Қыңыр

Оу, мынау шынымен өз әйелі ме, осы үйдің «отымен кіріп, күлімен шыққан» Рыскүл ме, өзінің сүйікті Рыскүлі ме?! Түбің түскір бұл не деген таусылмайтын сұрақтар?!.. Және жауабын күтпестен тауарныйдың ескі вагондарындай құйрық тістесіп жалғаса беретіні несі?!
Дұрыс, дұрыс айтасыз, бұл айнымаған өз әйелі Рыскүл! Апыр-ай, ә?! Ғаламда әлі ғылыми айналысқа түспеген түсініксіз құбылыстар қаншама! Нанотехнологияның арқасында адамнан аумайтын роботтар пайда болыпты деседі. О, ол бергі жағы ғой, үйдің төбесімен өрмелеп, кез келген қабырғаны тесіп өтіп, түк көрмегендей, түк болмағандай одан әрі талтаңдап кете баратын өрмекші-адамды қайда қоясыз?!
Ту…у, не деп кетті-ей?! Бұл не сандырақ? Күнде ертемен жанынан өріп, ақ сазандай жалтыраған жуан санын жібек халатымен қымтап, керіліп-созылып, паркет еденді тырп-тырп басып ауызүйге беттейтін Рыскүл туралы осынша тосын толғаныстарға берілуіне не себеп?! Бір қарағанда дәл осыған тіреліп тұрған да шаруа шамалы. Мақұл, үйреншікті әуеннің ырғағымен «өзіміздің баяғы Рыскүл ғой» дей салайықшы бір жолға. Бірақ  қалай десең олай де, Жолдасбек оразасын ашпастан ағынан жарылғысы келеді осы жолы. Отыз жыл отасқалы Рыскүлдің бойынан бүгінгідей жайма-шуақ мінез ұшқынын байқаса ұйқысыраған көзін бір ашып, бір жұмып есалаң адамша өстіп мәңгіріп жатар ма еді. Мұндайда жан-жақтан науалап құйылған қияли түсініктер де кеудені әп-сәтте «жаулап алуға» бейім тұрады білем. Жолдасбек  алтыншы қабаттағы өз атына жазылған пәтердің қуықтай бөлмесінде емес, жан-жағы жеміс ағаштарынан көрінбейтін, құлағына үздік-создық құстардың әсем үні талып естілетін,  гүлзар бақтың ішінде армансыз демалған пендеден аумайды. Бәлкім, кешікпей хор қыздары да алақандарына салып тік көтеріп әкетер…
Ал сенбесеңіз тыңдаңыз, Рыскүлдің мамықтай мына дауысы соларыңыздан бір мысқал кем болса!
– Отағасы-ау, отағасы, қашан тұрасыз? Сағаттың қанша болғандығын айтайын сізге… А…а, мейлі, бүгін күн демалыс екен ғой. Асықпай тұрып, асықпай жуынарсыз ендеше. Қолдан ақталған тарыны сүтке бұқтырып қойдым.  Плитаның үстінде. Байқаңыз… шайнектің қақпағына абай болыңыз. Ыстық шайды үстіңізге төгіп алмаңыз. Ал мен сіз тұрғанша супермаркетке барып келе қояйын…
Ендігі жатысының сәні келмес, түске дейін жатты ғой мүйіз шықса. Қалай, ә?!  Әсілі адамның күллі болмыс-бітімін бүтіндей өзгертіп жіберу де түкке тұрмайды білем. Бірауыз сөз! Жүректің арғы түкпіріндегі қыл пернені дір еткізетін жан жадыратарлық бірауыз сөздің көрдіңіз ғой, Жолдасбекті қандай күйге түсіргенін! Сөз болғанда қандай және ол сөз ақы-пұлсыз Рыскүлдің аузынан айтылса… Жо-жоқ, атамаңыз, Жолдасбектің бұған дейінгі көрген тірлігі өзімен кетсін. Еске түсірудің де қажеті шамалы. Бұрын… бұрыны несі, күні кеше ғана ғой Жолдасбек жын қуған кісіше ұйқыдан ісінген бет-аузын калькулятор тергіштеген нәп-нәзік саусақтарымен әлсін-әлі уқалап, көнетоз жейдесінің тамақ түймесін жолай түймелеп, аяғына іліккенді сүйрете салып, цемент басқышпен төмен қарай алқына жүгіруші еді-ау. Жай жүрмейді, жай жүрмейтін себебі, қызыл «Москвичтің» қойын-қонышын сүт құйған пластмасса құтыларға сықа толтырып, таң азанмен осы ауладан табылатын қартаң кісі тұп-тура бір сағат аялдайды да, одан әрі қатаң графигінен жаңылмай, келесі кварталға жылыстайды. Тірі жанға есеп бермейді, сүт сатып осылардың арқасында күн көріп жүрмін ғой, клиенттерімнің де көңіл-күйлерімен азды-көпті санасайын деген ой басына кіріп-шықсашы патшағардың! Жүрген жүрісінен жер ойылады. Паң, талтаң-талтаң. Білсеңіз, күллі тәуелсіздік тек сол кісінің бойында. Сүтінің сапасы жоғары. Өтпей қалады-ау, іріп кетеді-ау деген қауіп-қатерден ада. Анда да қызыл «Москвичті» күтіп жүргендер жетерлік.
