«ОКОП ШЫНДЫҒЫНАН» басталған өмір шындығы

(Қазақстанның Халық жазушысы  Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармашылығы туралы)

Осыдан жиырма, отыз, не қырық жыл бұрын, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармашылығы мен қайталанбас қаламгерлік болмысына ой көзімен үңіліп, ол туралы жан-жақты сипаттап, әр қырынан ашып көрсетуге тырысқан аға буын өкілдерінің оның шығармашылығы мен қаламгерлік болмыс-бітіміне қатысты тағы нендей құнды дерек, тың, соны серпінді ойларын айтып үлгермей кеткендіктері қайдан, ал бүгінгі біз қазіргідей толысқан, әбден кемеліне келіп, шығармашылық шеберліктің шың-құздарына дейін жеткен, бір кітаптан соң, тағы бір кітабын өмірге әкеліп, оның үстіне, уақыт-заман, қазіргі қоғамдағы, өмірдегі, өнердегі, әдеби орта мен ұрпақ тәрбиесіндегі келелі мәселелерге байланысты әртүрлі жанрларда сөз қозғаған Ә.Нұрпейісовті көріп тұрып, қадірменді қазақ әдебиетіне кезінде осындай тұлғаны әкелген, өздерінің бұрынғы өткен рухани үрдістердегі бар жақсылықтарын осы ағамыздың бойына сіңіріп, өздерінің келер ұрпаққа, келер күндерге деген өнегесін де осы кісінің шығармашылығы мен қаламгерлік болмысы, шығармашылық шеберлігі, талант көкжиегі арқылы көрсеткісі келген үміт пен зор сенімді де көргендей болатындығымызды қайтерсің?! Әрісін айтпағанда, Әбдіжәміл Кәрімұлы шығармашылық жұмыстарға құлшына кірісіп, алғашқы туындыларын жазып жүргенде, осы Алматыда көзі тірі Мұхтар Омарханұлы Әуезовті, Сәбең мен қос Ғабеңді де көрген ғой. Қалай дегенмен де, Алматыдағы әдеби орта жас Ә.Нұрпейісовті бірден-ақ өз иіріміне қарай үйіріп әкетіпті. Соның бір нәтижесі – оның қаламынан туындаған «Курляндия» романы. Былай деп айтуға, әрине, тек бүгінгі бізге ғана оңай ғой, әйтпесе, кеше ғана Ұлы Отан соғысындағы қанды қырғынның арасынан жаны жаралы болып оралған жас жігітке бірден соғыс тақырыбына қалам тербеу ең бір қиынның-қиыны да болғандығы шындық.

Еуропалық әдебиеттегі «окоп шындығын» барынша ашып көрсетуге жан салған сондай бір үлкен шоғырды алғаш Генрих Белль, Эрих Ремарк, Вольфганг Борхерт сынды алыптар бастап, әдебиеттанудағы бір мәйекті белеске айналдырса, жеңімпаз елдің әдебиетінде «Өлілер мен тірілер», «Отан үшін от кешкендер», «Батальон оқ сұрайды», тағы басқа да ондаған үлкенді-кішілі туындылар өмірге келіп, өз оқырмандарының көңілдерін марқайтып, кешегі ұрыс даласында өліспей-беріспеуге жандарын салған жауынгерлердің өміріне қатысты тағы талай шындықтарға да көздерін ашыпты. Осы тұрғыдан келгенде, соғыс шындығын өз кезінде барынша шырқыратып айтқандардың алдыңғы сапында кеше ғана ұрыс даласынан оралған Әбдіжәміл Нұрпейісов пен оның тағы бір майдандас-қатарласы Тахауи Ахтанов бастаған қазақ қаламгерлерінің болғандығы біздің бүгінгі ұлттық әдебиетіміз үшін де зор мақтаныш. Біздің тағы бір анық білетіндігіміз, өзінің кешегі қанды көйлек қаруласы, әлемдік әдеби үрдіс осыншама шулатып жатқан «окоп шындығын» өзінен кем білмейтін, фашистік жендеттерге қарсы ұрыс қимылдары кезінде өзінен кем азап шегіп, өзінен кем мұңға берілмеген Ахтанов тау бөктеріндегі бір тыныш жерге қамалып алып, «Қаһарлы күндер» романын жазуға отырғанда, сол әлгі өзі бастан-аяқ қатысқан соғыс шындығы мен соғыс шырғалаңдары хақында осы кезге дейін өзгелерге егжей-тегжейлі суреттеп, әңгімелеп беруден жалыққан Ә.Нұрпейісов те дәл сондай бір шыбынның ызыңы да естілмейтін бір тыныш жерде өзі бастан-аяқ куә болған майдан даласындағы өмір мен өзінің сондағы қанды көйлек майдандастарының тағдыр-талайлары хақындағы «Курляндия» романын ақ қағазға төгілдірте түсіруге білек сыбана кірісіпті. Байқауымызша, сондағы Ә.Нұрпейісовтің соғыс шырғалаңы туралы көлемді шығармасын жазып, ең соңғы нүктесін қоюы екі-үш жылға дейін созылыпты. Бүгінде әлем білетін Ә.Нұрпейісовтің қай кезде де өзінің бір жазғандарын қайта-қайта түзетіп, қайта-қайта шұқшия беретін шығармашылық дағдысы да дәл сол кездерден бері-ақ қалыптасса керек.
