Әрі қаһарман,әрі ғалым

Кезінде белгілі ғалым-сыншы, Қазақстан Респуб­ликасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Рахманқұл Бердібаев «Мәлік Ғабдуллин 60 жаста» деген мақаласында былай деп жазыпты: «Биылғы жыл – халқымыздың қалаулы ұлы Мәлік Ғабдуллиннің жасының 60-қа толған мүшел тойы болса, екіншісі – Совет елінің Ұлы Отан соғысын жеңіспен аяқтағанына 30 жыл толу мейрамы. Бірақ өкінішке қарай, Мәкеңе тағдыр бұл екі тойды тойлауды  жазбапты, мейірімсіз ажал оны арамыздан мезгілсіз алып кетті».
Қарап отырсаңыз, жүрдек уақыт шабысынан талмай, танбай, «көзді ашып-жұмғанша» Ұлы Отан со­ғысындағы Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мен Кеңес Ода­ғының Батыры, айтулы педагог, жазушы-­ға­лым Мәлік Ғабдуллиннің 100 жылдық мерейтойына да жеткізіп үлгеріпті.

Малик

«Мәлік сынды аты аңызға айналған ардагер азамат, әрі қаһарман, әрі ғалым туралы бұл тұста айтылар әңгіме аз болмаса керек, – деп сабақтайды Рахаң сөзін. – Оның Ұлы Отан соғысында көрсеткен таңғажайып ерлігі жөнінде де естеліктер, көркем шығармалар жазылар, әдебиеттануға, фольклортануға сіңірген зерттеушілік еңбегі жайында да мақалалар, монографиялар туар. Ақырында Мәліктің қоғамдық қайраткер, үлгілі ұстаз, жастардың тәрбиешісі ретіндегі қызметтері де есепке алынар. Соның бәрі қосылып келіп, «Мәлікнама» атты Үлкен кітаптың тарауларын құрар».
Осы айтылғандарды оқи отырып, аузы дуалы, сөзі уәлі Рахаң секілді ғалымның көрегендігіне амалсыз таңырқайсыз. Шын мәнінде, «Мәлікнама ғасыры» енді басталғандай көрінеді.
Қазіргі кезде елімізде Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі, ­филология ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Педагогика ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасының ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лау­реаты, аса көрнекті педагог, жазушы, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің 100 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар ұйымдастыру, оны жоғары дәрежеде өткізу қызу қолға алынуда. Асыл азаматтың саналы ғұмырында оның ерекше ыстық ұясы, алтын бесігі болған біздің Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің алатын орны айрықша әрі маңызды. Мәкең – тек ғылым, әдебиет, мәдениет саласында ғана емес, кешегі Ұлы Отан соғысында елдік пен ерліктің рухын көтерген, жаужүрек батырлықтың символына айналған, күллі қазақ ұлтының айбынын асқақтатқан ерен тұлға.
Ол 1935 жылы сол кездегі Абай атындағы ҚазПИ-дің тіл-әдебиет факультетін бітіріп, 1938-1941 жылдары осында аспирантурада оқиды. Майданға осы жерден аттанады. Мәкең соғысқа бастан-аяқ қатысып, Мәскеу іргесіндегі қанды шайқаста генерал И.В.Панфилов бастаған даңқты дивизия құрамында қаһармандықтың асқан үлгісін көрсетеді. Сол кезде алғашқылардың бірі болып Кеңес Одағының Батыры деген аса жоғары атаққа ие болады.
Соғыстан кейінгі жылдарда есеңгіреген ел, тұралаған шаруашылықпен қатар, отандық білім-ғылым саласы да аса ауыр кезеңдерді бастан өткеріп жатқан болатын. Осындай қиын кезеңде елге қайта оралған майдангер-ғалым республикамыздың аталмыш салаларын дамытуға өмірінің соңғы сәтіне дейін бар күш-жігерін арнады.
Әсіресе, оның 1951-1963 жылдары қазақ халқының педагогика, ғылым-білім, тәрбие ошақтарының қарашаңырағы – Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына ректорлық қызметке тағайындалып, елдің үлкен сенімін ақтағаны ғалым өмірбаянындағы ерекше маңызды кезең еді. Ол басшылық жасаған жылдар институттың қай саласы болсын, даму, өрлеу, дәуірлеу, қарыштау кезеңдерін бастан кешіріп, өткен кезеңнің алтын парақтарының бір беті ретінде тарихымызда, жадымызда мәңгі қалды.
