Әбсаттар ағаның әлемі

Абзал азамат

Жүзінде тұр жылылық,
Көрген емес құбылып,
Ұстанымы – ұлағат,
Ұйғарымы – ұлылық.
(Журналистік фольклордан)

Арал теңізінің қолтығына тығылып, бұйығып жатқан менің ауылым – Қаратереңнің қара сирақ балалары шетінен газет-журналға құмар еді. Олай болатын жөні де бар. Жайма-шуақ жетпісінші жылдар. Бүгінгідей ақпараттың сауын сиырына айналған интернет түгілі түрлі-түсті теледидарың да түске кірмейтін заман. Қарапайым теледидардың өзі ел ішіне енді келе бастаған тұс. Оны басқарма бастығы мен ауыл атқамінерінің үйінен ғана көресің. Қазақ радиосына өкпе жоқ, күні бойы қалың елді салмақты сөзімен, әуезді әуенімен әлдилеп тұрады. Бірақ бәрібір газет-журналдың әсеріне ештеңе жетпейді. Қазіргі тілмен айтқанда, бұлар – қолжетімді ақпарат құралдары.
Ауылға келетін ұзын саны он-он бес газет-журналдың ішінде сол кездің өзінде айрықша әсем безендірілетін «Жалын» альманағының орны бөлек. Өзі екі айда бір рет шығады. Сол екі ай өтіп болмай, әбден діңкеңді құртады. Онда, әрине, ең таңдаулы дүниелер басылады. Автордың суреті шығармаларына қоса беріледі. Ақын болам деп ауылда алақтап жүрген біз ҚазГУ-дің студенттері Ұлықбек Есдәулетов, Аманхан Әлімов, Байбота Серікбаев, Шаһизада Әбдікәрімов, Мәди Қайыңбаевтың өлеңдерін қызыға оқимыз. Солар сияқты арқаланып жыр жазып, солар секілді жейдесінің далиған жағасын костюмінің сыртына шығарып қойған, желке шашы бір қарыс студент болғымыз келеді.
Бірде мен оқып болған «Жалынды» біздің әкей парақтап отырды.
– Сен мынаны көрдің бе, ей? – деді журналдың соңғы жағында басылған бір дүниені нұсқап.
Қайта зер салдым. Араб елдерінің мәдениеті туралы ғылыми-зерттеу мақала екен. Авторы – жасы отыздар шамасындағы жас жігіт. Аты-жөні – Әбсаттар Дербісәлиев. Мәскеуде аспирантурада оқып, шетелде тәжірибеден өтіп қайтқан көрінеді. Шынымды айтсам, бұл мақаланы жаңа ғана көргем. Бірақ оқымай аттап кеткем. Ақын болам деп жанығып жүрген адам ғылыми зерттеуді қайтеді?
Әкем әлгі мақаланың бір әрпін қал­дырмай оқып шықты. Сосын «Шіркін, араб тілін білген адамда арман жоқ қой» деп журналды іргеге тастай салды да, малын жайғаруға кетті. Осындай жап-жақсы табиғи жарнамадан кейін «Жалынды» қайта қолға алдым. Талабы бар, талғамы жоқ жетінші кластың баласы үшін ауырлау дүние. Дегенмен, автор айтар ойын жеңіл ұқтыруға тырысады екен. Араб жұрты, оның тілі мен дәстүрі жөнінде бірқатар түсінік берілген. Мұндай нәрсе ол кез үшін керемет жаңалық. Мен осы құндылықты сол сәтте бірден бойға сіңіре қойдым дей алмаймын. Бірақ оның мақаласына қоса ұсынылған өмірбаянында көрсетілген «КСРО Ғылым академиясы Шығыстану институтының аспирантурасында оқыған, араб тілін меңгерген» деген мәлімет миымда жатталып қалды.