Бертінде өз еліміздің бірқатар танымал әдебиеттанушыларынан бөлек, әлемдік әдебиеттегі небір атақты деген әдеби сыншылардың да Ә.Нұрпейісов шығармаларын әр қырынан жіліктеп талдай отырып, ал кезек оның қаламгерлік болмыс-бітіміне келгенде, қарадай таңғалып, қапелімде теңеуге сөз таппай, кей ретте оның талант күші мен шығармашылық салмағын кезінде өзіне ақ батасын беріп, ақ жол тілеген ұлы М.Әуезовтің ауқымында алып қарап, бірде «бөлекше мэтр» деп, ендігі бірде «алға озыңқырап кеткен классик» дегендіктері де сондықтан еді ғой. Өйткені кешегі кеңестік дәуірде алдыңғы толқын алашшыл қайраткер ұстаз-тәлімгерлерінен айырылып, өмірдегі көрмегенді көп көрген ұлы М.Әуезов соғыстан бұрынғы жылдары өзінің ел құлағын елең еткізген атақты «Қилы заман» романынан кейін, бірден өзінің көптен бергі көкейінде жүрген «Абай» – «Абай жолы» атты роман-эпо­пея­сына кіріссе, соғыстан кейінгі ұлттық әдебиетіміздің ұлы көшін алға апару­шылардың алдыңғы сапына қосылған Ә.Нұрпейісов те әбден ширығып, ұлттық «рухани игіліктер қорын» (Г.Маркес) одан әрі байытуды мақсат етіп, кешегі соғыс жылдарындағы өз пайымы, өз таным-түсінігі арқылы ашқан «окоп шындығы», сондағы сызды окопта жатып, өз Отаны мен өз туған халқына деген перзенттік махаббат пен сағынышынан туындаған телегей теңіз ойларын тың сипат, соны арна, бір сөзбен айтқанда, басқаша формада кең тынысты «Қан мен тер» атты көлемді шығармасында айтуға құлшына кірісіпті. Екеуі екі бірдей кезеңдегі екі бөлек әдеби мектептің өкілдері бола тұрса да, олар өз шығармаларына бір-бірімен біте қайнасып, тонның ішкі бауындай-ақ ілік-шатыс болып келетін ірі оқиғаларды ғана арқау етіпті. Кезінде «Қилы заманды» жазу, сонау 1916 жылғы Жетісудағы, тек бір киелі Жетісу жерінің ғана емес, сол кезеңнің жағдайына байланысты бүтіндей қазақ даласындағы ұлт-азаттық көтерілісінің драмалық сарынын өмірдің өзіндей-ақ етіп шырқыратып көрсеткен шығармасы арқылы заманында Алаш алыптарының көзін көрген, солардың ақыл-кеңестерін тыңдап, өсиет сөздерін естіген ұлы М.Әуезов «осы қазақ қоғамы қайда бара жатыр, алда елді, тұтастай халықты қандай тағдыр талайы тосып тұр» дегендей тұрғыда көп ойланған деуге болады. Бүгінгі біз білетін ұлы Абайдың роман-эпопеядағы тарихи бейнесі, даналығы мен даралығы, Абай өмір сүрген орта да осылайша көркемдік қалыбымен көрініс берген еді ғой. «Абай жолын» жазғанға дейінгі ұлы Абайдың азабын Мұхтар Әуезовтің өзі арқаланып, бар қиындығын өз иығымен көтерсе, роман-эпопея өмірге келгеннен кейін, сол кезге дейінгі М.Әуезовтің азапты сезімдері мен қиналыстары тек бір ұлы Абайдың ғана бойынан табылып жатпайтын ба еді?! Біздіңше, сонау соғыстан кейінгі жылдары кешегі фашизммен ұрыс даласында ақ қар жамылып, көк мұз жастанған Әбдіжәміл Нұрпейісов те өз тұсында дәл осындай толғанысты жағдайды бастан кешіп, тіпті өзінің ұлы ұстазы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің көзі тірісінде-ақ өз туған Отаны мен өз туған халқының тағдыр талайына мүлдем жаңаша тұрғыда қарай бастады десек, тағы артық кетпес едік.