Турасына көшкенде, Жолдасбекке әлгіндей мәліметтердің түк пайдасы жоқ. Үш литрлік соңғы құтыға қол іліктірсе де мерейі үстем. Ой, о не дегеніңіз, Рыскүлдің алдында «мат» болып қалмағаны абзал бәрінен. Жан деген жалғыз жары асқар тауым деп арқа сүйеп, өмірінде бір шаруаны мықтап табыстаған екен, соны ақырына дейін адал атқарғанынан артық абырой бола ма?! Әлі күнге дейін содан бірде-бір ақау жібермегендігіне қуанышты. Біреу айтса сенбес еді, жер шарындағы күллі опа-далап атаулыны шемішкеше шағатыны былай тұрсын, соларды түгелдей өз қолымен сынақтан өткізген Рыскүл әне, бәрінен баз кешіп, ақыры бетті әрлеу үшін қолдан сауылған сүттен басқаның пайдасыз екендігіне анық көзін жеткізсе, ертемен қос өкпесін қолына алып Жолдасбек жүгірмегенде кім жүгіреді. Сүтті қайнату, қаймағын сүзіп алу, көк суын мұздатып балконға шығару… түгелімен Жолдасбектің мойнында. Оу, оған Жолдасбек шаршай ма? Әйтеуір, олай-былай мұрнынан шаншылып шапқылап жүргенде әлденеге сүрініп кетіп, Рыскүлді оятып алмаса жарағаны. Басты қорқынышы сол, қалғанын шыбын шаққан құрлы көрмейді. Қалай дегенде де, Рыскүлдің Рыскүл басымен Жолдасбекке сенім артқанына шүкіршілік. Үндемей, сенің үйде барың мен жоғыңды елемей, өзімен-өзі болып, сыланып-сипанып жүре берсе, әне өлімнің көкесі сонда! Ара-тұра, онда да сүттің кезегінде тұрғанда әлдебір қаусаған кемпір-сампырлардың өсек-аяңын қағыс естігенде ғана аяқ-басы бір шұқым боп бүрісіп, жон арқасын әлдекім дырау қамшымен шабақтап жатқандай көңілсіздеу күй кешеді. Әрине, ондай-ондай көди-сөдиді естімегені жөн еді. Естіді, әлде соны әдейі естіртіп тұрған әлдебір тосын күштің құдіреті болды ма?! Қап, өзін темірден жаралғандардың қатарына қосатын Жолдасбектің жұлын-жүйкесі сәл-пәл сыр бере бастамаса қайтсін! Ой-хой, бүйте берсе жүйткіген пойыздың жолын дәу бөренелермен бөгегендей апатқа ұшырамаса сол-ақ.  Тағдыр тас лақтырғанды қалай ма. Кезінде бір адамдай-ақ бармағын тістеген. Жә, өтті, кетті. Ол өкінішті ертең өзімен бірге ала кетеді ана жаққа! Барсакелмеске!  Әйтсе де, сол алжыған кемпірлердің балдыр-батпағына соншалық мән беретіндігін айтам да: «Біз ғой немерелеріміз үшін дірдектеп, ерте тұрамыз. Дүкеннің сүті – химия. Ал мыналардікі не сүргін? Жылап жатқан балалары да жоқ …». Жолдасбек мұнан соң бір орында байыз тауып тұра алмайды. Иегі-иегіне тимей қалшылдайды. Баласыздығы бетінде бадырайып жазулы тұр ма екен? Адам-ау, соны неге қақсай береді? Пластмасса құтысымен кері бұрылады. Шалғайынан біреу жабысып ұстап қалатындай екі көзі алақтап, подъез­ге кірген бойда алтыншы қабатқа қарай құстай ұшады. «Балам болмаса… балам болмаса да Рыскүл үшін». Одан арғысын көмейіне әлдене кептеліп қалғандай тұншығып айта алмайды…
Рақаттана керілді. Жұмсақ төсек былқ-былқ. Екі-үш күннен бері сүттің кезегіне де тұрған жоқ: «Артының жақсылығы болғай, ұзағынан сүйіндіргей!» Асүйдегі үлкен айнаның алдына барып, өзінше тыртыңдап жаттығулар жасады. Күн іргеліктен арқан бойы көтеріліп қалыпты. Жібек перденің арғы жағынан жылт етіп көрінген күн сәулесі паркет еденге шағылысады.
