Қорқыт бабаның қобыз үні немесе Көшербаевтар өнегесі туралы бір үзік сыр

 

Биыл Сыр жұртшылығы халық батыры, бүкіл өмірін Хиуа, Қоқан хандықтары мен патшалық Ресейдің отарлық езгісіне қарсы ұлт-азаттық күресіне  арнаған Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 240 жылдығын атап өтті. Алғашқы шаралар облыс орталығы – Қызылорда  қаласында басталды. Бұл күннің ерекше оқиғасы – ұлт қаһарманына арналып темір жол вокзалының жанында еңселі ескерткіш ашылды. Көпшіліктің қуанышы одан әрі батырдың ерлік жолын арқау еткен тағылымдық-тәлімдік мәні зор алқалы жиынға ұласты.

Мұнан кейін мерейтойға қатысушылар батырдың кіндік қаны  тамған Қазалы ауданын бетке алдық. Жолай Қарамақшы ауданының аумағындағы Қорқыт ата ескерткіш кешеніне соғатын болдық.
Межелі жерімізге де жақындап қалдық. Даңғыл жолдың оң жағындағы әсем ғимараттар мен сол жақтағы ақ шаңқан нысандар көзге шалынды. Ақ шаңқан деп отырғанымыз өзімізге жақсы таныс Қорқыт ата кешені. Бірінің соңынан бірі тізіліп келе жатқан төрт автобус солай қарай бұрылды. Бұрынғыдай тас жол емес. Айнадай асфальт төселіпті. Лезде жетіп бардық.
Кешен басы құрылысшылардың қызу тірлігі. Тіпті назар аударатын түрлері жоқ. Соған қарағанда біз секілді жолаушылар мұнда көп келетін сияқты. Көздері үйренген болу керек. «ЭКСПО – 2017» көрмесіне енетін Қорқыт ата кешенінің кеңейтіліп, ұлғайтылып, жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанынан алдын ала хабардар едік. Соған дәл осы сәт көзіміз анық жетті. Кешен орны бұрынғыдан биіктей түскен. Екі қабатты нысандай. Жоғарыға көлемді баспалдақтармен көтерілесің. Құрылыс жұмыстары біте қойса бұл жерде осында келушілерді сүйсіндірер ғажайып бір нысанның бой көтереріне кәміл сенгендейсің.
Құрылыс басындағылардың айтуы бойынша бұ­рын ескерткіш биіктігі 8 метр болса, енді ол 12 метр­ге, ал кешен орналасқан жер 2,5 метрге биіктемек. Бұрынғы темір-бетон материалдар мрамор, гранитпен ауыстырылуда. Қорқыт бабамыз түркі жұртына ортақ тұлға екені белгілі. Ескерткіш-кешенді жаңғыртумен қатар осы төңіректегі мың гектарға жуық жерді алатын қорық жұмысы да қоса жүргізіліп жатқаны қуантты. Түбі бұл жер күллі түркі халқының тәу етер қасиетті мекеніне айналатынына еш шүбә келтірмедік.
О баста кешен орны жайдан-жай таңдалына салмаған. Бұл жерден төңірек алақандағыдай анық көрінеді. Оның үстіне көліктер күндіз-түні қатынап жатқан халықаралық мәнге ие күре жолдың бойында орналасуында да бір мән бардай.
Сыр өңірінде төрткүл әлемге танымал ғұлама Қорқыттың кешені тұрғызылуына алғашқыда кім ұйытқы болып еді? Ол азаматтың аты-жөні Елеу Көшербаев болатын. Енді мынаны қараңызшы, бүгінгі күні кешенді жаңғыртып, қазіргі уақыт талабына сай қалыптастырып жатқан кім? Ол – Елеу ағамыздың ұлы, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев.
Елеу Көшербайұлы туралы онымен қызметтес болғандар, қатар жүргендер жылы лебіздерін білдіреді. Әсіресе ұлттық құндылықтарды, елге танымал бабалар есімін ардақтаудағы игілікті істеріне көпшілік дән риза.
«Елекеңнің сөйлеген сөзі мен ой-пікірлерін ел ықыласпен тыңдайтын. Өйткені ол бос сөз айтпайтын, ел қамын ойлай сөйлейтін, мәселенің қалай шешілу түйінін дәл табатын, халықтың мүддесі мен мақсатын бәрінен де жоғары қоятын» деп еске алады қайраткер Оңалбек Сәпиұлы.
Елеу ағамыз кешегі уақытта Қызылорда педагогикалық институты, бүгінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті аталған оқу орнының 1950 жылғы түлегі болатын. Оқу бітірген соң ауыл мектебінде директор болды. Бұдан кейін аупарткомның бөлім меңгерушісі, аудандық газеттің редакторы қызметтерін атқарды. Қалған уақыттары аудандарға басшылық жасады деуімізге болады. Кезінде Тереңөзек, Сырдария ауаткомдарына төраға болды, Қармақшы, Қазалы аупарткомдарына жетекшілік етті. Ел алдындағы қажырлы еңбегі лайықты бағаланды. Кеудесіне Ленин, Октябрь революциясы, Еңбек Қызыл Ту (үш мәрте) ордендерін,  көптеген медальдар тақты.