Осы тұрғыдан келгенде, кешегі соғыс жылдарындағы Ә.Нұрпейісов таныған «окоп шындығының» бұрынғы айтылып, жазылып жүрген тар шеңбердегі «окоп шындығынан» мүлдем бөлек шындық болғандығына да көз жеткізер едік. Оны ХХ ғасырдың сонау алғашқы жылдарындағы аласапыран оқиғалардың сырына үңілдіртуге жетелеген жағдайлар да осында еді. Осының бәрі оған өз халқының бұрынғы өткен өмір үрдістеріне ой көзімен қарап, жаңа дәуірдің, жаңаша танымға иек артып отырған ұрпағының көзқарасымен жаңаша бір ой айтуға да жеткізген еді ғой. Оның үстіне, дәл сол бір қысталаң шақтардағы «окоп шындықтары» болашақта «Қан мен тер» трилогиясының авторы үшін тұтастай майдан шындықтарын да ашып берген жоқ па?! Әсіресе, майдан мен тылдың, сонау өзінің кіндік қаны тамған Сыр бойы һәм тұтастай Қазақ елімен арадағы тығыз байланыс, майдан мен тылдың арасындағы адамдардың ұлы рухқа толы сезім шарпуы, адалдық пен мәрттік қасиеттері, дәл сол кездердегі өз бойындағы ешқашан таусылып бітпестей болып көрінген перзенттік махаббат сонау бала кезден бергі естіп өскен, кезінде өзі де ауыл көшелерінде қатар-құрбыларымен бірге ағаш атқа мініп, ақ пен қызыл болып атысып, жұлқысып өткен шақтарының шындығына үңілуге дейін де жетелей бастады емес пе?! Шынында да, ойлап қараңызшы, Ә.Нұрпейісовтің сонау бозбала шағында басталып, енді шығармашылықтағы шеберлігі жетіліп, кемелдене келген тұсында ең негізгі деген түйінді шешімдері көркемдік оймен ақ қағазға төгіле түскен «Қан мен тер» трилогиясындағы оқиғалар – Сыр бойындағы тыныштығы ұйыған қазақ ауы­лы, бүтіндей бір аймақтың халқын өзінің табиғи байлығымен асырап отырған атақты Арал теңізінің жағалауы, сондағы момын жұрт, еңбекқор жандар… Еламан, Ақбала, Тәңірберген, Судыр Ахмет, Қален, Рай, Дос, Мөңке, тағы басқалар… Олардың арасындағы күнделікті тұрмыс-тіршілік қатынастары… Түрлі мінез, сүйіспеншілік сезім… Аралдың бойындағы баяғыдан бергі қалыптасқан дәстүрлі қазақ салты… Өмір үрдісі әрі қарай тағы осылайша жалғаса берсе де, қазағымыз ешкімнен кем қалып, ешқашан қор болмас та еді! Ал кешегі отарлық жүйенің кезінде қалыптасқан капиталистік қатынастар, қоғамдағы әлеуметтік теңсіздіктер, әлімжеттік, түрлі қиянат, алакөздік… Осының бәрі ақыр соңында отырықшылыққа бейімділік танытып, мамыра-жай күн кешіп отырған қарапайым қазақ ауылының тұрмыс-тіршілігін сан саққа жүгіртіп, жергілікті тұрғын­дардың тағдырын әбден-ақ тәл­кекке салып, сергелдеңге түсірген жоқ па?! Трилогияда осының бәрі кең ауқымда, заманауи тұрғыда суреттелініп, тек бір қазақ ауылы ғана емес, барша қазақ даласындағы өлместің ғана күнін кешіп отырған қазақи орта, қазақ халқының тауқыметті тіршіліктерін сенің көз алдына дейін елестетіп, заманның, уақыттың сырын бар бояу-бедерімен де анық аңғартпайтын ба еді?! Біздіңше, осының бәрі жазушының