Қазіргі заманда Тәуелсіздіктің көк туын желбірете отырып, Мәңгілік Ел болу біздің мақсат-мұратымызға айналып отыр. Ал «мәңгілік» деген ұғым – өткен мен бүгіннің және болашақтың өзара сабақтастығы. Сол себепті де осы киелі шаңырақты көркейтуге ерекше еңбек сіңірген даңқты тұлғаға көрсетілер құрмет пен жасалар тағзым да өзгеше болуы керек. Осыны ескере отырып, Мәкең көп жыл қызмет жасаған оқу ордасы қазірдің өзінде айтулы мерейтойға қызу дайындық жүргізуде. Мұнда әйгілі батырдың құрметіне Тұлғатану орталығы ашылып, оған Мәлік Ғабдуллин есімі берілді. Бүгінде орталық талай-талай игілікті істерді, мәдени-рухани шараларды атқарып жүр. Қаһарман-ғалымның өмірі мен шығармашылығына байланысты оқу орнының ректоры, академик С.Ж.Пірәлиевтің өзі әрі басшы ретінде, әрі автор ретінде «Мәлік Ғабдуллин» атты екі томдық жинақтың шығуына тікелей мұрындық болып отыр.
Бұл жинақтың алғашқы кітабында Мәлік Ғабдуллиннің туған жері, ата-тегі, балалық шағы, өскен ортасы туралы, ғылым жолындағы ізденістері, Мәкеңнің қарулас достарының қаһармандыққа толы ерлік істері сияқты тартысқа толы таңғажайып тағдырлар өз көріністерін тапқан.
Ел басына күн туған сұрапыл соғыс жылдарының суреттері Мәлік шы­ғар­маларында жан-жақты берілген. Сондықтан еңбекте батыр-жазушының қаламгерлік таланты мен қайраткерлік қарым-қабілетіне арнайы тоқтала отырып, кешегі Отан үшін қыршын кеткен боздақтарға деген құрмет сезімін жадымызда қайта жаңғыртқандай боламыз. Оның өмір шындығынан алынған, қайталанбас майдангерлік жазбаларына бүгінгі күн биігінен шама-шарқымызша талдау жасап, ой-көзін жүгіртеміз. Сонымен бірге кітап авторлары тарихи тұлғаларға қатысты кеңестік кезеңде рұқсат етіле бермейтін кейбір деректерді тәуелсіздік жылдарындағы көзқарастармен толық­ты­руды басты мақсат тұтқанына куә боламыз.
Екінші кітапта Мәлік Ғабдуллиннің халқына жасаған қалтқысыз қызметі мен ұстаздық ұлағаты, педагогикалық, ғылыми, мәдени мұралары жайында айтылады. Бүгінгі күнге дейін алыптардың мұрасын ыждаһатпен зерттеп, оны көздің қарашығындай сақтап, халқына табыстаған үлкен жүректі азаматтарына ел әрқашан да борыштар десек, Мәлік мұрасын бір сәт те ұмыт қалдырмай, болашаққа шашпай-төкпей жеткізген осынау жандарға да еңбекті дайындау барысында көп алғыс білдірілгені назар аударады. Өйткені Мәлік өмірінің әрбір сәті текшеленіп, рет-ретімен зерттеліп, мұқият жинастырылған. Бұл ретте, кезінде Мәкеңнің көзін көріп, жолын қуған шәкірттері бүгінгі қазақ ғылымының белді де белгілі майталмандарының мәліктану тақырыбына өздерінің қомақты үлестерін қосқанын арнайы атап айтқымыз келеді. Қазақстан ҰҒА академиктері Серік Қирабаев, Рахманқұл Бердібаев, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері Тұрсынбек Кәкішев, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор-қаламгер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Уәлихан Қалижанов, Мәкеңнің өз баласындай жақын тартып, жақсы араласқан шәкірт інісі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, танымал мәліктанушы-ғалым Серік Неги­мов пен І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Сыдықов, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты А.Есмағұлов, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті Ж.Шекен және т.б. ғалымдардың, бірқа­тар қаламгерлердің, туған-туыс, көзкөрген­дердің құнды естеліктері, мазмұны терең зерттеулері, терең мағыналы мақалалары, батыр-ғалымға арналған өлең-жыр жолдары жинақта ұтымды пайдаланылған.