Ал Әбсаттар ағаның өзін сексен бірінші жылы Қазақ мемлекеттік уни­верситетінің журналистика факуль­тетіне түсуге келген сәтте кездестірдім. Қызық болғанда, ол мені оқудан «құлата» жаздады.
Бір топ абитуриент қазақ әдебиеті пәнінен ауызша емтиханға кеп тұрмыз. Бұл сынақты филология факультетінің оқытушылары қабылдайды. Бөлмеге кірген бетте оны «Жалындағы» суреті бойынша жазбай таныдым. Өзім өз болғалы суреті арқылы болса да білетін тірі оқытушыны көргеніме қатты қуандым.
Бірақ ұзамай Әбсаттар ағам қуаны­шымды су сепкендей басты. Кінә, әрине, өзімнен. Үш сұрақтың біреуін дұрыс біліңкіремеймін. Алыстан орағытып, білетін тұсыма қарай желе жортып, сары былқылға салып бара жатыр едім, тоқтатып тастады. «Сен нақты айт, Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасындағы Сұлушаштың сүйген жігітінің аты кім? Ол не кәсіп істейді? Қайсар деген кімнің серігі? Тілеуберді кім? Ермек ше?» деп сұрақтың астына алды. Бұл тұста «Сұлушаш» мектеп бағдарламасында жоқ еді. Бәрібір, өйтіп ақтала алмайсың. Сәбеңнің жазғандары жаппай оқылатын кезең. Шығарманың жұрт аузында жүрген нұсқасы бойынша ойы­ма түскенін үзіп-жұлып баяндай беріп ем, «Сонымен бұл поэманың идеясы қандай?» деп бойыма шақ келе қоймайтын тағы бір сауал қойды. Толық таныс емес екенімді біліп, әдейі қырсығып отырған секілді. Қап, көресіні «Сұлушаштан» көрдім-ау! Бәлкім, Сәбеңнің әсері болар, біздің ауыл­да Сұлушаш деген қыз-келіншек жетіп артылады. Солардың бірінің басынан өткен күлкілі жайт есіме түсіп кетіп, езу тартсам керек, Әбсаттар ағам оқты көзін өңменіме қадады. Жым болдым. Бітті бала, Сұлушашы көп ауылдың дәмі қайта тартып тұрған шығар…
Әбсаттар ағаның жібитін түрі жоқ. Төрде отырған сырбаз, келбетті кісіге ертіп барды. Оның профессор Сұлтанғали Садырбаев екенін кейін білдім. «Жауабы толық емес, ендігісін өзіңіз шешіңіз» деді. Ана кісі көзілдірігін бір киіп, бір шешіп ойланып отырды да, «Мектепті биыл бітіріп пе едің?» деп сұрады. «Екі жыл жұмыс істеп келдім, ағай» деп суға кетер алдында тал қармап жатырмын. Ол жылдарда оқуға түсетін кезде «екі жыл жұмыс стажым бар» деген сөз тау қопарып тастағанмен бірдей-ді. Сосын ол кісі «Абай жолы» романына қатысты бірді-екілі сұрақ қойды. Тоқтаусыз сөйлей бердім. «Үш қоя салшы» деді Сұлтекең. Сол кезде Әбсаттар аға «Жақ­сылап бір қорқыттым ба, бала?» дегендей, маған қарап езу тартты. Күлгенде жайдарыланып кетеді екен. «Дегенмен, мінезі жақсы адам екен» деп ой түйдім. Бәлкім, ол Сұлтанғали ағамның кең пейілділігіне сенген шығар…
Бұл сынақтан алған «үштік» маған оқуға түсу үшін жеткілікті еді. Кейін Әбсаттар ағамен талай рет жолымыз түйісті. Осы жылдар ішінде оның азамат­тық тұлғасының биіктігін аңғардым. Ел-жұртқа қайырымды екенін көрдім. Танымал тұлға болса да қашанда қарапайым қалпынан танған емес. Бір кезде оқудан «құлатып» жібере жаздаған ағам кейінірек өзіме талай рет сүйеу болды.

