Өзжан АЙХАН: Келешекте бүкіл әлем жиһазды Инегөлден сатып алатын болады

231x300

Түркия экономикасына орасан зор көлемде кіріс кіргізген, жыл сайын экспорт көлемін арттырған, сапалы жиһазымен танымал Инегөл қаласындағы жиһаз кәсіпорындары мен өнімдер туралы Түркияның Инегөл қаласында өткен «MODEF EXPO-2014» халықаралық жиһаз көрмесінде Түркиядағы Жиһаз жасаушылар ассоциациясының президенті Өзжан Айхан мырза әңгімелеп берген еді.

         «Жиһаз экспортынан түскен табыс – 400 млн. доллар»      

– Өзжан мырза, бүгінгі көрме туралы айтсаңыз?

–  Түркияның Бұрса облысына қарайтын Инегөл қаласында Жиһаз жасаушылар ассоциациясы бар. Ассоциация мүшелері жыл сайын жиһаз көрмесін ұйымдастыруды үрдіске айналдырған. Биылғы MODEF EXPO-2014 көрмесі 1500 сатып алушыға қызмет көрсетуге дайындалды. Modef Fuarcılık өткізіп жатқан бұл көрмеде заманауи, классикалық, антикалық және модульдік жиһаздар, креслолар, орындықтар, дивандар, балалар мен жасөспірімдерге арналған жиһаздар, фурнитуралар ұсынылды. Жиһаз дүкендері, дүкендер желісі, көтерме саудамен айналысатындар, импортерлар, экспортерлар, алыпсатарлар, архитекторлар, интерьерлердің декораторлары, өндірістік дизайнерлер, жиһаз жасау кәсібімен айналысатындармен бірге Орталық Азиядағы Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты түркі мемлекеттері, Таяу Шығыс, Солтүстік Африка, Балқан елдерінен келетін тұтынушыларға арнайы кездесулер өткізудік. Басты мақсат – инвестиция тарту. Осы орайда, ModefExpo мен «Antexpo» Халықаралық Маркетинг пен қатысушыларды тартатын серіктес компаниясы Иран, Ирак, Біріккен Араб Әмірліктері, Иордания, Ливан, Египет, Болгария, Алжир, Марокко, Тунис, Қазақстан т.б. әлемнің 30-дан астам елімен байланыс орнатып, VIP сатып алушыларды жиһаз өндірісіне тарту мақсатында жұмыс істеп жатыр.

– Биылғы көрме несімен ерекше?

– Былтыр «Modef Expo-2013» көрмесінде жергілікті 145 компанияның жиһаз әлеміне қатысты ең соңғы үлгідегі өнімдері сатып алушылардың назарына ұсынылған болатын. Осы шараға Жер шарының 62 елінен 2454 шетелдік қонақ қатысты. Бұл отыз үш жылдық тарихы бар көрмедегі ең жоғарғы көрсеткіш болатын. Айта кетерлігі, көрмеге қатысушылардың 3 күндік қонақүйін, Стамбұлдан Инегөлге дейінгі жеткізетін көлігін, таңғы және кешкі астарын т.б. шығынын ұйымдастырушылар көтерді. Ал биылғы көрмеде қатысушылар санын 5 мыңға жеткізуді көздедік. Олар Инегөлдегі жиһазшылар жасаған өнімдердің заманауи, классикалық т.б. кең ауқымда дайындалған үлгілерімен танысты. Осының нәтижесінде, «Инегөл – Түркияның жиһаз саласының күретамыры» деп бекер аталмағанына көз жеткізуде.

– Бүгінде Қазақстан мен Түркиядағы жиһаз жасаушылар арасындағы қарым-қатынас қалай түзілген?

– Екі елдегі жиһазшылардың байланысы енді қалыптасты. «MODEF EXPO» жиһаз көрмесін ұйымдастырмас бұрын біз жазда Қазақстанға барып, ол жақтағы ішкі нарықты біраз зерттедік. Қазақстандағы жиһазшылармен таныстық, екіжақты келісімдер жасадық. Осындай кездесулердің нәтижесінде, бүгінгі көрмеге Қазақстаннан келген қатысушыларымыз бар. Негізі алдағы уақытта қазақ әріптестермен сауда және іскерлік байланыстарды нығайтуды көздеп отырмыз. Бүгінгі таңда сіздің елде түрік жиһаздары аз да болса, сатылады. Біздің Қазақстанға сапарымызда бірқатар серіктестік келіссөздерге қол қойылды және оған дейін де өнім сататындар бар екен. Ендігі мақсат – түріктердің қазақтарға экспорттайтын өнімдер көлемін арттыру. Бұған әлбетте, уақыт керек.

Түркия экспортына түрік жиһазшылары қосатын үлес қандай?

