Дарабоз

Қазақстан Жазушылар одағының съезіне Маңғыстау облысынан шақырумен қатысқаным есімде. Съез жазушылардың жоғары белсенділігімен өте қызу әрі тартыс­ты өтті. Одақтың бірінші хатшысы О.Сүлейменов есепті баян­дама жасады. Съездің президиумында кімдер отырды дейсіз ғой. Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы Д.Қонаев, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағасы С.Мұқашев, Орталық Комитет хатшысы З.Камалиденов. Орталық Комитеттің бірнеше бөлімінің бастықтары да болды. Д.Қонаев жиынның бірінші бөлімінде есепті баяндаманы, жарыссөзге шыққандардың сөздерін түгел тыңдады да, үзілістен кейінгі одақ басшыларын сайлау жұмысына қатыспай кетіп қалды С.Мұқашев пен З.Камалиденов бастан-аяқ тапжылмастан отырған.
Айтайын дегенім, осы съезде Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшылығына Олжас Сүлейменовтің қайтадан, Әбіш Кекілбаевтың екінші хатшысы болып сайланғаны. Бұл сол кездегі биліктің «Олжекең орыстілді ғой, қазақтілді әдебиетіміздің кейбір мәселелерін…» деген жазушылардың уәжіне , «міне, ана тілінің уызына жарыған нағыз жазушыны екінші хатшы жасадық, әдебиет мәселелерімен енді сол айналысады» деген жауабы болатын.

Біз Алматы қонақүйіне тоқтағанбыз. Қасында бір топ ығай мен сығай ақындары бар Кеңшілік досым кіріп келді, келді де: «Ағаңның екінші хатшылыққа сайлануымен…» дегені салдыр-гүлдір етіп. Әрине, ол кез ішімдікке қырын қарайтын Горбачевтің қайта құруының заманы болатын, бірақ оған менің ақындарым пысқырып та қараған жоқ, сөйтіп, ағаның лауазымын таңға дейін емін-еркін «тойлаған» едік.
Жазушылар одағына мүшелікке өткім келіп, өзімді, шығармашылығымды біледі-ау деген әріптестерімнен кепілдеме сұрап жүрген кезім еді. Кепілдеменің бірін университеттің журналистика факультетін бірге бітірген курстасым Кеңшіліктен сұрағанмын. Ол көп кідірткен жоқ, өз қолымен әдемілеп жазылған екі бет қағазды қолыма ұстатты да: «Маған кезінде одаққа өтуге кім кепілдеме бергенін білесің бе, – деді де, жауабымды күтпей-ақ, – ол сенің ағаң Әбекең, сол Әбекеңнің маған жазғанын сол күйінде үтір-нүктесіне дейін өзгертпей саған сыйладым, өйткені сен бағаланбай жүргенің болмаса шын мәнінде менен кейінгі ақынсың ғой, менің сиясы кетпеген жас, балаң өлеңдеріме қарап Әбіш аға мойындаған, ал сені мен мойындаймын» деген қайран дос Кеңшілік. Әбекең жалғыз Кеңшілік емес, талай жас ақындарды қолжазбаларынан-ақ таныған.