Ұлағатты ұстаз

Қай елге де жерсінер,
Қанағатын еншілер.
Тілеулесі – тілшілер,
Тәлабасы – елшілер.
(Журналистік фольклордан)

ҚазГУ-дің қалашығын мекен­дей­тін­дердің ішінде филология факультетінің араб бөлімі студенттерінің мерейі үстем болатын. Өйткені бұлар бірінші курс­тан бастап шет тілін үйренеді. Ол кезде университетте шет тілін оқы­татын бөлімдер көп емес-ті. Тарих факультетінің ағылшынша дәріс беретін арнайы бөлімінен кейін өзге тілге есік ашып тұрғандар осылар ғана еді. Тіл білген соң олардың қадірі арта түседі. Өзгелерге шекесінен қарайды. Бұл бөлімде бар болғаны жиырма бес студент қана білім алады. Біз соларға керемет қызығамыз. Өздерінің жүріс-тұрысы да бөлек. Бүгінгі Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшіміз, ол кездегі жұқалтаң павлодарлық өрен Қайрат Ламашәріпов қалашықтың желке тұсындағы төбеде құйғытып шаңғы теуіп жүреді. Қазіргі Иордания корольдігіндегі елшіміз, ол кездегі алматылық студент Азамат Бердібаев ара-тұра филологтардың сегізінші жатақханасына соғып тұрады. Ол тұста, әрине, еліміздің тәуелсіздік алатынын, бұл жігіттер бір-бір мемлекетке елші болатынын ешқайсысымыз білмейміз. Бірақ әйтеуір Әбекеңнің осы оқу өтіп кеткен тәлабаларының болашағы зор екеніне еш күмәнданбаймыз.
Араб бөлімінің студенттерімен есебін тауып жұғысқымыз келіп тұрады. Оның да себебі бар еді. Біз жур­налистика факультетінде араб тілін үйрететін топта оқимыз. Ленин­град университетінің түлегі Мәрзия Мәженова сабақ береді. Тілімізді жетілдіре түсу үшін араб бөлі­міндегілерді жиі жағалаймыз. Олардың көрген-баққаны осы тіл болған соң, бізден әлдеқашан ілгері кетіп қалған. Сондықтан солардың тіл үйрену мектебі бізге тылсым сыры көп жұмбақ әлем секілді көрінеді. Ал енді сол жұмбақ әлеміңізді орнықтырған кім еді өзі?
Әрине, алдымен Әбсаттар ағаның есімін атаймыз. Кеңес дәуірінде шығыстануға азды-көпті үлес қосқан азаматтар болмай қалған жоқ. Мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасынов қызметтен қол үзген соң қазақ-парсы сөздігін түзіп шықты. Лениншіл Рүстемов араб-иран кірме сөздерінің фонетикалық өзгерістері мен грамматикалық ерекшеліктерін зерттеді. Ал Әбсаттар Дербісәлі кәсіби шығыстанушыларды бір орталықтан даярлау мақсатын алға қойды. Ол кезеңде бұл істі атқару жалаң қолмен от көсегенмен бірдей еді. Кеңестік Одақ бүкіл әлемді уысында ұстап тұрған заман. Жарайды, маман даярладың делік. Олар қай қызметке барады? Жоғары оқу орнында көп болса, бір-екеуі ғана тұрақтар. Қалғаны қайтеді? Мектепке бара ма, әлде молда бола ма? Арабшаны қайтесің, алдымен қазақ тілін жөндеп алмайсың ба? Осындай сансыз сауалдар Әбекеңнің алдынан көлденеңдеп шыға берді. Қалың есіктердің ар жағында отырған талай шенеуніктің алдынан тауы шағылып шықты. Бірақ алған бетінен қайтпады. Ақыры