«Музыка – менің өмірім»

aiman-300x222

Айман МҰСАҚОЖАЕВА,
Қазақстанның Еңбек Ері:

Өмірі өнермен өрнектелген, скрипка ханшайымы – Айман Мұсақожаеваның есімі қазақ жұртына ғана емес, әлемге мәлім. Музыка саласындағы жоғары жетiстiктерi үшiн оған Қазақстан Республикасының халық артисi, Халықаралық шығармашылық академиясының академигi атағы, ЮНЕСКО-ның шешiмiмен «Әлем артисi» құрметтi атағы берiлдi. 2000 жылы Мемлекеттiк сыйлыққа ие болды. Қазақстан меценаттар клубы «Платиндi Тарлан» сыйлығымен марапаттады. Шығыс әуенінің нәзіктігін, сезімталдығын Еуропаның музыкалық мәдениетінің көпқырлығымен үндестіріп, ұлттық өнерді әлем халқына танытқан Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева талай талантты жастарды тәрбиелеп келеді. Тәуелсіздік күні қарсаңында «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған Айман Қожабекқызымен жүздесіп, әңгіме өрбітудің де сәті түсті.

– Скрипканың түп атасы – қобыз деген бар. Осы екі аспап арасындағы рухани байланыс туралы не айтасыз?
– Қазақ қобызы барлық ішекті аспап­тардың түпнұсқасы екенін ­этномузыкатану ғылымы да дәлелдеген. Мысалы, бұл туралы белгілі неміс ғалымы В.Бахман өз еңбектерінде жазып кеткен. Ғалымдар бұндай тұжырымға көптеген халықтардың аспаптарын органологиялық құрылым жағынан салыстырмалы зерттеудің негізінде көз жеткізген.
Қобыздың түпнұсқасы Орталық Азия­да пайда болып кейін бүкіл әлемге тарап кеткен. Әр халық оған өзгертулер енгізіп, өзінің мәдениетіне лайықтап қолданған. Нәтижесінде қазір біз ішекті-ысқышты аспаптардың көптеген түрлерін кездестіре аламыз. Солардың ішінде халық аспаптарымен қатар еуропалық классикалық аспаптарды да атауға болады. Қобыз бен скрипканың көне байланысы туралы олардың түпнұсқасының ортақтастығын атауға болады…

