Ұлт намысын биік ұстаған тұлға

Телжан Шонанұлы қазақ халқының біртуар ұлдарының бірі және бірегейі, қазақ халқының мүддесін иманындай көріп, сол үшін өзінің барлық күш-жігерін, ақыл парасатын, білімін, ең аржағы өз өмірін де аямай, осы жолда жанын пида еткен асыл азамат. 43 жылдық қысқа ғұмырында тіл білімінің көшбасшыларының бірі, ғалым-ағартушы, әдебиетші, тарихшы, аудармашы, ғылым қайраткері ретінде таныла білген Телжан Шонанұлы 1894 жылы 17-желтоқсанда қазіргі Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Аманкөл ауы­лында дүниеге келген. Оқу білім жолына ерте ден қойып, 1908-1912 жылдар аралығында Ырғыздағы екі сыныптық орыс- қазақ училищесін үздік оқып бітірген.

Одан соң, 1912 жылы Орынбор қала­сын­дағы Қырғыз-қазақ мұғалімдер институтына қазына есебінен оқуға түсіп, тәмамдаған соң 6 жыл мектепте жұмыс істеуге міндеттеніп, 1916 жылдан 1920 жылдар арасында Ырғыз өңіріндегі ауыл мектептерінде ұстаздық қызмет атқарады. 1921-1925 жылдары Семей, Орынбор қалаларында аудармашылық, мұғалімдік қызметтерін атқара жүріп ғылыми еңбектерін шығаруға құлшына кіріседі. Әсіресе, оның 1923 жылы Орынборда жазып бітірген «Қазақ жер мәселесінің тарихы» атты көлемді еңбегі 1926 жылы Қызылорда қаласында 3 мың таралыммен жарық көрген. Ол өз кітабында жарыққа шығып, қазақ халқының ежелден жер мәселесіне жауапкершілікпен қарағандығын, қайсыбір сырттан келген келімсіктердің, кірмелердің«қазақ жерді қадірлемеген, көшіп-қонып басы ауған жаққа жүре берген» деген пәлсапаларын жоққа шығарып, шындыққа көздерін жеткізуге батыл талпынған. Бұл туынды қайраткердің саяси және тарихи біліктілік дәрежесін көрсететін іргелі зерттеу болып табылады. Т.Шонанұлы Қазақтың ежелден айтылып келе жатқан «жер дауы – жесір дауы», «жер анасы – мал баласы», «Жері байдың – елі бай» секілді мазмұнды мақалдарының мағынасын басқаларға ашып көрсетуге тырысты. Оның тарихқа байланысты қалдырған мұрасы бір ғана «Қазақ жер мәселесінің тарихымен» шектелмеген. Мәселен, «Англия және басқа мемлекеттердің Кеңестік Ресейді тануы» (1927 ж.), «Ішкі, һәм сыртқы саяси хәлдер» (Қызыл Қазақстан 1924  ж.), «Отчет общества Киргизского края за 1924 г.», тағы басқа да еңбектері де талданып сарапталған, деректерге негізделген зерттеулер болып табылады.
Т.Шонанұлы небәрі 23 жасында, яғни 1917 жылы Орынбор қаласында қазақтың сол кезеңдегі бетке ұстар білімді ­азаматтары құрған Алаш Орда үкіметі құрамындағы А.Байтұрсынов басшылық еткен оқулықтар жазатын оқу комиссиясы құрамына сайла­нады. Сөйтіп жүріпте ол өзінің саяси, ғылыми сауатын жетілдіріп ұштауын тоқтатпаған. 1926-1929 жылдары Қызылордада қызмет жасаған кезінде қазақ оқу комиссариаты жанындағы халық инс­титутының әдеби-лингвистикалық фа­куль­тетін экстерн жүйесімен оқып бітірген соң, оқытушы болып жұмыс істейді. Сол уақыттан, яғни 1929 жылдан бастап, өмірінің соңғы жылдарына дейін (1937 жыл) ол Қазақ мемлекеттік уни­верси­тетінде, қазақ педагогикалық институ­тында доцент ретінде студенттерге дәріс оқыды.
