Сарыбас Ақтаев: Алтынның сынығындай асылдың тұяғы еді

Төскейде малы, төсекте жаны қосылып, әзіл-қалжыңы жарасқан өзбек ағайындардың: «Қазақтан қу халық жоқ: егінін орысқа ектіріп, кенін кәріске қаздырып, әнін татарға салғызып, өзі жағасы жайлауда, қымыз ішіп, қазы жеп жата береді» дейтін оспағы бар. Сайып келгенде, осы әдемі әзілдің астарында бір ақиқаттың ұшқыны жатқаны анық. Шынында да күні кешеге дейін тарихымызды, оның ішінде өнерімізді өзге ұлттың өкілдері зерттеп келгені әмбеге аян. Затаевичтер мен Ерзаковичтер ән-күйімізді жинап, Брусиловскийлер мен Хамидилер операмызды жазып бергенін несіне жасырамыз. Осыған орай тыңнан түрен тартып, соныдан соқпақ салған сан қырлы дарын иесі Ахмет Жұбановтың ұлттық музыкамыздың тарихын зерттеу үрдісін ілгері дамытқан ғалым Алма Темірбекованың ерен еңбегін атап айтқан абзал. Өзі де алтынның сынығындай, асылдың тұяғындай текті жан еді-ау.

Тектінің ұрпағы тегін болмайды

Тегі жақсыдан тегін жан тумаса керек. Алманың да қабілеті мен қасиеті шыққан тегіне байланысты. Әкесі жастардың жалынды жетекшісі болған дарынды журналист Зарап Темірбеков ел арасында әншілігімен атағы шыққан өнерпаз азамат еді. Сонау жылдары А.В. Затаевичке Арқаның біраз әндерін жазғызған да сол. Ал Зараптың әкесі Темірбек атақты Ақан серінің сүйікті шәкірттерінің бірі болған ақын кісі. Оның өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу сауатты азаматы болғанын сол тұстағы Көкше өңірінің атақты байы Шөбек тұқымының піркәзшігі болып, олардың алым-берім саудасын жүргізіп, шаруасын басқарғаны да айғақтаса керек. Зарап оның алты ұлының ең кенжесі.

Сұлу Көкше аймағында қысы-жасы жап-жасыл боп мәңгі жастықтай жайнап тұратын Үңгірқарағайы атты таңғажайып орман бар. Темірбектің ата қонысы сол орманның баурайында болатын. Зарап сол жерде өмір есігін әнмен ашқан десе де болады. Жастайынан өнер-білімге, оқуға ынтық болуы, әрине, айналасына байланысты. Әнші-күйшілер жиі келетін, Қанқожа, Айқожа сынды дәулескер күйшілермен құдандалы ауылда өскен Зараптың ән-күйдің мәйегінен қанып ішпеуі мүмкін де емес қой.

Сонау 37-нің орағынан аман қалған қазақтың игі жақсы бар деу қиын. Заманының зиялысы Зарап та Қазақстан Орталық партия комитеті баспасөз бөлімінің меңгеруші болып жүрген жерінен жазықсыз жазаға ұшырап, қыршынынан қиылып кете барды. Соңында жетідегі қызы Алма мен төрт жасар Жаңарт қалды зар жылап. Әкеден айырылған аздай ертеңіне іссапардан оралған анасы білім қызметкері Сақыпкамалды да ұстап, «халық жауларының» әйелдеріне арналған АЛЖИР атты азап мекеніне аттандырды.

Әкеден өлідей, шешедей тірідей көз жазған қос бүлдіршін балалар үйіне жөнелтілді. Тағдыр тәлкегі сол шығар, жетімдер үйінде оларды бөліп жіберіп, бауырлар бір-бірінен ажырап қалды. Алманы Жамбыл балалар үйінен Алматыдағы панасыздар интернатына ауыстырды. Еті тірі, жаны нәзік өнерге әуес қыз жетіжылдықты бітірсімен музыкалық училищеге түсіп, оны ойдағыдай тамамдағасын Қазақ мемлекеттік консерваториясына қабылданды. Ол тұста аталмыш оқу ордасына Ахмет Жұбанов басшылық ететін. Шәкірттер тізімінен «Алма Зарапқызы Темірбекова» дегенді көзі шалып қалған Ахаң студент қызды дереу шақырып алады. «Айналайын, сен Зараптың қызысың ба?», — деп сұрай бергені сол екен, «халық жауының» сарқыты деп қыр-соңына түскен қарауылдардан қажып, көшеде көрсе көзге шұқыған саусақтардан сескеніп, онсыз да жігері жасып жүрген жарым көңіл жас қыз тұра жөнеліпті. Бар жайды ұға қойған Ахаң соңынан өзі барып, оңаша шығарып алып: «Алма, айналайын, мен де өзіңдей мұңлықтың бірімін. Туған ағам, тұңғыш турколог болған профессор Құдайбергенді де сол жылдардың зұлматы жалмаған. Ал сенің әкең Зарап менің жақын достарымның бірі болатын. Жас жөнінен түйдей құрдас болсақ та өзін ұстазымдай көруші едім. «Лениншіл жаста» бас редактор боп тұрған жылдары маған қазақ музыкасы туралы жазуға тапсырма беріп, сериялы мақалалар әзірлетіп, ғылымдағы жолымды алғаш ашқан адам сол. Менің де өзіңдей қыздарым бар. Ұялма, үйге жүр» ,- деп отбасына таныстырады. Соңынан Алма сол үйдің бір баласындай болып кетеді. Ахаңның ықпалы болар, Алма студент кезінен-ақ ғылымға бой ұрып, қазақ ән-күйлерінің тарихын зерттей бастады.