***
Күледі. Үйді басына көтеріп, а-ха-х-лап күлсе де Рыскүлге: «оу, бұл қайдан тап болған өнер?!» деп ескерту жасайтын немесе жақтырмағандай тыжырына мінез көрсететін біреу бар ма. Өзі би, өзі қожа. Ал сүйікті жары – Жолдасбектің күллі бітім-болмысын бес саусағындай біле тұра, күлмегенде қайтеді. Құдай жылаудан сақтасын. Расында, осы Жолдасбек қайдан және қалай жаратылған пенде? Жарты ғасырлық торқалы тойының алдында жарының осынша жасқа келгелі не тындырып, не бітіріп немесе не бүлдіріп қойғандығын ой елегінен өткізсе, несі бар, Рыскүлге жарасады. Рыскүлге бәрі жарасады. Мерейтойдың қам-қарекеті белгілі. Жолдасбекке салсаң айдың-күннің аманында қара аспанды төндіріп, қара суды кері ағызып, екеуінің жиған-тергені текке рәсуа болатындай, той туралы шым-шымдап сыр тартып көріңіз, қос қолын төбесіне қойып, безіп кеткісі келеді. Беттетпейді. Былайғы кезде томаға тұйық, момындау көрінетін кісіңіз сол тақырыпқа келгенде бар ма, сөз дегеніңізді  тоқтаусыз төпеледі: «осы шынымен Жолдасбек пе, әлде үйге беймезгіл кіріп кеткен шайтан ба?» деп қайран қаласыз еріксіз. Жанды жеріне ащы таяқ тигендей шыр-пыр: «Тойы құрысын, Рыскүл-ау, той құрысын! Ұлан-асыр той жасайтындай мен кім едім соншалық?! Қоғам қайраткерімін бе, ақын-жазушымын ба, ең құрыса өзің секілді драма театрының артисі де емеспін. Әне, той жасау саған лайық! Жолдасбек кім? Жолдасбек – қалалық бюджетке салықтан түскен болмашы тиын-тебенді шотқа салғаннан басқа, былайғы тірліктен хабары шамалы қатардағы есепші…».
Осындай-осындай гөй-гөйді ести берген соң, ара-тұра «той деген пәлені қайдан тауып қана қойып ем» деп Рыскүлдің де салы суға кетеді. Тыныш жатқан жыланның құйрығын басып… Жә, құйрығын басқанда «Жолдасбек – жылан» шекарадан асып қайда барады. Бұрқылдап-бұрқылдап сап басылар ақыр соңында. Десе де, бір қауіп-қатердің оқыстан бас көтеріп, кейіннен  онысы ырық бермей жүре ме деп те уайым жейтіндігін жасыра алмайды. Дұрысы – Жолдасбектің таң азаннан сүттің кезегіне жүгіріп, мұрын ұшы шып-шып терлеп, ұйқы қыстағанда қайдағы бір есеп-қисаптарды сандырақтап жатып, «оу, отағасы сізге не болған?» деп бүйірден түртіп жібергенде шошып оянып, «Рысжан, кеш, кешіре гөр, мазаңды алдым ба, ай, оңбаймын ғой, оңбаймынға» басып, біраздан соң қайтадан қорылдап кеткені жөн еді…
Соны… соны айтам-ау, есті кісі бекерге күле ме? Оның үстіне Рыскүл кез келген нәрсеге ыржалақтап күлмейді. Бәрі есеп. Бірақ осы жолғысын қандай есепке жатқызарын білмей, басы қатты.  Мұның түбі сүйген жарға деген шынайы сүйіспеншілік болып жүрмегей! Махаббат уақыт таңдамайды. Кештеу бүршік жарған адал  махаббат сезімі қайта айналып соғып, Рыскүлдің тұла бойын дір еткізсе… А-ха-ха, қайдасың кеш оянған махаббат?!  