Т.Шонанұлы жоғарыда айтылғандай өзінің білімін үнемі жетілдірумен қатар елдігіміздің басқару қызметтеріне белсене араласа, қызмет атқара жүріп, 40-қа жуық ғылыми-танымдық оқыту бағдарламасымен, оқулықтар жүзден аса көлемді публицистикалық, ғылыми теориялық, ғылыми әдістемелік мақалалар, өмірбаяндық очерктер жазып, аудармалар жасаған. Атап айтқанда, «Жаңалық» (1928 ж.) «Сауаттан» (1929 ж.), «Колхоз ауылы» (1930 ж.), А.Байтұрсыновпен бірігіп «Оқу құралы» (1926 ж.), «Тіл дамыту» (1930 ж.), «Қазақ тілінің оқу құралы» (1933 ж.), т.б. Алаш ардақтысының латын әрпі, татар, ұйғыр, түркі тілдері жайлы зерттеу еңбектері де бар. Сол еңбектердің ішінде жоғарыда айтып өткен еңбек «Қазақ жері мәселесінің тарихы» атты еңбегі ұлттық мүдде тұрғысынан жазылуымен, деректерді терең талдап, сараптауымен, тарихи оқиғаларды шынайы көрсетуімен ерекшеленеді. Т.Шонанұлының осы аталған еңбегіндегі «Болашақта қазақ жері қалай орналасу керек» деген тарауы автордың туған халқының тарихын терең біліп, аграрлық-әлеуметтік мәселелерді жалпы халықтық деңгейде айқын бағдарлап, дер кезінде мәселе етіп көтергенінің бірден-бір дәлелі. «Қазақ еңбекшілерін жерге орналастыру 2 мерзімге бөлінуі керек, – дейді ол.
Әуелгісі – көп жылға арналған жалпы жол, яғни қазақты бірте-бірте қоныстандырып, отырықшы қылу болса, екіншісі – сол мақсатқа жеткенше тұтынатын уақытша жол. Жалпы айтқанда шаруаның түрін кенеттен өзгертуге болмайды, онан шаруаға зияннан басқа пайда жоқ»деп тұжырымдайды.
Өкінішке орай Т.Шонанұлының осындай құнды пікірлерін сол кездегі Кеңес үкіметінің топмойын басшылары тыңдамақ түгіл, қаперіне де алмас­тан өз білгендерімен жасаған, «қазақты күшпен жаппай отырықшыландыру реформалары халықты орасан зор нәубетке – ашаршылыққа ұшыратып, қырғынға душар етті. Ал Т.Шонанұлын осы жағдайды ғылыми дәрежеде зерттеп, алдын ала айтқаны үшін «аса қауіпті, зиянкес, ұлтшыл, халық жауы» деп айыптап, ату жазасына кесті.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Телжан Шонанұлы қызметтерінің ерекшелігі оның санқырлылығы болып табылады. Ол қазақ тілі білімінің, жалпы тіл білімінің орны бөлек маманы, шоқтығы биік, білімі терең, осы саладағы саусақпен санарлық біртуар ғалымның бірі екендігіне, ешбір шек келтіруге болмайды. Ғалымның емле, әліпби, терминология жүйесі бойынша жарияланған еңбектері сол кезде одақ көлемінде түркітанушылар тарапынан лайықты бағасын алды.
Қазақ ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор, еліміздің белгілі библиографтарының бірі Ш.Сарыбаев тілші ғалымның тіл білімі саласындағы еңбектерін 4 салаға жіктейді:
1. Әліппе оқулықтар –«Жаңалық» (1928 ж.) «Сауаттан»(1929 ж.), «Колхоз ауы­лы» (1930 ж., М. Жолдыбаевпен бірігіп жазған).
2. Бастауыш сыныптарға арналған – «Тіл дамыту» (1930 ж.), «Қазақ тілі» (граматика мен емле 1934 ж.), «Жаңа арна» (1927 ж., М.Жолдыбаевпен бірігіп жазған).
3. Ересектерге арналған қазақ тілі оқулықтары: «шала сауатты ересектер үшін» оқу құралы (1928 ж.).
4. Орыстарға арналған қазақ тілі оқулықтары – «Орыстар үшін қазақша әліппе»(1931 ж.), «Қазақ тілінің оқу құралы» (1933 ж.) «Учебник казахского языка для взрослых» (1934 ж.).
Жалпы, көрнекті лингвист Телжан ағамыздың қаламынан туған оқулық­тардың ұзын саны отыздан асады. Бас­па жүзінде, газет, журналда басылған жүзге тарта ғылыми мақалалары – әзірге анықталғаны ғана. Қорытып айтқанда,  А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов сияқты Т.Шонанұлы да қазақтың лингвистика ғылымының негізін салушылардың бірі еді.