тек бір қолдағы бар материалдары, мұрағаттық құжаттар, көне деректер мен сонау ХХ ғасырдың басындағы дүбірлі тіршіліктерді өз көздерімен көріп, өз бастарынан кешкендердің толғаныс, мұң-шерлері арқылы ғана қағаз бетіне түскен десек, мүлдем қателесер едік. Сөз жоқ, «Қан мен тер» заман сырын кеңінен танытса, заманы билеген адамдардың бастарындағы қалыптасқан қилы тағдыр, қиын соқпақтар мен зар, мұң, наланың бәрі де автордың бала кезіндегі Сыр бойындағы ауыл өміріндегі өз көзімен көріп, өз санасынан өткізген жайттары деуге толық негіз бар.
Роман-трилогияның үлкен үш бөлімнен құрылып, олардың әрқай­сы­сының «Ымырт», «Сергелдең», «Күйреу» деп ата­лын­ған­дығы да ХХ ғасырдың арғы жақ, бергі жағындағы қазақ даласы, Қазақ елі, қазақ қауымы, қазақи орта­дағы қаншама драмалы, трагедия­лы оқиғалар мен сезім шарпыстары хақынан талай терең астарлы сырларды аңғартып тұрған жоқ па?! «Ымырттағы» теңіз жағалай қонған қарапайым қазақ ауылындағы теңсіздіктен туындаған шиеленіс, қайғылы, қасіретті оқиғалардың сарыны тұтастай құрылықтағы бұлғақты кезеңдерге ұласатындығы, не олардың сонау ХХ ғасырдың алғашқы жылдарындағы халқымыздың тағдырына іргелі өзгерістер әкеліп, тың серпілістер жасағандығы ащы да болса, өмірдің өзіндегідей-ақ ақиқат сырлар емес пе?! Шығармадағы Еламан мен Ақбаланың, Еламан мен Тәңірбергеннің, басқа да толып жатқан үлкенді-кішілі кейіпкерлердің арасындағы уақыты, заманы, әлеуметтік қатынастар тудырған шиеленісті жағдайлар уақыт пен заманның сырын терең ұғындырумен бірге, ұлттық әдебиетімізде Ақбала мен Еламандай тамаша кейіпкерлер бейнесін әкелгендігімен де мақтаныш. Осындағы бір көңіл аударарлық жайт, Ә.Нұрпейісов «Қан мен терді» жазудың кезінде ондағы тұтастай әлемдегі империалистік қақтығыстармен ұласып жатқан драмалық оқиғалардың ең бір шешуші сәттері мен сондағы небір ауызбен айтып жеткізгісіз қатыгездік пен зарлы-мұңды жағдайларға жергілікті тұрғындардың қалайша куә болып, соның бәрін қалайша өз бастарынан өткергендіктерін, әрі солардың сол бір тар кезеңде қалайша жылап-сықтағандықтары мен небір сындарлы шақтарда да келер күндерден еш үміт үзбегендіктерін өзінің бүтіндей жан дүниесімен анық сезініп отырған деуге болады. Тап осы тұстағы Ә.Нұрпейісов толғанысы, Ә.Нұрпейісов ашынуы мен шиырығуын кешегі социалистік реализмнің тұсауына шырмалған кеңестік сыннан бұрын, демократиялық, жаһандық пайымдағы батыс әдебиеттанушы-сыншылары әлдеқайда дұрыс қабылдап, солар әлдеқайда тереңірек түсінген сыңайлы. Әйтпесе, сонау 1974 жылдың өзінде-ақ бельгиялық әдебиеттанушы-сыншы Жорж Буйон ұлы М.Әуезов пен Нұрпейісов шығармаларының халықтығы мен шыншылдығы туралы кеңінен сөз қозғап, оларды оқи отырып, сол кеңестік-тоталитарлық жүйенің әлсіз тұстары мен ғаламатын да тереңірек түсінуіңе болады дер ме еді?!