Ұлан даланың ұлы перзенттерінің бірі де бірегейі – Мәлік Ғабдоллаұлы Ғабдуллин халқымыздың туын көтерген талай тарлан тұлғалар мен небiр ақиық асылдарымызды дүниеге әкелген қасиеттi Көкше жерiнде – 1915 жылғы қарашаның 15 жұлдызында Көкшетаудың Зеренді көлінің сыртындағы «Қойсалған» деген жерде (қазіргі Мәлік Ғабдуллин ауылы) қараша үйде дүниеге келеді.
Бағзы кездерде де киелі Көкше жерін Мәлік Ғабдуллиннің Қанай бидей оғлан өсірген ата-бабалары мекендеген екен. Оның бабасы тарихтан белгілі Қанай шешен Бурабай өңірінде Абылайды ақ киізге салып, хан көтерген, кейін бүкіл қазақтың басын біріктірген Ұлы ханның бас билерінің бірі болған. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясының 5-томында Қанай Құттымбетұлы туралы мынадай деректер беріледі: «…Қанай Құттымбетұлы – Қарауыл Қанай (шамамен 1695-1698) – би, шешен, батыр, қоғам қайраткері. Қазіргі Ақмола облысының Зеренді ауданында дүниеге келген. Орта жүздің Арғын тайпасының Қарауыл руынан шыққан. Атығай-Қарауылдың бас биі болған».
Ол Абылай хан мен Бұқар жыраудың ұсынысымен көп жыл Орта жүзде төбе би болған. 1771 жылы үш жүздің басшылары Абылайды хан сайлағанда, Қанайды хан қадірлеген би ретінде қатар көтерген.
Бізге жеткен ел аузындағы әңгімелер мен тарихи шығармалардың деректеріне қарағанда, Қанай би Абылайдың ең жақын кеңесшілерінің бірі болған. Абылай хан Арқа жерімен қоштасып, екінші рет Түркістанға бет алғанда жанында көптеген батырлармен бірге Қанай би де аттанған. Қанай Құттымбетұлы Абылайдың ықпал етуімен Ташкенттің бегі болып, қаланы билеп тұрған кезінде өмірден озған. Сүйегі Түркістанға, Абылай хан қабірінің жанына қойылған. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романында Қанай Құттымбетұлы жоңғарлармен болған шайқастарда ержүрек батыр, ірі қолбасшылардың бірі болғаны жөнінде баяндалады.
Алаштың ақсұңқар ақыны Мағ­жан Жұмабаев «Батыр Баян» поэма­сында Қанай бидің қалмақ басқыншыларымен соғыстардағы орнын ерекше суреттейді. Онда бидің Абылай ханның басты кеңесшілерінің бірі екенін, атақты батырлар мен билердің топ басы болғанын нанымды көрсетеді.
Ұрпаққа үлгі болған Мәлік Ғабдуллин 1923 жылы Қойсалғаннан 3-4 шақырым жер­дегі Құлет дейтін ауылда ашылған бастауыш мектепте оқыған. Бұл мектепте көрші ауылдың балалары да оқиды, себебі басқа ауылдарда мектеп жоқ еді. Мәлік Құлет мектебінде қатарынан төрт жыл оқиды. Алғашқы ұстазы Рамазан Нұғыманов деген кісі болыпты. Мектепке оны үлкен шешесі Мадиян Байбосынқызы ертіп келеді. Осы тұста көз алдымызға Айғанымның бауырында өскен Шоқан, Зеренің мейіріміндегі Абай елестейді. Солар секілді Мәлік те әжесінің бауырында өсіп, еркелеу болған секілді. Ол туралы өзі «Мені Рамазан Нұғыманов деген мұғалімнің қолына тапсырған әжем «Айналайын Рамазан, мына бүлдіршін, Мәлкенімді, әуелі Құдайға, сосын өзіңе сеніп тапсырдым. Тауға серуендеп кетеді, ұзақ ойнайды, екі ауылдың арасында жүргенде боран-шашынға, ит-құсқа кез бола ма деп үрейленем. Оны оң көзіңмен, ықылас-мейіріміңмен қарай гөр» деп тапсырды» дейді.
Әрине, «Жігіттің жақсылығы наға­шыдан…» демекші, Мәлік бойындағы көп­теген игі қасиеттердің нағашы жұртынан да дарығаны даусыз. Ал Мәліктің әкесі Ғаб­дол­ланың нағашы жұрты да текті, атақтары елге мәлім адамдар болған екен.