Бірде аудандық газет редакторларының республикалық білім жетілдіру курсына Алматыға келіп жатқанбыз. Жазушылар одағының екінші хатшысының кабинетінде ақын Т.Медетбековтің (ол кезде фамилиясының «ов»-ы алынбаған болатын) есебі тыңдалатынын естіп, партия мектебіндегі курс жетекшісінен сұрап бардық. Әбекеңнің кабинетінде Темірханнан басқа Кеңшілік, Иранбек, Шөмішбай, Байбота, т.б. бірнеше ақындар жиналған екен, қонақ ретінде маңғыстаулық газет редакторлары біз де отыра кеттік, бір жағынан Әбекеңді өзімсінген еркелігіміз де болар. Жаңылыспасам Аян Нысаналин баяндама жасады ғой деймін. Кеңшілік пен Иранбек сөз алып, өз тұстастарының шығармашылық жетістіктері мемлекеттік сыйлықтарға лайық болса да одақ тұрғысынан бағалана бермейтінін сынға алған (сол сыннан қорытынды шығып кейін Нұрлан, Темірхан, Иранбек, т.б. мемлекеттік сыйға ие болды ғой). Кеңшіліктің сөзі әлі есімде: «Темірхан өлеңдері өзінің есімі тәрізді темір сияқты болып келеді, бірақ бір кемшілігі бар, оның өлеңдерінде менің өлеңдерімдегі сезімге әсер етер нәзік лирика жетіспейді, егер Темкең алдағы өлеңдеріне лирика араластырса мықты шығармаға айналар еді». Әбіш аға поэзияның табиғатын, оның қоғамға әсерін, адамзат өміріндегі алатын орнын түсіндіріп, есіліп сөйлеген.
Тағы бір нәрсе есіме түсіп отыр­ғаны.1985 жылдың сәуірінде Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданында жаңадан газет ашылды да мен соған редактор болып келгенмін. Көп кешікпей газет редакциясы жанынан әдебиет бірлестігін ашып, оған суырыпсалма ақын-жырау Қашаған Күржіманұлының есімін бердік. Осы мәселе жөнінде ақылдаса барғанда аудан басшысы Д.Әріпов: «Қолына қалам ұстаған жастарға бағыт-бағдар беретін, әрі аудан ғана емес, өлкеміздің әдебиеті мен мәдениетін насихаттауға таптырмайтын дұрыс шешім екен, інім. Істерің ауқымды болуы үшін бұл мәселеге аудандық комсомол комитеті мен аудандық мәдениет бөлімін де тартқан жөн. Сонда аудан көлемінде нақты жұмыс істей алатын толыққанды, атына сай қоғамдық ұйым болмай ма, үйірменің бір мүшесі ретінде мені де жазып қой, аудандық партия комитетінен көмек қажет болса қысылмай сұрап отыр, іске сәт!» деп шығарып салған. Аудандық атқару комитетінің төрағасы Қуандық Нұрғалиев те осыны айтты.
Аудан басшыларының «батасын» алған соң құрылтайшысы үш мекеме – редакция (редактор А.Өтегенов), аудандық комсомол комитеті (бірінші хатшысы С.Рзаев), аудандық мәдениет бөлімі (меңгерушісі М.Болысов) болып әдебиет бірлестігінің ережесін жасақтап, оны үйірме мүшеле­рінің жиналысында бекіттік те, іске тез кірісіп кеттік. Алғашқы кешімізді Қашаған ақынның шығармашылығына арнауды жоспарлап, баспаханалық әдіспен шақыру билетін жасаттық, ақынның өмірбаянын, шығармашылығын талдайтын баяндамашылар, шығармасын орындайтын жыршылар іздеп, тауып белгіледік. Қазіргідей емес, ол кезде халық ақындарының өлеңдері көп жарияланбайтын да, айтылмайтын да.
Әдебиет бірлестігінің тындырған істерінің бірі – Әбіш ағаның «Үркер», «Елең алаң» дилогиясының Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылуы кезінде аудандық  деңгейде оны қолдайтын оқырмандар конференциясын өткізуіміз болды. Аудан басшысы Д.Әріпов бастап, әдебиетшілер, ақындар, кітапханашылар (У.Қайралапов, А.Өтегенов, Қ.­­Жыл­қы­баев, Б.Ақбердиева, С.Көшерова) тақырыптық баяндамалар жасаған. Конференция соңында «Шығарма Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық» деген ұсыныс қабылдап, оны мемлекеттік комиссияға жолдағанбыз. Осы негізінен редакция жанындағы әдебиет бірлестігінің күпісінен үш Жазушылар одағының мүшесі (Рахат Қосбармақ, Сабыр Адай, Анар Шамшадинова), екі баспа директоры (Махмұт Қосмамбетов, Бақытжан Қосбармақов), бірнеше ақындар мен журналистер (Айнахан Есетова, Сағындық Рзахметов, Гүлайым Дәуітбаева, Нұргүл Маулина, Жанар Айлашева, т.б.), бір аудан әкімі (Серік Рзаев) шықты. Демек, олардың шығармашылық күш-қуаттарының мықты болғаны.
ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қамқорлығының нәтижесінде қайтадан құрылған Маңғыстау облысының басшылық органдарын сайлау жиындарын өткізуге әуелі Қазақстан КП Орталық комитетінің екінші хатшысы В.Ануфриев келген еді. Ол аудандар партия ұйымдарының жетекшілерін жинап, жаңа облыстың бірінші басшылығына Ф.Новиковтың кандидатурасы ұсынылуы тиіс екенін айтқан. Осы кезде ­Ералиев және Маңғыстау аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшылары Қайролла Ережепов, Сақып Керелбаев В.Ануфриевтің ұсынысымен келіспей, «бірінші басшы жергілікті жердің азаматы болу керектігін» алға тартады,  талқылай келе олар: «егер астанадан әкелу керек болса, жерлесіміз жазушы Ә.Кекілбаевтың кандидатурасы лайық» деп тұрып алады. Бұл демократияның алғашқы лебі болатын. Тығырыққа тірелген В.Ануфриев өз бетімен бұл мәселені шеше алмайтынын ескертіп, Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа хабарлап, келуін өтінеді.
Н.Назарбаев облыстық партия комитетінің ұйымдастыру пленумы мен облыстық кеңестің сессиясына қатысуға сол бойда Ақтауға ұшып келеді де, облыс басшылығына Алматыда тұратын маңғыстаулық жазушы Ә.Кекілбаевты әкелуді сұраған ұсынысқа түсіністікпен қарайтынын, алайда ондай білімді де, білікті азаматпен республикалық дәрежедегі қызметте бірге жұмыс істегісі келетінін, Әбіштің өзімен де сөйлескенін айтып, сонымен бірге бұл жолы олардан Ф.Новиковтың кандидатурасын қолдауларын өтініп, Маңғыстау халқы алдында ағынан жарылған еді. Әбекең де өз тарапынан жерлестеріне өзіне деген сенімдері үшін рахметін айтып, Президенттің ұсынысын қолдағандары жөн екенін айтқан.
Енді Әбіш ағаның шығармашылығы мен мемлекет, қоғам қайраткерлігіне бірер ауыз сөз арнай кету артық болмас. Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Ғылым академиясының академигі, Еңбек Ері Әбiш Кекiлбаев 1939 жылдың 6-желтоқсанында Маңғыстау түбегiндегi Оңды ауылында дүниеге келдi. Қазақ мемлекеттiк университетiн бiтiрген соң «Қазақ әдебиетi» газетiнiң қызметкерi болып қаламгерлiк жолын бастады. Шығармашылық шеберлiгiн одан әрi «Лениншiл жас» газетiнiң бөлiм меңгерушiсi қызметiнде шыңдаған жас жазушы келесi баспалдақтарда Мәдениет министрлiгi репертуарлық алқасының мүшесi, «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы ретiнде осы рухани отаулардың керегесiн деместi.
«Талант танылмай қоймайды» дегендей, Әбiштiң есiмi мектеп қабырғасында жүргенде-ақ әдебиет сүйер қауымға жарқырап көрiндi. Ал студент күнiнде әдебиет саласының зиялыларын елең еткiзiп, олардың ортасында зор беделге ие болды. Ұстазы Мұхтар Әуезовтiң ыстық ықыласына бөлендi. Мұхаң жас Әбiшке зор сенiм артты. Дана Мұхтардың сенiмi алдаған жоқ. Ұлы ұстаздың орнын басқан қазақтың екiншi Мұхтарына айналды.
