Түтінім түзу,түндігім шұғылаға асық

Гүлімай Қуанышева

Алаштың ақ ордасы

Аллаға аян, айдан да табылар үнмін,
Алашпын. Аластап ардың тағына міндім.
Кереге кермен жанынан жабыларыңның
Уығын шаншығам ұлтына табынар ұлдың,
Күлдіреуіші алтын медальдар шаңырағымның.

Туырлығым төзімнен, тоңбасым анық.
Босағам биік батырым болғасын алып,
Ақ бұлттан алқа асынды адалбақаным
Аспанға апарар жолда сыналып,
Арғымақ озды, жөнсіздің жорғасы қалып.

Үмітті үкілеп үзікке ілгемін сосын,
Ірге түрді де желпінді жүлделі қосым.
Ырысы құтты, үш бұтты ілмелі мосым,
Көршілерім де күшімді білгелі – досым.
Рухым мықты! Ұраным – «Алға, Қазақстан!»
Лондоннан қайтқан дүбірдің дүрмегі жосын.

Түтінім түзу, түндігім шұғылаға асық,
Төріме шықты тамызым құбыла басып.
Толағайларым тұлғалар тәбәрігіндей
Табалдырықтан табыстары жығылады асып.
Тұмарым – әрлі дөдегем дәтіне мығым.
Тату ұлттарға тілеп тұр ымыра, нәсіп.

Ордамның басқұры оюлы, ошағы берік,
Орамдап қамба толтырғам масағым теріп.
Олжалы қоржын асынып отыра алам ба
Одағайлатып орғимын жасағыма еріп.
Оғыландыны асып оралсам, басамын жерік.

…Болған соң жерік бір келін Шамалған жақтан,
Шілдеде шілдеханада ән шырқалып жатқан
Бұлқынып бөбек, бар бұлақ бұрқанып аққан,
Боз үйдің сол күн берген-ді сұлтанын ақ таң.
Бұл ордам сол күн болашақ Нұр – ханын тапқан…

Отауым осы, айбыны аласармаған.
Басқа өрлемегің балақтан әрі аса алмаған.
Жүрегі жылап тұрса да бауыры жібіп,
Жанына жұртым еш елдің жара салмаған.
Жаратқан мен жүгінсем жеті жарғыма
Желбіреп туым, жер жүзі қарасар маған.

Қозы- Көрпеш – Баян сұлу
ескерткішіне

Адами ақ арманға
Аягөздің ажары
толып тұрғалы,
Мына алапты мұңсыздан
Махаббаттың мазары
қорып тұрғалы.
Мәңгі тірі Баянды
Мәңгі өлмейтін Қозыға
жолықтырғалы –
Фәни жалған,
пәктіктің болып құрбаны.

Талай тұлым бұрым боп,
Тақиясын шешкелі,
Селтеңдегелі,
Ғазизденген ұлым көп,
Ғашықтың кем өшкені,
өртенбегені .
Ғанибет қой азамат
Ғибрат болсын ғаламға
өлкем дегені –
Қозы-Баян бейнесін
көркемдегені.

Қазақтығым өзімнің,
Ғажаптығы сезімнің
өр екпінімнен.
О бастан-ақ отауым
Опасыздық аулынан
бөлек тігілген.
Іңкәр Баян деп анам
Үлбір бетін бүркеген
желекті білген.
Қазақ – Қозым – мақтаным,
Топырағымда жатқаның
деректі күннен –
Құлай берген Құдайға
керектігімнен.

Жаһандану дәуір деп,
Жоқтан барым тәуір деп,
Оқалап киіп,
Төскейде өсіп, төсекте
Түйісер бас десек те,
жұқалап сүйіп,
Жатқандарды оятқай
Жандарына мен тартқан
шапалақ тиіп.
Бағыңнан да махаббат биік!!!

 Адам айтса нанғысыз

Екен деп күн күшінде,
Желпініп күздің түсінде
«Сыпайы тоңбас» пішінде ,
Бүрсең-бүксең ішіңде,
Мір оғын сұққан мүсінге.
Манағы өткен таңғы сыз –
Адам айтса нанғысыз.

Өтірік білек түрініп,
Етегіне сүрініп,
Ептінің етіп бірін ық
Сатылағанның сырын ұқ:
Қалтаға түссе ар сылынып,
Бөрікті намыс бүлініп,
Болғаны іске алғысыз –
Адам айтса нанғысыз.