1929 жылы ол Көкшетау қаласын­дағы балалар үйінде тәрбиеленеді. Оған себеп – ел ішін жайлаған ашар­шылық пен ауыр тұрмыс зардабы. Мәліктің әке-шешесі баланы уақытша осында орналастырып, өздері тұрмыс тауқыметімен, қалған бала-шаға қамымен арпалысып кетеді. Алғыр да зерек бала мұнда да қатарларының алды болады. Ауылдан келген ұяң мінезді ұялшақ бала жарқылдаған ашық, ақжарқын, адам баласымен тез тіл тапқыш, айналасындағылардың бәрін тез аңғарғыш қалыпқа түсіп, аз уақыттың ішінде ұстаздарының сүйікті шәкіртіне айналады. Күндіз-түні оқу оқып, білімге ерекше ден қояды. Мұндағы жас ұландар қатарына жазылып, оның белсенді мүшелерінің бірі болып саналады. Пионерлер арасында белсене жұмыс істеп, әртүрлі қызмет атқарады.
Бұл мектепті ол 1931 жылы бітіреді. Жеті жылдықты бітіргеннен кейін бірнеше ай ауылшаруашылық институтының жұмысшылар факультетіне түсіп оқиды да, 1931 жылдың күзінде Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетіне түседі.
16 жасында студент атанған Мәлік Ғабдуллин барлық сабақтарды үздік оқып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Ол ерекше ұйымдастырушылық қабілетімен әрі сөзге шешен тапқырлы­ғы­мен қатарларының алды болады. Қазақта «болайын деп тұрған бала екен» деген аталы сөз бар, сол сияқты, талантты шәкірттің аяқ алысын қуана құптаған ұстаздары да Мәлікке ерекше үміт артып, барынша қолдау көрсетеді, ақыл-кеңестерін, жәрдемдерін аямайды.
Жас Мәлік сол кездегі өлкелік Комсомолдар комитетінің мақтау қағаздарымен марапатталып, жасұландар активінің санаулы кадрларының бірі болады. Институттың Комсомол комитеті бюросының мүшесі болып сайланады. Осындағы әдебиет үйірмесіне де белсене қатыса жүріп, ол бір жағынан өзінің ақындық қабілетін дамытумен дағдыланса, екінші жағынан әдебиетті зерттеу жұмыстарына бейімделеді. Ауыз әдебиеті, әдебиеттің тарихы, тағы да басқа күрделі ғылыми тақырыптар, өзекті мәселелер жөнінде баяндамалар жазып, көзге түседі.
Мәліктің тағылымды да ғибратты өмір жолының қалыптасуына ұстаздарының ықпалы зор болды. Әсіресе, Мәліктің Мәлік болып қалыптасуына қазақтың көп­теген қаламгерлерін қанатының астына алып, қамқорлық көрсеткен, тәрбиелеген көр­некті жазушы Сәбит Мұқановтың ық­палы мен жәрдемі ерекше болғаны мәлім.
Мәлік Ғабдуллин 1935 жылы 20 жасында Абай атындағы мемлекеттік пе­да­гогикалық институтын тәмамдағанда, әйгілі оқымысты, тіл білімінің майталман маманы Құдайберген Жұбанов «Он үш жас – күш» атты мақала жазып, онда бір шоғыр айрықша талантты жастардың ішінде Мәлік Ғабдуллинді «бізді мәдени жұртшылығымыз біліп те қалған» деп атайды. Олар «көптің күткеніндей жеміс берер», «алған білімдерін іске асыра алар», «үмітті ақтар, шын жұмыскер болар» деп жылы лебіз білдіреді («Лениншіл жас», 1935 жыл, 14-қаңтар, №12).
Институт бітірген соң Мәлік алдымен мектепте мұғалім, кейін газетте тілші, «Қазақстан пионері» газеті редакторының орынбасары бола жүріп, 1936 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылады. Содан 1937 жылдың 1-қарашасына дейін әскер қатарында болады.