Бiлiмдарлығы, қаламгерлiк қабiлетi, алдыңғыларға – кеңесшi, кейiнгiлерге – ақылшы, қатарластарға қайырымды болған айрықша адамгершiлiк қасиетi арқасында Әбiш бұдан кейiн Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң Мәдениет бөлiмi көркем әдебиет сек­то­рының меңгерушiсi, Мәдениет ми­нистрiнiң орынбасары, Жазушылар одағының екiншi хатшысы, Қазақ тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау қоғамы орталық кеңесi төралқасының төрағасы, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетi ұлтаралық қатынастар бөлiмiнiң меңгерушiсi болған жауапты қызметтерде де халқынан абырой арқалады.
Ал тәуелсiздiгiмiздiң туы тiгiлгеннен берi Қазақстан Республикасы Президентi аппаратының мәдениет және ұлтаралық қатынастар референтурасының жетекшiсi, Жоғарғы Кеңестiң ұлт саясаты, мәдениет және тiлдi дамыту жөнiндегi комитетiнiң төрағасы, «Егемен Қазақстан» газетiнiң бас редакторы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кеңесшiсi, Қазақстан Рес­публикасы Президентi жанындағы Мемлекеттiк саясат жөнiндегi ұлттық кеңес төрағасының орынбасары, ҚР Жоғарғы Кеңесінiң Төрағасы, Мемлекеттiк хатшы қызметтерiн атқарып, жұртына беделдi қайраткер, ойлы саясаткер, қарымды қаламгер ретiнде танылды.


Әбiш шығармаларындағы терең ойлы, астарлы түйiндер кiм-кiмдi де сүйсiндiредi, өзiне еріксiз елiтедi.
«Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-алаң» романдары, «Күй», «Шыңырау», «Бәсеке», «Бәйге торы», «Ханша дария хикаясы» повестерi қазақ халқының әдет-ғұрпын, мәдениетiн, өнерiн, мiнез-құлқын, қысқасы ұлт болып қалыптасу жолындағы қиын-қыстау кезеңдердi көркем күйiнде көз алдыңа әкеледi. Ал «Автомобиль», «Құс қанаты», «Шеткерi үй» повестерi мен «Керек адам», «Мiне керемет», «Ақырғы аялдама», «Тасбақаның шөбi», т.б. әңгiмелерi қазақ халқының бүгiнгi заманғы психологиясын ашуды мақсат етедi.
Айсбергтiң төрттен бiрi ғана су бетiнде, ал қалғаны су астында жатады демекшi, Әбекең шығармаларының қуаты мен күшiн, мән-мазмұнын тереңнен, сиқырлы сөздiң, филисофиялық ой-түйiннiң зерделi зейiн ғана ұғатын әлемет астарынан iздеген жөн. Оның сөйлем құрылыстары күрделi. Шындығы, Әбiш шығармаларын қолға алу үшiн алдын ала тыңғылықты дайындық керек. Ол оқиға қуалап әр жерден бiр көз жүгiртудi емес, әр сөйлемдi, тiптi әр сөздi мұқият қадағалап, астын сызып оқуды қажет етедi. Сол қолданылған сөз нендей ойды меңзеп тұрғанын ұғынуды тiлейдi. Түйiп айтқанда, Әбекең өз шығармасын қара танып, хат жаза бiлетiн кез келген оқырман үшiн емес, көкiрегiне тоқығаны, түйгенi мол салауатты оқырман үшiн жазады, сонымен сырласып, мұңдасады.
Ел алдындағы, өз шығармашылығының идеялық бағыты, ықпал әсерi жөнiндегi жауапкершiлiк сезiмiнен Әбекең бiр сәт босап көрген емес десек, асыра айтқандық болмас.