Долы боран достай-ақ,
Денемді ызғар оспай-ақ,
Қатқақ, тоңды тоспай-ақ
Қарға шаншып қос таяқ,
Шыңырауға құлауға
Шыңға шықтым шаңғысыз!
Адам айтса нанғысыз.

Еріншектің ертеңі

Құрандыланған қорасын Қоқыбайдың да,
Жер кепесін жықпа-жығылма Жақыбайдың да
Тапты қыс.
Ақ қардың үсті апақ та сапақ аптығыс,
Қыс тосын келіп қапты-мыс.

Шанасын Сайран сайлатып, сосын майлатып,
Соғымын іздеп, Ілдебайға айтып, байлатып,
Кеп еді.
Қар еріп кетіп, құрымағыр, жолын бөгеді.
Қатындар «биыл кешігеді көктем»  деп еді…

Әкәларды әкеп көктемде жерді ойдырам,
Көкөніс егем, күллі ауылды өзім тойдырам,
Деп жатты.
Күрегіменен күтіп жүргенде жегжатты,
Жылыстап жаз да айналып өтті
Бекзатты.

«Қырдан шөп шауып келемін»  деді Құрақбай.
Қайын жұрт шалғы, ат-арба беріп сұратпай,
Таңғалды.
Жаз көңіл ерің күз көрді, мұнда мән бар-ды,
Тамыздың тағы «тайып тұрғанын» аңғарды.

Жалқаумыз ба әлде, аңқаумыз ба әлде,
тоқпыз ба?
Тепсеңде тұрақ, ауатын құмар жоқ құзға.
Бұл қалай?
Түу! Түн болыпты ғой,
Ошақсыз үйдің ылғалы-ай,
Ұйқымның келіп тұрғаны-ай.
… Есіней бердім.
Есіме салды ертеңді
Аспандағы арман тұлғалы ай.

 Біздің аула

Аула дейміз ғимараттар ортасын,
Айсыз түнде сол аулаңнан қорқасың.
Күні бойы әрі-бері кәрі-жас
Терезелер түбіменен жорытасың.
Терезеден телміреді кей жеңгей ,
Жақ таянып, жақтауға төс қонақтап.
Әйнек сүзіп, теріп алған дерегін
Әуесқой жан бір кәдеге жаратпақ…
«Сері» көршім тіспен ашып тығынын
Сыра ішіп тұр шыны аузынан сораптап.
Жетіншіден жекірген үн желге ұшты,
Жер жарды да «Иди домой, Мараттап».
Есік жақта етектесті үш халат
Ерін жып-жып, естігенді боратпақ.
Былдыр бөбек балпаң басып барды да,
«Бондтан» қалған салды ауызға қорапты ап.
«Сарт» еткізді сигарлы сұр келіншек
Сары түтіннің арасынан қарап қап.
Тілеп алған тілдей топик – қос құрбы
Алшаң басып, ашық балтыр ар аттап,
Алдына кеп қалған кезде Кәмен қарт
Көзін төмен салды кітап парақтап.

…Амалым жоқ алшақтауға ауладан,
Ортасында өз отым бар лаулаған.
Түнді сүйер түрлі топтың хорынан
Таңға дейін тыңдап шығар аумақ ән.

Кәрің итті, жасың хитті даулаған,
Аулада жоқ соқтығыстан сау балаң.
Бірі ағашпен, бірі таспен қоршалған
Қос қақпаны күнде бір доп жаулаған.

Ойым да жоқ алшақтайтын ауладан
Онда менің өз отым бар лаулаған.

 Бөтен жол

Адасып түстім
сүрлеуге көптен таптаусыз,
Сарайды таптым
терезе, есігі жақтаусыз.
Соғылған екен,
сом күрек жатпас саптаусыз,
Сары бидай қалмас қаптаусыз,
«Сенейін!» дедім.
Сыбағам болмас сақтаусыз.
Салы орамал салынып,
Саба да пістім мақтаусыз.
Серінің серті сөз ғұрлы-ақ
Садағын көрдім оқтаусыз.
Байқамай кеппін,
Бөтен үй екен түскенім,
Бозөкпе екен батыр деп шапан пішкенім
Ботасын бөтенсінгенде
Бозінген сынды тістеді.
Бошалап бебеу қақты бел,
Батпандап түсті ішке мұң.
Баспанам індей, күн түндей,
Болған-ды ірің ішкенім.