«Нұрпейісов – жоғары калибрлі жазушы» дегенді де өзімізден бұрынғылар айтыпты. Ә.Нұрпейісовтің шығармашылығы мен қаламгерлік болмысын арнайы тақырып ретінде зерттеп, кейде оның қасына еріп жүріп, «Қан мен тер» трилогиясындағы тарихи оқиғалар болып өткен жерлерді көзбен көріп, романдағы Еламан мен Тәңірбергендер өмір сүрген, солардың заманның ықпалымен болған сан қилы оқиғалардың арасында қандай үлкен өзгерістерге ұшырағандықтарын роман авторының өз аузымен қайтара бір айтқызып алғандар да болыпты. Бұның бәрі, әрине, романдағы оқиғалардың шынайылығы мен тарихи кезеңдегі тарихи жер, тарихи ауыл, тарихи тұлғалардың шын болмысы тек бүгінгі Ә.Нұрпейісов романы арқылы ғана әлемге паш етіліп, мәңгіге сақталып қалғандығынан да хабар бермей ме?! Бірақ қалай болғанда да, Ә.Нұрпейісовтің кең ауқымда жазатын әрі өзінің көптеген тұстастарына қарағанда, кең құлашты қаламгер екендігі кешегі кеңестік дәуірдің өзінде де айтылудай-ақ айтылып, оған «Қан мен тер» трилогиясы үшін КСРО-ның ең жоғарғы Мемлекеттік сыйлығы берілді. Оның таңдаған тақырыбы мен көтерген мәселелерінің қай кезде де мәртебесі жоғары тұрғандығы тағы шындық. Тарихты тірілту, тарихтан жаңаша сыр аңдау, тарихтың салдары, тарихи тұлғалардың кейінгі ұрпақтың рухани әлеміне тигізер әсер-ықпалы… Сол арқылы ұлттың тілі мен рухын жаңғырту… Ә.Нұрпейісовтің бұл тұрғыдағы жаңалықтары да ескерусіз қалған жоқ… Ал оның жазу машығы, суреттеу шеберлігі, тіл орамдарында да тек нұрпейісовтік мақам, нұрпейісовтік шарықтау мен нұрпейісовтік-халықтық дәстүрдің іздері ғана сайрап жатыр. Біздіңше, кезінде М.Әуезов пен Ш.Айтматовтың шығармаларына ерекше назар аударып, олардың француз баспаларынан француз тілінде жарық көрген шығармалары арқылы әлемге барынша кең танылуларына зор мүмкіндік жасаған атақты Луи Арагонның Нұрпейісов шығармаларына келгенде, оған тіптен ерекше көңіл бөліп, соны пікірлер білдіруінің өзі де әлемдік әдеби үрдістегі нұрпейісовтік биіктің асқар шыңдарын дер кезінде көре білгендігінен-ау деуге болар.