Мәлік 1938 жылы КСРО Ғылым ака­демиясының Қазақ филиалына кіші ғылыми қызметкер болып орналасады. Ол онда халық ауыз әдебиеті, фольклор бөлімінде өзінің ғылыми жолын бас­тайды. «Білген сайын білмегені көбейе түскен» жас ғалымның ғылым дариясының қызығы мен шыжығына, рақаты мен азабына алаңсыз ден қойып, түбегейлі айналысуына 1941 жылы басталған адамзат баласының тарихындағы аса үлкен апатты оқиға – екінші дүниежүзілік, яғни Ұлы Отан соғысы кедергі келтіреді. Ол ғылым жолындағы ізденістерін уақытша тоқтатып, Отанын қорғау үшін майданға аттанады. Бұл жайтты Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Серік Қирабаев «Мәлік Ғабдуллин» атты естелігінде былай деп еске алады: «Кеңес Одағының Батыры, КСРО Педагогика ғылымдары академиясының академигі, профессор, Қазақстанның ғылымына еңбегі сіңген қайраткер Мәлік Ғабдуллиннің есімі қазақ халқы арасында кең тараған. Оның атын жұрт алғаш рет Ұлы Отан соғысының ауыр бір тұсында, Мәскеуді қорғаудағы ерлігі арқылы естіді.
Қазақстанда жасақталып, Мәс­кеуді қорғауға жіберілген 316-ат­қыштар дивизия­сы жаудың жолында, оқтың өтінде тұрған еді. Генерал Панфилов басқарған дивизия 1941 жылдың қазан-қараша айларындағы кескілескен ұрыстарға қатысып, ентелеп келген жаудың жолын бөгеді, ғаламат ерліктер жасады. Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаров, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова сияқты алғашқы қаһармандарымыз осы ерлік күрес үстінде танылды. Панфиловшы 28 батырдың есімі әлемге әйгілі болды. Міне, бұл топта алғашқылардың бірі болып Мәлік есімі дүрілдеп шықты.
Соғыс пен ерліктің неше түрлі хикая­ларын шертіп, ауыздан-ауызға таратып үйренген халық бұл батырлар жайында да аңызды көп шығарған еді. Атақты орыс жазушысы Борис Полевой «Эпостың тууы» атты очеркінде («Правда», 1943, 25-сәуір)  Мәліктің батырлығы жайында естіген осындай бір аңызды келтіреді. «Мәлік батыр – күшті және батыл адам, – депті оған Мәлік жайында әңгімелеген солдат. – Оның айлалылығын түлкідей дерсің. Сақтығы еліктей – жау дыбысын өте алыс­тан сезеді. Оның көзі қыранның көзіндей – жау қайда тығылса да, көрмей қоймайды. Оның қолы неміс қорқауларын қанша өлтірсе де, бір талмайды, қайта, өлтірген сайын шыныға түседі. Мәлік батырдың түрін көргеннен-ақ немістер қаша береді».
Белгілі әдебиетші-ғалым ағамыз жаңа соғыс батырларының да жаңа типін туғызғанын, бұрынғыша атойлап айғайлап келіп, жауға шабатын заманның өткенін, батырмын деп қоқаңдап, орныңнан ұшып тұрсаң, сені бір қорқақтың жалғыз оғы қағып түсіретінін, ендігі жерде «Батыр – бір оқтық» деген халық даналығының күні туғанын, батырлық – ақылға, айлаға, сезімге, сенімге негізделетінін атайды. Жазушы Б.Полевойға Мәлік жөнінде әңгімелеген солдаттың сөзі де осы шындыққа сүйенген болатын.
Мәкең майдандағы көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», «Қызыл ту» ордендерімен марапатталып, 1943 жылғы 30-қаңтардағы КСРО Жоғарғы Кеңесі төралқасының Жарлығымен оған «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді.
Осындай жоғары атаққа ие болған жас батырды өмір ерте есейтті. Мұны оның жазған хаттарындағы ой-толғамдарынан, соғыс жылдарында жазылған шығарма­ларының мән-мазмұнынан байқаймыз. Мәселен, Мәлік ағамыз 1941 жылдың 3-қазанында қан майданнан жолдаған хатында: «…Егер бүгін біз халық тілегіне сай іс істей алмасақ, онда болашақ жас ұрпақ, халқымыздың тарихы бізге не айтады? Осыны сен ойлайсың ба?
Бүгін біз жақсы іс істесек те, жаман іс істесек те ертеңгі күннің адамдарына, олардың алдында жауаптымыз. «Ол кезде кімдер болды екен?» демей ме олар. Иә, солай дейді. «Болған адамдардың істегендері қайсы?» дейді ғой олар. Сөйтіп, тарихты ақтарар, жақсы ісімізді мақтар, жаманымызға лағынет айтар… ренжір. Осыны, сен ойладың ба, достым?!»  деп жазыпты. Жиырма алты жастағы жалынды жас батырдың бұл сөзі мен ондағы айтылған ой – бүгінгі жастарға да үлгі етерлік мысал.