«Үркер», «Елең-алаң» романдарының бас кейiпкерi Әбiлқайыр хан – тарихи тұлға. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» аталған қасiреттi кезеңде елiн жоңғар шапқыншыларының қол астынан азат еткен бас сардар – осы Әбiлқайыр хан. Ол тарихта аты Аңырақай аталатын iрi жеңiстi еншiледi. Бас сардардың тереңде жатқан сұңғыла ойы жоңғарларды ұрыста жеңiп қана қоймай, өз халқын басқыншының қол астынан түгел тазартып, ендi қайтып беттемейтiн ету едi. Амал не, бұл мақсатты бақталас сұлтансымақтар аяқтан шалып, жүзеге асырмады. Олар елiнiң еркiндiгiн емес, осы жеңiстегi Әбiлқайырдың даңқын алты әлемге жайғалы тұрған абыройды қимады. Сол кездегi бас хан есептелетiн бозымбай Болатқа тиген қаңғыма оқ, ұрыс майданында қолда тұрған жеңiстiң ең соңғы нүктесiн қоюға жеткiзбедi, қазақ халқының кейiнгi тағдырын тығырыққа тiредi. Өз ұлысына өзi қожа, өзi би сұлтандар «бас хан өлiп жатқанда абырой таппаспыз» деп жасағын ертiп, қыр асып бытырап кеттi. Қызғаныштың қызыл итi Бас Хан сайлау жиынын шақыруды да ауызға алдырмады. Сөйтiп, күнi кешегi Алаштың айбынды ғаскерi тұрымтайдай тозып бара жатты.
Әйтеуiр, Әбiлқайыр осал тұлға болмайтын. Оған Төле, Қазыбек, Әйтеке билердiң көреген көздерiнiң түсуi де тегiн емес. Сол кездегi қазақ елiнiң тарихын сол қалпында кейiнгi ұрпаққа жеткiзу – тек Әбекеңнiң ғана талантының жемiсi. Осы екi роман қазақ халқының шын мәнiндегi мiнездемесi тәрiздi. Бұнда халқымыздың батырлығы да, байлығы да, билiгi де, аңғалдығы да, аңқаулығы да, тентектiгi – асаулығы да, кемшiлiгi де, ерлiгi де, ездiгi де, бәрi бар.
Әбекеңнiң «Күй» повесiнде күй құдiретiнiң алдында қанды қол батырдың сұстылығы түкке тұрғысыз болып қалады. Сонда домбыра былай сұңғылдайды: «Қара жерге бәрiбiр. Адамдар пайда дегенiн қылсын. Тiрi жүрсе тiрi жүргендерiн ауырсынбайды, өлсе өлгендерiне қиналмайды… Әйтеуiр, олар бiр-бiрiне қанша кеуде қағып, асып-тасқанымен бұдан басқа барары жоғын жақсы бiледi. Адамдар бiр-бiрiн жеңсе жеңер, бiрақ бұны жеңе алмайды. Ол үстiне сыйыспаған адамдарды астына алып, оп-оңай-ақ сыйыстырады».Бұл тұжырым бүгiнгi таңда бiр-бiрiмен қырқысып, қан төгiсiп жатқан елдерге сабақ боларлық нәрсе.
Ал «Шыңырау» повесiндегi құдықшы Еңсептiң бейнесiнiң өзi көп нәрсенi аңғартады. Бiздiңше, кейбiр сыншылар айтып жүргендей, Еңсеп атаққұмарлыққа берiлген жоқ едi, ол бар болғаны еңбекқор ғана болатын. Ол Үстiрт үстiндегi шөл далаға өмiр сыйлауға құлшынды. Сөйтiп, ол артына мың жылқы суарса да суалмайтын шыңырау қалдырды. Мейлi, шыңырау аты «Еңсеп өлген» деп-ақ аталсын. Бәрiбiр оның өлiмi – ақ өлiм, жау қолынан қаза тапқан батыр өлiмiмен бара-бар өлiм. Аптап пен аңызақта аңқасы кеуiп келе жатқан талай жолаушы әлгi шыңыраудан мейiрiн қандырып тұрып Еңсеп есiмiн қайталап айтып, оған ақ алғысын жаудыратын болады.