Тағы да «шығармашылық шеберлік» дегеннен шығады. Ә.Нұрпейісов үнемі ізденіп, өзін-өзі шыңдап, жетілумен келген қаламгерлердің қатарынан саналатын. Әлемдік әдебиетте бұндайдың талай толып жатқан мысалдары да баршылық. М.Әуезов те, Ш.Айтматов та, әлемдік әдебиеттегі солар қатарлы өзге қаламгерлер де бір үлкен шығармасынан кейін, келесі бір үлкен шығармаларына құлшына кірісіпті. Ал Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясынан кейін, тағы да ауыздан-ауызға ілігіп, суреткерлік болмысын одан әрі асқақтатқан келесі бір іргелі шығармасы «Соңғы парыз» деп аталады. Бұл да – көлемді шығарма. Ә.Нұрпейісов бұнда да өзінің бар шеберлігін пайдалануға жан салған. Оны да ұзақ жазды. Оны да қайта қарап, ширатып, шымырландыра түскен кездері аз болмаған. Бірақ бір таңғаларлығы, «Қан мен тер» мен «Соңғы парыздағы» сан қилы тартыс­ты оқиғалардың өтетін жері де – Арал теңізі мен оның жағалауы. «Ымырттағы» Арал толықсыған, кейде бұлқынып, өзінің жойқын толқындарымен есіңде қалса, «Соңғы парыздағы» Арал кеңестік-тоталитарлық қоғамның теперішінен көп қиындық (қолдан жасалынған ашаршылық, жұт, саяси репрессия, т.б.) көріп, әбден арып-ашыған халықтың өмірін көз алдыңа дейін елестетер еді. Сондықтан арадағы ұзақ үзілістен кейін жазылған бұл екі үлкен шығарманың арасында бір-бірімен тонның ішкі бауындай байланыс, не ешқашан үзілмейтін бір кернеулі арна жоқ деуге кімнің аузы барар?! Бәлкім, кезінде кеңестік әдебиеттанушы-сыншылардан бұрын, Еуропаның білікті деген әдеби мамандарына назар аудартып, Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романына асқан ынтызарлықпен көңіл қойғызғандығының бір сыры да осында жатқан шығар?! ХХ ғасырдың басындағы толқыған Арал мен ғасырдың соңындағы сарқылған Аралдың арасында бүтіндей жазушы шығармашылығының қапелімде көзге көрініп, көкейге қона қоймастай ғаламат бір терең және астарлы ойлары да менмұндалап-ақ жатқан жоқ па?! Өзінің табиғи болмысынан тана қоймаған, бірақ ұдайы толқып-шалқып, ақ көбіктерін аспанға атып, қайсыбір кездерде ұрлана басып келіп, жағалауға дейін шығып, мінез көрсетіп жатқан Арал отарлық жүйемен арпалысып, іштей қайрат көрсетіп жатқан халықтың өз қалпы да, бертінде суы тартылып, тұзды, зәрлі теңіз-көлшікке айнала бастаған Арал кеңестік жүйедегі «кемелденген социализмнің» тұсындағы «шықпа, жаным, шықпа» деп қана отырған қазағымыздың шынайы өз өмірінен хабар бермей ме?! Дәл сол тұстағы тіл тартпай, «барса келмеске» кетіп бара жатқан Аралдың жайы тұтастай халықтың да жай-күйі еді ғой. Романдағы басты тұлға балықшы Жәдігердің ышқынған үні де халықтың сондағы мұңды-зарлы үні емес пе?! Осы тұрғыдан келгенде, Жәдігердің қарсыласы, мансапқор Әзім мен олардың арасындағы нәзік жанды жас Бәкизатты тану, олардың ішкі жан дүниесіне тереңірек үңіліп, қандай жиынтық образдарға айналдырылғандығын түсіну де көп қиындық келтірмес еді. Осындай фонда, осындай көркемдік қуатпен жазылған шығармадағы тағдырдан көп теперіш көріп, тауы шағыла бастаған Арал да бағзыдан бергі өз жағалауында отырған халықпен бірдей қасіретті жағдайды бастан кешті емес пе?! Сол бір келмеске кеткен қыспақ-қоғамдағы қатерлі жар басына дейін келіп, тірелген тұтастай бір халықтың тағдыр талайы… Жағалауындағы байырғы халқынан кем азап шекпеген… Енді кеп, экологиялық апаттың құрбаны болып бара жатқан Арал теңізі… Әлем таныған Ә.Нұрпейісов шығармашылығындағы әу бастағы «окоп шындығынан» басталған өмір шындығының шығармашылықтағы шынайы бір болмысы, міне, осындай еді.