Адасып қайттым
Маңынан арман атты елдің,
Махаббат дей ме?..
Мықты екен.
Маған мат берді.
Мекерлік мыжып жырта алмай
Миыма жазған дәптерді
Мазалағанда жат белгі,
Мойныма тағып қос гүлін,
Мықынға кездік жасырып,
Мергенін олжалап келдім!

…Бөтен жол екен түскенім.

Күзге
Күміс тақ!
Күз-ау, сенің күз атың бар.
Алтын тағып жапырақ ұзатылған.
Гауһар сүңгі ілмекке елітірді-ау
Арды арбап, ағаш көрсе бұзатын қар.
Былтыр беті күйгенін ұмытқандай
Балтыр ашып бетпақ тал қыза тыңдар.
Көрік кеудең көзден тыс, күнәсіз күз,
Көйлек- өлең өреміз біз – ақындар.
Күміс таза!
Күміс тақ!
Күз атың бар!

О, тәңірім, сезім бер.
О, тәңірім! Сезім бер!
Сезім берші!
Ауызымды толтырып айтатұғын
Менің де кезім келсін.
Жаратқаның жазады, – дейді ғой жұрт,
Дерттен де айықтырар
өзің бе емші?
Сезім берші!

Тандыршы естен, біреуге табындырып,
Сеңдей соқшы, санамды сағым қылып,
Сенделтші сүйіктіні сағындырып.
Жанды бебеу қағындырып,
Жастан моншақ тағындырып
Ақылымды ал тіпті бағындырып.

Жолықтыр тек.
Қасымнан, қиырдан ба,
Басыбайлы берілем бұйырғанға,
Баянсыз ба ол барқадар таппайтұғын,
Бауырынан босатпас мейірбан ба,
Мал иесі марқаяр мекіренсе,
Мауыздаушы себепкер ұйыр қанға.
Сөз садақа, сүймей қан сұйылғанда.
Ғаламда әлде ғашықтық тыйылған ба?
Шолып көрші шарыңды шиырланған
Шын зәрумін,
жолықтыр бұйырғанға.
***
Көңілде ылаң, күнің тұман
бұлыңғыр,
Келер сәттің не болары бір жұмбақ.
Күрек сайлап, қармақты ойлап Сырым жүр
«Картоп жемей өтсем-ші»  деп тыржыңдап.

Жапырағым жанұшыра пақырым
Жауып жатыр жас теректің тақымын.
Тамыр үшін тіршілігін тәрк етпек
Танымай-ақ адамзаттың ақылын.

Көк, сұр, күрең, қоңыр қолдар ұстасып,
Көкжиекті деміктіре қысқасын.
Күн қып-қызыл білегімен қармайды
Қан жоса боп құлап жатқан тұстасын.

Жарқын жасыл, сылқым сары, ақ қайда?
Жүгірмек жел!
Жылы түсті бақпай ма?
Күз көңілін көтерер ме екенмін
Ашық сырмен сурет салсам тақтайға.

Бата алған
қазақ Қызырдан

Көрпемді төсеп көршіме,
Көпшігім жастап төреге
Кебежем қысып кеудеме,
Көзімді сап бос сөреге.
Кеңестің шешіп кебісін,
Кәлимам қайтып келеме.
Күрсініп, тулақ төсенген
Кейпімді, баба-ау, елеме…
Күбірлеп жаттым есінеп,
Кешірім Тәңірім бере ме.
Кірпіктер кетті айқасып,
Керусіз қалды кереге…

Қатты бір дауыс оятты,
Құдай-ау, неткен шат үндер!
Қалы кілемде жатырмын,
Құлпырған алыс-жақын жер.
Құс жастық салған басыма
Құзырлы қай хакімдер?
Қарғып кеп тұрдым орнымнан
Қолымда қамшым, атымда ер.
Қайда әлгі қызыл туларын
Қосыма тіккен зәкүндер*?!
(*Зәкүн – закон, заң)

                 АҚТӨБЕ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Гүлнар

    Өлеңдер ұнады. Авторға шығармашылық шабыт тілеймін.

  2. Медеу,Ахметулы.

    Олен унади саттилик

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.