– Айман Қожабекқызы, елімізде алған атақ-даңқтар өз алдына, ЮНЕСКО-ның «Артистер бейбітшілік үшін» құрметті атағын алып, есіміңіз Кембридж универси­теті жыл сайын жариялайтын «ХХ ғасырдың 2000 атақты музыканты» атты бүкіләлемдік беделді тізімге енді. Осындай жетістіктерді еншілегенде қандай сезімде болдыңыз?
– Адамды адам қылатын, тұлға қы­латын – еңбек. «Сен істі сүйсең, іс саған бас иеді» деген екен ата-бабамыз. Осы қағиданы өмірлік жолымда мықтап ұстанғанмын. Сонымен қатар өнер жолында маған батасын берген атақты композитор Арам Хачатурян: «Сен атақты музыкант боласың. Есіңде болсын, соған жетудің үш-ақ жолы бар, олар – еңбек, дарындылық және шыдамдылық» деген еді. Бүгінгі бар менің жетістігім сол төзімділік пен қажырлы еңбектіңкелген әр атақ-даңқтың өз несібесі бар деп білемін. Кезінде ЮНЕСКО-ның «Артис­тер бейбітшілік үшін» құрметті атағын алғанымда қатты қуандым. Бірақ өзім үшін емес, өз өнерім арқылы көк туы желбіреген тәуелсіз тұғырлы еліміздің атын әлемге таныта білгеніме қуандым. Әр келген атақ-даңқтың өз қуанышы, өз қызығы болады екен. Менің әр жеткен жетістігім, тек халқымның ыстық ықыласы мен ақ ниетінің арқасында деп білемін. Сондықтан да менің жетістігім, халқымның жемісі, халқымның мерейі болып табылады.
– Өнер жолы оңай жол емес екені анық. Ата-анаңыздың өмір жолын таңдаудағы ықпалы қандай болды? Бүгіндері немереңіз де скрипкада ойнайды, оның болашағынан қандай үміт күтесіз?
– Алматы қаласында дүниеге келдім. Асқар тау әкем де, аяулы анам да өнерден кенде болмаған жандар. Жұмыстан кейін кешкісін әкем қолына сырнайын алып, небір әсем әуендерді үй ішінде әуелететін. Өздері өнерді ұлықтағаннан болар, қызғалдақтай жайқалып келе жатқан төрт қызын да өнер жолына баулыды. Ата-ананың өнерге деген құштарлығынан ба, әйтеуір апалы-сіңлілі төртеуіміз де таңдаған аспабымызды жетік меңгеріп әкеттік. Солай балалық шағым музыка өнеріндегі биік белестерді бағындырумен басталды. Аспабыңның қыр-сырын түсініп, оның құлағында ойнап, онымен біртұтас әлемге айналу үшін ұстаздар берген тәлім аздық етеді. Сабақтан кейін де өздігіңнен 3-4 сағаттық дайындық қажет. Сол себепті де балалықтың армансыз, ессіз асыр салып ойнауы менде болған жоқ. Мен К.Байсейітова атындағы музыкалық мектептегі Н.М.Патрушеваның скрипка сыныбына түстім. Жеті жасымнан бастап концерттерге қатыса бастадым. Он үш жасымда алғаш рет оркестрмен К.Сен-Санстың «Интродукция және Рондо каприччиозо» атты шығармасын жеке орындадым. Нина Михайловна көзі көрінген бұлақты міндетті түрде ашатын атақты ұстаз, менің де болашағыма жол ашқан асыл жан. Кәсіби музыкант ретінде әрі қарай қалыптасуым П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясында әйгілі скрипкашы, Ресейдің Халық артисі, П.Чайковский атындағы байқаудың бірінші жүлдесінің иесі профессор Валерий Климовтың сыныбында өз жалғасын тапты.
Мен үшін музыка – менің өмірім. Сенерсіз, музыкасыз өмірдің мәні жоқтай көрінеді маған. Иә, менің немерем де қазір өнер жолында. Ол мұны өмірлік ісі ретінде таңдаған емес. «Әнге әуес, күйге құмар бала жаны  сұлу, өмірге ғашық болып келеді» деген екен М.Әуезов. Сол рухани байып, өнерді сезініп, өнерді түсіне білу мақсатында немерем алғашында скрипкада ойнаған, қазір флейта аспабын меңгеріп жүр.
– Әлемнің әйгілі сахналарында өнер көрсетіп, Қазақстанның абыройын асқақтатып жүрсіз. Жалпы Қазақстанды, соның ішінде қазақ өнерін өзіңіз барып жүрген шет мемлекеттер қалай бағалайды?
– Шетелдердегі концерттерде ­Евгений Брусиловский, Ғазиза Жұбанова, Тiлес Қажығалиев, Еркеғали ­Рахмадиев тәрізді отандық композиторлардың шығармаларын жиі орындаймын. «Музыка тілі ортақ тіл» деп тегін айтылмаса керек-ті. Сондықтан да шетелде біздің музыканы ыстық ықыласпен қабыл алады. Әр концертімізде халықтың толассыз қошеметіне бөленеміз.
– Скрипканың түп атасы – қобыз деген бар. Осы екі аспап арасындағы рухани байланыс туралы не айтасыз?
– Қазақ қобызы барлық ішекті аспап­тардың түпнұсқасы екенін ­этномузыкатану ғылымы да дәлелдеген. Мысалы, бұл туралы белгілі неміс ғалымы В.Бахман өз еңбектерінде жазып кеткен. Ғалымдар бұндай тұжырымға көптеген халықтардың аспаптарын органологиялық құрылым жағынан салыстырмалы зерттеудің негізінде көз жеткізген.
Қобыздың түпнұсқасы Орталық Азия­да пайда болып кейін бүкіл әлемге тарап кеткен. Әр халық оған өзгертулер енгізіп, өзінің мәдениетіне лайықтап қолданған. Нәтижесінде қазір біз ішекті-ысқышты аспаптардың көптеген түрлерін кездестіре аламыз. Солардың ішінде халық аспаптарымен қатар еуропалық классикалық аспаптарды да атауға болады. Қобыз бен скрипканың көне байланысы туралы олардың түпнұсқасының ортақтастығын атауға болады. Бұл аспаптардың нағыз өзара байланыстары ХХ ғасырда басталып қазіргі кезде өз жалғасын тауып жүр. Бұл байланыстар аспаптық-музыкалық шы­ғар­машылықтың барлық жақтарын қамтиды.