Нұрпейісов – көпқырлы талант. Оның шығармашылық сырлары да сан қилы. Бірақ Ә.Нұрпейісовтің қаламгерлік тұлғасы мен болмысына үңіліп қараған адамды оның шығармашылық өмірдегі ізденістері мен өз еліндегі қызу әдеби орта, әдеби үрдіспен арадағы тығыз байланыстары да қызықтырар еді. Сонау соғыстан кейінгі жылдары жазылған «Курляндия» романымен-ақ бірден назарға ілігіп, Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдеби институтты бітіріп келген соң, ол өзі сонау Аралдағы бозбала кезінен бері қызыға оқып, кезінде Сәкен, Мағжан, Ілияс, Мұхтар, Сәбит, Ғабит сынды қазақтың қаншама классик-қаламгерлерінің шығармаларын жариялаған «Жұлдыз» әдеби журналын басқарды. Талай жақсы шығармаларға жол ашты, талай жас таланттардың бағын жандырды. Содан бері де ол ұлттық әдеби үрдісіміздің сарқылдаған қазаны басынан бір алшақтап көрген емес. Әдеби жиындарда биік мінберлерге көтеріліп, жарқыратып сөз сөйлеген, қайсыбір қаламдастарын әділетсіз сыннан арашалап қалған кездері де баршылық… Кейде оның қайсыбір сыр сақтағыш қаламдас інілерін өзінің қасына ертіп алып, Алматыдағы ең бір атақты, әрі қазақ және өзге тілдердегі әлемдік әдебиет жауһарлары ең бір көп түсетін кітап дүкендерін аралап жүргендігін көрсең, кейде Мереке Құлкенов пен Есенғали Раушанов ағаларымыз сынды өздері де бір-бір тұлға болып қалыптасқан қаламгер інілерімен бірігіп, Алматыда, не аймақтарда ірі әдеби басқосулар өткізіп, әдебиет, мәдениет, өнер, тіл, елдегі ­рухани өмірдің қазіргі хал-ахуалына қатысты өзінің жүрекжарды ойларын алға тартып, сағаттар бойына талмай, жалықпай, әрі оқырмандарының сұрақтарына жауап беріп жүргендігі хақында да көп еститінсің. Мен өз басым жазған-сызғанымды жылтыңдатып, Әбдіжәміл ағамыздың алдына барып көрмегенмен (бәлкім, ондайдың сәті де келмеген шығар), ұлы М.Әуезовтің тағы бір шәкірті, Әбдіжәміл ағаның қаламдас-үзеңгілесі, әрі жан досы академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың аузынан өзіміз жоғары бағалап, іштей мақтаныш етіп жүретін Ә.Нұрпейісов туралы көп естідім. Сонау 90-жылдардың басында Алматыдағы танымал ақын, жазушы ағаларымның арқасында ұлы Зекеңмен танысып, өзімнің сол кездегі «Жұлдыз» әдеби журналындағы қызметімді жалғастыра жүріп, КазМУ-дегі Зекең басқаратын атақты қазақ әдебиеті кафедрасында бірер жылдай дәріс оқығандығым да бар еді. Бір қызығы, кафедрадағы түрлі жиындардың кездерінде Зекең қалай да бір ретін тауып, ылғи да өзінің қаламдас-досы Ә.Нұрпейісовтің шығармашылығы мен оның жазу машығына қатысты сөз қозғамай отыра алмайтын. Былайғы кездерде, әдеби басылымдарда Нұрпейісовтың «Қан мен тері» және «Соңғы парыз» романдарын қаншама жерден мақтап, қаншама жерден талдап, таразылап, жіліктеген мақалалар көп шығып жатса да, сондағы Зекең айтқан әңгіме – Ә.Нұрпейісовтің шығармашылыққа келгенде, ешқашан еріну-жалығу дегенді білмейтіндігі, жазу үстеліне бір отырса, ұзақ уақыт бойына еш тапжылмай отыратындығы, әсіресе, оның қолжазбаға асқан мұқияттылығы, бір жазғандарын ақ қағазға қайта-қайта көшіріп, жуан қара папкіге кәдімгідей бір мүлік болған қалың қолжазбасы енді әбден мәшіңкеге басылып, біржола тазаланып шыққаннан кейін де шұқшиюын еш қоймай, ертесіне әлгінің бәрін қайтара бір көгала қойдай етіп, өзін де, өзгелерді де әбден-ақ азапқа салып жататындығына қатысты сырлары… Соның бәрін айта келіп, кейде Зекеңнің:
– Жазушылықтың бар ауыр салмағын, азабын шеккенге қиналмай, қайта содан өзінше бір рақат табатын Әбдіжәмілдей жазушы өмірде тым сирек… Классик атанып жүргендердің іштерінде ондайлар екеу болса, соның бірі – Ә.Нұрпейісов, біреу болса, сол жалғыздың өзі де – осы Нұрпейісов!.. – дейтіндігіне дейін де бір үлкен тағылым-тәрбие болып, есімізде мұқият сақталып қалғандығын қайтерсің?!
