Қазақ баспасөзінің қарашаңырағы

Жуырда Астана қаласындағы Ұлттық музейде республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің 95 жылдық мерейтойына байланысты салтанатты шара болып өтті. Шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев және Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, түрлі министрлік өкілдері, ғалымдар мен жазушылар, өнер адамдары қатысты.

Жиынды құттықтау сөзімен ашқан «Егемен Қазақстан» АҚ-ның президенті Сауытбек Абдрахманов мерекенің мән-мазмұнына, басы­лым­ның ел өміріндегі алатын орнына тоқтала келіп:
– «Егемен Қазақстанның» тарихы – ел тарихы. Оны ХХ ғасырдағы қазақ жұртының соқтықпалы-соқпақсыз, тар жол, тайғақ кешулі жолындағы тарихы дейміз. Газет тігіндісін ақтару арқылы біз еліміздің өмірін тайға таңба басқандай көреміз. Бұл газеттің басында Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ораз Исаев, Ғабит Мүсірепов, Сапар Байжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин секілді ағалар тұрып басқарғанының өзі «Егемен Қазақстанның» қандай қасиет, қандай киеге ие екенін даусыз дәлелдейді.Тәуелсіздік ел газетінің тынысын кеңейтіп, тіл тұсауын, ой шідерін ағытты. Ұлттық рухтың ұлы ұстындарының біріне айналуына жол ашты, – деп атап өтті.
Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбді­қа­лықова басылым туралы сөйлеген сөзінде салиқалы басылым­ның тарихы да, мазмұны да ерекше екеніне тоқталды.
– Біз күнделікті жұмысымызды «Егемен Қазақстанды» қараудан бастаймыз. Өйткені бұл газетте бізге қажетті дүниенің бәрі бар: маңызды жаңалықтар, саясат, экономика, тарих, мәдениет, әдебиет, халықтың мұң-мұқтажы дегендей, не қажеттің бәрін таба­мыз. Оған қоса заман талабына сай күнбе-күн «Егеменнің» де үні жарқын естіліп, ой-өрісі, мәні артқан үстіне артып жатыр. Соны біз көріп отырмыз. Мұның бәрі­нің біздің халқымызға, әсіресе жас­тарымызға берер көмегі ұшан-теңіз деп ойлаймын, – деген Гүлшара Әбдіқалықова: «Бұл – игілікті іс және оның бәрі осы ұжымның үл­кен еңбегі» деп баға берді.
Салтанатты шарада сөз алған ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев «Егемен Қазақ­стан» газетін мемлекеттік саясатты жүзеге асыру жолында халықтық маңы­зы бар мәселелерді билік өкілдеріне жет­кізу жолында ерен еңбек етіп келе жат­қан басылым екенін тілге тиек етіп, газет ұжымына шығармашылық табыс тіледі.
Бұл күні мерейтойға орай газет атына бірқатар құттықтаулардың келгенін де айта кеткеніміз жөн. Атап айтқанда, Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыповтың құттықтау хаттарын халық қалаулылары Нұрлан Оразалин мен Мәулен Әшімбаев оқып берді. Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық мең­геру­шісі Ералы Тоғжановтың, Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми­дің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы Нұртай Әбіқаев­тың және т.б. көптеген ми­нистрліктердің, «Нұр Отан» пар­тиясы мен қоғамдық өкілдердің жылы лебізді құттықтауларында 95 жылдық тарихы бар басылымның ел өміріндегі маңызы жан-жақты атап өтілген.
Мерекелік күнге орай Инвес­тиция және даму вице-министрі Асқар Жұмағалиев «Егемен Қазақ­стан» газетінің қызметкер­лері Г.Әбдірахманованы, Н.Жәрімбетова­ны, сондай-ақ Б.Амалбек, Б.Ахмет, Р.Әбдіқадырованы «Ақпарат сала­сының үздігі» төсбелгісімен, сондай-ақ Құрмет грамоталарымен марапаттады. Мәдениет және спорт министрлігінің мәдениет және спорттағы елеулі еңбектері үшін «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен «Егемен Қазақстан» газетінің вице-президенті Еркін Қыдыр және тілші Айгүл Сейілова марапатталды. Мәдениет және спорт саласына қосқан үлесі үшін Құрмет грамотасы меншікті тілшілер Жолдасбек Шөпеғұл мен Оралхан Дәуітке берілді. Басылымның мерейтойына орай еңбек арда­герлері С.Ақтаев пен Б.Әдетов Қазақстан Журналистер одағының «Қазақстанның құрметті журналисі» атағына ие болды. Төсбелгілерді Қазақстан Журналистер одағы­ның төрағасы Сейітқазы Матаев тапсырды.

 

Д.Жұмажанұлы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Орал

    Баршамыздың сүйікті басылымымыз Егемен Қазақстан газетінің ұжымын мерейтойымен құттықтаймын.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.