Айманн
–Еліміздегі жастардың классикалық музыкаға бет бұрысы қалай? Шәкірттеріңіз жайлы бірауыз айта кетсеңіз.
– Классиканы тыңдайтын жастардың қатары аз емес. Тек бір әттеген-айы осы жас буынның негізгі бөлігінің музыкадан сауаттылығының жоқтығы қынжылтады. Сол себепті де олар әлем классикасына жақындап, симфониялық оркестрді тыңдап, халық музыкасының сұлулығын толыққанды сезіне алмайды.
Жалпы білім беретін мектептерде музыка пәніне аптасына1 сағат қана бөлінген. Баланың бойында музыкалық талғамның кішкентайынан қалыптасып, тәрбиеленгені жөн десек, бұл 1 сағат тым аздық етеді. Музыкалық сауаттылығы мол, сезім талғамы бар, музыкалық жанрларды талдай алатын жас буынның қатарын көбейту – мәдениетті қазақ жастарының ортасын қалыптастыруға септігін тигізер еді. Классикалық музыканы қолдан келгенше әлеуметтік желілерде, радио толқындарынан, телеарналардан, түрлі науқандар өткізу арқылы насихаттағанымыз жөн деп ойлаймын.
Қазіргі таңда Ордабек Дүйсен атты шәкіртім Филадельфия мемлекеттік оркестрінің концертмейстері. Владимир Дё атты шәкіртім Америка тұрғыны және сол жақтағы классикалық концерттерге үнемі қатынасып тұрады. Айнұр Кабенова атты шәкіртімнің өнердегі жолы Канадада жалғасын табуда. Мұхтар Қалдаяқов – Алматы опера театрының дирижері. Дастан Балагумаров университетті жақсы тәмамдап, осында ішекті аспаптар бөліміндегі студенттерге сабақ береді. Ал Ермек Магавин өз университетіміздің колледжінде сабақ береді. Сондықтан өз шәкірттерімнің де, олардың шәкірттерінің де жемісін көріп жүрмін.
– Жуықта өткен брифингте халықтың музыкалық мәдениетін көтеру үшін арнайы бағдарлама қабылдануы керектігін, ән-күй сабағын жандандыру жайлы айттыңыз. Бұл бағдарламада не қамтылуы керек? Жалпы өнерді дамыту үшін елімізде қандай жұмыстар атқарылуы керек?
–Халықтың өнерге құштарлығын арттыру үшін халық шығармашылығына ғана қатысты емес, бүкіл музыкалық мәдениетімізге арналған бағдарлама керек. Кеңес дәуірінде музыкалық білімді, ғылымды дамытудың нәтижелі тетігі болған. 90-жылдардағы өтпелі кезеңде біз бұлардан айырылып қалдық. Сол жоғалтқандарымызды біз енді ғана қайтара бастадық.
Музыкалық білім мен орындаушылық қабілеттер балалар музыкалық мектебінде бастау алады. Сондықтан біз балалар музыкалық мектебіне аса көңіл бөлуіміз керек. Бұнда шешілмеген мәселелер көп, солардың бірі – балалар музыкалық мектебіне тағылған және оларға кері әсерін тигізіп жүрген «қосымша білім» деген дәрежені алып тастау.
Жалпы білім беретін мектептерде музыка пәндерінің сағаттары барынша қысқартылған. Сол сияқты музыкалық кол­ледждерде де арнайы музыкалық пән­дер қысқартылған. Әрине, бұның бәрі маман даярлаудың сапасына кері әсерін тигізеді.
Шешімін күтіп тұрған тағы бір мәселе – Оқушылар сарайында, клубтар мен шығармашылық үйлерінде хор, ансамбльдер, оркестрлер үйірмесін жандандыру. Бұрын әр зауытта немесе фабрикада өздерінің үрлемелі аспаптар оркестрі болатын, ал жоғары оқу орындар арасында халық аспаптар оркестрінің байқаулары өтетін. Міне, музыканың осындай сала­ла­рын жандандырсақ, біз халыққа нағыз бұқаралық музыкалық-эстетикалық тәрбие беру жұмысын қолға ала аламыз.
Арнайы бағдарламаны қажет ететін тағы бір мәселе – ұлттық музыканы шетелдерге насихаттау. Бұл мәселені шешу жолдары көп, солардың бірі – біздің және шетел елшіліктерімен тығыз жұмыс істеу. Сол елшіліктер арқылы біз өз өнерімізді бүкіл әлемге таныта аламыз.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Ақбота ИСЛӘМБЕК

 



Принтерден шығару Принтерден шығару