Жалпы, Әбiш баспасөз бетiнде насихатталудан кенде емес, демек, оның мадақтау лебiзге зәрулiгi жоқ. Өзiмiз бiле­тiн солардың кейбiреулерiн келтiре кетелiк.
Әбдiжәмiл Нұрпейiсов: «Ол өзiнiң шығармаларында тарихи тұлғалар есiмiн саудаға салмайды. Өз халқының өткен тұрмысын мансұқтау секiлдi мiнезден аулақ. Адам өмiрiнiң әлеуметтiк сыр-сипаттарын философиялық-психоло­гиялық тұрғыдан терең көрсетедi»  десе, Зоя Кедрина: «Халық даналығының ға­сырлар бойы қалыптасқан қайнар көзi мен бүгiнгi адамдардың адамгершiлiк iзденiстерiнiң арасындағы өзара байланыс­ты iздеп, таба бiлу – Ә.Кекiлбаевты М.Әуезов дәстүрiмен туыстырады. Бұл ретте, жас суреткерлердiң стильдiк, суреткерлiк туыстығы да елеулi» дейдi.
Сонымен бірге Айтматов, Сидоров, Бондаренко, Десняк-Руденко, Мамаладзе, Терекопян, тағы басқалар Әбекеңнiң талантының сан қырын жоғары бағалады. Әбiштiң барлық шығармалары дерлiк орыс тiлiне аударылды. Әлемнiң көптеген халқы оның шығармаларын өз тiлдерiнде оқиды. Әсiресе, немiстер Әбекең шығармаларына ерекше ықылас танытты. «Дала балладалары», «Аңыздың ақыры» кiтаптары немiс тiлiнде екi қайтара басылды. Бұл кiтаптар жайлы Германияда 100-ден астам мақалалар жарияланды. Олардың арасында Леонгард Кошут, Герберт Кремпиен, Клаус Шнайдер, Зифгрид Клейнмихель, Гельмут Земке тәрiздi әдебиеттiң сыншылары мен бiлгiрлерi бар.


«Кекiлбаев романдары мен повестерiн оқып, бiздер қайтадан Томас Манмен кездескендей болдық» дейдi олардың бiрi. Немiстiң көптеген басылымдары қазақтың талантты прозашысын әдебиет феноменi деп атады. Осы тұста атақты Мәтжан би айтыпты деген мына бiр сөз тiлге ерiксiз оралады.
– Мәтеке, осы ағайынның iшiнде беделiң қандай? – деп сұрапты бiреу. Сонда Мәтекең:
– Адайдың iшiндегi беделiм Отпанның шоқысындай, Жары ауылының iшiнде Қаратаудай, ал өзiмiздiң Құдайберген ауылының iшiнде – құмырсқаның ала төмпегiндеймiн, – деген екен.
Сол Мәтекең айтқандай, немiстер Әбекеңдi бiзден, яғни қазақтан бұрын танып әдебиет феноменi атаған. Бұл кездерде Әбекең еліміздің мемлекеттiк сыйлығын әлi ала қойған жоқ едi.
Әбекеңнiң аудармашылық қыры өз алдына бiр сала. Оның аударуымен В.Шекспир мен Л.Толстой, А.Чехов пен Ш.Айтматов, Т.Ибсен, К.Гоци, М.Фриш, Г.Мопассан кейiпкерлерi қазақша сөйледi.
Он бес республиканың одағы кезiнде КСРО Жазушылар одағы басқармасының халықаралық «Лотос» жазушылар сыйлығы қазылар алқасының, орталық «Художественная литература» және «Дружба народов» баспаларының, көптеген қазақ басылымдары редакциялық алқаларының мүшесi болуы, Азия-Африка жазушылары халықаралық комитетiнiң мүшелiгiне сайлануы оның қаламгерлiк шеберлiгi мен беделiн танытады.
Немiстiң «Фольк унд Бельт» баспасы жүргiзген сауалнама қорытындысымен Кекiлбаев есiмi «ХХ ғасырдың таңдаулы жазушылары» тiзiмiне енгiзiлдi.