Анығында, Жолдасбектей жігіттің сұлтанын қайдан табады? Ішпейді, жемейді, жұмыстан соң үйде. Дос-жарандармен аздап шер тарқатысайық деп, түнгі кафелерді кезгілесе сөз бар ма. Жалақысын шашау шығармай, сол күні Рыскүлдің қолына әкеп тапсырады. Салтанатты түрде дейтіні, Жолдасбек те еркек қой, бір нәрсе тындырғандай қа­қы­рынып-түкірініп, онмыңдықтарды дөңгелек үстелге  құйрық тістестіре жайып тастайды кеп! Мынадай қым-қуыт заманда осынша қаражатты көрінген еркек таба ала ма. Әртүрлі іссапарға шыққанда, айлап көрші облыстарға гастрольге кеткенде, одан құр сүлдесін сүйретіп әзер оралғанда білдей драма театрдың актрисасы Рыскүл мұндай жалақының қарасын көре алмас. Маңайламайды. Маңайламаса да Рыскүлдің қашан болмасын жағасы жайлауда. Театрға Жолдасбектің  қызметтік машинасымен жетіп алады, болмаса такси шақыртады. Небір елде жоқ, соңғы үлгімен тігілген қымбат киімдер осының үстінде. Әдеттегіше айдың соңына таман Рыскүлдің беделі аспан тірейді. Онысын өзгелерге сездіріп не басының іскені, барынша сыпайы, барынша қарапайым қалпын жоғалтпауға тырысады. Қарыз сұрайтындардың тұс-тұстан тығындары ашылып, жүргізбеуге айналады ақыр соңында. «Қанша? А…а, ондай ақша табылады ғой, табылады. Тек мезгілінде  қайтарыңыз. Келесіде өзіңізге жақсы болады. Қарыздың қайтқаны орынды уақытымен». Әлдекімдердің сағын сындыруға осының өзі жеткілікті еді.  Рыскүлдің бүйткен қамқорлығы құрып кетсін. Қарыз алушының үсті-үстіне жағы жыбырлайды.
Күлмегенде ше, күледі және қалай күлсе де өз еркі. Отыз жыл отасқан әрі жартығасырлық «мерейтойы» тойланғалы жатқан Жолдасбек ең құрығанда бір мәрте есінен танғанша арақ ішіп, сенесіз бе, сенбейсіз бе… Рыскүлге қол көтермек түгілі, намысына тиетіндей бөгде сөз айтып, балағаттаса екен-ау! Асылыққа жазбағай,  бұл шектен шыққандық емес, әрине. Дегенмен, Рыскүлдің ақырғы рет болса да  Жолдасбектің үсті-басы лай-батпаққа малынып, көздері кіртиіп, түннің бір уағында тәлтіректеп есік қағып тұрғандығын көргісі келеді.
Енді шегінерге шама қайда. Тойдың қонақтары шақырылып, аяқ жетер жердегі ағайын-туғанға тегіс хабарланған. Ол бер жағы ғой, Рыскүл қат-қабат шаруасына қаратпай, той шымылдығын алдымен сіз ашасыз деп қала әкімінің де уәдесін алып үлгерген.
– Менің тойым, менің ­тойым болғаннан кейін, алдымен ­екеуара ақылдасып алғанымыз жөн еді ғой. – Жолдасбектің ішкі толғанысы аса салмақты раймен басталған-ды өткен жолы.
– Келісетін, келіспейтін не бар, бір тойыңды жасап беруге шамам жетеді. – Рыскүл ойын одан әрі үстемеледі. – Сен түгілі жесір әйелдер де жарқыратып той жасап жатқан жоқ па. Оның қасында Құдайға шүкір, беделің бар, осы қаланың жас-кәрісіне танымалсың.
– Сол танымалдықты тоймен бекіткің келген екен ғой мәңгілікке…
– Мәңгіліктен садаға. Бәрі уақытша. Жасың елуге келгенде елге бір шай берсек, одан кедейленіп қалмаспыз.
– Той-той, сол ырду-дырду даңғазадан іліп аларлық бірнәрсе тапсаң.
– Той–көптің ырысы. Азды-көпті шығынның орны толар екеуміз аман жүрсек.
– Жә, о жағын қойшы…
– …Әкімге кіріп шықтым. Тойдың арқасында біраз шаруаның өз-өзінен шешілетін түрі бар. Пәтерлеріңді кеңейтіп беремін деген уәдесін алдым.
– Сыймай жатыр ма ең?