Мәліктің майдан өмірінен жазған шығармаларында қарулас ­достары генерал Иван Панфилов, Бауыржан Момышұлы, Төлеген Тоқтаров, ­Рамазан Елебаев, Бақтияр Меңдіғазин секілді Ұлы Отан соғысының азапты жылдарын бірге өткерген жауынгер азаматтар туралы әңгімеленеді. Жауынгер-жазушы өз жазбаларында шынайы суреткер ретінде соғыстың көріністерін бейнелеу арқылы адамды, оның тұлғасын тануға, ішкі жан дүниесін ашуға әрекет етеді.
Кезінде бұл туындылар алдымен «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланып, алғаш рет «Менің майдандас достарым» деген атпен 1947 жылы кітап болып шықты. Бұдан кейінгі жылдары «Алтын жұлдыз» (1948), «Майдан очерктері» (1959), «Сұрапыл жылдар» (1972) атты кітаптар да жарық көрді. Ал 1985 жылы бұл шығармалар «Менің майдандас достарым» деген алғашқы атпен толықтырылып, қайта басылды.
Серағаң (С.Қирабаев) бізбен Мәкең жайлы әңгімесінде: «…Мәкең маған алғашында «Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуының әдебиеттегі көрінісі» деген тұрғыда кандидаттық диссертация тақырыбын берді. Онан бұл тақырыптың әңгімесі көбейіп, оған Ермұхан Бекмахановтың Хан Кене туралы атышулы кітабы қосылып, одан бас тартуға тура келді. Содан кандидаттық минимум емтихандарымызды М.С.Сильченко, Н.С.Смирновалар қабылдап, мен ­Спандияр Көбеевтің өмірі мен шығармашылығын тақырып етіп алдым да, содан қорғап шықтым. Сол жылдары бір қызық оқиға болды.
…1946 жылы Мәлік әскери қызметтен босап, елге оралған еді. Елінің ­абыройын көтерген ұлын халқы шын жүректен қуана қарсы алды. Сол жылы өткен КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына майдан батырлары алдымен ұсынылды. Солардың ішінде Кеңес Одағының Батыры атағын екі рет алған Талғат Бигелдинов пен Мәлік Ғабдуллин бар еді. Ол кезде депутаттыққа кандидаттар партияның тізімімен анықталып, сайлауға түсетін округтан ұсынылатын. Округтік сайлау ­комиссиясы кан­дидаттан сайлауға түсуге келісімін сұ­райтын. Депутаттыққа коммунистік би­лік тарапынан ұсынылған тізімде Бау­ыр­­жан Момышұлының жоқ екендігін білген Мәкең келісімін бермепті. «Нағыз батыр Бауыржан тізімде болмаса, мен де өтпеймін… Менен де батырлығы үлкен Бау­ыржан Момышұлы неге тізімде жоқ? Мен жолымды сол кісіге беремін. Менен гөрі халық қалаулысы болуға Бауыржан лайық деп кішіпейілділік танытыпты Мәкең…»  деп сыр сабақтайды ұлы ұстазы жайлы.
«Өсер елдің ұлдары бірін-бірі батыр дейді» демекші, аттары аңызға айналған қос батыр кейінгі өмірде де өздері дүниеден озғанша бір-бірін қадірлеп өтті. Бұл – кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық өнеге. Ұлттық рухани құндылығымыздың – бауырмалдықтың, сыйластықтың, достықтың алтын қорына қосылған ғибратты ғұмыр тағылымы дерлік. Содан ғой сонау сұрапыл соғыс жылдары туған інісіндей болған Мәліктің бойындағы асыл қасиеттерін жоғары бағалаған, өзін сыйлап құрмет тұтқан, басқаларға үлгі еткен ұстаз-ағасына (Баукеңе) Мәкең ұзақ жыр-толғау арнағаны. Онда: «Ақыл менен қайратың, Даналығың, айбатың, Шыққан еді бір жерден. Ерлігіңді бағалап, Өңкей інің ағалап, Еріп едік біз елден, Батыр Баукең соңына. Әскерлерше киініп, Бір сөзіңе сыйы­нып, Келіп едік тобыңа… Әлем бұрын білді ме, Қазақ деген ел барын?! Жауға қарсы баратын, Оған ойран салатын, Жауынан кек алатын, Бауыржандай ер барын?! Бүгін білді бар әлем, Қазақ деген ел барын! Қазақ деген ер барын!» деп Мәкеңнің шын жүректен жырлауы жайдан-жай емес.