Алманың шын аты Қайрат екен. Ұдайы жалындаған жастардың жанынан табылып жүретін жас әке тұңғыш перзентін ұл болар деп ойласа керек. Тумай жатып-ақ оған Қайрат есімін қойыпты. Кейін бөбегінің қыз екені белгілі болса да, Зарап айтқанынан айнымай Қайратқа тоқтапты. Құдай аузына салды ма кім білсін, Алма ұлға бергісіз алғыр, қайратты да намысты қыз болып өсті.

Қазақ музыкатану ғылымының қарлығашы

Алманың ғылымдағы алғашқы адымынан-ақ зерттеудегі зеректігі, тағандылығы мен тындырылымдығы бірден көзге түсті. Аға ұрпақтың еңбектерін зертеп, зерделей отырып, олардың олқы түскен тұстарын да айтып, ой елегінен өткізді. Мәселен, қазақ әуендерінің нотасын тұңғыш рет қағазға түсіріп «Қазақ-қырғыздың 1000 әні» деп жарыққа шығарған А.Затаевичтің еңбегі ересен екенін атай отырып, оның жазып алған әндердің поэтикалық мәтінін бермеуі ағаттық болғанын сынға алады. Зерттеуші бұл жаңсақтығын кейінгі «500 әнде» қайталамайды. Алманың өзі де Арқа, Жетісу халық әндерін жинаған кезде осы жайтты қатты ескеріп, олардың бәрін толық мәтінімен берді. Бұл да болса оның ұлтының ұлы мақсатының бауы берік, бауыры бүтін болғанын қалағанынан туған қарекет екені айқын.

Консерваториядан кейін Алма Зарапқызы Қазақстан Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының аспирантурасына түседі. Кейін осы жерде ғылыми қызметкер бола жүріп, кандидаттық диссертациясын Мәскеуде түркі халықтарының музыкасын тұңғыш зерттеген атақты ғалым, профессор В.М. Беляевтің жетекшілігімен қорғады. Саналы ғұмырын қазақ консерваториясында ұстаздық етуге арнаған Алманы ғылымның ғажап тылсымы өзіне тарта түсті. Фольклорлық экспедицияларды басқарып, Алматы, Жамбыл, Көкшетау, Омбы, Өскемен аймақтарынан халық арасынан жинаған ежелгі музыкалық шығармалардың тарихын зерттеуге зейін қоя кіріседі. Бүгінге дейін талай ел арасында танымал туындыларды әлдекімнің төл дүниесіне тели салу әдеті қалмай келе жатқаны рас. Арқа әндерінің көбін, оның ішінде Ақан серінің, Үкілі Ыбырайдың, тіпті Біржан салдың өзінің шығармаларын да Сегіз серінің «сөмкесіне» салып беру үрдісі соның салдары. Қазақ әндерінің тарихын зерттеп қана қоймай консерваторияда қазақтың ән тарихы кафедрасын басқарған Алма артына мол мұра қалдырды. Кішкентай күнінен балалар үйінде тәрбиеленіп, орысша оқыған ол еңбектерін негізінен орыс тілінде жазады. Алайда туған тілі — қазақ тілінің қайнарынан қанып ішкен шәкірттері аз емес. Солардың көмегімен бертін келе ана тілінде де қалам тербейтін болды. Оның қаламынан дені оқулық ретінде пайдаланылып жүрген «Қазақ халық әндері»; «Қазақ халық әндерінің әуендік мәнерінің негіздері»; «Алмас айшықтары»; «Қазақтың әдет-ғұрып, тұрмыс-салт әндері» сынды іргелі еңбектер туды.