– Сыймай жатпасақ та, зиялыларға арнаған жаңа мөлтек ауданнан төрт бөлмелі  пәтер алсақ…
– Тағы не?.. Машина мінгізбей ме екен?
– Қызметтік машинаң, жекеменшік машинаң және бар. Жетпей ме бір басыңа!
– Сен мініп жүре ме дегенім-дағы.
– Оның да орайы келер. Департа­мент­тегілер де өздерінше сый-сияпат жасағалы жатқан көрінеді ғой.
– Соның бәрін қайдан білесің?
– Сымсыз телефон аман болсын.
– Орденге ұсынбап па?
– О…о, о жағы тіпті қаперімде болмапты. Ертерек ескерткеніңде ғой. Бізде бәрі ұйымдастырылады, ұсынылмайды. Ұйымдастырылады…
– Бәли.
– Енді не деп ең? Жасың елуге келгенше соны да түсінбейсің.
– Қиналма, оны алпысқа толғанда әзірлерсің.
– Несі бар, алпысыңды да атап өтерміз.
– Оған аман жетейік алдымен. – Кенет Жолдасбектің дауысы аянышты түрде дірілдеп естілді.–Менен ала алмай жүрген өшің бар ма еді, Рыскүл?! Аясаң етті бір жолға.
– Не, не болып қалды?! Ел аман, жұрт тыныш.
– Елуге келгенше не бітірген екен деп ертең жиналғандардың бізге іштерінен жапа-тармағай өстіп сұрақ қоятындығынан хабарың бар ма?
– Ол  не қылған сұрақтар түгесілмейтін?
– Ай, Рыскүл, Рыскүл… осынша ақылсыз боласың ба?! Екеуміз бойымызды көрсетуге шығамыз ба елдің алдына сөмпиіп?!
– Шықтық, ал онда тұрған не бар?
– Саған бәрібір екен ғой, саған бәрібір, ал мен үшін ең ауыр сын, ең ауыр соққы сол!.. Ең болмағанда бір баланың қолынан жетектеп шықсақшы!..
Кешелі бері асып-сасып жүріп, Жолдасбектің ол күрсінісіне соншалық мән бермеген екен. Ал бүгін… бүгін шынымен жылағысы келді.
***
Әкімнің қабылдау бөлімінен қалта телефонына қоңырау түскенде Рыскүл кәдімгідей абыржыды. Бітіп тұрған істің ойран-ботқасы шығып, қала басшысының әртүрлі сылтауды араға тықпалап, сытылып қалып қоймасына кім кепіл. Олай болса тойдың сәні сылқ түседі, ағайын-туманың әжік-гүжік бас қосуынан әрі аса алмайды. Ал Рыскүлдің бірер айдан бері бозторғайдай шырылдаған тірлігі нөл. Нөл!
Жүрегі алқынып аузына тығылды. Басы айналып, лоқсығаннан аман ба тәңір алғыр! Жолдасбектің де жер жебіріне жетті. Сыбағанда да түгін қоймады. Той жасаудың бірде-бір шаруасына тырнақ ұшын тигізген емес. Сөйтіп жүріп, қайдағы-жайдағыны көкіп, «ел алдына екеуміз бойымызды көрсету үшін шығамыз ба?» деп кісінің жүйкесін жүндей түтуге келгенде  бар ма? Аямау керек еркекті. Біреу-міреудің көздеріне түспей-ақ қойсыншы деп, соңғы аптаның бедерінде сүттің кезегіне де жібермеп еді. Әне, ұйқысы тынышталып, уайым-қайғысыз тірлік кеше бастап еді, тосын ой, тосын пікір дегендеріңізді Рыскүл жаққа қарай түйдек-түйдегімен лақтыратын болған: «Мен үшін ең ауыр соққы – сол!». – Оу, мұнысын баяғыдан бері айтса  Жолдасбектің тілін суырып алған біреу бар ма?!
Арғы жақтағы телефонды әкімнің көмекшісі көтергенде барып, «уһ» деп бір дем алды:
– Сендер сірә, кісі өлтірерсіңдер мына түрлеріңмен.
– Не болып қалды, жеңеше?!
– Не болғанын сұрайсың, бұтымызға жіберіп қоюға шақ қалдық.