Малик Габдуллин
Сөйткен Мәкең КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына 3 рет (1946, 1950, 1954) сайланды. Халық қалаулысы болып үлкен-үлкен одақтық, республикалық шараларға, алқалы жиындарға қатысты, көптеген шетелдерде болды, елдің сенімін ақтады.
Соғыстан кейінгі жылдарда М.­Ғабдул­лин ғылыми-зерттеу саласында қажырлы еңбек етті. Соғысқа байланысты қорғауға үлгермеген «Қобыланды батыр» жырын ғылымдық зерттеудің проблемалары» деген тақырыптағы кандидаттық диссертациясын 1947 жылы қорғап шықты. Мұнда ол батырлық жырдың жиналуы мен зерттелу тарихы, көркемдік-образдық кестесі, жырдың өзіндік ерекшеліктері жайында құнды пікірлер, тұшымды тұжырымдар жасады. 1959 жылы оған «филология ғылымдарының докторы» ғылыми дәрежесі берілді. Оның «Қазақтың батырлық эпостары» деген зерттеу еңбегі 1972 жылы Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болды. «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» (1958, 1964) атты күрделі монографиялық еңбектерінде ғалым ауыз әдебиетін зерттеудің ғылыми-әдіснамалық негіздерін айқындап, қазақ ауыз әдебиетіндегі батырлар жыры, лиро-эпостық дастандар, айтыс өлеңдері, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, ертегілер туралы жан-жақты терең ғылыми талдаулар жасады, олардың ғылымилық, тәлім-тәрбиелік мәнін ашып көрсетті. Бұл еңбек жоғары оқу орындарына арналған оқулық ретінде бірнеше рет қайта басылып шықты. Сонымен бірге Мәкең 8-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығын (1952-1957) жазып, ол оқулық 12 рет қайта басылып, талай жылдар бойы қазақ мектептерінің қажетіне жарады.
М.Ғабдуллин педагог-ғалым ретінде жас ұрпақ тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлді. «Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес» (1966) деген кітабында ғалым-фольклорист бесік жырынан бастап, батырлар жырына дейінгі халық поэзиясының тәрбиелік мәнін ашып, оны іс жүзінде пайдаланудың амал-тәсілдерін көрсетеді. Сонымен бірге балаларды патриотизмге, шыншылдыққа тәрбиелеу, олардың болашаққа сенімін арттыру, жас баланы дұрыс сөйлеуге үйрету жөнінде ата-аналарға, жалпы оқырман қауымға педагогикалық пайдалы кеңестер береді.
Ол қазақ ауыз әдебиетінің үлгіле­рін жинаған В.Радлов, Ә.Диваев, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Ә.Марғұлан, Е.Ысмайылов, С.Аманжолов, Ө.Тұрманжанов сынды ғалым-зерттеушілердің, қаламгерлердің материалдары негізінде 1959 жылы хрестоматиялық оқу құралын жарыққа шығарды. Әдіскер-әдебиетші, ғалым ретінде жоғары дәрежелі оқу орындарына қазақ ауыз әдебиеті пәні бойынша оқу бағдарламасын жасады.
М.Ғабдуллиннің «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» атты оқулығы мен «Қазақ халқының батырлық жырлары» деген күрделі зерттеуінде (Т.Сыдықовпен бірігіп жазған) ұлттық фольклор табиғаты және оның жанрлық түрлері мен ерекшеліктері жан-жақты әрі терең баяндалады.
Ол өзінің зерттеулерінде эпостық жырлардың қаһарлы жылдардағы құдіретіне ерекше назар аударады: «Біз, соғыс жылдарында ұлт жауынгерлері арасында жұмыс жүргізген үгітшілер, эпостық жырларды тәрбиелік мәні бар үгіт құралы ретінде пайдаланатынбыз, – дейді ғалым. – Мәселен, батырлық-ерлік туралы эпостық жырларды ұлт жауынгерлеріне ана тілінде оқып бергенде, көздері оттай жайнайтын. Күндізгі ұрыстардан шаршаған, кешкісін окоп ішінде отырған жауынгерлерге батырлар жырынан бір үзінді оқып жібергеніңде, оған жырдың қатты әсер еткенін, одан бір түрлі күш-қуат алғандай болғанын талай рет көргеніміз бар. Қырғыздарға «Манас­тан», өзбектерге «Алпамыштан», қазақтарға «Қобыландыдан», түрікмендерге «Көроғлы» жырынан (әрқайсысын жауынгерлердің ана тілінде) оқып бергеніңде, тыңдаушылардың бойы жадырап, жігер-сезімі серпіліп кеткендей болатын еді».