– Жүз жылдық тарихына қарамастан, Инегөл жиһаз өндірісі сала ретінде енді-енді қалыптаса бастады. Бұрын ағаштан жасалған өнімдермен бірге қарастырылатын. Әсіресе, соңғы 8-10 жылда Жер шарының 90-100 еліне жиһаз экспорттауды жолға қойдық. Жиһаз өндірісімен айналысатын 2 мыңға жуық кәсіпорын бар. Олардың 600-ден астамы экспортпен шұғылданады. «MODEF-2014» көрмесіне биыл 164 кәсіпорын қатысты. Инегөлдегі жиһазшылардың ішкі нарыққа қосатын үлес салмағын айтсам, 35 пайыздан асады. Ал экспорттағы салмағы 20 пайыз. Мәселен, 2013 жылы 320 миллион долларға өнім экспорттадық.Биылғы көрсеткіш 2015 жылдың наурызында белгілі болады. 400 миллионға жақындады-ау деп отырмыз. Жыл сайын экспорт көлемі артып келеді.

–Мемлекет тарапынан жиһазшыларға көрсетілетін көмек бар ма?

– Мемлекет көрмені қай жерге өткізуге болатынын айтты. Бірақ ауыз толтырып айтарлықтай қолдау жоқ. Меніңше, біз, жиһазшылар үкімет пен мемлекеттің «күлшелі баласына» айналып келеміз. Жалпы ішкі өнімді арттыруға ықпал етудеміз, қазынаға қаражат құйып жатырмыз, елдегі жұмыссыздықпен күреске де белсене атсалысудамыз. Инегөлдегі жиһаз саласында 35 мың адам жұмыс істейді.

                   «Қытайлар да сапалы жиһазды бізден алады»

– Жиһаз жасауға шикізат, материалдар табуда қиындық туындамай ма?

–Инегөлдің жан-жағы орман. Өнімге материал қол созым жерден аламыз. Өз ісінің шебері атанған ұсталарымыз бен мамандарымыз да жанымызда. Инегөлден жан-жаққа өнім тасымалдау оңай. Әлемдік деңгейге көтеруімізге себеп болған да осы жайт, меніңше.

–  Қазақстанға Қытайдан жиһаз көп тасымалданады. Беларусь пен Италия, т.б. да бар. Өз азаматтарымыз да айналысады осы іспен. Сіздіңше, Инегөл жиһазының өзге өнімдерден ерекшелігі неде?

–Қытай жиһаздарын Инегөлде жасалған өнімдермен салыстыруға келмейді. Өйткені, олардың сапасы өте төмен. Бүгінде біз Қытайдан да тұтынушы тапқанбыз. Яғни, қытайлардың нарығына да кірдік. Инегөлдегі «MODEF EXPO» көрмесіне биыл Қытайдан 15 шақты сатып алушы қатысуда. Демек, біз жасайтын өнімге сұраныс бар. Сонымен қатар жуық арада біздің 4 млн. шаршы метрге үлкен алаң салынып, тек жиһаз кәсіпорындары ғана өнім жасаумен айналысады. Бұл Түркиядағы жалғыз алаң. Тағы бір алаңның шатырын жауып, 140 кәсіпорынның өнімдерін жарнамалайтын мекенге айналдырмақпыз. Бұлардың бәрі Инегөлдегі жиһаз саласын дамытуға ықпал етеді деп сенеміз.

– Түркі елдерінің ішінен Қазақстаннан басқа тағы қай елдермен іскерлік қатынас орнатасыздар?

– Негізі Орталық Азия бойынша Әзірбайжанмен серіктестік жақсы жолға қойылған. Бәлкім, бұл жердің тым шалғай болмауынан шығар. Жиһазбен қатар үйге керекті аксессуарлар да әзірбайжандарға көптеп жеткізіледі. Өзбекстанға да бастадық бірге жұмыс істеуді. Бірақ өзбек бауырлар аса құлшынып отырған жоқ. Соған қарамастан, өзімізді танытуға, өнімдерімізді жарнамалап, насихаттауға күш салудамыз. Бәл әлбетте, уақытты қажет етеді.Бұған дейін кейбір мемлекетке біз өнім сатқан емеспіз. Біздің кім екенімізді, жиһаздарымыздың сапалы екенін білмегендіктен, олардың бізбен іскерлік байланыс түзуге асықпауы – заңдылық.  Қазір әлемнің 100-ден астам еліне өнім экспорттаймыз. Ал бұрын тек Грекиямен шектелетінбіз. Қазір Құдайға шүкір, тізімдегі елдер қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді. Африкаға дейін Инегөл жиһазын тұтынады. Жақын келешекте бүкіл әлем жиһазды тек Инегөлден сатып алатын болады. Өйткені, бізде сапа мен тұтынушының бізге деген сенімі аса жоғары деңгейде. Мәселен, Қытайда жасалған жиһазға тапсырыс бергенде өнім сынып не кейбір бөлшектері жоқ боп жетеді. Сондай-ақ, жетем дегенше де біраз уақыт өтеді – 45-60 күндей. Ал Түркиядан Еуропа елдеріне небары 10-15 күнде жеткіземіз. Жуырда бір досым өтініш айтты. Қытайдан үстелге тапсырыс берген екен. Бір аяғы жоқ. Сол бір аяқты енді біз жасап бергелі отырмыз. Тағы бір маңызды жайт, Инегөлде бүкіл Түркия бойынша TUVReinland Mobilya Test Laboratoru – халықаралық деңгейдегі зертханамыз бар.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Нәзия Жоямергенқызы

Алматы – Стамбұл – Бұрса – Инегөл – Бұрса – Стамбұл – Инегөл. 



Принтерден шығару Принтерден шығару