көңілі…
Ақын өлеңдерінен адуыны басылмас асқақ арынды, сезімі сарқылмас белгісіз сарынды байқайсың.
«Шын ақын өзің ғана тыңнан қазған,
Өрнектеп «Қырман басын»
жырмен жазған.
Тәңірдің таңдайынан төгілгендей,
Өлеңі Мұқағали – інжу-маржан!»  дегенде, Мұқағалидың нәзік мұңын сезесің;
«Жазармын бұл қаламмен талай өлең,
Тербелсе шабытыммен менің кемем.
Жаратқан сәтін салса мені қолдап,
Қозғармын Жұмекеңдей ойды терең! – дейтін жолдардан Жұмекеннің жұмбақ­тығын іздейсің, ақырында, Махамбеттің мар­қасқа мінезі менмұндалап алдыңнан шығады…
«Арғымақ алмас асулар,
кездесті мендей пендеңе,
Тезіне тағдыр көнгем жоқ,
мұнан да қиын кезде де.
Шерменде көңіл шөліркеп,
жолықтым талай сындарға,
Мұңыма ортақ болмады,
өзімнен басқа өзге де!
…Арғымақ алмас асулар,
кездеспе маған қайтадан,
Көбі кетіп өмірдің,
кемдеуі қалды-ау, шайқаған.
Өксіген көңіл құлазып,
«әупірім» басар арынын,
Қарызым болса, қу тағдыр,
дымын да алмай қайтарам!»  дейді ақын.
Көктаубай батырдың жетінші ұрпағы Алмас Жәсенұлы  өмірдегі және өнердегі батыр да батыл тұлғасымен қалың қазақтың мұң-мүддесін жырлаған Махамбет мінезді марқасқа ақын.
Алмас Садықов мақамы мұңшыл, сөздері сыршыл ақын ғана емес, білім-ілімін ілгерілетіп, ғылымның қалың қат­парына үңілген ғалым да. 2009 жылы Қазақ ұлттық университетінің құ­рыл­ғанына 75 жыл толу құрметіне орай Алматыдағы «Дулат» баспасынан (ғылыми жетекшісі, заң ғылымдарының докторы, профессор Е.Алаухановпен бі­рігіп жазған) «Сезіктіге, айыпталушыға және сотталушыға білікті заң көмегін көрсетуі» монографиясы жарық көріп, оқулық құрал ретінде жоғары оқу орын­дарының оқытушы, аспирант, студенттер қауымына ұсынылды. Сөйтіп, 2011 жылдың маусым айында ҚР Білім және ғылым министр­лі­гінің, Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің ше­шімімен Алмас Жәсенұлына заң ғы­лым­дарының кандидаты ғылыми дәрежесі берілді.
Алмас Садықов – кеден саласында жиырма жыл қызмет атқарған Кеден қызметінің полковнигі. Атырау облысы бойынша Кедендік бақылау департаментінде аға инспектор, бас маман, бөлім бастығы, Атырау қаласындағы Оқу-әдістемелік орталығының, Қы­зылорда облысы бойынша Кедендік ба­қылау департаментінің, Астана қала­сындағы Оқу-әдістемелік орталығының, «Бай­қоңыр» кеденінің бастығы лауазымды қызметтерін абыроймен атқарды.

Мыңжан БАЙЖАНИН,
жазушы-публицист
Алматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Саңқар, Қарағанды

    Алмас ағамыз арынды ақын екен. Шабыт пен табыс тілеймін!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.