«Үркер», «Елең-алаң» тарихи романдар циклi үшiн 1986 жылы Абай атындағы Қазақстан мемлекеттiк сыйлығына ие болған қаламгерге 1991 жылы «Қазақстанның халық жазушысы» құрметтi атағы берiлдi.
Әбiш Кекiлбаев бұрынғы республика Жоғарғы Кеңесiнiң депутаты әрi Төрағасы бола жүрiп қазақ халқының адал ұлдары Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Жабайхан Әбдiлдин, Әнуар Әлiмжанов, Қайролла Ережеповтермен бiрге республикамыздың тәуелсiздiгi жолында келелi iстер бiтiрдi.
Желтоқсан қасiретiнiң көзге көрiнбеген де батырлары көп. Ал оның батырларының iсiн ақтап алу жолындағы iс-әрекет қан майданнан кем болған жоқ. Империяның құлдық құрсауына қарсы, компартияның екiжүздiлiк ұлттық саясатына қарсы толқуды қарулы күшпен басқаннан кейiн, осы оқиғаға саяси баға беру тұрғысында саясаткерлер сайысы басталды. Қазақ халқының тағдыры ендi осы саясаткерлердiң қай жеңгенiнiң қолында едi. Қолға жалаң қылыш алып шабар болсаң, өзіңе де қарсы сондай қылыш көтерілетінін түсінген Ә.Кекiлбаев желтоқсан жауларын байырқатып, байыптылыққа шақырған, сөйтiп, зерделi зерттеу қорытындыларын республика басшыларының аузымен айтқызған мәмiлегерлiгiмен ерекшеленедi. Сөйтiп, рельстен шығып кеткен дәуiр тепловозының дөңгелегiн, сол механизмдi жақсы бiлетiн бiлiктi инженердiң әдiсiмен өз орнына қайта салуға жәрдемдестi.
Әбіш аға туған Маңғыстауына атбасын жиі бұрып тұрады. Соның бірі 2014 жылғы 26-тамызда Ақтау қаласында өткен Дүниежүзілік маңызға ие мұралары бар Еуразия қалаларының VII халықаралық конференциясына келіп, сөз сөйлеуі (оны жиынның бас баяндамасы десе де болады) еді. Мың тылсым мен мың құпияның өлкесі аталатын Маңғыстауының ғасырлар қатпарында жатқан сырларын әр елден келген тыңдармандар құлағына құюдай-ақ құйған.
Мақаламды Әбекеңе ертеректе арнаған «Ағамен сұхбаттардан» атты өлеңімнің «Диалог» атты бірінші бөлімімен аяқтасам деймін:
Дедi Ағам:
– Анау Темiрқазық,
Анау Жетiқарақшы,
Анау Ақбозат, Көкбозат!
Бiлсең, iнiм, аспанда да, жерде де,
Байланысқан бiз бiлмейтiн көп ғажап.
Дедiм мен де:
– Анау Үркер…
Кiмдi iздейдi сабылып,
Ынтығады аласұрып, сағынып.
Жетiқарақшы алып қашқан қызының,
Тiлейдi ме гүлдегенiн бағының.
Тыншымайды көк аспанды кезедi,
Қыз-гүлiнiң оралмасын сезедi.
Сезген сайын, сезген сайын қуады,
Өртенiп ой өзегi.
Бұ не ғажап аспанда да жүргiншi ел,
Бұ не ғажап аспанда да сүргiн сел.
Қарақшыдан қалар едiм қызды алып,
Көкбоз атты жетектеп,
Ақбоз атқа бiр мiнсем!..
Дедi Ағам:
– Әртүрлi өмiр әр пендеге дарыған,
Бiр жүректе мейiрiм мол,
Бiрi аяз боп қарыған.
Аспан кейiн (қақты арқамнан) әуелi,
Арылалық жердiң қарақшыларынан…

Айтуар ӨТЕГЕНОВ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.