– Ту…у, сізде… Қорықпайтын жерден секем алып. Бәрі дұрыс, бәрі келісілген уәде бойынша. Жолдасбек көкемнің тойын жоғары дәрежеде өткізу – бәріміздің ортақ абыройымыз. Сондықтан… әрі сіздің өтінішіңіз бойынша той шымылдығын өзі ашатын болған соң, Жансұлтан Қалиевич отағасыңыздың өмірбаянымен танысқысы келеді ептеп. Тұздық үшін бір-екі эпизод айтып берсеңіз де артық етпес еді, ал мен түртіп ала қояйын…

Ауыз толтырып айтарлықтай және жұртқа жария ететіндей Жолдасбекте қайбір өмірбаян бар. Оқыды, шоқыды. Осы қаладағы санаулы ғана зиялы қауым өкілдерінің бірінен саналатын отбасында тәрбиеленді. Әке-шешесі елге белгілі өнер адамдары еді. Өнер адамдары да әрқилы, әсіресе осы күндері кімнің-кім екендігі қолмен қойғандай белгілі боп қалды ғой. Иненің көзінен өтетін жылпос­тар мен жағымпаздардың аяқ астынан жолдары бола кетеді қашаннан. Олар ұят-аятты, екінші, не үшінші планға ысырып тастайды да түк көрмегендей құтырынып, омыраулап алдыңғы қатардан атойлап шыға келеді. Жолдасбектің әке-шешесі Құдайдан тілеген адамдар-ды. Әлдекімнің несібесіне қызғаныш білдіріп, қолдарынан түк келмесе де түні бойы дөңбекшіп, аһылап-уһілеп шығатындардың тобына қосылмайтын. Не көрсе де маңдайларынан көрді. Сұраншақтанып билік басындағыларды жағалап, біреуді сағалап, біреуді ағалап өмір сүруді о бастан жандары қаламады. Ол жолды қаласа аттары әлдеқашан аңызға айналып, өздері өлсе де қала көшелерінің біріне аттары берілер ме еді, тұрған үйлерінің қабырғасына ескерткіш-тақта ілінер ме еді. Бірақ одан беделдері төмендеп, уақыт өте келе біртіндеп аты-жөндері ел есінен ұмытылған емес. Әділдік бірде болмаса, бірде өз тағына мық шегедей орнығады. Асылы өстіп келген беделдің мерейі үстем, мәртебесі биік.
Жолдасбектің әкесі осы күні Рыскүл қызмет істейтін қазақ драма театрының іргетасын өз қолымен қалаған қадірлі адам. Ол кісінің аты естілген жерде шешімін таптырмаған қиын мәселенің  өзі жібектей есіліп сала береді. Театр ұжымы көрші облыстарға гастрольдік сапарға шықса да алдымен сол кісінің атын ауызға алады. Себебі алдын көрген, тәлім-тәрбиесін алған шәкірттері ол кісі десе, ішкен астарын жерге қояды. Аруағының алдында тікелерінен тік тұрады. Қысқасы, театрдың жетістігі сол кісінің есімімен тікелей байланысты.
Шешесі тура Рыскүл секілді қатардағы актрисалықтан ары аса алмады. Аса алмағандығы талантының кемдігінен, не шеберлігінің осалдығынан емес-ті. Күйеуімен жарысқа түсуді жөн көрмеді. Ерінің тілеуін тіледі. Бұған келгенде де сұңғақ бойлы, әдемі әйелдің жүрген-тұрғаны тұтасымен үлгі-өнеге еді. Дүние күйіп бара жатса да шаң-шұң дауыс көтермейтін. Қашан көрсең де бір қалыпты көңіл-күй, бір қалыпты жылы жымиыс. Адамды магнитше тартып алатын сол жымиыс Рыскүлді де алысқа ұзатпады. Әрине, сөзге келмес­тен қармаққа түсті дегеннен аулақ, Рыскүлдің актерлер отбасына қай қылығымен ұнағандығын кім білсін, Жолдасбектен бұрын марқұм шешесі сөз салған. Жас қыздың бірден кесімді жауап беретіндей мұршасы қайда. «Көрерміз, көрерміздің» кемесінде шайқатылып, біраз жүрді. Рыскүлдің де  ақыл беретіндей  қайбір туыс-тумасы тіреліп тұр. Жалғыз шешесі қиян шеттегі құм ішіндегі ауылда. Рыскүлдің артистік оқуға түскеніне жан-тәнімен қарсы болған нөмірі бірінші адам сол. «Оу, қызың ана жарыстан жүлде, мына жарыстан мақтау алыпты ғой» дегенде де, немкеттілеу ғана бас изеу­мен құтылатын. Рыскүлдің бухгалтер болғандығын жақсы көрген. Артистікті жеңіл жүрісті мамандық иесіне балады.