Бұл мысал арқылы Мәкең өзінің әскери саяси жетекші қызметінде халық ауыз әдебиеті шығармаларының жастардың патриоттық сезімдерін тәрбиелеуде пәрменді қызмет атқаратынын іс-жүзінде байқағанын, сан ғасырлық халықтық мұралардың идеялық-көркемдік қасиетінің қуат-күші тәжірибеде нақтылы дәлелденгенін танытады.
Қамшының сабындай қып-қысқа ғұмырдың екі жағы – қуанышы мен өкініші, сыры мен мұңы, көктемі мен күзі, күнгейі мен көлеңкесі қатар жүретінін Мәлік Ғабдуллин тағдырынан да көреміз. Бұл, сөз жоқ, былайғы қарапайым көп пенделерден гөрі, ұлт үшін қызмет еткен аса сирек тұлғалар басынан кешетін өнегелі де өміршең, тартысты тағдыр, ыңғайлы ырыққа көне бермейтін асау да толқымалы дария-ғұмыр.
Ауған соғысының ардагері, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл «Жас Алаш» газетінің 2007 жылғы 8-қарашада шыққан «Тауқұдірет» атты мақаласында Бауыржан Момышұлының бұрын еш жерде жарияланбаған жазбалары хақында ой өрбітіп, Баукеңнің күнделігіндегі мынадай сөздерді келтіріпті: «Адам – пенде. Кемістік әркімде бар. Кемістігім жоқ деп ойлайтын адамдар – адам емес. Надандықтың үлкен дәрежесі сол ойда жатыр. Мойныма аламын: менің жақсы қасиетіммен бірге жаман қасиетім де жеткілікті. Құдай маған кемістіктерді аямай төгіп беріпті. Қартайған кезімде ойланып отырсам, өткен өмірімде көп қателіктер істеппін. Оларды түзеу қиын… Өткен нәрселерді қайтару мүмкін емес қой. Өкінемін! Қайғырамын! Қатты өкінемін…
Қатемді түзеуге асықпаңдар. Мен өмір сүрген заман мен сендер өмір сүрген дәуірдің айырмасы – Жер мен Көктей…».
Әйгілі Баһадүр айтқандай, жер бетіне келген әрбір адам – пенде. Оның бер жағында «Батыр – аңғал келеді» дейтін халық даналығы тағы бар. Ұлы адамдардың үлгілі ғибратын өнеге ету – биік парасатты, терең білімді, жан дүниелерінен тек қана жақсылықтың сәулесін шашқан, ұрпағын жарық шұғылалы нұрлы күнге бастау үшін ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып тұратын алтын көпір іспетті көшелі азаматтардың парызы екені де шүбәсіз. Сонда ғана ұлтымыз Мәңгілік елдіктің іргесін берік, керегесін кең, шаңырағын биік те еңселі ете аларына еш күмән болмайды. Ендеше, Мәңгілік Ел болу мұраты жолында жақсылардың ұлағатын ұлықтаудан танбаған абзал азамат.
Біз, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұжымы, Мәлік Ғабдуллиннің 100 жылдық мерейтойына дейінгі аралықта оның есімін ұмыттырмай, қайталанбас өнегелі өмір жолы мен ұшан-теңіз шығармашылығының «шырақшысы» болған барлық мәліктанушы азаматтарға үлкен алғысымызды айтамыз. Олардың «Мәлікнама» ғұмыр-шежіресіне қосқан үлестері мол екенін ескерте отырып, бұл тақырып бұдан былай да жалғасын таба беретініне бек сенімдіміз. Өйткені Мәлік Ғабдуллин – қазақ халқының «мың өліп, мың тірілген» мәңгілік тарихымен бірге өрілген өршіл де өміршең, өнегелі де өрелі сирек тағдыр иесі. Мәліктей абзал азаматтың ғибратты ғұмыры келер ұрпаққа темірқазық іспетті.
Ендеше, халқымен бірге туып, бірге жасайтын тарихи тұлғалар тұғыры әманда асқақ болғай!

Бақтияр СМАНОВ,
Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры,
ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Ш.Айтматов атындағы Халықаралық академияның академигі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.