университеттен араб тілі мен әдебиеті кафедрасын ашты. Кафедра ашумен іс бітсе жақсы ғой. Енді мамандарды жіберу үшін орта мектеп бағдарламасына араб тілі пәнін енгізу керек болды. Бұл – қазіргі кезеңнің өзінде оңайлықпен жүзеге аспайтын шаруа. Кеңестік стандарттың қазығына байланған дәуірде мектеп бағдарламасына өзгеріс енгізу қиынның қиыны еді. Әбсаттар аға табанынан таусылып, талай есікті тоздырып жүріп, жекелеген мектептерде араб тілін оқытуға рұқсат алды. Алғашқы түлектер оқу бітірем дегенше маман даярлау ісін бір жүйеге түсірді.
Сөйтіп, ол Кеңестік дәуірдегі шығыстанудың соқпағын салды. Сол соқпақ бүгінде даңғыл жолға айналды. Кафедра кейін жеке факультет болып, өз алдына отау тікті. Бүгінге онда араб, парсы, түрік, қытай, урду, хинди, жапон, корей тілдерінің мамандары даярланады. Қазіргі шығыс елдеріндегі елшілеріміздің дені – осы факультеттің түлектері.
Жалпы, журналистер қауымы оған көбірек үйір. Қазақ елінің бұқаралық ақпарат құралдарында негізінен Ұлттық университеттің түлектері қызмет істейді. Оқу орны ғимаратының бірінші қабатында журфак, екінші қабатында филфак қоныс тепкен. Тарих факультеті үшінші қабатта. Журналистер қашаннан бұралқы сөзге бейім. «Біз болмасақ, тарих пен филология дегенің түк емес, оларды үнемі иығымызбен көтеріп тұрамыз» деп әзілдейді. «Журфак, филфак – бір туған, ал истфакті кім туған?» деп қылжақтайды. Шынында да, журналистер мен филологтар бір-бірін жақын тартады. Екі жатақхананың арасында ертелі-кеш сабылып жүреді. Журфак пен филфактің оқытушылары да тонның ішкі бауындай араласады. Сосын студенттер филфакті ұзақ жыл басқарған Әбекеңді қадірлемей қайтеді?! Оның үстіне ғалымның жүзі жылы, мінезі жайлы. Үлкенге де, кішіге де ілтипатынан жаңылмайды.
Әбсаттар аға секілді сөзге жүйрік, еркін ойлы адаммен сұхбаттасқан журналистерге де қолайлы. Сондықтан олар ұстаздың қызметі өрлеп, қоғамдық істермен айналыса бастаған тұста үнемі тілеулес болды. Әсіресе, ол Бас мүфти болып қызмет атқарған он үш жылда зиялы да зияткер дінбасының бейнесін қалыптастырды. Жақсы ағаға қашанда жанашырлық танытты. Оқырман немесе көрермен тарту үшін әдейі бүйректен сирақ шығаратын кәсіби кесір әдістерін Әбсаттар қажыға қолдана қойған жоқ. Ол журналистер қауымы аялайтын кейіп­кердің бірі болды. Әбекеңнің өзі де мақала жазғанда әр сөйлемін кәсіп­қой журналист секілді көркем кестелейді.
Ұстаздың оқытқан шәкірттерінің бәрі бірдей шығыстанудың маңайында тұрақтап қалған жоқ, әрине. Есесіне олар басқа саланың көрігін қыздырып жүр. Мәселен, Уәлибек Әбдірайымов «Шаншар» әзіл-сықақ театрын қалың елге танытты. Журналистік жолды таңдаған бір шәкірті Дүйсен Мағ­лұмов әйгілі «Балдырған» журналын басқарады.
Сонымен, Әбекеңнен тәлім алған қыз-жігіттердің ешқайсысы оны жерге қаратқан емес.