Алаштың асыл азаматы Т.Шонанұ­лы­­ның тағы бір қыры – оның тәржіме саласында, яғни аудармада қаламы жүйрік, ерекше тұлға болғандығында. Сол кездегі ұлт зиялылары: Ә.Бөкейханов Л.Толстойды, А.Чеховты, үндістан жазушыларын, А.Байтұрсынов И.Крылов мысқылдарын қазақ тілінде сөйлетсе, Т.Шонанұлыда «Марксше тіл білімінің негіздері», Каменскидің «Ауылдағы коопе­рация туралы» кітабын, Н.Крупс­каяның «Селодағы саяси ағарту жұмысы» (1925 ж.) атты шығармаларын қазақ­шалады, А.Богдановтың «Тұрмыс жүйесі ғылымының қысқаша курсы» кітабын Д.Снегинмен бірігіп «Ұйғыр поэзиясы» кітабын, ұйғыршадан қазақшаға аударды.
Осылайша өткен ғасырдың соңында Пуш­кин мен Лермонтовтың еңбектерін ау­дарып, қазақ даласына таратқан Абай болса, Ахмет, Әлихан, Телжандар осы Абай мектебінің уызына қанған ау­дар­ма­шы-шәкірттері болды деуге толық негіз бар.
Өкінішке  орай, 1937 жылы   тоталитарлық бас­қару жүйесі ұйымдастырған террордың жа­зықсыз құрбаны болған қазақтың абзал азаматтарының бірқатары, соның іш­інде Т.Шонанұлының есімі мен шығармашылық мұрасы да 60 жылға жуық тарихымыздың «ақтаңдақ беттерінің» қатарында тұрды. Тек соңғы 15-20 жыл бедерінде ғана оларды зерттеуге мүмкіндіктер туды.
Т.Шонанұлының мұрасын алғаш­қылардың бірі болып зерттеген профессорлар Ә.Тәкенов, Б.Байгалиев болды. Олар 1995 жылы жоғарыда айтып өткендей ғалымның «Қазақ жері мәселесі тарихы» атты аса құнды тарихи еңбегін «Жер тағдыры – ел тағдыры» деген атпен оқырман қауымға ұсынды. Сонымен бірге Т.Шонанұлына қатысты ұлттық қауіпсіздік комитетінде сақталған мұрағат құжаттарын ашып сөйлетті. Аталған құжаттарды жеті жылдан соң орыс ғалымдары: Ф.Ашнин, В.Алпатов, Д.Насилов та өз еңбектерінде атап өтті. Олар Т.Шонанұлының әдебиет, тіл, терминология салаларында және оқулықтар жазу ісінде атқарған жұмыстарын жоғары бағалады.
Тіл маманы Қ.Құлманов өзінің зерттеу еңбегінде ғалымды әдебиетші, көсемсөзші ғалым ретінде бағалап, мәдени-ағарту істері турасындағы мұраларын зерттесе, Алаш зиялылары турасында қалам тартып жүрген ғалымдарымыздың бірі Д.Қамзабекұлы да өз еңбектерінде Т.Шонанұлын «азамат һәм ғалым» ретінде бағалап, оның мақалаларын тіл туралы еңбектері, тарих жөніндегі зерттеулер, әдебиет хақындағы ғылыми жұмыстары, жағрапия ғылы­мына арналған оқулықтары, жалпы көсемсөздік туындылары деп 5 топқа бөліп көрсетті. Зерттеуші Ұ.Ысмағұлов Тел­жанның жер мәселесі бойынша жазған монографиясын осы тақырып­тағы басқа да ғалымдардың еңбектері ішіндегі «баға жетпес сый» деп, ол еңбегінің әлі де болса толықтай бағалан­бай жатқандығын айтты.
Сол себепті де халқымыздың біртуар ұлдарының бірі, ұлт мақтанышы атағына толық лайық тұлға, Алаштың арысы жерлесіміз Т.Шонанұлының артында қалдырған мұраларын әлі де болса жан-жақты зерттеп, жинақтау қасиетті борышымыз, міндетіміз десек, ақиқаттан алыстай қоймаспыз.

С.ЕСҚАЛИЕВ,
тарих ғылымдарының кандидаты,
доцент, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті
тарих факультетінің деканы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.