Ғалым еңбектерінің ішіндегі шоқтығы биігі, әлбетте — «Алмас айшықтары». Осы және басқа да келелі еңбектері мен монографияларында бұрын ешкім елей бермеген елең етерлік жаңалық жеткізді ол. Орыстың атақты композиторлары Мусоргский, Прокофьев, Н.Римский-Корсаков қазақ әуендерін өз операларында арияларға арқау еткеніне музыка сүйер қауым Алманың зерттеулерінен көз жеткізді. Ғалымның осы пікірін Н.Римский-Корсаковтың үлкен ұлы Затаевичке жазған бір хатында дәлелдей түскен іспетті. Ол «1000 әннің» көптен қолға түсіре алмай жүрген құнды қазына екенін айта келіп, «Бұл мен үшін баға жетпес үлкен сый болды», — деп жазған.

«Дүниенің кілті — орыста» деген дәуреннің жүріп тұрған заманында бұны айту да асқан батылдық еді. Қаншама ғасыр ауылы аралас, қойы қоралас орыс пен қазақ халықтарының арасында жан-жақты қарым-қатынастың, алыс-берістің болғанын кім жоққа шығарады. Бір-бірімен сыйласып, өнері-білімі, мәдениеті ұласқан кезде ынтымақты көршілердің өнерінде ортақ дүниедер болуы заңдылық. Осыны алға тарта отырып, ашығын айтып, өз ұлтының ұлылығын мойындатқан Алма апамыздың ашқан жаңалығы бүгінде исі қазақты емірентпей қоймайды.

Қажырлы апамыз ақтық деміне дейін қолынан қаламын түсірген жоқ. Қазақ консерваториясы туралы үш томдық іргелі еңбектің белсенді авторларының бірі болды. Оған қоса «Қазақ музыкасы» тарихының екі томдығы да ғалымның жетекшілігімен жазылған құнды дүниелердің бірі. Қалам қарымы күшті ғалымның Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, Бибігүл Төлегенова және басқа өнер тарландары жөніндегі очерк-эсселері өз алында бір сала.

Алма Зарапқызы ең алдымен ұстаз. Оның алдын көрген, дәрісін тыңдаған шәкірттерінің біразы арнаулы музыкалық оқу орындарын басқарып жүр. Ақлима Омарова, Гүлбан Бәйтенова секілді шәкірттері ұстаз үлгісімен ғылым жолын қуып, ғылыми атақтарды қорғап шықты. Өнер тарихын зерттеуге ден қойған азаматтарға оның ақыл-кеңесі әркез дайын болатын. «Күй-шежіре» сынды іргелі еңбекті жазғанда сегіз қырлы, бір сырлы дарын Ақселеу Сейдімбектің өзі одан көп көмек көрген.

Айналайын-ау, академиктер тұрғанда, докторлыққа да жетпеген менен

не ақыл шығар дейсің?!, — деген Алмаға:

Апай-ау, мен үшін сізден асқан академик бар ма?! Аты ғана академиктердің ақылы өз басынан да аспайды. Ал сіз қазақ ән әуенінің жілігін шағып, майын ішкен майталман емессіз бе?!, — дейді екен Ақселеу.

Шын ұстазға берілген шынайы баға ғой бұл.

Бақыт деген құс дейді,

Қолға оңай түспейді.

Ғылымның инемен құдық қазғандай қиын жолына түсіп, өнер дүниесінің түп-тамырын, терең тарихын зерттеймін деп жүріп, Алма апай кешірек тұрмыс құрды да бала сүйіп, аналық бақытқа кенеле алмады. Алайда отбасының қызығынан кенде болған жоқ. Авиация полковнигі Емберген Мыңжасаровпен әй-шәй деспей жиырма жылдан астам тату-тәтті өмір сүрді. Аңсаған бақыт ақыры оны өзі іздеп тапты. Балалар үйінде бөліп жіберіп, көз жазып қалған інісі Жаңарт отыз бес жыл өткен соң өзі іздеп келді.

Өшкеннің жанып, өлгеннің тірілгені осындай-ақ болар. Алманың анасы, Зараптың зайыбы Сақыпкамал шешей жалғызын іздеп, жазбаған жері, сұрау салмаған мекемесі қалмай қаншама жыл сарсылды десеңізші. Бақса, сарыла іздеп, зарыға күтіп жүрген ұлы Алматыдан екі жүз шақырымдай ғана жерде, Қырғызстанның Милефан деген дүнген ауылында жүріпті. Дүнгендер арасында бір қазақ шалы оны балалар үйінен алып бауырына салыпты. Қария қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай өз баласынан талын кем көрмей еркін өсіргенімен, ес біліп, есейе келе ер жігіт түп-тегін, туған-туысын іздемей тұра ма? Алматыдан келген қадірлі бір қонақтардан баласын іздеп, зар қағып жүрген бір ананы естіп солармен ере келеді. Алғаш көрген-ақ іші-бауыры елжіреп, жүрегі аяғының басына түскендей болған абзал ана сонда да сақтық сақтап жұмыстағы Алмаға телефон шалады. Екі өкпесін қолына алып, іле жүгіріп жеткен Алма келісімен-ақ: «Кәне, жейдеңді шешші»,- дейді жігітке. Жауырынының астындағы қара меңді көргенде ол көзінен жас ыршып кетіп: «Жаңарт… бауырым, бармысың?» деп бас салады.