Жеңіл жүріс… Сірә, шешесінің наласына ұрынды ма кім білсін, Рыскүлдің ол болмаса байсыз қалатындай өнер институтындағы өзіне дәріс берген бір мұғалімге өлердей ғашық болмасы бар ма. Тура лирикалық шегіністерге толы көркем фильм оқиғасынан аусайшы. Оның әйелі, екі баласы бар-ды. Соны біле тұра  райынан қайтпады, керісінше өршелене түсті. Жаз айларында екі-үш мәрте шетелге бірге шығып демалып қайтты. Рыскүлге соның айтқаны заң, өлсе де, тірілсе де соның айтқанын мінсіз орындайды. Жат десе жатады, тұр десе тұрады. Ойнақтаған от асар, ақыры аяғы ауырлап, жүкті боп қалғандығын бір-ақ аңғарды. Онікі жұрт білетін жаттанды жарапазан: «Баланы алдырасың, не менің түбіме жетіп тынасың.  Өмір осымен бітіп қалмас…».
Дәрігерлер Құдайдың зарын қылды: «Баланы алдыру мерзімі өтіп кеткен. Өте қауіпті. Бұдан кейін перзентсіз өтуің де ғажап емес». Соры қайнаған Рыскүл содан басқаның ақылына құлақ қойды ма?! Ол өз дегені орындалғанша Рыскүлді айналып-толғанып, төңірегін шыр айналды. Ақыры таныс  гинекологке ақша беріп, түсік жасатты. Соның ақыры, міне… Жолдасбекпен жұбайылық өмір сүргендеріне қанша жыл, құрсақ көтерген емес.
Жолдасбек те әлгі актерлердің жан деген жалғызы еді. Қаржы институтын үздік бі­тірген. Тәрбиелі, қой аузынан шөп алмайтын момын. Ызалы жерді баспайтын кіді. Өз жолынан, мақсат-мұратынан адаспайды. Рыскүлдің құрбылары естерінен тануға шақ қалды: «мынадай мүмкіндікті құр жіберме, үйлен де үйлен!». Ата-енесінің де Рыскүл дегенде шығарға жандары жоқ-ты. Осы қыздың бір сиқыры бар ма, бастарын дуалап қойғаннан сау ма. Жалғыздың жан жары түбі осы болар деп Рыскүлден жабысып айырылмады. Дүйім елді шақырып, дүрілдетіп үйлену тойын жасады. Үйленген бойда екеуін Араб Әмірлігіндегі жағажайға орналасқан бес жұлдызды қонақүйге бір айлық демалысқа жіберді. Армансыз ойнап күлген. Үлкен кісілердің одан соңғы тілегі ертерек еміреніп, немере сүйсек дейді. Ұрпағының көбейгенін қалайды. Бір жыл, екі жыл… жеті жыл. Рыскүлдің сол баяғы сып-сығыр қалпы. Әке-шешенің қыңқылы  көбейді: «Емделіңдер, жон-жосық білетін дәрігерлерге көрініңдер!» Көрінгенде қандай ұшпаққа шығады. Рыскүлдің диагнозы қолға ұстатқандай  белгілі.
Шындығында, жалғыздың ­обалына қал­майын. Жолдасбектің жолын бө­ге­мейін. Басына бостандық берейін не өз қолыммен тоқал әперейін деп те оқ­талған. Сөйтіп, бар шындықты жайып салмаққа бекінген. Сол аралықта Жолдасбектің әке-шешесі араға жыл салып бірінен кейін бірі о дүниеге аттанған. Қос актерді қайтпас сапарға шығарып салған сайын қала халқының қабырғасы сөгіліп аза тұтты. «Енді мұндай кісілердің өмірге қайта келулері сирек» деп еңірегенде етектері жасқа толды.