Ғибратты ғалым

Қолында мол дерегі,
Болса жұртқа керегі.
Фарабидің бір емес,
Жүзін тауып береді.
(Журналистік фольклордан)

Ол дәуірде ел-жұрт маңдайға біткен жалғыз Фарабиді ғана білетін еді. Отырардан шыққан сол ғұламаны қазақ топырағына телудің өзі оңайға түспепті. Ақшан Машаниден бастап біраз ғалым ұлы тұлғаның мұрасын зерделеді. Біздің кейіпкеріміз де осы лектің басында тұрады. Ұлттық университетке әл-Фара­бидің есімін беру ісіне Әбсаттар аға белсене кірісті. Ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына қатысты еңбектерді қайта сүзіп шықты. Тіпті әл-Фарабидің қазақ топырағында бір емес, бірнешеу екенін анықтады.
Қажырлы еңбектің арқасында қара­шаңы­рақ Әбу Насыр әл-Фарабидің есімін иеленді. Оқу орнының ауласына ой­шылдың зәулім ескерткіші орнықты. Фараби мұрасын зерттейтін ғылыми орталық құрылды. Соның бәріне уни­верситеттің оқытушылығынан проректорына дейінгі қызметтерді абыроймен ат­қарған Әбсаттар аға өлшеусіз еңбек сіңірді.
Ғалымның әлем кітапханалары мен қолжазба қорларындағы ізденістерінің нәтижесінде 30 Фараби, 10 Кердері, 33 Сайрами, 17 Түркістани, 51 Тарази рухани қазынамыздың қатарына қосылды. Ол іздеп тапқан бұдан басқа тұлғалар да жетіп артылады. Осы кезге дейін ұзын саны 250-дей ойшылды ғылыми айналымға енгізіпті.
Зерттеушінің мыңға тарта ғылыми еңбегі жарияланған. Кітаптары мен мақалалары араб, парсы, түрік, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрген. Соның ішінде 2012 жылы Лондонда басылған ағылшын тіліндегі «Ислам – жасампаздық пен бейбітшілік діні» атты еңбегінің жөні бөлек. Ол халықаралық қауымдастыққа шығыстанушы, әдебиет зерттеушісі, сыншы, исламтанушы ретінде танымал.
Бас мүфти болған жылдарда ғылымнан қол үзген жоқ. Қайта әлемнің іргелі елдеріне сапарға шығып, дүниежүзіне белгілі ғылыми орталықтарға баруға мүмкіндік алды. Шығыстанушы ретінде Мекнес (Марокко), Токио (Жапония), Колумбия (Америка), Бағдат (Ирак), Мадрид (Испания), Сана (Солтүстік Йемен), Кашмир (Үндістан), Пешевар (Пәкістан), Аден (Оңтүстік Йемен) университеттерінің студенттері алдында лекция оқыды. Халықаралық ғылыми-теориялық конференциялар мен симпозиумдарда, ғылыми және діни-мәдени конгрестерде баяндама жасады. Бірнеше халықаралық ғылым академиялардың мүшесі, беделді елдер университеттерінің құрметті профессоры атанды.