Бұл кезде Жаңарт үйелмелі-сүйелмелі алты — жеті баласы бар жапырағын жайған бәйтеректей ақар-шақар шаңырақтың отағасы еді. Зараптың жалғыз тұяғымын деп жүрген Алма бір-ақ күнде сегіз бірдей бауырын тауып, өсіп-өніп, өркен жайған әулеттің үлкені боп шыға келді. Бұдан артық қандай бақыт болмақ?! «Сарғая күткен қызара бөртеді» деген осы да. Сол бауырларының бәрі ел қатарлы білім алып, ешкімнен кем болмай ер жетуіне ол аянбай ат салысты. Жаңыл деген бір сіңлісін бауырына басып өз қолында ұстап таяныш-тірек тұтты. Бәрінің де жақсы ісіне мәртебесі өсіп, масайрап отыратын.Тумысынан бауырмал Алма апай немере інісі, белгілі журналист Жанәбілдің кенже қызы өз ізін басып, өнер жолын берік ұстанған Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрынның бас хормейстері Әлия Темірбекованың табысына мәз болып, жас өнерпазды дәйім мақтан тұтатын. «Шөп те шыққан жеріне шығады» деген қағида шын болса, бұл әулеттен Алманың жолын қуар түлектер әлі де шығар-ақ.

Р.S: Жалпы жақсының өмірі де, өлімі де жақсы дейді ғой. Жасы сексенге толған мерейтойын ел-жұртын жинап, әне-міне атап өткелі отырғанда Алма апай кенеттен көз жұмды. Әпкесінің мүшел жасқа толуымен құттықтағалы сонау Бішкектен әдейі іздеп келген Жаңарттың қызы Бәтимаға жайылған дастарханның басында әңгіме-дүкен құрып, ойнап күліп отырып-ақ, үш сіңлісінің ортасында жүрегін ұстап жүре беріпті, жарықтық… Жанындай жақсы көретін інісі Оспан өлгендегі ұлы Абайша аңырап «Жайнаған жүзің өзгермей, қасиетіңді сезгендей, қиналуды жөн көрмей, жақсы өліпсің, апеке…» деп біз қалдық. Ортамызда өзі болмағанмен оның жасампаз мол мұрасы, жарқын да абзал есімі жадымызда жатталып мәңгі өшпек емес.

АЛМА АТАНҒАН АЛМАС ҚЫЗ

Алашқа Зарап аты мәлім ағам

Қайрат деп қызға ат қойып жаңылмаған.

Қайраты Алма атанған алмас қыз боп,

Ән-әуен әлемінде дабылдаған.

Таныған оның терең зерттеуімен

Қазақтай асқан әнші ел барын ғалам.

Даланың самалындай сырлы, мұңлы

Сазына жан жоқ сірә табынбаған.

Құйқылжып мың құбылып шырқап кетсе,

Сарыны тау суындай арындаған.

Тасқынды сол сарынға таңдай қағып

Сан дарын шабытына жалын алған.

Орыстың аты әйгілі сазгерлері

Таң қалған сырына оның танылмаған.

Таңданып қана қоймай тік шырқауын

Арқау ғып операға салып алған.

Алманың қаламымен жүзеге асты

Бұл жәйтті білсек деген нағыз арман.

Жинаудан ән-әуенін бар қазақтың

Апамыз әлі күнге қажымаған.

Еңбектің қыж қайнаған қуаты ма

Жігері жетпісте де жалындаған.

Жетіде әкесінен айырылса да,

Тағдырдың тәлкегіне бағынбаған.

Көрсе де жетімдікті, жесірлікті,

Тауалы ешқашан да шағылмаған.

Тасымай молшылыққа мейманасы,

Пейілі тапшылықта тарылмаған.

Білмейтін асуды да, сасуды да,

Алма-апай — сүйегі асыл нағыз адам.

Қайрат деп қызға ұлдың атын қойып,

Шіркін-ау, әке қалай жаңылмаған!

Көреген екен шын-ақ дарынды ағам!

Сарбас АҚТАЕВ.

Сәуір, 1999

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.