Уақыт емші ғой бәріне. Біртіндеп, мысықтабандап ауыр қайғының орны бүтіндей болмаса да, жарым жартылай тегістеле бастады. Жолдасбектің жүзіне де болар-болмас қан жүгірді. Баттитып бетке айтпаса да ұйқысыз түндерге созылатын ауыр күрсіністің неден туындайтыны белгілі. Рыскүл де болар-болмас уайымдайды. Мұнысын қоймаса Жолдасбектің де жүрегі ұстап, ата-анасының соңынан жөнеліп кетуі мүмкін-ау! Мәймөңке немеурінді сағыздай созғылағаннан бір нәрсе өне ме. Әлде қақ маңдайдан солқ еткізгені мақұл ма?! Сірә, сонысы дұрыс-ау. Жолдасбек мұнан кейін де құлақтың құрт етін жеуден бір тынбас. Лас, аса жеркенішті… бірақ Рыскүл қасқайып тұрып, соның бәрін өз мойнына жүктеген. Күйеуінің біржола үнін өшіруді ойлаған: «Жолдасбектің аталық ұрығы ұрпақ жалғастыруға қабілетсіз!». Жантүршігерлік жалғыз жол дәрігерлік анықтаманың мөрі басылып, әлденеше адамдардың қолдары қойылып, сол бір парақ қағаз бірде Жолдасбектің  жазу үстелінің үстінде жатты…
Өмірбаян дейді. Осылардың басын қосса өмірбаян дейтін  хикая өстіп өзінен-өзі айқұлақтанып шыға келмес пе?! Бір жақсысы, әлгі шындық бәрібір айтылмайды һәм жарияланбайды. Жансызданып, барған сайын семе береді, семе береді…Қарыз, борыш, тағы не?! Міне, осы жағдайдан соң мүмкіндігі мол Рыскүл секілді әйел күйеуін жарқыратып ел алдына шығармай, қалай шыдап тыныш отыра алады. Және ың-шыңсыз жарты ғасыр өмір сүргенде. Той, той. Буынсыз тілден лақ етіп төгіле салатын қызыл сөз… Гу-гу, гәп-гәп… Жарысқа түскендей бірін-бірі басып озып, өршеле түсетін балдыр батпақ… «Жолдасбек, сен данышпансың, сен нағыз осы заманның геройысың! Сен болмасаң мына қаланың алаяқтары салық төлемей, біздің дастарқанымыз көрер көзге ортайып қалар еді… Сен, сен… текті тұқымның тұяғысың! Сенің орныңды ешкім толтыра алмайды! Сен бәрімізге керексің! Рыскүл екеуің мәнді де, мағыналы өмір сүре беріңдер өстіп!.. Ура, ура!..».
– Өмірбаян, Жолдасбекте қайбір өмірбаян бар. Еңбек кітапшасында қызметке қабылданған бір-ақ бұйрық. Отыз жыл. Қалалық бюджет басқармасында табандап отыз жыл қызмет істеді…
– Міне, міне, мынау керемет қой! Сирек өмірбаян дегеніңіз тура осындай болады, жеңеше. Отыз жыл қалалық бюджетте есепші. Ойпыр-ай, ағамыздікі бұл неткен шыдамдылық!  Іші жарылып кетпей. Сіз айтпасаңыз біз мұны қайдан білеміз. Тамаша, тамаша эпизод! Әрине, мұнан кейін әкім сөйлемей қайда барады?! Сөйлетеміз, дайындаймыз сөйлейтін  сөзінің майын тамызып! Асаба табылды ма?
– О жағы оқтай, бәрі шешілген.
– Сіздің еңбегіңіз ғой барлығы. Шіркін, әйелдердің бәрі сіздей болса. Сіз мықтысыз, мықты артиссіз…
– Жә, жә… Конференция өткізетін орын мәселесі  шешілді ме?
– Бәрі оқтай, драма театрын жарты күн­ге жалға алдық. Сіздің өтінішіңіз бойынша.
– Жарайсын! Той өтсін, сендердің сыбағаларың сосын. Бәрі есепте, оқтай!
***
Кешкілік шай үстінде аса мағыналы, аса мәнді керемет жаңалықты жеткізіп, Жолдасбекті де бір қуантатын болдым ғой,­­­– деп алтындарын тағып, малынып үстелге жайлап жақындаған Рыскүл ерсілеу болса да еркелегенсіп, күйеуінің иығына жуан білегін артты.
– Жолдасик, бір нәрсе айтсам сенбейсің-ау, сенбейсің! – Сылық-сылық күлді. – Конференция өтетін орын дайын. Және анау-мынау емес, драма театры…
– Не, не дейсің?!–Шоқ ұрттап қойғандай Жолдасбек ыстық ­шайды қақалып-шашалып әзер жұтты. – Сен сірә, есіңнен ауысқан шығарсың, Рыскүл?! Әке-шешемді ақтық сапарға арулап шығарып салған киелі шаңырақта думандатып туған күнімді тойлап жатсам… Масқара, масқара! Мұнан соң елдің бетіне қалай қараймын!
Жолдасбек ертеңінде буынып-түйініп Арал теңізі жағалауында тұратын нағашыларына тайып тұрды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.