Әбсаттар аға тарихымызда айрықша ор­­ны бар тұлға – Мұхаммед Хайдар Дулатидің өмірі мен шығармашылығын же­ріне жеткізе зерттеді. Бұл еңбегі де же­міссіз болған жоқ. Үндістанға бірнеше рет барып жүріп, Кашмир өңі­рінен ұлы ой­­шылдың зиратын тапты. Мұхаммед Хайдар Дулатидің әйгілі шығармасы – «Жаһаннамені» шағатай тілінен аударып, ал­ғы сөзі мен түсініктемелерін жазып, бас­тырып шығарды. Ғұламаның өмірі мен шы­ғармашылығы туралы арнайы моно­гра­­фиялық зерттеу ұсынып, ел-жұртты танымдық деректерге қанықтырды.
Осы кезге дейін Әбсаттар Дербісәлі жазған кітаптар мен ғылыми еңбектерді «Шығыстанудың шағын кітапханасы» деп атаса да болады. Мінеки, санамалап көрейік: «Әл-Фарабидің эстетикасы», «Шыңырау бұлақтар», «Араб әдебиеті», «Арабоязычная литература Марокко», «Марокко әдебиетінің даму дәуірлері», «Мың бір түн елінде», «Ежелгі араб елінде», «Литература Марокко», «Қазақ даласының жұлдыздары», «Мұхаммед Хайдар Дулати», «Ислам және заман», «Исламның жауһарлары мен жәдігерліктері», «Қазақстанның медреселері мен мешіттері», «Хабиболла ат-Тарази и его духовное наследие», «Қауам ад-дин әл-Итқани (Иқани) әл Фараби ат-Түркістани»… Ғибраты мол бұл ғылыми кітапхана жыл өткен сайын елеулі еңбектермен толыға түспек.
Әбсаттар аға зерделі зерттеуші ретінде араб елдерінің қай-қайсысын да назардан тыс қалдырған жоқ. Соның ішінде Тунис, Ливия, Йемен, Марокко мемлекеттерінің тұрмыс-салты мен дәстүрін, әдебиеті мен мәдениетін жан-жақты саралап, өз оқырмандарымызға кеңірек таныстырды. Әсіресе, Солтүстік Африкадағы Марокко елінің халқы қазақ ғалымына дән риза шығар.
Әуелі осы елде ғылыми тағылымда­мадан өтті. 1977 жылы белгілі шығыс­танушы Юрий Завадовскийдің ғылыми жетекшілігімен «Арабтілді Марокко әдебиетінің даму дәуірлері» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарының басында Париждің қолданыстағы шығыс тілдері ұлттық мектебін бітіріп, Францияның Сыртқы істер министрлігінде ұзақ жыл қызмет істеген, Прагадағы Карл университетінің профессоры болған берберолог ғалым Юрий Николаевич Завадовский шығыс­танудағы танымал тұлғалардың бірі еді. Азия және Африка халықтарының тіл­дерін зерттеген ғалым. Ол кісі шәкіртін өз мектебіне бейімдеп, Мағриб-Марокконың әдебиетіне түрен салдырды. Әбекең мұнымен де шектелген жоқ. 1987 жылы «VІІІ-ХХ ғасырлардағы арабтілді Марокко сөз өнері дамуының эволюциясы» деген тақырып бойынша докторлық дис­сертациясын қорғап шықты. Сөйтіп, қазақ ғалымының арқасында арабтілді Ма­рокко әдебиетінің тұтас тарихы түзелді. Қалай болғанда да, 56 жыл билік құрған әйгілі Маулай Исмаилдың елі Әбсаттар ағама тік тұрып қошемет көрсететіндей жөні бар. Осыдан соң Мағриб жұртының байырғы тұрғындары – берберлерге: «Ғалым десең, ол қандай? Талғамыңа толғандай. Марокконың құрметті, Азаматы болғандай!» дегің келеді екен.