Тағы да сол тағылымы терең тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында елде қаржы, қағаз тапшылығы қатты сезіліп, қабырғалы қаламгерлеріміздің өздері де жазуды тым қатты сиретіңкіреп кеткен тұста, атақты «Қан мен тердің» авторы алға өзінің үлкен беделін салып жүріп, өткен ғасырларда ағылшын әдебиетінің классигі Джон Голсуорси негізін қалаған халықаралық «ПЭН»-клубтың Қазақ басқармасын құрып, ұлттық әдеби үрдісіміздің көрігін үсті-үстіне қыздыра түскендігі бар еді. Сондайлықты ию-қию тірліктері көп әрі алысты-жақынды сапарларға жиі шығып жүріп, Әбекеңнің бертінде арғы тегін сонау 20-жылдардағы ұлттық әдебиетіміздің Мағжан Жұмабаев бастаған классиктері тұсауын кескен «Таң» және «Шолпан» журналдарынан алатын «Таң-Шолпан» журналына әдебиетіміздің үлкен ақсақалы әрі Редакторлар кеңесінің төрағасы ретінде ақ батасын беріп, оның шығармашылықтағы сапарын қыр асырып, біраз жерге дейін ұзатып салғандығы да әдеби ортаға кеңінен танымал жайт. Бұнда да «классик Ә.Нұрпейісов өзінің уақытының тарлығына қарамастан, редакцияның қоржынындағы үлкенді-кішілі прозалық шығармалардың қолжазбаларын өзі қарап, қаншама кітаптары шыққандығына қарамастан, кейбір авторларды редакцияға қайтара бір шақыртып алып, әлдебір тұстарға байланысты өзіндік ақыл-кеңестерін беріп отырады екен» дегенді еститінбіз.
Одан бері арада тағы қаншама жылдар өтті, жылғалардан қаншама су ақты?! Атақты француз кемеңгері Луи Арагон кезінде өзі араласып жүрген әлем классиктерінің ең алдыңғы қатарына қойған ұлттық әдебиетіміздің мэтрі Ә.Нұрпейісов енді 90-ға келіп отыр. Бұл – әдебиеттің ғана емес, бүтіндей елдің, халықтың да тойы ғой! Тойыңыз құтты болсын, аға! Тәңіріміз берген жасыңызды әлі де жасай бергейсіз. Сіз барда, бүгінгі ұлттық әдебиетімізде де талай таулар қопарылып, талай асулар алынғалы жатқандай-ақ сезінеміз. Мәңгілік Елімізбен бірге сол сезім де Мәңгілік болғай!..

 

Серікқали ХАСАН,
жазушы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Оқырман

    Бірінші сөйлемді аяғына дейін дем алмай оқып шыға алсаңыз, оқып шығыңыз, жарайды, дем алып -ақ оқып шыға қойыңыз… Не түсіндіңіз? Осылайша шұбыртып, аяғына жеткенше басы ұмытылып қалатын мағынасыз, мәнсіз лепірме де, көпірме сөйлемге автор неге құмар? Осымен ол өзінің қандайф «шеберлігін» көрсеткісі келеді? Сөз болып отырған Нұрпейісовтің қарапайым сөз саптауынан үлгі алғанда мұндай болмас еді. Кәдімгідей, түсінікті, қарапайым тілде сөйлейікші.

  2. руслан

    маған қортындык керек

  3. руслан

    былай жаксы

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.