Қорқыт кешенін тұрғызып жүргенде Қармақшы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы еді. Әрине, Қорқытты түркі жұртының көбісі иеленгісі келетіні оған таңсық емес-ті. Алайда баба бейітінің Сырдария өзенінің жағасында, нақтырақ айтқанда, Қармақшы аумағында екендігінен жас кезінен таныс-тын. Әйгілі ғалым Әлкей Марғұлан Қорқыттың туған жері байырғы Жанкент шаһары екендігін еңбектерінде ашып көрсеткен. Бұл жақтағы Қорқыт стансасы деген елді мекен атауына да әбден қанық. Әбубәкір Диваевтың сол стансадан бір жарым шақырымдай жердегі Қорқыт бейітінде болғандығынан, суретке түсірткенінен жақсы хабардар еді. Осыдан кейін баба кешенін салуға тәуекел етті. Кешен құрылысы біткен соң басы дауға қалды. Мұның сыртынан жоғары жаққа арыз-шағым жазушылар көбейді. Ақырында облыстық партия комитетінің бюросынан бір-ақ шықты. Компартияның қылышынан қан тамып тұрған кезі. Айыпты үйіп-төкті. «Ескілікті насихаттады», «Атеистік тәрбиені бетімен жіберген» дей ме… Бұл болса Қорқыттың әлем тарихында алар орнын дәлелдеп-ақ бақты. Алайда бюроның беті бері бұрылмай, қатаң сөгіс жариялау жөнінде шешім қабылдады. Бұған бола Елеу Көшербаевтың ұнжырғасы түскен жоқ. Өйткені жаза алатындай ештеңені де бүлдірмегенін іші сезетін.
Елекең Қазалыға қызмет ауыстырғанда да бойға сіңген қасиетінен танбады. Мәдениет саласына, өнерге баса көңіл бөлді. Аудан тізгінін ұстаған шақтары Жанқожа баба ескерткіш-кешенінің негізі қаланды. Шығыс жұлдызы ­ Ғани Мұратбаевқа ескерткіш орнатылды. Неміс-фашист басқыншыларымен болған соғыста қаза тапқандарға арналып мемориал кешен ашылды… Осы жұмыстардың бәрі не үшін? Жас ұрпақ – келешек үшін. Олар бабаларының, аталарының ерлік, елдік істерін біліп өсулері тиіс. Жастар отаншыл, патриот болу керек дейміз. Сонда оларға кімді, нені өнеге-үлгі етеміз? Әрине, ұлт ұлыларын, олардың елдік іс-әрекеттерін.
Бізді сүйсіндіргені әке салған ізді перзентінің даңғылға айналдырып жатқандығы. Әке бастады, оны жалғастыру ұлға бұйырыпты. Бірақ мұны ұлдың ұлы түсінсе керек. Сөз жоқ, Сыр өңірінде шаруа шаш етектен. «Сен осы кешенді жөндеуің керек» деп ешкім нұсқау бермеген де болар. Өйткені мұның  алдындағысы да қораш көрінбейтін. Алайда Қырымбек Елеуұлы уақыт талабын түсініп отыр. Өмір өзгеріп жатыр. Қазақ еліне деген әлем назары айрықша. Қазақстан несімен ерекшеленуі тиіс? Соңына өшпес із қалдырған бабаларымен, ардақты ұл-қыздарымен. Онда да ажалдың өзі ала алмаған, мәңгілік жасайтын құдірет өнер деп ұқтырған әлемдік деңгейдегі тұлға – Қорқытты білмейтін тірі жан жер бетінде кемде-кем болар. Қорқытқа арналып келісті ескерткіш-белгінің тұруы да елге мерей. Алла жазса, Қазақстанға талай туристердің келетіні анық. Соларға ұялмай көрсету үшін де кешеннің көркемдігі, мазмұнды болуы өте қажет. Азия мен Еуропаны қосып жатқан мына үлкен жолмен сан мың адам жүріп жатқаны белгілі. Олардың тура жолдың бойындағы ескерткішке аялдап, қызықтағысы келетініне еш күмән жоқ. Демек, бұл маңай туризм орталығына сұранып-ақ тұр. Ескерткіш-кешенді жаңғыртуды қолға алғанда Қырымбек Көшербаевтың бойын осындай ойлар тербегеніне шүбә келтіре алмаймыз.
Өңірде болғанда аңғарғанымыз, облыс тұрғын­дарының әкім қызметіне көңілдері толатындығы. Қырымбек Елеуұлы өткен жылдың басында Қызылорда облысының әкімі қызметіне кірісерде: «Туған елге қызмет етуге мүмкіндік бергені үшін Елбасына айтар алғысым мол. Осы қасиетті өлкеде менің марқұм әке-шешем жатыр. Олар маған бала кезімнен еңбектің қадір-қасиетін бойыма сіңірді. Менің мақсатым – елге адал қызмет ету. Бұл жолда аянып қалмаймын» деген болатын.
Әкімнің осы сөзінде тұрып келе жатқандығына облыстың бүгінгі қол жеткен табыстары дәлел. Жаңадан кәсіпорындар бой көтеруде. Соңғы екі жылда күріштен мол өнім алынып келеді. Биыл әлеуметтік салаға қаралған қаржы өткен жылмен салыстырғанда жиырма пайызға артық. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі де жылдан-жылға ұлғая түсуде…
…Ұлыларды ұмытпай, ардақтап жүретін болсақ асыл армандарға, мерейлі мақсаттарға бет алған жолымыздың алдынан шуақты нұр төгіліп, ілгері қарай жетектеп ала жөнелетіндей. Әкелі-балалы Көшербаевтардың елдің ықыласына кенелуінің де сыры енді түсінікті болар. Бабаларға тағзым әкені қалай сый-құрметке бөлесе, перзентін де танымал етіп, абырой биігіне көтеріп келеді. Дәстүр жалғастығы қуантады.

Нұрперзент Домбай

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.