Қажырлы қайраткер

Жігеріңді жаниды,
Барған жері дамиды.
Батысымды бағалап,
Шығысымды таниды.
(Журналистік фольклордан)

Тәуелсіздік алғаннан бергі қазақ қоғамы үш мүфтиді біледі. Егемендіктің алғашқы жылдарында бекітілген алғашқы дінбасы тым ашықтығымен, еркін көсілетін сөзуарлығымен ерекшеленді. Бар болмысын анық көрсетіп, үнемі елдің көз алдында жүрді. Кейде жұртқа ұнады, кейде сыналды. Қысқасы, сол кезеңге тән өз міндетін атқарды. Мемлекетіміз кемелденген қазіргі кездегі мүфтиіміздің тым салиқалы, аса салқынқанды, тіпті томаға-тұйықтау екені аңғарылып тұрады. Ел алдына белсеніп көп шыға бермейді. Бұқаралық ақпарат құралдарынан ертелі-кеш түспейтін күнделікті кейіпкерлердің қатарына да жатпайды. Ара-тұра теле­экран­нан сөйлегенде жылы әсер қалды­рады. Ұстамдылығымен жұртқа ұнайды. Сақалсыз, сырбаз, салмақты дінбасы. Тұ­рақтылық пен татулықты ту еткен елімізде мүф­тидің мұндай түрі болғаны да дұрыс шығар.
Бүкіл болмыс-бітімі бір-біріне қарама-қайшы қос мүфтидің билік мерзімі арасында тағы бір дінбасы қалың елге кең танылды. Ол – шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет. Дәлірек айтқанда, бұрын да танымалдығы ешкімнен кем емес еді. Енді дінбасы ретінде жұрттың санасына жаңа ұғым орнықтырды. Ел руханиятындағы діни тұлға ретінде қалыптаса бастады. Әдепкі кезде зайырлы қоғамның байырғы өкіліне көз үйрете алмаған халық көп ұзамай мүфтидің беделді бейнесін байқай бастады. Бас мүфти ел-жұртпен етене араласты. Бірақ бар сырын жұртқа жайған жоқ. Сонысымен елге қадірлі болды. Өзі белгілі ғалым болған соң көпшіліктен оқшауланғанды жөн санамады. Сонысымен жұртқа жақты. Мінезі орнықты, жылы жүзді дінбасы халыққа жайлы тұлғаның кейпін танытты. Елдегі жарасымды бірліктің баянды болуына зор үлес қосты.
Алғашқы мүфти мен қазіргі мүфти дінбасылыққа діннен келді. Ал Әбекең дінге ғылымнан келді. Сонысы оңды болған сияқты. Қай шешімді де алдымен ғалымның көзімен зерделеп алмай қабылдаған емес. Ғылым адамы әдетте ұшқарылықты ұнатпайды, мәселені терең талдауға бейім тұрады. Бас мүфти қызметінде мұның септігі аз тиген жоқ.
Өткен ғасырдың соңында Қазақ­станның Сауд Арабиясы королдігіндегі елшілігінде кеңесші болып қызмет істеген тәжірибесі де қажетке жарады. Ол араб елдерінің діни тұлғаларының көпшілігімен бұрыннан таныс еді. Тіпті шетел дипломатының қазаға ұшырауына байланысты дау-дамай туындаған кезде тумысынан бітімгер Әбсаттар аға мәселені ушықтырмай шешуге атсалысқан-ды.
Бас мүфти қазақ жастарын әлемнің беделді діни универсиеттеріне оқуға жіберді. Олар исламдық ілім-білім­нің қайнарынан қанып ішті. Соның ар­қасында араб тілін аса жетік біле­­тін имам­дардың жаңа буыны қалыптасты. Дін­басы иман және имам ұғым­да­рының тығыз бірлікте болуын жан-тәні­мен қалады. Құранды жатқа оқи­тын қарилардың қатары көбейді. Иман­­дылықты бесіктегі тәрбиеден сана­сына сіңірген бала қарилар бой көрсетті.
Әбсаттар Дербісәлінің тұсында Қазақстанның мешіттерінің саны артты. Мәселен, 1999 жылы елде 68 мешіт болса, бүгінде 2500-ге жетті. Ол имандылық ұясы – мешітті бірлік пен берекенің мекеніне айналдырғанды жөн санады. Діни істерді барынша өркениетті жүргізуге тырысты. Діни оқу орындарын ашты. Нұр-Мүбәрак Египет Ислам мәдениеті университетін құруға атсалысты, Имамдардың білімін жетілдіретін республикалық ислам институтын ұйымдастырды. Ал оның тұсында діни білім жүйесіне қосылған медреселерде есеп жоқ.
Шығыстанушы ғалым тек Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын ғана емес, Орталық Азия мүфтилер кеңесін де басқарды. Еуразия Ислам Шурасы төрағасының бірінші орынбасары болып сайланды. Мұның бәріне бұл салаға ғылымнан келген бас мүфтидің биік беделінің арқасында қол жетті.
Қазақ мүфтиінің ерен еңбегін әлем­дік бұқаралық ақпарат құралдары да жоғары бағалады. Түркияның ТРТ теле­радиокешені ол туралы «Дінбасы» деген деректі фильм түсірді. Ресейдің ОРТ телеарнасының «Посткриптум» бағдарламасы бір көрсетілімін Әбсаттар Дербісәліге арнады.
Бас мүфти ғылыми ізденістерін мұсылман әлемінің мәртебесін арт­тыруға пайдаланды. Мәселен, ол зияткер ғалым Сауытбек Абдрах­мановпен сұхбатында «VІІІ-ХІІ ғасыр­ларда ғылымды дамыту тұрғысынан мұсылмандардың алдынан жан салмағаны, Еуропадағы мәдениеттің қалып­тасуына, ренессанс пен рефор­малық қозғалыстарға ислам мәде­ниетінің зор үлес қосқаны, мұсылман ғалымдарының көптеген жаңалықты батыстықтардан бұрын ашқаны» туралы айтады.
Әлемдік және дәстүрлі діндер съездерінің Астанада өтуі оның елеулі есімін дүниежүзіндегі әріптестерінің арасына әйгілей түсті. Оның үстіне осы кезге дейінгі төрт съезд де Әбекеңнің діни билігі тұсында ұйымдастырылды.
Абзал азамат, ұлағатты ұстаз, ғиб­ратты ғалым бұл жылдарда қажырлы да қарымды қайраткер ретінде танылды.
***
Сөйтіп, Қазақ еліне Дінбасы болған ардақты азаматтың төрт құбыласын түгел­деуге тырыстық. Төрт қырын тоғыс­тырып, төбедегіні келтіре алдық па, білмейміз… Бірақ елімізде шығыстанудың шырағын жағып, оны алауға айналдырған Әбсаттар ағаның әдемі әлемі осындай.

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.